«Өнегелі өмір» – біздегі тұлғатанудың бір формасы ғана
Газетіміздің №16 санында «Өнегелі өмір» сериясымен шығатын кітаптарға байланысты филология ғылымының докторы, әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбекпен әңгіме өткізген едік. Бүгін осы тақырып бойынша ҚазҰУ ректорының кеңесшісі – «Өнегелі өмір» басылымы Бас редакторының орынбасары, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі Бауыржан Жақыптың пікірін ұсынып отырмыз.
Кеңестік кезеңде «Молодая гвардия» баспасынан даңқты тұлғалар туралы көптеген кітаптар шықты. Галина Серебрякованың «Шоқан Уәлиханов», Тұрсынбек Кәкішевтің «Сәкен Сейфуллин», Медеу Сәрсекенің «Қаныш Сәтбаев» кітаптары шыққан болатын. Ол әлі күнге дейін өз жалғасын тауып келеді. Мәселен, Николай Анастасьевтің «Абай», «Мұхтар Әуезов», Медеу Сәрсекенің «Ермұхан Бекмаханов», «Евней Букетов», Ерлан Сыдықовтың «Шәкәрім» кітаптары Мәскеуде орыс тілінде кейінгі жылдары жарық көрді. Бұлар деректі проза жанрында жазылған шығармалар деп айтуға толық негіз бар. Тәуелсіздік жылдарында «Қазақстан» баспасының директоры Нұрмахан Оразбековтің бастамасымен «Тамаша адамдардың өмірі» сериясымен қазақ тілінде бірнеше кітаптар шықты. Бұлар да деректі роман жанрында жарық көрді.
2011 жылдан бастап әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры, академик Ғалым Мұтановтың бастамасымен «Өнегелі өмір» сериялық кітаптары шығарылып келеді. Елімізге танымал тұлғалардан құрылған редакциялық кеңес жұмыс істейді. Кеңестің төрағасы, ақын Олжас Сүлейменов. Оның құрамында Әбдіжәміл Нұрпейісов, Кенжеғали Сағадиев, Мырзатай Жолдасбеков, Қуаныш Сұлтанов, Нұрлан Оразалин, Сұлтан Сартаев, Уахит Шәлекенов, Сейіт Қасқабасов сияқты танымал азаматтар бар. Бірінші шығарылым университеттің заң факультетінің алғашқы деканы, академик Салық Зимановқа арналған еді. Одан кейін Хайыржан Бекхожин, Өмірбек Жолдасбеков, Әбікен Бектұров, Өмірзақ Сұлтанғазин, Батырбек Бірімжанов, Есмағамбет Ысмайылов, Тауман Амандосов, Тұрсынбек Кәкішев, Зейнолла Қабдолов, Марат Барманқұлов, Әзілхан Нұршайықов, т.б. туралы жеке кітаптар жарық көрді. Бірте-бірте бұл сериялық басылымдар Ұлттық университет ауқымынан шығып, бүкіл қазақтың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал ақын-жазушылар, тұлғалы ғалымдар туралы нақты деректерді жинақтаған кітаптар ретінде шығарыла бастады. Мысалы, Кеңес Аухадиев, Кәкімжан Қазыбаев, Сұлтан Жиенбаев сияқты мемлекет қайраткерлері, университет ректорлары болған Темірбай Дарханбаев, Төлеген Тәжібаев, Көпжасар Нәрібаев, Төлеген Қожамқұлов туралы жеке кітаптар жарық көрді. Халқымыздың біртуар перзенті Бауыржан Момышұлы, партизан жазушы Әди Шәріпов, әйгілі қаламгер Әбіш Кекілбаев туралы еңбектер оқырмандардың зор қызығушылығын туғызды. Ұлттық Ғылым академиясының 70 жылдығына орай академик Қаныш Сәтбаев туралы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы арнайы шығарылымдар оқырманға жол тартты. Осы серияның 100-ші шығарылымы әл-Фараби бабамызды тұңғыш әлемге танытқан ғалым Ақжан Машановқа арналып отыр. Бұдан бөлек, Жұмабек Тәшенев, Дінмұхамед Қонаев, Бәйкен Әшімов, Асанбай Асқаров туралы кітаптар дайындалу үстінде.
Еліміздің дамуына үлес қосқан тұлғалар туралы сериялы кітаптар шығару қиынның қиыны. Қазіргі біз шығарып жүрген «Өнегелі өмір» сериясы өзіндік өзгешелігі бар басылымдар. Бұл «ЖЗЛ» сериясын қайталау емес. Мұнда кейіпкердің өз өмір жолы туралы толғанысы, көпшілікке танымал шығармалары, жеке мұрағатынан алынған құжаттар, сирек фотосуреттер, сондай-ақ, ол туралы замандастарының, шәкірттерінің, туған-туыстарының естелік, эсселері, лебіздері жинақталып беріліп жүр. Ал сол тұлғалар туралы деректі шығарма жазамын деушілерге бұл таптырмас материалдар. «Өнегелі өмір» сериясымен шыққан кітаптарда тұлғаның кім екендігі, оның өмір жолы, шығармалары, естеліктер арқылы жан-жақты ашылады. Бұл – біздегі тұлғатанудың бір формасы ғана. Ал жеке авторлардың адам болмысын, ішкі жан-дүниесін ашуға бағытталған еңбектер шығару болашақтың үлесінде деп білемін.
Ол, рас. Кезінде Нұрмахан Оразбеков ағамыз осы серияны тұрақты шығаруға талпынған болатын. Жеке тұлғалар туралы бірнеше кітап мемлекеттік тапсырыс бойынша жарық көрді. Қазақстан Жазушылар одағында деректі проза секциясы жұмыс істейді. Деректі прозаға бүкіл ғұмырын арнаған жазушы ретінде Медеу Сәрсекені атар едім. Медеу ағамыз Қаныш Сәтбаев, Ермахан Бекмаханов, Евней Букетов туралы деректі романдарды ерекше еңбекқорлықпен жазып, жариялады. Мұндай қаламгерлер сирек кездеседі.
Бұл ретте орыс халқының тәжірибесінен үйренетін жайттар бар. Олар халыққа танымал тұлғалардың жақсы қырларын ғана көрсетуге күш салады. Тұлғалар да адам баласы. Олардың, қоғамның ықпалымен біліп-білмей жасаған кейбір кемшіліктері болса, оны бадырайтып көрсету этикаға жатпайды. Жас ұрпақ, жаңа толқынға өз тұлғаларымыздан үлгі алатындай, өнеге тұтатындай кітаптар шығару – біздің парызымыз!
ПІКІРЛЕР2