Кәне, латынға қалай көшеміз?
Бексұлтан Нұржеке-ұлы,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Біріншіден, қазақ тілінің табиғатына сай жаңа емле жасауымыз қажет. Ондағы басты ұстанымымыз Ахмет Байтұрсыновтың ережеге қарап тіл жасалмайды, ереже тілдің табиғатына қарап жасалуы қажет деген қағидасы болуы – міндет.
Екіншіден, кеңес заманында тіліміздің түп тамырын құрту мақсатында ойлап табылған қағидалардан батыл бас тартуымыз керек. Үшіншіден, дұрыс жазу ережесін жасауда қазақ тілінің негізгі қағидасы болып табылатын үндестік заңын басшылыққа алуымыз қажет. Осы талаптарға сүйене отырып, мен мынадай жоба нұсқасын ұсынамын.
Қазақ жазуының негізгі ережелері
Қазақ тіліндегі дыбыстар 31 әріппен таңбаланылады. Олардың емлесі былай:
Қазақ тілінің дұрыс сөйлеу, дұрыс жазу негізі үндестік заңымен қалыптасқан. Сондықтан дыбыстың, буынның, сөздің, тіркес пен сөйлемнің – бәрінің дұрысы мен бұрысы үндестік заңы арқылы анықталады.
Барлық дыбыс дауысты, дауыссыз және екідай болып үшке бөлінеді.
Дауысты дыбыстарға мыналар жатады: а, ә, е, о, ө, ұ, ү, ы, і.
Барлығы – 9.
Дауыссыз дыбыстарға мыналар жатажы: б, г, ғ, д, ж, з, й, к, қ, л, м, н, ң, п, р, с, т, ф, х, һ, ш, Барлығы – 21.
Бірде дауысты дыбыстың, бірде дауыссыз дыбыстың қызметін атқаратын «у» екідай дыбысқа жатады.
Үндестік заңына сәйкес әр сөздің әрбір буынында бір ғана дауысты дыбыс айтылады және жазылады.
Дауысты дыбыстардың ішінде а, о, ұ, ы дыбыстары жуан дауыстыларға; ал ә, е, ө, ү, дыбыстары жіңішке дауыстыларға жатады. Жуан дауыстысы бар буын «жуан», жіңішке дауыстысы бар буын «жіңішке буын» аталады.
Егер сөздің алдыңғы буыны жуан болса, оған жалғанатын келесі буын да жуан болады, ал егер алдыңғы буын жіңішке болса, келесі буын да жіңішке болады. Мысалы: ар-ман-дас-тар, қа-за-ғым, ба-уыр-лас-тар, ке-мең-гер, тәр-бі-йе-ші, тағы сол сияқты.
Дауысты дыбыстар бір өзі де жеке буын бола алады. Мысалы: а-ла-қан, ә-уе-ле-ген, ұ-лық, е-рек-ше, ы-дыс, ү-йір, т.с.с.
Әр сөздің мағыналы негізі түбір болып табылады. Егер түбір сөз жуан буыннан жасалса, оған жалғанатын қосымша да жуан болып жалғанады; ал жіңішке болса, қосымша да жіңішке болады. Мысалы: ақыл-шы, бала-лар-ға, ертең-гі-лік, жылқы-шы, кісі-лік, көп-шілік.
Екі немесе бірнеше түбір сөзден құралып, бір мағына беретін және үндестік заңына сәйкес сол түбір сөздердің не соңғы, не басты дыбысы өзгеріп барып бірігіп тұрса, ондай сөздер біріккен сөзге жатады. Мысалы: «Бесқарагер» әні, Баргөрнеу тауы, ашудас, қолғап, қарағаш, саржайлау, өлара, Сарөзек, жарғанат, көгөніс, шегара, көзғарас, т.с.с.
Бірнеше түбірден құралған сөздер бір мағына беріп тұрғанмен, сыңарлары бір-бірімен үндестік заңына сәйкес өзгеріске ұшырамағандықтан, яғни бір-бірімен бірігіп, кірігіп кетпегендіктен, олар қос түбірлі немесе көп түбірлі сөзге жатады. Мысалы: ауылшаруашылық, итарқа, Сарыбай, мұражай, әнұран, жерұйық, дарабоз, Майтөбе, Аралтөбе, Момышұлы, т.с.с.
Егер кісінің аты-жөні дауысты дыбысқа аяқталып тұрса, оған «ұлы» сөзі сызбаша арқылы қосылады. Мысалы: Нұрмолда-ұлы, Тауасар-ұлы, т.с.с.
Үндестік заңына бағынбай, жуан немесе жіңішке буынның бәріне өзгеріссіз жалғана беретін де қосымшалары мен сөз бөлшектері бар. Негізінен олар мыналар: — ақ, -ай, -ау, -қой (-гой), -кер (-гер), -тікі (-дікі,- нікі), -хана, -сымақ, -жан, -хан. Мысалы: әділ-ақ, дұрыс-ақ; елім-ай, балам-ай; келдім-ау, алдым-ау; намыс-қой, сән-қой; дана-гөй, дәме-гөй; жұмыс-кер, бап-кер; қамшы-гер, дәрі-гер; шаш-тікі, ерін-дікі, қан-дікі, тіс-тікі; бала-нікі, аға-нікі; дәм-хана, ас-хана; бастық-сымақ, үй-сымақ; апа-жан, келін-жан; Әзім-хан, Ораз-хан, т.с.с .
Есімдікке – нікі қосымшасы жалғанғанда, түбір сөздің соңғы дыбысы түсіп қалып барып жалғанады. Мысалы: ол+нікі=онікі, сол+нікі=сонікі, анау+нікі=ананікі, мынау+нікі=мынанікі, т.с.с. Сөздер мен сөйлемдердің айтылуы мен жазылуын үйлесімді ету үшін, түрліше тыныс белгілері пайдаланылады.
Мән-мағынасына байланысты сөйлемдердің соңына нүкте (.), сұрау белгісі (?), леп белгісі (!) қойылады. Сөз сөздің, сөйлем мен сөйлемнің бір-бірімен байланысу ерекшеліктеріне қарай араларына үтір (,), нүктелі үтір (;), қос нүкте (:) белгілері қойылады.
Реттік сан есімнің сандық түбірі сандармен жазылғанда, оған жалғанатын – ыншы (-ншы), -інші (-нші) жұрнақтарының орнын сызықша ( — ) белгісі алмастыра алады. Мысалы: 1941-жыл, 19-ғасыр, 6-мамыр, т.с.с.
Ал сан есімнің түбірі сандармен жазылса, оған қосымшалар сызбаша (-) арқылы жалғанады. Мысалы, немерем 7-ге толды, өзім 54-ке аяқ бастым, т.с.с.
Жазып келе жатқанда, сөздің жолға сыймай қалған бөлігі келесі жолға буынға бөлінетін тұсынан ғана сызбаша белгісі арқылы тасымалданады.
Сөздің жалғыз дыбыстан тұратын буынын және кісінің бас әріптен ғана тұратын аты-жөні жеке қалдырып тасымалдауға болмайды. Мысалы, былай тасымалдауға болмайды: а-дам, ы-рыс, А.С.- ны бірінші жолға қалдырып, екінші жолға «Тәуірбаев» деуге, ә-ке, т.с.с.
Ресми құжаттарда, мемлекеттік, облыстық, аудандық және мекемелер мен кәсіпорындар деңгейіндегі бұйрықтар мен жарлықтарда мағыналас сөздердің тек әдеби нұсқасы ғана пайдаланылады. Мысалы: отбасы, шаңырақ, түтін, жанұя сөздерінің әдеби нұсқасы «отбасы» болып табылады. «Туған», «Туылған» сөздерінің әдеби нұсқасы «туған» сөзі болып табылады. Мысалы: «Отбасы және неке» заңы, туған жер, туған күн, туған ел, т.с.с.
Атау сөздердің бірде-бірінде екі дауысты дыбыс қатар айтылмайды және жазылмайды, сондай-ақ бірдей екі дауыссыз дыбыс та қатар келмейді. Сондықтан бұл ережеге қайшы келетін шет тілден енген сөздер тіліміздің заңдылығына бағындырылады. Мысалы: махабат («махаббат» емес), ләзәт, молда, мүде, т.с.с.
Шет тілінен енген сөздер мүмкіндігінше тіліміздің ережесіне сай қалыппен қабылданады. Мысалы: бизнес (тіліміздің заңына сай келеді) конкурс, ініспектір, әписер, самауыр, кереует, міністір, деректір, біргәдір, бұғалтыр, кәмпүйтір, нөмір, кәңки, тәңкі, митінгі, үйез, електір, т.с.с.
Дыбыстардың мән-жәйін, егжей-тегжейін дыбыстану ілімі (еуропаша – «фонетика»), ал сөздердің мән-жәйін, егжей-тегжейін сөзтану ілімі (лексика) зерттейді. Бұл ережеде қаралмаған мәселелерді сол саланың мамандары қарастырады. (Бұл жобаға Қазақстан Республикасы президенті қол қоюы керек).
Кеңес заманында мұндай тіл заңы жөніндегі құжатты үкімет басшысы бекітетін, бұл күнде президент, яғни мемлекет басшысы бекітеді. Сондықтан мүмкіндігінше әттеген-айларды жібермеген жөн.
Өз жобамды ортаға салған соң, оған түсінік те бере кетейін.
Кеңес өкіметі Ахмет Байтұрсынов жасаған әліппеден қазақ тілін алыстату үшін, әуелі латын әрібін енгізді. Алайда ол әліппеге де орыс әріптерін енгізе алмағандықтан, 1940-жылы орыс жазуына көшірді. Орыс тіліндегі дыбыстар түгелдей қазақ әліппесіне енген соң, ол бірте-бірте іштей ыдырайды деп үміттенді. Алайда ол үміт түбегейлі ақталмады. Аздап қана зардап шеккенімен, тіліміз өз табиғатынан ажырай қоймады. Қазақ тіліндей жалғамалы (аглюнативті) тіл үшін екі дыбысты бір әріппен белгілеу, әрине, тілдің үндестік заңын, әуезділігін бұзатын еді. Бірақ сонда да буын үндестігі сақталып қалды. Себебі ё (й+о), ю (й+у), я (й+а), щ (ш+ш), ц (т+с) секілді әріптер сөздердің табиғи буынын сындыра алмай өзі бөлек буын ішінде қала берді. Мысалы: ёл-ка, а-ю, та-яқ, цирк. Тек «щ» әрібі ғана буын үндестігіне қайшы келді: «аш-шы» дегеннің орнына «ащы» деп жаздық, «тұш-шы» дегеннің орнына «тұщы» деп жаздық, oны бірақ «а-щы» деп те, «ащ-ы» деп те буынға бөле алмадық. Әйткенмен ондай сөз тілімізде аз болғандықтан, тіліміз бәлендей бұзыла қоймады.
Алайда «ъ» (жуандық белгі), «ь» (жіңішкелік белгі) дегендер, в, э, ч әріптері ептеп-септеп тіліміздің табиғи қалпына кесір жасай бастады. «Електір» дей салудың орнына «электр» деп езуімізді кердік, «вагон» дегенді «багон» деп айту надандық, сауатсыздық деп сендірді. Ал «ъ» мен «ь» екеуі дыбыс пен буын үндестігінің біраз берекесін алды. «Нөл» дей салмай, «ноль» деп жаздық, «рөл» демей, «роль» дедік, «рәзиез» демей, «разъезд» дедік, «әртел» дегізбей, «артель» деп жазғызды. Тілге озбырлық жасау бірте-бірте ұлғая бастады. Оған өз ғалымдарымыз атсалысты.
Қазақтың түбір сөздерінде бірдей екі дауысты дыбыс та, бірдей екі дауыссыз дыбыс та келмейтінін біле тұрып, ғалымдар «пойыз» дегенді, «поезд» дегізді, «махабат», «ләзәт», «мүде» деудің орнына «махаббат», «ләззәт», «мүдде» деп жазғызды, айтқызды. Тек «миллион», «алла» «доллар» дегенімізге тиіспеді.
Орыстың екі дыбысты бір әріппен белгілеуі де тілімізді ойдағыдай ойрандай алмаған соң, өз тіліміздегі екі дыбысты бір әріппен белгілейтін заңды 1957-жылы енгізді. Ол – «ы» мен «й»-дің, «і» мен «й»-дің орнына енген бір ғана «и» әрібі. Бұл, сөз жоқ, тілімізге топалаңдай тиді. Дыбыстың да, буынның да әкесін танытты. Үндестік заңының үнін өшіруге үкімет үлкен қызмет жасаған әрекеті осы болды.
Бұрын қазақ тілінде бір-ақ «й» дыбысы бар еді. Оның өзі дауыссыз дыбыс болатын. 1940-жылы орыс әрібіне көшкен соң, әліпбиімізде «и» дейтін дауысты дыбыс пайда болды. Ол «и»- ді латын әліпбиі де қазақ тіліне енгізе алмап еді, сондықтан оның өзін өзгерту қажеттігі туды. Мысал келтірейін. Алдымда латын әрібімен жазылған Сәбит Мұқанұлының 2- ші (Алматы – Қазан, 1936 жыл) томы жатыр. Онда дауысты «и» жоқ. Мысалы, «bijlik» (бійлік), «ije» (ійе) деп жазылған (78, 79-бет).
Орыс тілінде бар дауысты «и» дыбысы қазақ тілінде неге болмауы керек деп шешкен ғалымдар дереу «и» әрібін қолдан жасап кеп жіберген ғой. Оны жасау үшін, үнемі оның алдында тұратын «і» дыбысын дербестігінен айырып, «і» мен «и»-ді біріктіріп, екі дыбыс пен екі әріптен бір ғана «и»-ді жасай қойған. Орыстар сөйт деді ме, өз ғалымдарымыз сөйтті ме, кәзір оны ешкім анықтай алмайды. Бірақ фәктінің аты – фәкті. Сөйтіп қазақ тілінде дауысты «и» дыбысы 1940-жылғы әріп өзгертумен бірге келді. Енді «билік», «ие» деп жазуға мәжбүр қылды. Қаптаған қалың сөз «і» дейтін сыңарынан айырылып, жалғыз дыбыс жалғыз әріп «и» пайда болды. Соның салдарынан «біиік», «кіиік», «тійіс», «шій», «іит», «кійім» деудің орнына «биік», «киік», «тиіс», «ши», «ит», «киім» дей салатын болдық. Одан, әрине, киік арқар болып кеткен жоқ, бірақ буын үндестігі бұзылды: «бі-иік», «кі-йік», «ті-йіс» деген әуезді буынның орнына «би-ік», «ти-іс», «ки-ік» деген дік-дік еткен буынға тап болдық. Заң тілдің табиғатына қарай жасалмай, тіл заңға бағынды.
«И» әрібін түбегейлі сіңіру үшін «ин» деген дыбыстан басталатын шет сөздің бәрін өзгертпей жаздырды. Ал «ин» деген буын қазақ тілінде мүлде жоқ еді. Сондықтан «інжінер», «ініспектор» деудің орнына «инженер», «инспектор» деп жазуға мәжбүр болдық. Тіл заңын қорғайтын Ахмет Байтұрсынов ол кезде арамызда жоқ, бірақ Байтұрсыновтарды жамандайтындар қаптап тұрған шақ болатын.
Алайда, бұл өзгерістер де өзгертушілердің көңілінен шықпады. Буын үндестігі біраз бұзылғанмен, біржола бұзылмады. Себебі «и»-дің алдында келетін «ы» дыбысы буын үндестігін бұрынғысынша сақтап қала берді. Сәбеңнің «1950-жылы шыққын «Менің мектептерім» атты кітәбіне қарасақ, «ы»-ны кирил әрібі де буыннан ығыстыра алмапты: «сыяқтанды» (9-бет), «шоқыйып» (9), «сыйбан» (ру) (23), «қыйылған» (97), «таныйды» (277) болып тұр екен. «Тойады», «қойады» (168-бет) дегендегі «й», мен «а»-ны қосқанмен, «ы» мен «й»-ды біріктіре алмапты.
Сондықтан 1957-жылғы өзгеріс негізінен «ы» дыбысына да «і»-нің кебін кигізу қажеттігінен туындапты. Енді шынында да, үндестік заңының шырқы шақ — шәлегей болды. Қараңыз: «сы-йыр» деп буынға бөлудің орнына «си-ыр» деп бөлуге мәжбүр болдық. «Сый» еместі «сый» деп оқыдық. «Ты-йа-нақ » деудің орнына «ти-я-нақ » дедік. Шындап келгенде, мұның өзі сауатсыздық еді. Өйткені, екі әріптің орнына жүретін бір әріпті тарата қойсақ, бұл сөзіміз былай ғой: «тый-йа-нақ». Екі «и»-ді қатар келтіру деген тіліміздің негізгі қағидасына қайшы еді. Одан да латын негізіндегідей болмаса да, «ты-янақ» деп буынға бөлуге болатын еді ғой. Бірақ өйтсе, буын үндестігі бұзылмайтын еді, сондықтан осылай зорлау ғалымдарға қажет болды. Бұл заңның әдейі жасалғанын осыдан-ақ аңғаруға болады. Әйтпесе тіл ғалымдары тіліміздің негізгі заңдылығын білмейді ғой дейсіз бе?
«Ы» мен «і» орыстың «и»-ін дауысты дыбыс ретінде қазақ тіліне енгізуге негізгі кедергі болғандықтан, оларға шабуыл бірте-бірте үдеді. Тіпті «ырай», «ылай», «ыйық», «ійірім», «ійгілік», «ылақ», «ійін», «ылау» сықылды сөздерден оларды алып тастау етек алды. «Рысжан», «Рысбике», «Рай», «ылаң», «лай», «иық» деп жазуды мәртебе санадық. Ал шын мәнінде, орыстың «рай» (жұмақ) сөзі мен біздің «рай» (ауа райы) сөзіміз омоним бе? «Ы»-ны ығыстыру нәтижесінде, орыстың «лай» сөзі (иттің үруі) қазақтың «лай» (былғанған су)сөзімен көпмағыналы болып (омоним болып) шыға келді. Кісі күлетін-ақ нәрсе. «Ы»-ны алып тастасаң, бір буыны кеміп шыға келеді. Тек тілдің әуезін, үндестігін бұзғаннан басқа қызметі жоқ. Мысалы: «ы-рыс» деген екі буының орнына бір буын «рыс» дедік. «І-лес-күл» деудің орнына «Лес-күл » дедік, сонда «ілес» сөзіміз «лес» (орман) болып шыға келді.
Бұзуды бір әріптен бастау әрі білінбейді, әрі әріден құртады ғой. «ысырып таста!» мен «сызып таста!» бір емес қой. Бір әріпке мән бермей жүріп бәр әріптен айырылмадық емес пе?
Бұл, сөз жоқ, әдейі жасалған қастандық.
Қазақ тілінде ежелден екі түрлі «и» жоқ, болмаған. Сондықтан тілімізге ұзақ уақыт зорлық жасаған жасанды дыбыс пен жасанды әріптен айырылуымыз керек. Оны әліпбиден алып тастауға тиіспіз.
Бұдан бұрынғы ғалымдар білімсіздік танытты деген тұжырым тумайды. Тек әдейі жасалды деген ғана ой туады. Мысалы, қолымызға ұстап жүрген гәзетті «газет» деп алудың қандай қажеті бар еді? Әдейі буын үндестігін бір сөзбен болса да бұза түсу үшін солай айтылды. Сол әділетсіздікті заңдандыру үшін, орыс тілінен енген атау сөздер өзгерілмей, орыс тілінде қалай жазылса, қазақ тілінде де солай жазылады деген бір бап жасалды.
Ол заңның сорақылығын қараңыз, парсы мен арап тілінен енген сөздер ғана өзгертіліп жазылады деген тағы бір бап жасалды. Олар шет тілі саналса, орыс тілі шет тілі саналмайтын секілді.
Тәуелсіздік алғанымызға 25 жылдан асса да, ол заң әлі күшінде қалып отыр. Ғалымдарымыздың «қазақ тілі бүгін өлсе», ертең өзі өле қоймайтынын осыдан-ақ көруге болады.
Сәбеңнің аталмыш кітәбіндегі латыншада «Өктәбер» (77), «аптамабел» (76) деп орыс сөздерін өз тіліміздің ырқына көндірсе, сөйтіп қажетсіз әріптерден құтылса, кейін біз «октябрь», «автомобиль» деп жазып, айтылуы бір басқа, жазуымыз бір басқа болып кеткен жоқ па?
Буын үндестігі құрымаса, «ъ», «ь» белгілерінің бетке шыққан сүйелдей болып тұратынын ғалымдар, әрине, білді. Білген соң, бұзуға тырысты. «Кәзіргі қазақ тілі» деп атаудың орнына «Қазіргі қазақ тілі» деп, буын үндестігін тәрк етіп тұрған сөзді де әдеби нұсқа етіп алуда да мән бар-ау деп ойлаймын. «Кәйтіп?» деген сұраулық шылауды да «қайтіп?» дегенмен ауыстырдық қой. Сәбеңнің латынша томында «халы» деп үндестік заңын сақтай жазылған сөзді (9-бет) бүгінгі Орфографиялық сөздік «халі» деп «дұрыстапты» (2006, 566-бет). Осыдан-ақ әдейілік дегеніміз аңғарылып тұрған жоқ па?
Тіпті Сәбең пайғамбарымыздың атын да «Мұхамбед» деп (176) қазақыландырыпты. Меніңше, оның дінге де, тілге де еш түйткілі жоқ. Егер оны түйткіл санасақ, онда пайғамбарларымыздың атын біркелкілендіріп, не Моисей, не Мұса, не Иусус, не Иса деп жазбас па едік? Ұлттың тілін өзгерткісі келетін дін болмаса керек. Діни сөздерді өзгертпей айтамыз деушілер – діннің негізгі мақсатын бұрмалаушылар. «Дүмше молда дін бұзар» деп халқымыз бекер айтпаған.
«Мый» деген сөз бен қатар нотада «ми» деген де атау бар екенін, екеуін де бір-ақ түрлі етіп жазуға болмайтынын ғалымдар білмеді ғой дейсіз бе? Екеуі де «ми»деп жазылып тұрса, қай заңға сәйкес бірін «мый, бірін «ми» деп оқуға тиіспіз?
Енді осылардың зардабын қараңызшы: ешбір бүгінгі жас «көкөніс», «шекара» сөздерін «көгөніс», «шегара» деп айтпайды. Таңдап алынған теледиктор мен радиодикторлар да солай. Неге? Себебі олар «көгөніс», «шегара» болып жазылуға тиіс біріккен сөздер. «Көк» сөзіндегі «к» дыбысы «көгерген», «көгі», «көгірек» болып өзгереді де, неге «көгөніске» келгенде өзгермей қалады? Ол үндестік заңына бағынбайтын сөз бе?
«Шек» сөзіндегі «к» «шегі», «шегініс» болып «г»-ге өзгереді де, неге «шегараға» келгенде өзгермей қалады? Тілдің «қамын жеп жүргенімізді» бейнелейтін мұндай мысал тым көп-ақ. «Көп» демекші, дыбыс үндестігі дегенді өңі түгіл түсінде де естімеген бір диктордың «көп адам» деп тұрғанын естідім. Құдай-ау, оны «көб адам» дейді ғой. Қалай жазылса, солай, дәл оқып тұрмын дегені ғой, сірә?
Орыстар «араб» дейді, бізде де «араб» деп жазып «арап» деп оқитын болдық. Буын үндестігі деген негізгі заңымызды тәрк еткеніміз сондай, буынға мән бермеуге айналдық. Сондықтан орыс тілінен енген «область» сөзін «облыс» деп жазып жүрміз. Сонда буынға «о-блыс деп бөлеміз бе? Әлде «об-лыс» деп пе? Екеуі де буын бола алмайды. Дұрысы «о-бы-лыс» қой. «Министр» дегенді орыс тілінен енген сөз деп, өзгертпей жазып жүрміз. Буынға бөлсек, «ми-нистр» болып шығады, «нистр» деген буын тілге тастаған бомбы секілді. Осы сөздің ійесі еуропалықтардың өзі «министер» деп жазады, соны да көрмейтін қазақпыз?
Сөздің әуезділігі дауысты дыбыстың араласуына байланысты екенін Байтұрсынов айтуындай-ақ айтып кетіп еді, не керек, оны әлі тыңдамай келеміз. Білмейтін, білгеннің тілін алмайтын бір халықпыз.
Мәселе біздің шет тіл сөздерін айта алуымызда, айта алмауымызда емес, қазақ деген халықтың өз тілі, оның өзіне тән заңдылықтары бар ма, жоқ па – сонда.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп айшықты ат қойып, болашағымызды рухани нығайтуға көңіл бөліп, Елбасының беріп отырған десін енді біз дұрыс пайдалана алмасақ тіліміз де, өзіміз де тілімізбен бірге баяулай-баяулай жұтыламыз.
Соңғы кезде халық бекіткен «мұрағат», «мұражай» сөздерін «Сен қанша бересің? Мен қанша алам?» дегенді ғана білдіретін тіл емес қой бізге керегі.
Тілдің сөздік қорын халық, маман ғалымдар белгілеуі тиіс. Өзінің ыңғайына қарай биліктегілер өзгерте берсе, ондай тілдің келешегі – келте. Кешегі кеңес заманында да «сот» деп келген сөзді билік «судья» дегізді, халықаралық термін деген желеумен «мұрағат», «мұражай» сөздерін қайтадан «архив», «музей» дегізді. «Ар» – деген жуан буын «хив» – жіңішке; «му» – жуан, «зей» – жіңішке. Буын үндестігі екеуінде де бұзылып тұр, «судьяның» сыйқы – одан да сорақы.
Ғасырлар бойы ата-бабамыз қалыптастырған тіліміздің ұлттық дәстүрін білдірмей ғана, бірте-бірте бұзуын бұдан артық әдісін ойлап табу мүмкін емес. Бұл бір сөзбен болса да тіліміз түзеле берсін деген емес, бір сөзден болса да бұзыла берсін деген ниет. Бұл – өте қауіпті. Шындығында, халықаралық тіл де, термин де жоқ.
Алда әлі: «Ана сөзді былай жаздық, мына сөзді қалай жазамыз?» дейтін қиындықтар тұр. Бірауыздылыққа жету үшін, әлі талай жігер-күш қажет. Ойласайық, сырласайық, ақылдасайық. Тек осының бәрі ұлттың болашағы үшін екенін естен шығармайық!
ПІКІРЛЕР2