Бағдары айқын Бақыт
12.05.2017
2221
1

Кеше ғана біз алдымыздағы осы бір алғыр буынға қарап қолымызға қалам алып едік. Бүгін олардың біразы фәниліктен бақилыққа көшіп кеткен. Обыр ажалдан аманы – жеті асуға жетіп,  аялдаңқырап тұр. Олар ойланады. «Не тындырдым? Ұлтқа, ұлт әдебиетіне не бердім?». Зілмауыр сұрақ міне, осы! Олар жайында біз ойланамыз. Буын буыннан үйренері рас. «Біз алдымыздағы буыннан не алдық?», «Ала алдық па?». Бізді ойландыратын осы сұрақ. Алдағы әріптес аға, жанрлас, сыйлас сыншы Бақыт Сарбалаұлы да жеті  асқарға жетіп, халқына есеп беруге дайындалыпты. Туған Ақмешітіне жүрмек. Жұртымен жүздеспек… Азамат қадірін, руханият «азабын» жақсы  түсінетін елағасы, облыс басшысы Қырымбек Көшербаев шақырған-ау шамасы?! Ал енді алдыңдағы әріптес аға, сындарлы сыншы тағдыры туралы ойланбай көр?! Біздің ой қыдыртуымыз осы бағытта.

Бақыт  Сарбалаұлы – әдебиетке ақын болып келген ақынжанды сыншы. Өзінің айтуына қарағанда әп-әжептеуір танылып үлгерген ша­ғында Зейнолла Серікқалиевтің сын мақалаларын оқиды да, ніл­дей бұзылады! «Мынадай сынның поэзиядан несі кем?». Осы ой мей­лінше баурап, бір­жолата байлап-ма­тап алғаны соншалық, қайтып өлең ауылына ат ізін салмай, бір­жолата сын жанрына бе­ріледі. Оған да жарты ғасырдың беделі. Жар­ты ғасыр бойы «Ленин­шіл жас», «Қазақстан мұғалімі», «Қа­зақ әдебиеті», «Ана тілі» се­кілді жас­тық жалынды, ақ-адал ағар­ту­шылық жолындағы, тәуел­сіздік­пен бірге түлеген басылымдарда бас­шы, қосшы болып қалам ұшта­ды. Әсіресе, әділетсіздікпен шай­қасу­дан шаршамайтын Шерхан Мұртазадай әділ, ақжарылқап аза­мат басшылығымен «Қазақ әде­­биеті» газетінде қызмет еткен жыл­­дарын сағынышпен, зор қа­на­ғатпен еске алады. Өзін «Шер­хан­­ның шекпенінен шық­қан» жур­­налист, сыншы санайды. Дә­діл сөз! Өзге басылымдарда қалам басбілдірген Бақыт Сарбалаұлы «Қазақ әдебиеті» газетінде ұлт ру­ха­ниятын ақ-адал күзетті. «Адал кү­­зетуді» әдейі айтып отырмыз. Ой-бой, ол кездегі коммунист жазу­­шылардың осалы жоқ еді. Әр­қайсысы бір зің (піл)! Сол зің­дерге қарап сөйлеп Қазақстан Жа­­­зушылар одағында жыл қоры­тындысында баяндама жасау, жанр-жанрға, оның ішінде тақы­рып-тақырыпқа топтап «қой құрт­тағандай» етіп, «дезинфекциялау» қай­дан оңай болсын?! Қиын еді. Сол қиын уақытта аты дардай, ол аз болса советтік қызметті ерттеп мін­ген небір қаламгерлердің жү­зі­не тік қарап сөз сабақтаған аза­мат сыншыңыз Бақыт Сарбалаұлы! Та­нығанын татаусыз талдап, түй­ге­нін ешқандай жасырмай, бүкпей ашық айтатын ол адал сыншы. Қа­ламгердің жақын, алысы, абы­рой-беделі Бақыт-сыншы үшін дәл сол сәтте, дәл сол еңбекті талдау тұсында ешқандай есепке алын­­байды. Содан да «кісі ұдайы жақ­сы жаза бере ме? Еңбегімізді ес­керсе қайтеді? Осы біз әдебиетке ең­бек сіңірген жоқпыз ба» деп шы­ғармасы сыналған қаламгер ағайын шырылдап Шерхан бас­шы­ға кіріп, үстелін шаң қылып жүр­гені… Әдебиет – сөз өнері (Н.Гей). Өлермендікпен өнер жа­сал­майды. Ғабең, ұлы Ғабит Мүсі­ре­пов айтпақшы, «Сөз өнері ақ төсек, мамық жастық үстінде тумайды». Бірақ қалай туса да өнер өлшемі – шын өнерге тән көр­кем­дік! Оны безбендейтін өнер сын­шы­сы. Шеберлік жоқ жерде – көркемдік жоқ. Көркемдік жоқ жер­де – өнер жоқ… Суреткер ше­бер­лігін саралайтын, суреткерді әлем­дік деңгейде салыстыра шы­ғар­масын талдап даралайтын сын­шы мұраты міне, осы! Ендеше, сын­шыға өкпе жүрмейді. Талғамға та­лас жүрмейді деседі. Қате пікір. Тү­бірімен қате! Талғамың – эсте­ти­калық категория. Сұлулық, ің­кәр­лік дүниесінде эстетикалық талғамын қалыптастыра алмаған адам өнерпаз да, өнердің шын сыншысы да бола алмайды. Лев Толстойдың Шекспирді мойындамайтыны, В.Г.Белинскийдің Дос­тоевскийдің алғашқы шы­ғар­ма­сының тас-талқанын шы­ғара­тыны, Л.М.Леоновтың мақтаулы С.Бабаевскийді (үш мәрте КСРО Мем­лекеттік сый­лығының лау-реа­ты) мойындамай, мақтамен бауыздайтыны, сыншы Мака­ровтың Шолохов пен Симонов жас­тар газеті («Комсомольская га­зета») бетінде айтысқанда Констан­тин Симоновты қол­дай­ты­ны, С.Әшімбаевтың мақтаулы Мұқа­ғалиды, уақытында қадыры ас­қан Қадырды сыйлай отырып сынайтыны – бәрі-бәрі талғамның дүниесі. Ол жерде жамандық жоқ. Өнерге деген жанашырлық қана бар. Өнер иесі бір жеткен биігін үнемі ұстап тұру – арман! Бірақ бір бағындырған биігін ұдайы ұстап тұра ала ма? Эжен Потье бір түнде атақты «Марсельезаны» жазды. Бір сәттің жемісі. Өзге бірде-бір туын­дысы ол биікке жете алмады. Өкінішті. Өнерге өкпе жүрмейді. Өнердегі өкпе білімсіздік! Сынға өкпе кісіліктің әлсіздігі! Өнерге өкпе жүрмейтіні секілді сынға да өкпе жүрмеуі керек. Сынды түсі­ніп қабылдау керек. Ал бізде сынды кектесіп «қабылдайды» өкіні­ші… Асылы, шын өнер туын­ды­сы­ның та­рихи бағасын келешек ұрпақ бе­реді. Сыншы замандас өнер­пазын келешек ұрпаққа имиджін жа­сап, мінездеме беріп шығарып салушы жанашыры!
Бақыт та тақырыбын терең иге­­ріп, жанын шығарып жазатын «жа­нашыр». Жазушы ағайынның оған да өкпелеп жүргені. «Жақ­сы­н­ың өкпесі шәйі орамал кепкенше, Жаманның өкпесі басы қара жер­ге жеткенше» дегендей, аз уа­қыт өткен соң өкпесі тарқап жатады жазушы ағайынның! Себебі – Ба­қыт Сарбалаұлының кім жа­йын­­да жазсын, қандай шы­ғар­маны талдасын адал бейілде отырып, ағынан жарылып сөйлеріне көз жеткізеді. Адал сын – ақаусыз адал жүректен шығады, татаусыз таза көңілден туады. Бақыт Сар­ба­ла­ұлы – осындай адал ойлы сын­шы!
Бақыт Сарбалаұлы – талдап отыр­ған шығармасынан айнал­шықтап шыға алмай қалатын тар өрісті сыншы емес, ол талдау өзе­гіне айналдырған шығармасын өмір құбылыстарымен салыстырып, өнер құбылыстарымен са­бақ­тастырып қарайтын кең өрісті, дүниетанымы кеңінен қалып­тас­қан кемел сыншы.
Сыншының тырнақалды кіта­бы – «Қызыл алмада» – Әбіш Ке­кіл­байұлының «Бір уыс топы­рақ» аталатын туындысын талда­ған кө­лемді мақаласы бар. Бір ғана шы­ғарма жайындағы мақала! Алай­да, Бәкең бір шығарманы ны­сана ете отырып, әлем әдебие­тін­дегі, қалса қазақ әдебиетіндегі жанр өрісі, табиғаттас туындылар тағдырын қос-қатар әңгімелейді. Нәтижесінде Әбіш Кекілбай­ұлын­дай кемел қаламгердің әде­биет есігін өлеңмен ашқаны, сол жолдағы жеңісі, жеңілісі, жанр ал­мастыруы, прозадағы табысы… бәрі-бәрін ұғынып аламыз, біліп боламыз мақаладан. Алымды-ша­лымды сыншы әлгі мақала­сында Әбіш ағаның әдемі шығар­ма­шылық келбетін жасайды. Ұмыт­пасам, Кекілбайұлындай кеме­лі­міз­ді кең талдап түсіндірген ал­­­ғашқы ақжолтай мақала!
Бір мақаласы «Ақ жаңбыр жауып тұр…» деген сөйлеммен басталады. Алматының ақ жаңбыры. Әде­би туындыны талдауға Алма­ты­ның ақ жаңбырының қатысы қан­ша деп ойлайсың әуелде. Бір оқып, екі оқып, бажайлай қарап, ойыңа орнықтырып, бойыңа сіңі­ріп қарасаң, «Алма­тының ақ жауыны…» – Тұмағаң Молдаға­лиев­тей ақ та төк сыршыл ақын­ның таби­ғатын ашатын балама болып шы­ғады. Ақындық табиғатын осылай бір айқындап алған сыншы әрі қарай Тұманбай Молдағалиев поэзиясы жайында поэтикалық талдауға дендейді. Бұл орайда ол В.Г.Белинский сыншы дәстүрін жал­ғастырушыдай көрінеді. Драматургияда бағын сынаған В.Г.Бе­линскийдің өлең жазған-жаз­баға­нын білмедім. Бірақ әдеби сын­да ақын дерлік. Әсіресе, А.С.Пушкин жайында жазған оншақты мақа­ласы өлеңше төгілген, образды об­разбен ашқан, ақын поэзиясын ақынша танып, ақынша жарыса талдап берген – поэзияға бергісіз ша­бытты дүниелер! Ал біздің Бә­кең, В.Г.Белинскийді қаншалық ұстаз тұтарын білмедік, білетініміз – поэтикалық туындыны ақынша талдайтын ақынталғамды, талдай отырып талап қоятын, биікке кө­те­ре отырып, еңісін қапысыз қа­ғып түсетін ақынтолғамды сыншы.
Ақын Тұманбай Молдағали­ұлы – бәрімізді де сыршылдығымен баураған үздік ақын. Сыршыл поэ­зиясымен баурап өмірге ұм­тыл­­дырды, өнерге құштар­лан­дыр­ды. Өз басым ҚазМУ-дың бі­рін­ші курсында оқып жүріп Тұ­­­мағаңның жаңа жарық көрген «Қош, көктем» аталатын сың­ғырлаған бірөңкей жауһар поэзиядан бас құраған жыр жинағына арналған әдеби кеште баяндама жасау үшін күн-түн ізденген сә­тімді, сыншылдау жасаған баянда­мамды сірә да ұмытпан.
Ең бастысы Тұмағаңның «Қош, көктемін» оқып әсерленіп, баян­да­ма жасаймын деп ізденіп шарқ ұруымды – әдебиеттануға талпыныс, әдеби сынға деген құлшыныс деп білемін. Кейін де Тұмағаң жайын­да мақала жаздым. Айтқалы отырғаным, өз мақала­ларымды сыншы Бақыт Сарбала­ұлының Тұманбай Молдағалиұлы шығар­машылығы жайында жазған сын-толғаныстарымен салыстыра алмаймын. Бәкең мақаласы көгісте, менің мақалам еңісте… Неге? Өзі де жастайынан өлең жазған Бақыт Сарбалаұлы мақалаларын оқысам жан рахатына батам. Өйткені, ол ма­қалаларда ақынның ақынды тануы бар. Ақынша тану бар да, сыншы райында тану бар. Бұл екеуі бір емес, әрине! Ал Бәкең Тұ­маш аға поэзиясын ақын көзбен таниды да, сыншы ретінде талдайды.
Бақыт Сарбалаұлы – принцип­тің сыншысы!
Сыншы да – жұмырбасты пен­де. Оның да дос-жары, оның да алыс-жақын туыстары болары хақ. Көп кісі ағайын көңіліне қа­рап жазады сынды. Көп кісі беделге жығыла жазады сынды! Бұл әдеби сын абыройын кетірер тексіз мі­нез! Мейлі сеніңіз, мейлі сен­беңіз, әдебиетте де «рушыл­дық» бо­лады. Әдебиетте беделді қолдан жасаушылық кездеседі. Ойлап отырсаңыз, соның бәрі пенде­шілік. Әдебиетке отызыншы жылдары келіп, жетпісінші жылдарға дейін алдына жан салмаған, тіпті Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқановтар уақытында есептесуге мәжбүр бол­ған бір академик бүгінгі әде­биетте жоқ. Уақытында сыншы бо­лып бастап, кейін келе жал­пақшешейлікке түсіп кеткен тағы бір академик ол да социалистік реализммен бірге кеткендей ізім-қайым. Социа­листік реализм сын­шылары Б.Сучков, С.Петровтармен тағ­дырлас! Қарасөзді әдемі бас­тап, әдеби сынға ауысып тәуір-тәуір портреттік эскиздер жасаған та­ғы бір академикті «ұлы» атандырып шығарып салдық. Көңіл­жық­пас еді жарықтық. Небір «графомандарды» мақтап мақала жазып жат­ты. Көңілжықпас дегенше прин­ципсіз десекші. Ол да ізім-қайым өтіп барады мынау жалған­нан.
Ал Бақыт Сарбалаұлы – прин­циптің сыншысы. Нағыз «Бас кес­­пек болса да, тіл кеспек жоқ» деп қасқайып қарап тұрар қара қыл­ды қақ жарған сыншы. Онымен сын ащылығына қарай қалам­гер қауымының әуелі суысып, соңынан принциптілігіне ден қойып, қайта туысып жататыны да содан.
Қазақтың Қадырына айналған Мырза-Әліні ащылау сынап өк­пелеткенін білетінмін. Бұдан он жыл бұрын алпыс жылдығына орай Бақыт Сарбалаұлы туған ауы­лына барамыз деп жиналдық. Көшті бастауға қайыл Қадыр аға жүр. «Ой, ол бір принциптің адамы ғой. Еңбегі бағаланбай жүр. Әйт­песе, нағыз сыншы ғой Б­а­қыт», – деп қояды бізді ортақ мін­дет­ке жұмылдырып. Әрине, бұл ал­дымен Қадыр ағаның кісілігі. Со­нан соң бастысы – Бақыт Сар­балаұлы принцип­тілігінен туындайтын жайт.
Орайында айта кетелік, әдеби сынды қабылдау да қаламгерлік мәдениетке байланысты. Орыстың Александр Макаров есімді сыншысы 1967 жылы қайтыс болды. Практикалық талдауға ден қоя­тын, шығарманы жіті талдайтын жақ­сы сыншы еді, марқұм. Сол сын­­шыны В.Астафьев, К.Си­­­мо­нов, Э.Межелайтис  қалай жоқ­та­ды дейсіз?! Қаламгердің әдеби сын­ға мәдениеті жоғары жерде әді­лет те болады, әдебиетке пайда­лы пікір де еркін айтылады. Қазақ әдебиетінде марқұм Қалжан Нұр­ма­хановқа – Жұмекен Нәжі­ме­де­нов, Бекен Әбдіразақовтың, Сағат Әшімбаевқа – Ғаббас Қабы­шев, Қабдеш Жұмаділовтің сыйластық құрметі осыған жетеқабыл болатын.
Бақыт Сарбалаұлы сыны – шын­шыл сын. Шыншыл сын – сын­шыл шығары хақ. Сыншыл сын­ның әдебиетке олжа сал­ға­ны­мен, жеке ақын-жазушыларға жа­ға бермесі бесенеден белгілі.
Бәкең ана жылы «Жақсы деген немене? Жаман деген немене?» деп В.Маяковскийше сөз саптады. Еңіс­тен салса – төске озған дегендей, қазақ әдебиетінің бірсыпыра мәселесін көтерді. Әй, осы бірқос дұрыс шығарма болар деп жүрген талай дүниеміздің тас-талқаны шықты. Сыншы жоғары талап қоя отырып, әдебиетші қауымды әлем­дік деңгейге шақырады. Әде­биетте «бүрге» жайында да роман жа­зылған. Сол «бүрге» жайлы туын­­дыға талап қойғанда «бүр­ге­нің» көзімен қарар болсақ, масқара емес пе?! Көркем шығармаға қояр та­лап әдеби-эстетикалық тұр­ғы­дан өте сауатты болуға керек. Мұн­дайда Бақыт – бағдары ай­қын. Ол – әдебиетке көркемдік, ше­берлік, өзара үйлесім тұр­ғы­сы­нан қарайды. Талдап отырған туын­дылар әдеби-эстетикалық та­лапқа сай ма, жоқ па – мәселеге осы тұрғыдан келеді. Бәкеңнің жо­ғарыда аталған мақаласы та­лай­дың шымбайына батты. Талай кі­сі шыншыл сыншыға жауыға қа­рады. Алайда, шыншыл сын кім­нің шымбайына батса да әде­биет дүниесін бір тазалап берді. Сол тұлға қаламын көркемдік деп қана қолға алатын жазушы Сайын Мұратбеков «Сын дегеніміз осындай болуы керек қой!», – деді риза көңілден, бізге үлгі ете, бізді жаңа мін­дет биігіне ұмтылдыра!
Принцип бар жерде – әдеби сын бар.
Принцип ұстанғанда ғана сын­шы шыншыл, сонда ғана ба­рын­ша батыл! Сонда ғана сын­шы­ның аузы – дуалы, сөзі – уәлі. Ба­қыт Сарбалаұлы – ұстанған прин­ципінен ауытқымайтын, ай­ны­майтын аузы дуалы сыншымыз!
Әдебиетке адалдық жайында көп айтамыз. Ұстазымыз З.Қабдол бізді «Әдебиет – ар дүниесі!» деп оқытты. Дұрыс-ақ! Алайда. Сол адалдықты өзіміз үшін ар өлшемі ретінде ұстанып жүрміз бе? Әңгіме өзіміз жайында болғанда ойланып қаламыз. Әй, қайдам. Ал Бақыт Сар­балаұлы әдебиетті ар өлшемі етіп алдына ұстанып келеді.
Кісі кім болғанда да алдымен өзіне адал болуы керек. Өзіңе адал бола алмасаң, кімге адал боласың? «Өзің диуанасың – кімге пір бо­ласыңның» кері. Бақыт – алдымен өзіне, өзім деген сөзіне адал. Бұл – шын сыншыға тән мәрттік мі­нез. Сонымен қатар, Сарбалаұлы – өзінің тұтас буынына адал қа­рай­тын сыншы.
Өзі таяуда жетпіс жасқа толды.
Жетпіске қалай келемін? – деп ойлап жатқан ол жоқ. «Смағұл Елубай 70-ке толатын еді, Нұрлан Оразалин 70 жасқа толып жатыр, Несіпбек Дәутайұлы елде тұрады ғой. 70 жасын баспасөз көрсетіп, көрнекілеп берсе жөн болар еді», «Біздің туымыз Әшірбек Көпішев болуы керек еді. Жазбай кетті-ау», – деп сабылып жүргені.
– Оу, өзіңіз ше, Бәке? – дейміз біз.
– Сыншы болмауымыз керек еді. Сыншы болған соң тұтас бір буынға жауаптымын, – дейді ол. – Мен, қазақ әдебиетінің осы бір қабырғалы буынына өзімді жа­уапты сезінемін. Буындас, құрдас­тарым жайында жақсы сөз айтылып жатса – сол сөзден бізге де сыбаға тиер!
Міне, азамат!
Бұл – Бақыт Сарбалаұлының тіл үшіндегі сөзі емес, діл ішіндегі ойы, азаматтық ұстанымы!
Сағат Әшімбаев, Смағұл Елубаев, Нұрлан Оразалин, Несіпбек Дәутайұлы, Көпен Әмірбек жа­йында әр кез-әр кез қалам тартса, оның негізінде осындай үлкен мақсат жатты. Және бұл – бүгін ғана қолға алып отырған мәселесі емес, әуел бастан жоспарлаған дүниесі. Атын «Менің құрдас­та­рым» атап, ішінде құндақтап жүр­ген кітабының кей тарауы сек­сенінші жылдары жазылып, оны Сағаттай замандас құрбысы кө­з­бен көріп, оқып, сүйсініп аттанған арғы дүниеге. Оған біз куә. «Мен де, міне, осы тегеурінді толқын – бе­кем буынның өкілімін. Қолыма қа­лам алғалы бері осы қатар-құр­дас­тарымның көбісі туралы арнайы жазып, толыққанды пікірлер айт­қанымды былай қойғанда, дербес көлемді – кенеулі мақалалар жаз­ған­мын. Қалай дегенмен, өз қата­рым, өз буыным – өрісім емес пе?!» – дейді оның өзі де «Өз буыным – өрісім» аталатын мақаласында.
Ортақ ойлай алатын сыншы үшін өз буыны жайында жазу – оңтайлы. Өйткені, күнбе-күн кез­десіп, ой бөлісіп, шығарма­шы­лық жоспарын ортаға салып, ойласып жататын құрдастардың адами һәм қаламгерлік қыр-сыры сыншы алақанында болары хақ. Қатар-құрбы қыз-жігіттер шы­ғармашылығы – қуана білсең – ішкі иіріміне батып баруға, кем­шілігін батыл айтуға болады. Егер «өз буыным» деп өзімсініп отырған әдеби буын тегеурінді шығып, олар­дың жазған туындылары жал­пы әдеби процеске ұласып жат­са – онда құдайдың игені. Өйт­кені, өзің бірге жүріп, біте­қай­насқан ақын-жазушылар арқылы, олардың шығармаларын талдау арқылы әдеби процеске еркін еніп кете барасың. Тек – өзің әділ, ой-пікірің – әділетті болсын!
Бақыт – өз буынына бауыр­мал­дық танытқанымен, «өзім шы­ғар тау биік болсын» деген оймен жалпақшешейлік жасаудан аулақ. Оларға ортақ талаппен қарайды. Әркез жазған мақала­лары бертінде «Нұрлан» (Ан-Арыс, 2007 ж.) се­кілді сыни очерк кіта­бына айналды. Өз буынынан артылып «Шә­ки­за­да» атап, тағы бір буынның те­геурінді өкілі жайында тебі­ренуі­нің бәсі артық жатары тағы ақиқат.
Жер басып қатар жүргені бар, суық жер қойнауына көшіп алғаны бар – бір буынның ортақ шығар­машылық портретін жасау – игі­лік­ті іс. Тек «жоғалған пышақ­тың с­аб­ы алтын», әйтпесе «өз көрпем – өзіме жақын» болып кетпесе бол­ғаны!
Бақыт Сарбалаұлы – полемист сыншы. Біреулер «полемист» сөзін «даукес» деп аударып жүр. Ме­нің­ше, дұрысы «айтыскер». Айтыс – ақиқатқа апарады. Сыншы айтыс­кер болса жарасады. Өйткені, сын­шы белгілі бір әдеби-эсте­ти­калық дүниетаным пер­зенті. Өзің ұстанған принципті өзгеден ізде­генде – өз көзқарасың­ды өзің қор­ғай алмасаң кім болға­ның?! Сын­шы полемистігі осы арадан туындайды.
Ол – алдымен бетке алған мә­се­лесін батыл жазып, байыпты тал­дайды. Талдауы толы – пікір­сайыс дерліктей. Қолдай­тынын – қолдайды, қолдамай­тынын батыл сынап отырады.
Жақында жарық көрген қос том­дығында «Жақсы деген немене? Жаман деген немене?», «Жаңа деген немене? Ескі деген немене?», «Сын бар да, сынсымақ бар…» аталатын өзара табиғаттас, ащы ақи­қатқа құрылған үш толғам сыни дү­ние бар. Бастан-аяқ полеми­ка­лық сын толғамдар. Өзі аттас Ба­қыт Кәрібаева, Батырхан Дә­рім­беттен тартып объектіге қарай пі­кір айтқан сыншылармен өзара сы­насады. Барын – бар деп, жоғын – жоқ деп ашық айтады. Жанғара, Бекен, Құлбек те сыналған сыншылар арасында. Ал ой түзігі, пі­кір озықтығы, сол кездің көзімен қа­рағанда уыздай жас сыншы Тұр­сынжан Шапайға тиесілі! Оқып отырып, жарадың Бәке! дей­міз.
Тәжікелесуге сыншылық кә­сіп, кісілік мінез жібермейді…
Екі томдық аталып қалды. Ра­сында Бақыт Сарбалаұлы сан қуып, көп жазған сыншыдан емес. Алдымыз алпыс кітап бергенде оның сын еңбектері «Қызыл алма», «Ақи­қат алдында», «Өткірдің жүзі», «Бейім­бет Майлин», «Ілияс Жан­сү­гіров», «Нұрлан», «Шәки­зада» дегендей санаулы кітап! «Сөзс­тан­ның» бес кітабын, «Уақыт және қа­ламгердің» екі кітабын құрас­тыр­ғаны бар. Жазушылар одағы жа­нынан «Сын» аталатын журнал шы­ғарып, тұманданып тұрған әде­би процесті тұманнан сейілтіп бақты. Әдебиеттің өзге жанрлары секілді әдеби сын да санмен емес, сапамен өлшенеді. Сапа – стиль сұлулығы, пікір салмағына байла­нысты. Оншақты ғана сыни кітап. Көп дей алмаймыз. Осы аз ғана еңбектің ішінде шабыт шіркін бой бермей ала қашатын ұзақ шолулар, романти­калық шалқуларды азайтып, нақты әдеби процесті тал­дауға ден қойған, байсалды ең­бек – «Өткірдің жүзі» сын кі­та­бы! Шын мәнінде Бақыт Сар­ба­лаұлының ғана емес, қазақ әдеби сынының табысы дерлік салиқалы еңбек!
Кезінде осы еңбек Халық­ара­лық «Алаш» әдеби сыйлығына ұсы­нылды. Қанаттастары – біздер бірауыздан қолдадық. Академик­тікке сан рет ұсынылып, сан рет құ­лаған бір ағамыздың қайта ба­сыл­ған кітабы да ұсынылыпты. Ал­дына жан түсіп көрмеген бе, әлде беделге сүйеніп кеткен астам жан ба, қатар түскені үшін Ба­қыт­ты да, басқамызды да көреал­мау­ға, күстәналауға айналды. «Сұп-сұр болып, ана Сарбалаев!», – деп сөйлейді.
1932-ні, 1937-ні, 1941-45, 1956-шы жылды көрген ағамыз алды ақы­ры сыйлықты. «Өткірдің жүзі» сыйлықсыз қалды. Әділетсіз алған сыйлықтан гөрі «Өткірдің жүзі» кітабына әлеумет айтқан әділетті пікір артық. Полемист-сыншыға сыйлық қайдан бұйырсын? Орыс­та Лев Анинский де әлі күнге сый­лықсыз жүр!
Тәуелсіздік алғанға дейін Ба­қыт Сарбалаұлы әдеби процес­ке дендеп барып, батыл пікір айтып, талдап, таразылай сын жазған ақ мыл­тық сыншымыз.
Тәуелсіздік таңы сібірлеп ат­қан алғашқы күндерден әдеби сын­ды доғара тұрып, әлеумет өмі­рі­нің жоқшысына айналды. Шерхан Мұртазадай батыр редактор тәлімін «Қазақ әдебиеті» газетінде жүріп ала білген ол ұзамай «Ана ті­лі» апталығына Бас редактордың орынбасары болып барды. Жа­рылқап Бейсембаевпен бірге «Ана тілі» апталығын ұлт баспасөзіне айналдырып қалып­тастырды. Аз уақытта «Ана тілі» халық көкейін­дегі талай қыжылды айта білді. Асылы, ана тіліне қатыссыз мәселе жоқ. Ана тілі жырын жырлаған бо­лып отырып, ғасырлап бодан­дық қамытын киген қазақ елінің кеткен талай есесін түгендесті аза­маттар. Өткен (ХХ ғ.) ғасыр соңын­да «Ана тілі» апталығының тара­лымы да барынша шарықтады. Бақыт Сарбалаұлы әдеби сыннан әлеуметтік публицистикаға ойыса қимылдады. Шын сыншы шынайы публицист те бола алады екен. «Ана тілі» апталығының сол бір жылдардағы тарих, этногенез, шежіре, тіл тарихы, түріктану арнасында мәселе көтеріп, жазған кемел мақалалары – қазақ пуб­лицистикасының қайталанбас ға­жап беттері деп ойлаймын.
Бақыт Сарбалаұлы – халық­ара­лық «Қазақ Елі» газетін ашуын­да ұлтымның ғасырлар бойы кеткен есесін түгендесем, тарих шашып жіберген аз ғана қазақты рухани біріктірсем деген арман болатын. Арманына орай ол міндетті «Қазақ Елі» бірсыпыра жыл абыройлы атқарды да. Бірақ өтпелі кезеңдегі қымбатшылық, баспасөз туралы тараң заң, шет елдермен алыс-беріс тасымалдың ақшаға келіп тірелуі халықаралық апталықтың адымын аштырмады. Әйтпесе, Бас редактор халық­ара­лық газетті кириллицамен бірге, ла­тын, араб қаріптерімен де шы­ғарып, ішті-сыртты таратып көр­ді-ақ. Белшеден бейнет кешті. Қол­дай қоярлық ешкім көрін­бе­ді.
Баспасөзбен жұмыс – Бақыт Сарбалаұлы жазар әдеби сынды да, әлеуметтік публицистиканы да тежеді. Қайран уақыт, сөйтіп бас­пасөзге жұмсалды. Мақсаты үлкен, қарқыны қатты баспасөз Бақыт Сарбалаұлының отыз жылдай ғұмырын алды. Баспасөз сын­шы қажыр-қайратын бәсіреледі. Не құрылтайшысы, не қолдаушы­сы жоқ «Қазақ Елі» – бір Бас ре­дак­тордың жансебілдігімен жарық көріп келеді. Есесіне әдемі әдеби сын жазатын жақсы уақыт баспа­сөз ісін ұйымдастыруға жұмсал­ды.
Көрші Қытай елінде дұш­па­ны­на айтар қарғыстың бірі – «өт­пелі кезеңде өмір сүр!» екен. Бүгін­гі таңда жетпіске жеткендер мен сол жетпісіңізге беттегендер сондай қарғысқа «ұшырағандар!» Есе­сі кеткен елдің перзенті болған соң өз мүддеңді қоя тұрып, елдік мәселелер көтергің келеді. Сөйтіп жүріп жастық аталатын алау шақ, орда бұзар отыз жас, басалқалы қырық, елудің де өте шыққанын біл­мей қаласың. Ең болмаса елің­нің есесі түгенделсе, көңілге сол жұбаныш.
Кетіле сөйлеуде мән бар.
Жетпісі түспегірге жетелі ең­бекпен келуге тиісті едік. Өтпелі ке­­зеңде алакөңілденіп жүріп уа­қытты ысырап етіп алдық. Ба­қыт Сарбалаұлы да сөйтті. Ең бас­тысы – елдің есесі кетпесінші деп жұ­батамыз өзімізді. Енді, міне – жет­піс жас!
Өркениетке арқа сүйеп жет­пісті елемеуге тырысатындар бар. «Жетпіс – алпыстан асып түс!» деп мақамдайтындар табылады. Кім біл­сін? Білетінім – өрмек жүзі ау­ғалы қашан! Шабыт­тың ақшаңқан сәттері артта қалғаны! Енді, міне, жетпістің жаясы қашқан жұқалтаң жотасында жүздесіп отырмыз!…

Құлбек ЕРГӨБЕК.

Түркістан.

ПІКІРЛЕР1
Жан ТІЛЕУ 01.06.2017 | 03:23

Сыншы сыншыны алыстан таниды. Сарбалаевтың бейнесі жақсы ашылған. Қалқып өтсе де, қазақ әдебиетінің тұтас дәуірлері қамтыла айтылыпты. Элегияға түсіп кететін тұстары, басқа да олқы тұстары болса да, жалпы, жаман жазылмаған екен. Бірақ, оқырман жақсы білетін Құлбек Ергөбек үшін озық дүние емес.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір