ТЕЛЕАРНАЛАРҒА ТЕЖЕУ КЕРЕК
Қазіргі телехабарлардың тақырып аясы тарылып, әртістердің жүрген-тұрғаны мен «концерттерінен» басқа көрсетері жоқ болып бара жатқанын баспасөз арқылы бұрын да қозғағанбыз. Уақыт пен Заман, Ұлт пен Ұрпақ,Тіл мен Діл қамын ойлап айтқан сол пікірімізді газеттер арқылы қолдағандар да болды. Ең өкініштісі – біз сөз еткен мәселеге қатысты телеарналар басшылары тарапынан әлі селт еткен оңды өзгерістер байқалмайды… Неге?..
Көптің көңілінде жүрген осы мәселені қайта қаузап, бұрын айтқан ойларымыз бен ұсыныс-пікірлерімізді тағы да толықтырып, оқырман-көрермендер назарына ұсынып отырмыз.
Әсіресе, жастарымыз батысқа еліктеп басы қатып, ұлттық тәрбиенің үрдісінен адаса жаздап, күнімдік пайда үшін жанын салып, даңғаза жарнама насихат құтырып тұрған қазіргі қым-қуыт заманда ақпарат құралдарының ішіндегі тиімдісі де, беделдісі де, ел назарына жедел жететіні де – телехабарлар екені рас. Алайда, сол көк жәшікте ұлттық тәрбие мен Ел болашағы, өткен тарих, бүгінгі ең өзекті проблемалар туралы хабарлар мүлде азайып барады. Бар болса, саусақпен санарлық қана. Неге бұлай?! Қайсы телеарнаны қоссаң да, болсын-болмасын елді қытықтап күлдіріп, ақша табуға тырысқан, тақырып аясы тым тар, отбасы-ошақ қасылық «әзіл-оспақ», арзан күлкілі «концерттер», «Шоулар». Жерге сыймай бара жатқан «жұлдыз» әнші мен орыстарға еліктеп «комик» болғысы келген пысық әртістердің мәнсіз де, әлсіз, мазмұнсыз «қойылым-
дары».
Әлгіден жалығып біткен соң, келесі арнаны қарасаң, бірде асаба, енді бірде әнші, тағы бірде тележүргізуші боп жүрген «пысық өнерпаз» ініміз бен қарындасымыздың жаңадан салдырған ақ сарайдай үйін, мініп жүрген қымбат автокөлігін, арыстандай дәу итін, неше көйлегі, қанша туфлиі барын, сәндік киімдерін қайда және қанша мың долларға тіккізетінін, қай шет елде демалғанын, енді қайда баратынын жіпке тізгендей көрсетіп жатқаны.
Бұған тойып бітіп, діңкелеген соң келесі арнаны қоссаң, сәбилі болып перзентханадан шығып келе жатқан «жұлдыз» әнші мен оның жары. Бұларды қошаметтеуге келген «жердегі жұлдыздар»… Шампан атып, ысқырып, бақырып қаптап жүр. Оны аз десеңіз, асаба боп ел арқасында табысқа кенеліп жүрген бір «іскер әншінің» мына кризиске байланысты қалтасының жұқарып бара жатқаны… Тағы бір әртістің тойда ән салу үшін самалеттен түспей сапарлайтыны… Қанша келі салмағын жоғалтқаны… Бетіне қандай бояу жағатыны… Әнебір әнші мен мына бір әнші арасындағы кикілжің. Ана әртістің қашан ажырасқаны. Қайтадан тұрмыс құрғаны. Әлгі мен мынаның не үшін соттасып жатқаны. Жерге сыймай бара жатқан «жұлдыздардың» жүргені мен тұрғаны. Күлгені мен жылағаны. Махаббаттасқаны. Шатақтасқаны. Бәрі-бәрі бүге-шігесіне дейін айтылып, бүкіл қалың көрерменге бес-он мүйнет емес, кемі жарты сағат, кейде одан да көп уақыт эфирден түспейтін болды. Бұл не үшін және кімнің құрметі үшін керек?! Эфирді жаулап алған әлгі жердегі «іскер жұлдыздардың» аты-жөнін тізбелеп атасақ, соларды ұялмай күнде насихаттап жүрген телеарналардың тізімін санамалап келтірсек, газеттің бетіне сыймас еді. Оны бәріңіз де көріп, біліп жүрсіздер.
Ұлты мен ұрпағының қамын жеп, сол жолда қалам қарымымен де қыруар істер тындырған кешегі Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков, Жұбан Молдағалиев, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Шерхан Мұртаза, Мұхтар Мағауин мен Мұхтар Шахановтар, өзі өлсе де артында асыл сөздері қалған Әбіш Кекілбаев, Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Камал Смайылов, Асқар Сүлейменов, Ақселеу Сейдімбеков, Сағат Әшімбаев, Баққожа Мұқаи секілді ірі тұлғалар жайлы хабарлар неге берілмейді?!
Кемеңгерлік пен ел алдында адал өмір сүрудің анық көрінісі болатын Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың мұражай-үйін телеарналарда көрсетсе, жауапты қызметтегі тектілік, ынсап, азамат арының тазалығы дегеннің не екенін бүгінгі обырлар ұқпаса да, жас ұрпаққа сабақ болар еді. Сондай хабарларды беруге кедергі не?..
«Мына телеарналар қалың көрермендердің қалтасымен байыған пысықай әртістердің малайы боп кеткен бе!?» – деген ой келеді кейде… Артық айтсақ, Алла өзі кешірсін.Елдің сөзін сөйлеп, мұңын жоқтайтын кешегі Сағат Әшімбаев жүргізген «Қарыз бен парыз», «Жүректен қозғайық», Сұлтан Оразалинов эфирге шығарған Ғабит пен Ғабиден, Сәбит секілді ірі тұлғалардың Ұлт пен Ұрпақ, Адам мен Заман жайлы хабарлары, Ақселеу Сейдімбековтің әйгілі әнші Жәнібек Кәрменовпен сырласа отырып, Қазақ мәдениетінің арғы-бергі тарихы, әннің қадірі мен ұлттың намысы жайлы айтатын айшықты ойлары қазір телеарналар эфирінде неге жоқ?!
Кезінде «Қазақстан-1» Ұлттық телеарнасында Қасым Аманжолов жүргізетін «Шынның жүзі» хабарында белгілі тұлғалар аузымен айтылған елдік, ұлттық мәселелер неге ұмыт қалды?! Сол Қасым секілді ұлтының намысы үшін барын салатын жігіттер неге телеарналардан шеттетіледі?! Көрермен көпшілікке тележүргізушілердің сыртқы сымбаты ғана емес, терең білімі мен ұлтжандылығы, ашық әрі әділ айтар орынды ойы мен құнды пікірі керек.
Ірі қызметте отырып, қазынаның ақшасын қымқырып, бірінен кейін бірі сотталып жатқан ашкөз шенеуніктердің, мемлекет қаржысын ұрлап-бөрлеп, шетел асырған қашқын алаяқтардың жиіркенішті қылықтарын індетіп іздеп, зерделі зерттеу жүргізіп, өзгелерге ой саларлық дәлелді хабарлар беруге неге болмайды?!
Ұлт пен ұрпақ, тіл мен мәдениет, елім деп шеттен келіп, кейде баспанадан, енді бірде орыс тілін білмегендіктен жұмыссыз қалып, қиналып жүрген оралмандар жағдайы… Шалғай ауылдардағы ауыз су мен жол мәселесі… Аудандар мен қалалардың кешегі және бүгінгі келбеті, оның өткен тарихы мен болашағы туралы… Жастар проблемасы… Елді алаң ғып отырған Жер мәселесі… Жұмыссыздық… Кәсіпкерлерді қолдау… Ауыл спорты… Ойы жеткен жерге қолдары жетпей қиналып жүрген фермерлер өмірі… Экология… Демография… Атбегілік пен құсбегілік… Ай сайын, апта сайын басқа шығып қабынған қымбатшылық, Ұлттық өнер тақырыптары неге көтерілмейді?
«Осы біз не тындырып жатырмыз?» – деп өз жұмысына есеп беретін телеарна басшылары бар ма қазір?!
«…Айта берсін!» деп дабырадай айдар тағып қойып, әртістер жайлы өсек-аяңды эфирге алып шығу – не үшін және кімнің құрметі үшін керек!? Осы мәселе жайлы ақпарат құралдарының бетінде бұрын Республикалық телеарнаның жауапты басшыларының бірі болған, белгілі қаламгер, ұлтжанды азамат Марат Тоқашбаев та кезінде орынды пікірін айтты. Оның ойларын толық қуаттап, қолдауға әбден болады. Әсіресе, телеарна басшылары біздің бұл ой-пікірлерімізге кеш те болса назар салғаны жөн.
Ақпарат құралдарының ішінде Мемлекеттік қаржы ұйымдарынан мол қаражат бөлінетін телеарналар осындай ізденісі жоқ қалпында, дайын «концерттермен», өзін «жердегі жұлдыз» санайтын пысықай әншілердің отбасы-ошақ қасылық өмірлерін қайта-қайта көрсетіп, сонымен ғана эфирді толтырғаннан арылу керек.
Ішін-ара берілетін ой қозғар бағдарламалардың өзін ел ортасындағы жанды әрекеттермен емес, төрт қабырғаның ішінде ғана /студияда/ түсіріп, ұзын-сонар әңгіме қозғайтын «шоулар» көбейді…Телеарналар жұмысының тақырыбы мен мазмұнын, сапасы мен актуальдылығын қарап, басшылық жасайтын кім?.. Ұлт пен Ұрпақтың, Елдің жайына қатысты сүбелі хабарлар ұйымдастырыңдар деп талап қоятын, күнделікті эфирден не өтетінін сараптап, бақылайтын басшы-мамандар қайда? Бар болса олар кімдер?.. Бұлар неге әрекетсіз отыр?.. Ұлттық телеарнаның тізгінін енді қолына алған белгілі саясаткер, іскер азамат Ерлан Карин мырза осынау айтылған мәселелерге дұрыстап назар аударатын шығар деп үміттенеміз.
Жалпы, кез келген газет пен журнал, радио мен телеарналар ең алдымен елдің, ұлт пен ұрпақтың, бүгінгі күннің ең өзекті тақырыптарын қамтуға тырысуы керек емес пе!? Бізде қазір осы жағы кемшін соғып жатқаны шындық. «Теле-
хабарлар шынында да неге көрермен көңілінен шықпай отыр?» – деген сауалға жауап іздеп, намыстарын қайрап, жігерлерін жанып, ізденіспен ілгерілеуге ұмтылса, сөзіміздің желге ұшпағаны…
Жатса да, тұрса да ұлты мен ұрпағын ойлайтын қаламгерлер арасында өзекті мәселелерді қозғап, кең ауқымда орынды ойлар айта алатындар баршылық. Егер телеарналардың басшылары шынымен маман тапшылығынан қиналып отырса, шақырсын танымал қаламгерлерді хабар ұйымдастырып, жүргізуге. Ұлт пен ұрпақ, өткен тарих пен бүгінгі заман келбеті, тіл мен діл, имандылық, ар тазалығы жайлы жазылған шығармалар авторларын арнайы телебағдарламаларда сөйлетіп тұрсақ, әсіресе, жас ұрпаққа оның тәлім аларлық пайдасы мол болар еді. Осы мәселені кешіктірмей қолға алған жөн.
Айтақын ӘБДІҚАЛ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын,
Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты, бұрынғы тележурналист.