Боздақтар рухына тағзым
31 мамыр күні Алматы қаласында 1931–1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш ашылды.
Салтанатты жиынға қала тұрғындары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Алғашқы болып сөз алған қала әкімі Бауыржан Байбек осыдан ширек ғасыр бұрынғы қойылған белгі тастың орнына зор нәубеттен жапа шеккен қандастарымызға арналған ескерткіштің бой көтеруі көкейде жүрген арман-тілегіміздің жүзеге асқаны екенін айта келіп:
– Монумент Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен орнатылды. Ескерткішті жасауға байқау жарияланып, оған жалпы саны 21 жоба түсіп, көпшіліктің, арнайы мамандардың талқылауына ұсынылды. Астанадағы мемлекеттік комиссияның ұйғарымымен жобалардың ішінен баласын кеудесіне қысқан Ана бейнесі жеңімпаз деп танылды. Ана – барша тіршіліктің қайнар көзі, ұлттың ұйытқысы, келешектің кепілі. Аштықтан бұратылған болашағын – өз сәбиін құшақтаған Ананың қайғылы хәлі сол кезеңдегі өмір мен өлімнің арасындағы қазақ халқының басынан кешкен талайлы тағдырын шынайы бейнелейтіндей. Бұл ескерткіштің мәні – өткендер рухына тағзым, ал болашақ үшін – тағылым, – деп сөзін түйіндеді.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин өткен тарихымыздағы зобалаң жылдарды тіліне тиек ете келе: «Біздің халқымыздың тарихы ұлы, бай тарих. Қайғысы мен қасіреті жеткілікті тарих. Сол тарихымыздың ХХ ғасырда теперіш көріп, ақиқаты айтылмай келген қасіретті беттерінің бірі – ашаршылық құрбандары. Бұл – еліміздің жылнамасына қайғысы мен қасіретін ала келген кезең. Сол кезеңге бүгінгі жас ұрпақ, тәуелсіз қазақ елінің жаңа буыны тағзым етіп, құрбан болған боздақтар мен аналарға ескерткіш орнатты. Біз мұны ұзақ күттік. Осындай ескерткіш Алматының төрінде орнатылса, бүгінгі ұрпақ үшін үлкен белгі болар еді деп армандадық. Міне, бүгін сол арманымыз жүзеге асып, орнатылған ескерткіштің куәсі болып тұрмыз. Ондай нәубет енді қайталанбасын деп тілейік» деп, көпшілік қауымның жүрек қылын қозғап өткендей болған «Нәубет үні» атты өлеңін оқып берді. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Хангелді Әбжановтың айтуынша, осыдан 85 жыл бұрын орын алған ашаршылық қазір де, ертең де ұмытылмайтын зардабын қалдырып кетті. Иә, алақұйын заманда қазақтың тағдырын тығырыққа тіреген бұл қасіретті жылдар тарихи санамыздан өшпек емес.
Ескерткіштің ресми ашылуында осы уақытқа дейін 13 мәрте қайта басылып шыққан, ақын, жазушы Валерий Михайловтың екі тілде жарық көрген «Ұлы жұттың жазбалары» атты кітабы тегін таратылды. Біле білсек, бұл ашаршылық жылдар зобалаңын аяусыз айғақтаған жалғыз деректі кітап. Кітап авторы қазақ елі тәуелсіздік алғанға дейін біздегі ашаршылықтан әлем жұртының хабарсыз болғанын және қазіргі таңда шетелдік ғалымдар ден қойып, бұл тақырыпты зерттеу үстінде екенін айтты.
Біз осы тұста ескерткіш авторларының бірі Дулат Үсенбаевты блиц-сұхбатқа тартқан едік.
– Ескерткішке баласын көтерген ана бейнесін таңдауға не себеп болды?
– Ашаршылық – халқымыздың басына түскен үлкен қасірет, тұтас ұлттың жойылып кету қаупін тудырған нәубет. Ел басына түскен қайғы-қасіретті бейнелеу, шынын айтқанда, оңай болған жоқ. Жұмыс барысында бірнеше эскиз жасалды. Әрі бұл жобаға басқа да көптеген авторлар қатысты. Комиссия мүшелері осы ана мен бала образын таңдады.
– Ал төңкерілген қазан?
– Оны аштықтың, жоқшылықтың символы.
– Сіз жалғыз автор емессіз ғой?
–Иә, бұл – үш адамның еңбегі. Яғни Қанат Бигулиев пен Айдос Бүркітбаев және мен – үшеуміздің ой ортақтастыра отырып, жасаған жұмысымыз.
– Ескерткіштің құрылымына тоқтала кетсеңіз…
– Мүсін қола мен граниттен тұрғызылды. Биіктігі 3,70 см. Мүсіннің өзін жасауға екі айға жуық уақыт кетті.
– Әңгімеңізге рахмет!
P.S.:
Ескерткіштің ашылуынан соң: «Құтты болсын! Бұл да бір оңды шешімін тапқан мәселе болды» дегенді көптеген адамдардан естідім. Бұл жұртшылықты бұрыннан мазалап жүрген түйткіл екенін олардың іске асырылған осы шараға деген ризашылықтарынан анық аңғардым.
Маржан ҚУАТҚЫЗЫ.