Жүрегімнің төріндегі Жарасбай
«Жарасбай – патриот болатын. Көбіне туған жер, атамекен, тіл туралы жырлап өтті. 1975 жылы Ақмолада тұрған кезімізде республикалық семинар өтетін болып, Алматыдан Қасым Қайсенов бастаған бір топ ақын-жазушылар келді. Сол тұста «Қазақ әдебиеті» мен «Коммунизм нұры» газеттерінде Жарасбайдың «Тіл ұстарту» деген өлеңі шығып, Жәкең де, газет басшылары да жоғары жақтан сөз естіп, у-шу болғаны бар. Бұл күндері Жәкеңнің туындылары ұмытылып қалмай, оқырманына жете берсе екен деген ниетпен ғұмыр кешіп жатырмын», – дейді ақын жары, ардагер журналист Қазина Нұрқанова. Әңгіме әрі қарай жарастығын тапқандай болды.
Қазина НҰРҚАНОВА,
ақын Жарасбай Нұрқановтың жары
– Жарасбай Нұрқанов екеуіңіз бір өңірдің түлегісіздер. Ақынмен бала күннен жақын, дос, сырлас болған шығарсыздар?
– Жоқ. Ағаңды бертінде, Жарасбай университетті бітіріп, ауылға мұғалім болып келген жылдары көрдім.
Әкем – Сәдуақас өткен ғасырдың басында туған. Шешем Шәмшия әкемнен он жыл кейін дүниеге келіпті. Өзі байдың қызы екен. Бірде ауылында бір қыз ұзатылады да, көрші Ақсу ауданына кеткен қалыңдықпен бірге жасы әлі онға да толмаған анам Шәмшия да шүпірлеген қыздармен қатар той-тойлап кете барады. Дәл сол уақытта нағашы атам Тәуірбайды барлық отбасымен бірге «Бай-кулаксыңдар» деп айдап әкетеді. «Қайтып келсем, ел жоқ» деп еске алып отыратын анам. Содан анам Сәдуақас әкемнің аға-жеңгесінің қолында өседі де, кейін әкеме тұрмысқа шыққан екен. Әкем мен шешем қосылса да, көп жыл перзент сүймепті. 1937 жылдары әкемнің ағасы Ысқақ та хабар-ошарсыз кетеді. Одан Есләм, Әбілқайыр, Зейнолла дейтін үш ұл қалады. Зейнолла ағам анасы қайтыс болғанда үш айлық, емшектегі сәби екен. Бірде үш жетім баланы балалар үйіне әкетуге құжаттарын даярлап, ауданнан кісі келген көрінеді. Біреуін Тобылға, келесісін Омбыға, үшіншісін Орынборға жібермек екен. Үшеуін ат арбаға салып, әкеткелі жатқанда шешем жылап-еңіреп, арбаның жолын кес-кестеп балаларды өз қолында қалдырып кетулерін өтінеді. Сөйтіп, үш бала әке-шешемнің қарауында қалады. Ұлы аталарының фамиясы өшпесін деп әкем үлкен ұлды Кәкенов деп, әкесінің атын өшірмесін деп ортаншы ұлды Ысқақов деп, үшіншісіне өзінің Алғожин деп тегін жаздыртқан екен. Зейнолла ағам үш айлығында қалды дедім ғой. Сол бала бірде үсті-басына жара шығып, әрі сүтке жарымай, талықсып өлетін халге жетіпті. Балаға жасар емі таусылған анам еш қайран болмаған соң сәбиді бауырына басып, іші-бауыры езіліп ұзақ жылапты. «Бір уақытта омырауым жып-жылы болып кеткенге шошып, баланы құшағымнан босатсам, құрсақ көтермеген, бала таппаған менің омырауымнан сүт тамшылап тұр», – деп еске алып отыратын марқұм анам. Содан аузына сүт барған Зейнолла ағам бір жетінің ішінде тәуір болады. Осы оқиғадан соң көп ұзамай анамның бойына бала бітіп, жеті рет құрсақ көтеріпті. Оның екеуі титтейінде шетінеген екен.
Әкем мен шешемді мен ата-әже деп өстім. Үш жасымда орысы көп «Кривощеково» совхозында тұратын Есләм ағатайым мен Меруерт жеңгемнің қолына берген екен. Орыс мектебіне бардым, тілім де, тәрбием де орысша болды. Мектеп бітірген соң құжаттарымды Медицина университетіне пошта арқылы жібердім. Арада бір ай өткенде хатым өзіме қайта келіпті, конверттің сыртында «қабылдау мерзіміне кешігіп қалдыңыз» деп жазылған екен. Содан Көктерек ауылына, әке-шешемнің қасына келіп, ауыл жастарымен бірге жұмысқа араласып кеттім. Жарасбай ағаң ол кезде мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп жүрген жас маман. Жастар ауылда өзімізше концерт қоямыз, ән айтып, би билейміз, өлең оқимыз. Бірде сахнадан Жарасбай Абай, Пушкин өлеңдерімен қоса өз өлеңін оқыды. Тірі ақынды тұңғыш көруім. Сол күннен Жарасбай дегенде жүрегім басқаша бүлкілдейтінін ұқтым. Сөйтіп жүргенде көрші ауылдан бір қарт адам келіп, маған құда түсіп, жеңгелерімнің келісімін алып, тіпті мені алып кететін күнді де белгілеп қойыпты. Мұндай тосын «жаңалықты» естігенде мен бекер жылап, тағдырыма бекер налығым келмеді. Сүймеген адамымның соңынан еріп кете бермей, жүрегім қалаған адамға сырымды ашпаққа бекідім. Дәл сол уақытта Есіл тасып, Ақмолаға баратын жол жабылады. Герольд Бельгердің әкесі бізде дәрігер. Шешем аяғын сындырып, Карл Бельгер шешемді ұшақпен Ақмолаға алып кететін болады. Шешемді ауруханада жатқан уақытында күту үшін мен де баруым керек екен. Сол сәтті пайдаланып Жарасбайдың інісі Сансызбай арқылы «Я вас люблю, женитесь на мне» деп тілдей хат жазып жібердім. Жәкең де іштей мені ұнатқанымен, он жас айырмашылық бар деп, мені жассынып жүр екен. Хатты алысымен әкесімен ақылдасыпты. Әкесі: «Сәкеңнің қызы ғой, тағдырын саған сеніп тапсырса, жылатпа», – депті. Содан Жарасбай да менің соңымнан Ақмолаға жетеді. Мен ол кезде ауруханада, шешемнің қасындамын. Мені сыртқа алып шығып: «Ертең алып қашуға келемін, дайын бол», – деген бір ғана сөз айтты. Есіл тасып жатқан уақыт, салмен өте алмаймыз, ұшақпен «алып қашып» келді. Кейін соңымнан әлгі құда түскен жігіт іздеп келгенде де, мені араластырмай, өздері сөйлесіп, мәселенің бәрін өзі реттеді. Маған: «Қорықпа, өміріңді маған сенген екенсің, сені жылатпаймын. Жоғарғы білім алғың келетінін де білемін. Оқуың үшін жағдайдың бәрін жасаймын», – деді. Ағаң сол сөзінде тұрды.
– Мектепті алтын медальға бітіріп, сол кездегі Кеңес Одағындағы «мен» деген университеттердің кез келгеніне түсуге мүмкіндігі бар Жарасбай Нұрқанов басқа оқу орнын таңдамай, «М.Әуезовтің дәрісін тыңдағым келеді» деп, ҚазҰУ-дің филология факультетіне құжат тапсырады. Ондағы оқуын жақсы бағамен аяқтап, болашағынан үміт күттірер жас ақын ретінде таныла бастаса да, «ақындар ауылда туып, Алматыда өледі» дегенді біле тұра, дипломын қолға алысымен қайтадан ауылына ат басын бұрады. Неліктен?
– Жарасбай ағаң қазіргі Шал ақын ауданы, Көктерек деген ауылдың түлегі.
Соғыс жылдары балалық шағына тұспа-тұс келгендер оқуға іңкәр болып өсті. Сол іңкәрлік бар, оған қоса Көктерек ауылдық мектебінің базасы да мықты еді. Сол мықтылықтың бір ғана себебін айтайын, Көктерек ауылында соғыстан кейін іркес-тіркес төрт медалист шықты. Негізі, бесеу шығуы керек еді. Жарасбай ағаңнан екі жас үлкендігі бар Герольд Бельгер соғыс жылдарында комендатураға тіркеліп, есеп беріп тұрғандықтан, ол кісі мектепті үздік бітірсе де, алтын медаль ала алған жоқ.
Медаль иегері ретінде әрі соғыстан кейінгі жылдарда жас кадрлар керек болған уақытта ағаң, шынымен де қалаған оқуына ешбір байқаусыз түсе алатын еді. ҚазҰУ-дің қабылдау комиссиясы да ағаңа соны айтыпты: «Сен бала, бізге келме. Барсаң, Мәскеуге, Шығыстануға бар. Медаль иегері ретінде оқуға кедергісіз қабылданасың», – дейді жанашырлық танытып. Оған Жарасбай көнбепті: «Осы оқу орнында Мұхтар Әуезов бар. Сол кісінің дәрісін тыңдағым келеді», – депті. Дәл осы сөздерді айтып тұрғанда, Мұхтар Әуезов аға ту сыртынан сөзін естіп тұрған екен. «Пәлі, бұл қай бала?», – депті Мұхаң. «Әуезовті бірінші көруім. Мұрнымның ұшына дейін терлеп кетті», – деп отыратын ағаң. Ол кезде Алматыға оқуға кеткен балаға ауылы не бере қояды? Тақтайдан жасалған қызыл шамадан. Жарты банкаға жетер-жетпес май. Көйлек-көншек. Сосын кітаптарын салып алған екен. Әуезов қабылдау комиссиясындағыларға: «Қане, мына баланың құжатын алыңдар», – деп өзі ағаңды жетектеп үйіне алып барыпты. Есіктен кіре: «Аяғыңды шеш», – деп үйге киетін тәпішке ұсыныпты. «Тәпішке дегенді өмірде көрмегенмін, әрі ұят та болса айтайын, нәскиімнің кішкене жыртығы бар еді, оның үстіне екі тәулік бойына жол жүріп келгенмін, нәскиімді ауыстырып үлгермедім, не істерімді білмей, қолыма шамаданымды тас қылып құшақтап, есіктің алдында қақайып тұрмын», – деп еске алушы еді ағаң. Сонда Мұхаң: «Қалқам, ана шамаданыңда, ары кеткенде жарты банка қаймағың бар шығар, оны ешкім алмайды, сонда қалдыра қой да, менімен жүр», – депті. «Отыр» деп жұп-жұмсақ орындықты нұсқады. Отыра қалып едім, ішіне күмп етіп түсіп кеттім. Шаршап келіп едім, жұмсақ орындыққа отырып, денем жеңілдеп қалды», – дейтін ағаң. Кітаптарын көрсетіп, қандай кітап оқу керегін айтып, Мұхаң екі шыныаяқ кофе алдыртыпты… Мұхтар Әуезовтей ұстаздың алдынан өткен, дәрісін тыңдаған Жарасбай оқуға бар ынтаммен, шын ықыласпен кірістім дейтін.
Жарасбайдың өлеңдері мектепте жүргенде-ақ қабырға газеттеріне шығып тұратын. Университетте де «Жас қалам» деген қабырға газеті шығады екен. Соған ағаңның «Жартас» деген өлеңі жарияланады.
Тынымсыз түртіп қужалап,
Толқынды толқын қуады.
Жартастың жүзін су жалап,
Тозаңын, татын жуады.
Сонда да жартас өкпелі,
Сазарып мойнын бұрмайды.
Аумалы да төкпелі,
Толқын қайтпай тұрмайды.
Осы өлеңді қабырға газетінен оқыған, өзінен жоғары курста оқитын Қадыр Мырзалиев Жарасбайды іздеп тауып, «Жарайсың» деп қолдау көрсетіпті.
Иә, университетті бітірген соң, ағаң бірден ауылға ат басын бұрған. «Қайтсем де өзім оқыған мектебіме қызмет етіп, өзімнен кейін өсіп келе жатқан балаларды әдебиет пен мәдениетке баулимын» дейтін бала арманы бар екен. Сол арманына адал болғысы келіпті. «Елге оралғанымның бір қуанышы – саған үйлендім» деп отыратын. Өзімен бірге оқыған Төлеубек Қоңыров деген журналист, аудармашы жігіт Жарасбай жөнінде: «Жарасбай елге кетіп бір қателік жасап, тағдырына, ақындығына қатты зиян келтірді. Жарасбайдың ойынша ел танып, еңбек адамын көзімен көріп барып, оларды жырға қосқысы келді. Ойлап қарасам, бұл оның қателігі емес, елге, еңбек адамына деген үлкен құрметі екен», – дейтін. Мен осы сөзге қосыламын.
– Әуелі ауылда мектеп мұғалімі болған Ж.Нұрқанов 1965 жылы Тың өлкесі құрылғанда белгілі қаламгер Сафаржан Хайдаровтың шақыруымен «Тың өлкесі» газетіне жұмысқа орналасып, журналистер қатарына қосылды. 1966 жылы тұңғыш кітабы жарық көрді. Демек, елде жүрсе де Жарасбай Нұрқанов әдеби өмірден алшақ кетпеді ғой?
– Дұрыс айтасың, ағаңның тырнақалдысы 1966 жылы «Қара көздер» деген атпен шағын ғана кітап болып тасқа басылды. Редакторы Сағи Жиенбаев болатын. Ағаңды Жазушылар одағына мүшелікке ұсынған үш адамның бірі де сол Сағи Жиенбаев еді. Мұзафар Әлімбаев, Еркеш Ибрагим, Сағи Жиенбаев – үшеуі де Жарасбай туралы ұсынысында: «аз жазады, аз жазса да саз жазады» деп көрсетіпті. Жарасбайдың өлеңдерін оқып көрген Ғабиден Мұстафин мен Әбділда Тәжібаев ағалар: «Одаққа мүшелікке алыңдар, ақын екен», – деп батасын беріпті.
Иә, елде жүрсек те, әдеби ортадан тым алшақ кете қойғанымыз жоқ. 1967 жылы академик жазушы Сәбит Мұқанов бастаған бір топ қаламгер Ақмолаға келді. Олардың қатарында Мәриям апай, С.Сейфуллиннің жары Гүлбаһрам апай да бар. М.Горький атындағы орыс драма театрында «С.Сейфуллин» атты пьесасының тұсаукесері өтті. Соңында Сәбит ағамыз бастаған зиялы қауым өкілдері ақмолалық жазушы, журналистермен жолықты. Тың өлкелік газеті редакциясында, облыстық С.Сейфуллин атындағы кітапханада, қала мектептерінде кездесулер өтіп жатты. Кездесуден кейін жергілікті қаламгерлер Сәбит ағаға құрмет көрсетіп, жазушы Әскен Нәбиевтің үйінде қонақ қылды. Бір уақытта Сәбең «Алдыма жас келін келсін», – десе, жігіттер дедектеніп мені ертіп барады. Ағамыздың сонда маған ет асатқаны бар еді. Жетпісінші жылдары Ақмолаға белгілі қаламгерлер Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Әбділда Тәжібаев, Жұбан Молдағалиевтар келді. Олармен де бір жүріп, әдебиет, мәдениет төңірегіндегі дәмді әңгімеге қанықтық. Жас отауымыздың алғашқы қадірлі қонақтары Қасым Қайсенов, Жұбан Молдағалиев, Рақымжан Қошқарбаев, Еркеш Ибраһим, Тұманбай Молдағалиев, Шона Смаханұлы, Сағынғали Сейітовтар болды. «Шаңырағымызды енді көтердік. Сыйлы кісілерді ұялмай күтетін жөндем ыдысымыз да жоқ. Енді қайттік» деп ұялып едім, Жарасбай: «Үлкен кісілердің батасын алудың өзі қандай ғанибет. Ол кісілер де жас болды. Біздің жағдайды түсінер», – деп жұбатты. Ол уақытта тоңазытқыш та жоқ. Сондықтан етті де сақтауға жағдай көтермейді. Жақында ғана ауылдан келген екі үйрек пен екі қаздың етін асып, ащы құртты ерітіп, дәмдеп қонақтарға тарту еттім. «Құстың етін тартты деп сөге ме» деп өзім қипақтап та барам. Дастархан басында отырғанда Қасым ағамыз: «Ақмолаға келгелі қой етін жеп шаршадық. Жарасбай ініміздің үйінен деликатес жеп марқайдық» деп жас отаудың көрсеткен құрметіне разылықтарын білдіргенде, сондай қуандым. Кейіннен Алматыда кездесе қалсақ: «Келін, үйрек пен қаз етінің дәмін ұмытқанымыз жоқ, сағындық», – деп қалжыңдап айтып жүретін.
1973 жылы Оқжетпес санаторийіне барсақ, Әбділда аға мен Сара апамыз демалып жатыр екен. Әбекең Жарасбай екеумізді бөлмесіне шақыртып алып, Жарасбайға өлең оқытады. «Соңғы жазғандарыңды оқы», – дейді. «Мына бес өлеңіңнің үшеуі жақсы екен» деп бірден бағалап отыратын. Өзі де бірнеше өлеңін оқып береді. Сондай бір отырыста Жарасбайға: «Қалқам, сен ғажап ақынсың, бірақ ақындық жолың ауыр болады, шалғайда жүрсің. Жазғандарыңды көріп жүрмін. Сен бала, Алматыға көш», – деп ақыл берді.
1980 жылы Сапар Байжановтың шақыртуымен Орталық аппаратқа қызметке ауысты.
– Ол заман алматылық ақын-жазушылардың елмен, аймақпен байланысы қалай еді?
– Алматыға қоныс тепсек те, Жәкең ауылға жиі сапарлап тұрды. Елге барған соң ауыл-аймақпен, ел-жұртпен кездеседі. Өлеңін оқиды. Ағаңның өз ауылы Көктеректе көк шатырлы үйінің алдындағы көкпен сырланған орындықта ақ жаулықты Шәрипа апа отыратын. Ауылға келген-кеткеннен: «Жалғызымнан хабар-ошар естідіңдер ме?», – деп соғыстан оралмаған ұлының жайын сұрайтын. Сол кісі туралы:
Аңсап күтіп отырсың, әлі, шеше,
Арада жыл өтсе де әлденеше.
Жалғызыңның бейнесі көз алдыңда,
Аттандырып салғансың күні кеше.
Өтсін уақыт қаншама әлі, шеше,
Саған оның болғандай бәрі кеше.
Бір көруден ұлыңды күдер үзбей,
Кетесің-ау үзіліп, Кәрі Шеше!.. –
дейтін жыр жолы бар еді. Сол өлеңді бір кездесуде оқып бастағанда көрермендер арасынан түбіт шәлі оранған, күпі киген бір кейуана сахнаға айғайлап жылап шыға келді. «Қалқам-ай, жалғызымды күтіп жүргенімді сен қайдан білдің, бүгін ешқайда да бармайсың. Жалғызыма сақтаған сыбағамды үйге келіп жеп кетіңдер», – деп көптің алдында өтінішін айтты. Содан ауыл адамдары әжейдің жайын түсіндірді, кейін өз аузынан да естідік. Әжейдің жолдасы 1937 жылы ұсталып кеткен. Күйеуінің туған-туыстары да жоқ екен. Апай жалғыз ұлын құшақтап қалады. Соғыс басталғанда ұлын майданға шақыртып, қаралы қағаз келсе де, «ұлым келіп қалар» деп жыл сайын сыбағасын сақтап, өткен-кеткеннен, әсіресе, соғысқа барып келді дегенді естісе, солардан «ұлын көрген-көрмегенін» сұрастырып жүреді екен. Жыл сайын ұлына сыбаға сақтайды. Жыл соңында баласының құрдастарын жиып, сыбағасын үлестіріп, келер жылғы соғымнан қайтадан сыбаға сақтап жүретін көрінеді. Содан біз әлгі ауылда өзге ешкімдікіне бұрылмай, әжейдің үйіне баратын болдық. Әжей бізден сәл ертерек үйіне жетіп, ет салып, бөлмесін тездетіп жуып жатыр екен. «Шешей, мен-ақ жуайын», – деп қолыма сыпырғы алып, үйді жинап, шәй жасасып жүрмін. Ескі, тозығы жеткен үй. Төрде газетпен қапталған баласының суреті, суреттің сыртында қара қағаз ілулі тұр.
Содан тамақ та даяр болды. «Менің жайымды өзің түсініп тұрған бала екенсің. Сағынышымды да біліп қойыпсың. Жыл сайын балама деген сыбағаны сен бала-шағаңмен жеп кетіп, менің мерейімді асырып кет», – деген өтінішін айтты. Содан әжейге жылына бір айналып соғатын болдық. Үнді шайын, пүлішін ала барамыз. Әжеміз бір литр банкіге бізге деп қаймағын сақтайды, бес-алты тауығы бар, алмаймыз дегенімізге қоймай, жұмыртқасын береді…
Несін айтайын, ағаңның ел дегенде, жер дегенде жүрек соғысы ерек еді. Туған жеріне арнап жазған жырлары көп. Өмірінің соңғы жылдары Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Петропавл өңіріндегі елді-мекендердің байырғы аттарын табу, іздестіру жұмыстарына көңіл бөлді. «Мен өлеңді көп жаза бермеймін, бірақ дөп жазуға тырысамын», – деп отыратын. Соңында дөп жазған туындылары қалған ақын ретінде; маған берген сөзінде тұрып, адал жар болған азамат ретінде; қоғамға пайдасын тигізген үлкен тұлға ретінде есімі ел есінде қалғаны сол ғой, туғанына сексен жыл толу мерейтойына орай ел-елде, жер-жерде ағаңның шығармашылығын насихаттаған еске алу шаралары жиі өткізілсе деген тілек бар.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Қарагөз Сімәділ.