ТАРИХИ САНА мен КӨРКЕМДІК САНА
12.05.2017
5715
2

Ілияс Есенберлин­нің «Көшпенділер» трилогиясы жарыққа шыққанда елдің аңсары жаппай тарихқа ауып, жазушылар тарихи тақырыпқа белсенді қалам тербей бастаған еді. Бұғауда тұрған тарихи сананы бір желпінткен бұл күй тарихи тақырыпқа қалам тартқан жазушылар санының артуына ықпал еткендей. Қазақтың шежірелік сипатының өзі оның тарихи санасының тамыры тереңде жатқанын аңғартса керек. Әйтсе де, ғылыми дәйектер келтірілген тарихи еңбек пен көркемдік шығарманың да айырмашылығы болатыны сөзсіз. Ал бүгінгі ақпараттық соғыс үдей түскен кезеңде тарихи сана мен көркемдік сананың аражігін қалай ажыратамыз? Бұл сауалға жауапты мамандардан сұрап көрген едік. 


Әнес САРАЙ,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, драматург

КӨРКЕМДІК САНА ТАРИХИ САНАҒА КІРІПТАР

Қазақтың тарихи санасы әлі ба­лаң қалпында. Өйткені осыған дейін, яғни жиырма бес жылдық егемендік алған кезеңде ғана қа­зақ­­тың ұлттық тарихи санасы қа­­лыптаса бастады. Оған дейін оны қалыптастыруды ешкім ой­ла­ған жоқ. Біздерді «Сенің та­ри­хың жоқ. Сендер революциядан кейін пайда болған халықсыңдар» деп оқытты. Ол кезде бізде ғылым докторы, академик тарихшылар жеткілікті болғанымен, соның бірде-бірі кешегі қазақ-моңғол, қа­зақ-қалмақ соғысынан әрмен қа­райғы тарихты зерттеген жоқ. Оған тек жалғыз ғана зерттеуші То­лыбаев деген кісі сегізінші ға­сыр­дағы қазақ халқының эко­но­микалық шаруашылығы төңі­ре­гінде біраз деректерді айтты. Онда да ұлт-азаттық көтеріліс ту­­ралы айтылмады. Осындай бір шек­теулер болды. Жақсы тарихшылар болмады дей алмаймын. Бірақ тереңдеп зерттеуге мүм­кіншілік бермеді. Себебі сол кез­де, мәселен, көк түріктердің та­рихы деген тақырыпты өмір бойы академияның не болмаса университеттің ғылыми жоспарына енгізе алмайтын едің. Сон­дықтан жас ғалымдар оған бар­ған жоқ. Кеңес үкіметі тұсын­да он сегізінші ғасырдан бермен қа­рай­ғыны зерттеді. Сондықтан қа­зақтың тарихында үлкен ақ­таңдақтар пайда болды. Ал жиыр­ма бес жылдық аз ғана мер­зімде көне тарихтың беті жаңа ғана ашылып жатыр.
Жылымық жылдардан кейін Ілияс Есенберлиннің «Көш­пен­ділер» көркем шығармасы келді. Оның шығуы айрықша жағдай бол­ды. Елдің көбі ондай кітап жаз­ған жоқ. Өйткені, ондай ең­бек­ті шығармайтын. Сол кездері Ілияс Есенберлин «Жазушы» бас­пасының директоры әрі Қо­наевтың институтта бірге оқыған досы болатын. Жазғанын шығара алатындай жақсы кезең келіп қал­ды. Сол жағдайды дұрыс пай­да­ланды. «Жазушы» баспасында редактор болып отырған кезімде Есенберлиннің шығармасы ме­нің қолыма түсті. Сол кезде «Сын және қайта басылым бөлімінің» меңгерушісі едім. Ілияс Есен­бер­линнің үш томдық тарихи трилогиясын қайтадан шығару маған жүк­телді. «Осыны бір айдың ішін­де редакциялап, қорытынды пі­кір жаз» деген тапсырма беріл­ді. «Жанталасты» оқып шығып, қорытынды пікір жаздым. «Мына кітап бармайды. Есенберлин Қо­быланды батырды өзгертуі ке­рек. Қобыланды батыр туралы тарихи шындық емес, аңыздық сипатта жазылған екен», – дедім. Сол қоры­тын­дымды Ілияс Есенбер­лин­нің қо­лына ұстаттым. Ол сонан кейін «Қо­быланды 3» деп өзгертіп әкел­ді.
Тарихи тақырыпқа алғашқы қы­зығушылығым өзгелердің та­рих­ты бұрмалаушылығына байланысты болды. Сол кезде шамалап қана көзім жеткен Қобыланды ме­нен Ақжолдың екеуінің ор­та­сын­да болған оқиғада Ақжолды өлтіруі, содан кейін Керей мен Жә­нібектің өкпелеп кетіп қалуы жа­зылған. Оның барлығы М.Ты­ныш­баевтың, Ә.Бөкейхановтың, Арғынның шежірелік еңбек­те­рінде бар. Сол кезде «Осында бір қателік бар. Әлі таба алмадым, бі­рақ түбінде табам» деп айтып едім. Соны таптым. Уақиға бол­ған. Бірақ айтып отырғандай, ол оқи­ға Әбілқайыр Шайбанидің тұ­сында болмаған. Орыс ханның тұ­сында, 1376 жылға дейінгі уа­қытта болған. Кино түсіретін кез­де сценарист келгенде «Сендер баяғы ізбен кетейін деп отыр­сыңдар. Себебі ол бір ұтымды із. Ұтым­ды, халықтың құлағына сің­ген ізбен кетейін деп жатыр­сың­дар. Байқаңдар, оның артында шындық емес, уақыты ша­ты­сып кеткен жер бар» деп айт­­­­қанмын. Қазіргі кезде Қобыланды ба­тыр­дың туған, өлген және әрекет ет­­кен кезеңі түгел анықталды деу­ге болады. Ол Тоқтамыстың бек­лербегі болған, ол Орыс хан­ның тұңғыш баласы Тоқтақияның беклербегі болған адам. Сонда уақиғаның өзегі дұрыс болғаны­ме­нен, уақыты теріс болып шық­ты.
Мұнан шығатын қорытынды – көркемдік сана тарихи санаға кі­ріптар болуы керек. Тарихи са­наны көркем қайталау ғана болу­ға тиіс. Өз бетінше көркемдікке бе­ріліп, айдалаға кетуге де болмайды. Болған шындықты жазушы тап сол күйінде жүз пайыз қай­таламағанымен, негізгі кейіп­керлерді өзгертпей бетке тұта оты­рып, заманның ағымын су­рет­тесе көркемдік шешім дайын бо­лады. Бір тарихи уақиғаны екін­ші, үшінші жерге салып жі­беріп, барлығын шатыстырып жүр­гендер көп. Ол дұрыс шешім емес. Тарихқа қиянат. Көркемдік ше­шімді құптай отырып, оның түп­нұсқасына қиянат келтірмей жа­с­ау керек.

Арман ЖҰМАДІЛ, т.ғ.к., Халық­аралық Білім беру Корпорациясы Жалпы Гума­нитарлық дайындық факу­льтетінің деканы

ҚИЯЛДАП КЕТКЕН ТАРИХШЫ ҚАУІПТІ

Қазақ халқының ұлт боп ұйып отыруы – тіліне, тарихи жа­ды мен ұлттық рухына бай­ла­ныс­ты. Бұлар ошақтың үш ая­ғын­дай ұлттығымызға тіреу болып тұр. Біреуін алып тастасаң қал­ғаны өзінен-өзі құлайды. Сон­дықтан да биыл 12 сәуірде Ел­басымыздың «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты бағ­дарламалық мақалада ұлттық біре­гейлікті сақтап, қоғамдық са­наны жаңғыртуда тарих пен рух­тың қаншалықты маңызды еке­нін ерекше атап өтті. Әсіресе, бұл жаңғыру ұлттық-мәдени та­мырларға негізделуі қажет деген баса айтылды.
Қазақ халқының тарихи са­на­сы туралы айтатын болсақ – ол қа­зақ болмысының ажырамас бө­лігі іспетті. Өйткені, ол ха­лық­тың бірегейлігін сақтаудың бір­ден-бір шарты. Ол – Елбасы атап айт­қан ұлттық код немесе ұлттық кілт­тің негізі! Кеңес өкіметі ұл­т­т­ық тарихымыз бен санамызды өшіруге қанша тырысса да халық оны жадында сақтап қалды. Осы­ған байланысты мына бір қы­зыққа қараңызшы: жаңа ғана тәуел­сіздік алған Қазақстан Рес­публикасы үшін 1992-1998 жылдар дағдарыстан шығудың жолын іздеп, нарықтық қатынастарға өте бастаған ауыр кезеңнің бірі болды. Коммунистік идеологиядан арылған халық сол кезде не іс­теді дейсіз ғой?! Бұрынғы ата-ба­балары мен батырларына, та­ри­хи тұлғаларға атап-атап той өт­кізді… ТОЙ! Колхоз-совхоз­дар­дың тоз-тозы шығып, кей жер­де төл теңгемізді жылдап көр­мей отырса да халық өз тарихи жадын жаңғыртуға барын салды. Міне, бұл ұлттық кілттің бірі – та­ри­хи сананың іске қосылуының бір ғана көрінісі.
Жалпы, ұлттық код деп нені ай­тамыз? Менің ойымша, ұлттық код (кілт) – белгілі бір халықтың бойына ғана тән болатын дү­ние­танымдық құндылықтар кешені. Қаз­ақ халқы үшін олар келесідей: шежіре мен тарихи жады ретінде «Жеті ата» ұғымы; «Тіл» – онсыз ұлт­тық бірегейлік пен рухани мұ­ра жалғасын таппайды; «Ел мен Жер» ұғымы – оларсыз Елба­сы айтқандай, Отан деген түсінік қалыптаспайды; «Ар мен Намыс» – қазақтың барлық іс-әрекетінің мәні осы екеуінде (мотивация). «Ма­лым – жанымның садақасы, жа­ным – арымның садақасы!» деген нақыл қазақ құндылықтар жүйе­сінде бірінші орынға не қой­ғанын анықтаса керек.
Халық өз тарихын жадынан еш­қашан шығармайтыны сөзсіз. Керісінше, ұлттық тарихымыз­дың тамырына балта шапқысы келетіндер бар. Олай дейтінім, 1990 жылдардың аяғынан қоғам­да жоғары оқу орындарында «Қазақстан тарихын оқыту қажет пе? Ол мектепте оқылды, жетпей ме?» деген мәселе айтыла бастады. Оны өздерін қисынмен ой­ла­на­тынын мақтаныш ететін жа­ратылыстану мен техника ма­ман­дақтарының өкілдері көтерді. Со­лардың Отан тарихын оқыту ұлт үшін қаншалықты қажет еке­ніне сол қисындарының қалайша жет­пей қалғанына таңым бар! Ке­рек десеңіз, солардың бірінің ау­зынан «кому нужен какой-то хан?» дегенді де естідік… Осындай іс-әрекеттің салдарынан
ҚР БжҒМ 2016-2017 оқу жылынан бас­тап «Қазақстан тарихы» жо­ғары оқу орындарында ХХ ға­сыр­дың басынан басталатын «Қазақстанның қазіргі заманғы та­рихы» деп қысқартылған бағ­дар­лама бойынша оқытылуы тура­лы шешім шығарып, оны Пар­ламент Мәжілісінде тал­қы­лап бекітті. Сонда тек «Ақ жол» ҚДП фракциясы ғана Қазақстан тарихын қысқартуға қарсылық біл­дірген болатын. Нәтижеде бү­гін Қазақстан тарихы «ВКП(б) та­­ри­хының қысқаша курсының» ке­бін киіп отыр. Сондықтан да Ел­басы қоғамдық сананы жаң­ғырту жөнінде қойып отырған тап­с­ырмасын Қазақстан тарихын оқы­туды қайта қалпына келтіруден бастау қажет.
Қазақ халқының тарихи са­на­сы мен жадын сақтап қалуда жазу­шылардың атқарған ролі ерек­ше. Халық тарихи тақы­рып­та­ғы көркем шығармаға әбден су­­сындап қалған болатын. Өйт­кені, қылышынан әлі қан тамып тұр­ған тоталитарлық кеңестік жүйе кезінде қазақстандық та­рих­шылар тарихты нұсқаумен жаз­ды. Тарих тұңғиығына еркін бой­лай алмады. Оларға қара­ған­да, қайта жазушылар қазақ та­ри­хының мәселелеріне батыл түрде қа­лам сермей бастады.
Ал тарихи оқиғаларға қатыс­ты көркемдік сана мен тарихи са­наға келетін болсақ, бұл екеуі бір тарихи жадының қос қанаты сияқ­ты. Бірақ екеуінің де алға қой­ған мақсатының ұқсастығы мен айырмашылығы тағы бар. Аға буын жазушылардың тарихи тақырыпта кітап жазар алдында бірнеше жыл бойы архив  ақта­рып, деректер мен фольклорды сүзіп шы­ғып материал жина­ға­нын біз жақ­сы білеміз. І.Есенберлин, Қ.Жұмаділов, М.Мағауин­нің 1970-80-90 жылдары, тіпті бүгінгі күн­гі тарихи тақырыптағы шы­ғармаларын алып көрсеңізші – бәрі де ұлт тарихы мен ұлт тағды­ры­на арналған. Қазақ хандығы дәуірі, қазақ-жоңғар соғысы, Ре­сей мен Қытай арасындағы шека­ра мәселесі, Абылай мен Қабан­бай заманы… Бұл шығармалар қа­зақ халқының көркемдік санасымен қатар, тарихи санасын да қалыптастырды әрі тарихи жадын жаңғыртты!
Әрине, жазушы қолдағы дерекке сүйеніп жазады. Ал тарих­та­ғы «ақтаңдақ» мәселелерді «со­лай болу керек-ау» деп қисын­ға негіздейді. Рас, шығармада жазу­шының өз ойы да, қиялы да болуы әбден заңды. Өйткені, ол көр­кем шығарма. Оның жанры бөлек.
Қиялға берілген жазушыдан қиял­дап кеткен тарихшы қауіпті. Тарихшы тек дерекке сүйенуі тиіс. Өйткені, тарих тек ғылым емес, ол – саясат! Осыдан бірнеше жыл бұрын ІІ Дүниежүзілік со­ғыс кезіндегі оқиғаларға Жапон оқу­лықтарында қате баға беріл­ге­ні үшін Қытай тарапы үлкен на­разылық білдіріп, екі ел ара­сын­дағы жағдай ушыққан жоқ па еді?!
Сондықтан да тарихи сана та­рих ғылымында бүтіндей бір ұлт­тық тарих кезеңдеріне, оқи­ға­лар мен мәселелеріне қатысты ұстанымдар мен көзқарастың ор­нығуымен байланысты. Әрине, ол ұстанымдар да уақыт өте жаңа деректердің айналымға қосы­луы­на байланысты өзгеруі де заң­ды­лық.
Тарихқа деген қызығушылық еш­қашан азаймайды. Бұл – заң­дылық!
Біріншіден, қаншама ғасыр өт­се де, Қазақстан тарихының оқу бағдарламасын қалай қыс­қарт­са да, бәрібір қоғамның әр аза­маты, еркінен тыс, сол өткен та­рихпен тығыз байланысты еке­нін сезінеді. Сондықтан да тарих – бәріне қатысты. Ал қазақ та­ри­хына қатысты мәселелердің қызу талқылануының басты се­бебі – тарихқа ескі кеңестік, ев­ропацентристік көзқарастардан арыла бастап, ұлттық мүдде тұр­ғысында жаңа ұстанымдардың қа­лыптасуы болып табылады. «Әр кәллада бір қиял» демекші, қан­ша адам болса соншама пікір де бар деген сөз. Сондықтан да Отан­дық тарих ғылымының ал­дын­да тез арада Қазақстан тарихы мәселелеріне қатысты ұста­на­тын ғылыми-теориялық кон­це­пция мен әдістемелік негіз жасап шы­ғару міндеті тұр. Олай болмаған жағ­дайда тарихымыз «аңыз» дең­гейінде қала бермек.
Қоғамдық ғылымда қалып­тас­қан көзқарастар мен ұста­ным­дарды өзгерту өте қиын. Жаңа де­ректер мен жәдігерлер табылса да ескі қағидалар өзгермей тұрып алатыны бар. Екі ғасыр бойы біздің тарихымызды қазақтың салт-дәстүрін, дүниетанымы тұр­мақ, тілін білмейтіндер жасап кел­ді… Сондықтан да әлемде та­ри­хы бітіспес дауға айналған бір ел болса – біз шығармыз. Өйткені, отар елдің тарихын отарлаушылар жазып кетеді. Жазғанда қа­лай жазды дейсіз ғой?! Жастар өз ұлтының тарихынан безіп кеткісі келетіндей жазды…
Ал басқа біршама мәдениеті озық шетелде олай емес. Олардың та­рихы баяғыда жазылып, өз баға­сын алып болған. Шетелде та­рихпен тек кәсіпқойлар мен қы­зығушылық танытқандар ғана ай­налысады.

Дәрмен СМАЙЫЛ,
Ұлттық журналистік зерттеу орталығының жетекшісі

ТАМЫРСЫЗ ТАСТА ДА ТАРИХ БАР

Тарихи сана дегеніміз – ұлт­тың түрлі прессингтерге қарсы тұ­рар иммунитеті, әлеуметтік жа­ды және ұлт коды сақталған «мат­рица». Ол – ұлттық сана мен мем­лекеттік сананың негізі. Өкі­нішке орай, бізде ұлттық сана мен мемлекеттік сана «синоним» болмай тұр. Сондықтан тарихи са­наның дамуы әжептәуір ке­дер­гіге ұшырап тұрған жайы бар. Түптің түбінде біз мем­ле­кет­шіл са­наның басына шығатынымыз сөзсіз.
Ұлттың кодын ділі мен тари­хы­нан іздеп, көнергенін дамытып, керектісін заманауи­ илан­дыр­ғанымыз абзал. Өйткені, Ұлы Да­ла елі – әлемдік деңгейдегі адам­зат игіліктерінің айналып өт­пеген жері. Ол ұлттың табиға­ты­на сәйкес қалыптасып, дамып отырған.
Тамырсыз болғанмен таста да та­рих бар. Сондықтан өз дүние­та­нымы мен тарихын, бабалардан қалған өсиеті мен мәдениетін халықтың өз өресіне байланысты пайымдап, ұғынуы қашаннан бол­ған, бола да береді. Ақпарат ар­қылы жүзеге асатын осы жүйе түр­лі дүмпулерге жетелейді. Әр­кім оны әр деңгейде, рулық және аза­маттық сана қалыбында қа­был­дап жатады. Бұл тарихи сана­ға апарып, ертеңгі күні ұлттық са­на биігіне шығарары анық.
Жасыратыны жоқ, дәл қазір біз адасып қалған тарихи санамызды қандай жолмен болса да із­деу үстіндеміз. Өліара уақы­тын­дағы жандалбасамыз емес, жа­найқайымыз. «Айғайымыздан ойбайымыз жақсы» деп отырған жоқпыз. Ұлтқа қарсы айтылған пі­кірге, жасалған қастандықтарға тік тұрамыз. «Көштің қисық­ты­ғынан емес, қисық бастап бара жат­қанынан» сақтанатын күндер де туады. Осының нәтижесінде дұ­рысын табармыз.
Қазақтың тарихы – әлеуметті тәрбиелеудің үлгісіне енді-енді айналып келеді. Ұлттық үлгіге мойы­нсұнған кезімізде, тарихи сана ұлттың ұйысатын тұсы бол­ған уақытта дамудың тағы бір бе­лесін бағындыратынымыз хақ. Се­бебі, тәуелсіздіктің таңы тарихи жаңа деректерді жаңарған идея­мен қарауға мүмкіндік бе­ріп, тарихи санаға қатысты кез кел­ген сала ізденуде қарбаласып жа­тыр. Мәселе, оны халыққа мем­лекеттік дәрежедегі келісіп пі­шілген ортақ ұстынмен оқыту­да да жатыр.
Отанды сүю, патриоттық с­е­зім­ді арттырудың бір ұштығы та­рихи санада жатыр. Ал тарихи са­наның кемелденіп, санаға мық­тап орнығуы образдану, яғ­ни көркемдік сана арқылы жүзеге асады. Ол әдебиет пен өнер (кино) секілді, т.б. рухани құндылық­тар­дың нәтижесінде қоғамдық сана­ны тәрбиелеуші, ағартушы роліне қарай ойысады.
Көркемдік сана – эстетикалық ойлауды дамытатын, тілдің бай­лы­ғын арттыратын құбылыс. Бі­рақ оның образ жасауда, көр­кемдік әдіс-тәсілдерді пайдалануда шындықтан алшақ кетпегені дұрыс. Мейлі, көркемдік сана аңыз бен мифке құрылса да. Өйт­кені, қазақ халқында «Аңыз түбі – ақиқат» деген бар. Дегенмен, бұл қаламгерлер тарихи тақырып­қа жоламау керек дегенді білдір­ме­се керек. Теоретиктердің қасаң хронологиялық деректері көркем әдеби тіл арқылы бәріне түсінікті әрі нық жететін сәттер көп.
«Шымшық сойса да қасапшы сой­сын» деген бұл жерде жүр­мей­ді. Себебі, тарихшы мен қалам­гер­дің міндеттері өзіндік жолдар­мен ақиқатқа қызмет ету, қоғам мү­шелерін ақпараттандыру, сол ар­қылы сабақ алдырып, ағартуға жа­тады. Әдебиет тарихи шын­дық­қа құрылғанда ғана дітте­ге­ніне жетеді. Негізінде, екеуі де ұлт­тық санадан нәр алған мем­ле­кетшіл санаға қызмет етуі тиіс. Мә­селен, «Көшпенділер» трилогиясы туралы көп айтылды, оның жазылуында І.Есен­бер­лин­нің қалай ізденгенін білеміз. Тіпті 40-қа жуық тарихи еңбектің сараланғаны анықталды. Бұл – ардың ісіне нағыз адалдықты танытады.
Өкінішке орай, мұндай көр­кемдік сана ұлттық киноға келгенде тоқырап тұр. Ораз құлды дала философы деңгейіне көтеру, тағдырлары сәйкеспейтін тұл­ғаларды бір мерзімге топтастыру мүмкін емес нәрсе. Ал кейбір та­рихи тұлғаларды басты кейіп­кер­дің жанында пәс ету, көрсетпеу де қынжылтарлық. Ұлы перзент­те­ріміздің басқа қырларын ашамыз  деп, ел үйренген табиғат­та­рын пер­денің арғы бетіне шығару да қи­сынсыз. Меніңше, көркемдік са­на – ақиқатты түйсіндіріп, шын­­дыққа сарашы бола білуі ке­рек.
БАҚ пен әлеуметтік желідегі та­рих жөніндегі пікір қайшы­лы­ғына қарап, тарихи сана күл­д­і­ба­дам екен деуге болмайды. Тарих ғы­лымы – жаратылыстану ғы­лы­мы сияқты нақты ғылымға жат­пайды. Сондықтан да оның төңі­регінде айтыс-тартыстың көп туындайтыны. Бірақ ол ойдан шығарылады дегенді мең­зе­мейді. Түрлі болжамдар, гипотезалар ой бөлісудің көрігін қыз­­дырады.
Қазір интернетті ашып қал­саңыз, Шыңғыс хан, Алаш зия­лы­лары, Ұлы Жеңіс, т.б. тақы­рып­тар туралы бір-бірлерімен жөн-жосықсыз қайшыласып жат­­қан азаматтарды көп бай­қайсыз. Пікірталас мәде­ние­тін білмейтіндерді де көп көресіз. Де­мек, біз тарихты оңай қылып отырған жоқпыз, пікір айтуды оңай қылған жайымыз бар.
Алуан пікірдің ортасынан керегі бол­са, сіңіріңіз, керек емесін сы­лып тастаңыз, өз еркіңізде. Әлеу­мет­тік желінің «қызуы көтеріл­ме­сін» десек, шынайы сарап­та­малық тал­дау көп ұйымдастырылсын. Бас­тысы – осы таным ұлттық тұр­ғыда, оның ішінде қазақы мүд­де тұрғысынан жасалуы керек.

Эльмира ТЕЛЕУОВА,
т.ғ.к., әл-Фараби атындағы  Қазақ Ұлттық университетінің профессор м.а.

ТАРИХИ САНА – ҚОРҒАНУШЫ ФАКТОР

Тарихты зерттеу – тарихи са­наны қалыптастырады. Тарихи са­на бұл – қоғамдық сананың маңыз­ды бөлігі. Ғылымда тарихи сана ретінде, өткеніне қатысты қо­ғамының ортақ түсінігін қа­был­дайды. Ұлт немесе әлеуметтік орта өзінің өткен тарихына қа­тысты танымдық білім жинақтап, оның жалпыадамзат тарихымен ортақтығын және ерекшелігін түсінеді. Тарихи сана қоғамдық сананың саяси, құқық, мораль, ді­ни, ғылым, өнер, тіптен мате­риал­дық жағын қамтиды.
Тарихи сананың қалыптасуы та­рихи жадыға тікелей тәуелді. Адам­ның өмірлік тәжірибесі, оның тарихи үдеріске қатысты ба­ға беруі көпшілікке тиесілі та­рихи сананы қалыптастырады. Ол, әрине, көп жағдайда эмоция мен адамның оқиғаны қабыл­дауы­нан тұрады. Осыған қатысты мысал келтіруге болады. Екінші дү­нежүзілік соғыс немесе кеңес­тік тарихнамадағы Ұлы Отан со­­ғысына қатысқан жауынгер ау­­қымды түрде соғыс тарихын ай­тып, баға бере алмайды. Оны кә­сіби тарихшы фактілер мен оқи­ғалар жиынтығын талдай оты­рып, баға береді. Бірақ соғ­ыс­қа қатысқан қарапайым жауын­гердің тарихи санасы «Біз жеңдік» идясымен сипатталады.
Тарихи сананы қалып­тас­ты­ратын келесі саты – бұл әдеби шы­ғар­малар, визуалды қабыл­дау­лар (театр, кино, өнер туындылары, ес­керткіштер, т.б.). Мұн­да тарихи са­на хронология­лық, фактілік түрде жүйеленбесе де, адамның эмо­циялық қабыл­дауынан, оның өмірінде өшпес із қалдыратыны сөзсіз. Жазушы­ның сөз шебер­лі­гімен қатар оның туындысының та­рихи сенімділігі мен шыншыл­ды­ғына қатысты жауапкершілік жүк­теледі. Қазақ қоғамындағы өзге­рістер мен тарихи оқиғалар әде­би ағымды қалыптастырып отыр­ды. Қоғам­дағы саяси-әлеу­меттік жағдайға қатысты әдеби туындыларда кейіпкерлердің бейнесі сомдалды. Қазақ ханды­ғы­ның тұсында жыраулар шыға­рмасында билік­тегі хан мен сұл­тандардың, батыр-билер бейнесі орта­лық­тағы тақырып болды. Кеңестік дәуірді революция, тап тартысы мен Азамат соғысының тақырып­тары, социалистік ең­бектің жеңіс­тері жеке кейіпкерлер ар­қылы қоғамдық санаға ықпал жасап отырды.
Кеңестік дәуірдегі ұлт-азат­тық күрес тақырыбы тарихта да, әдебиетте де жазылуын тоқтат­пады. Тарихшылар тарапынан зерттелген тарихи тұлға Кенесеры Қа­сы­мов­тың тағдыры көп­теген әдеби шы­ғармалардың жазылуына түрт­кі болды. Тарихи тұрғыда Ер­мұхан Бекмаханов 1947 жылы «XIX ғасырдың 20-40 жылдарын­дағы Қазақстан» атты монографиясында Кенесары Қасымовтың кө­терілісіне қазақ мемлекет­тілі­гін қайта жаңғыр­туға бағытталған күрес ретінде баға береді. Моно­г­рафиядағы басты тұжырым оның бірінші тарауында, мұнда қазақ қоға­мының күрделі қатынасқа не­гізделген, өзіне тән саяси-құ­қық­тық құрылымы бар, меншік түрі­нің түрлі сипаты болуын ай­шық­тай келіп, кеңестік тарих­нама­дағы таптық тұрғыдағы мем­лекеттілік ұстанымына қарсы пі­кір келтіреді. Ермұхан Бекмаха­нов мұнда тарихи жырлар мен жы­раулардың шығармасын дерек ре­тінде ұсынады. Тарихшылар та­ра­пынан жасалған осындай сер­піліс әдебиетке де өз ықпалын ти­гізді.
Ермұхан Бекмахановпен бір жылда дүниеге келген Ӏлияс Есен­берлиннің «Көшпенділер» та­рихи трилогиясы қоғамның қыс­пақта жатқан тарихи сана­сының қайта жаңғыруына түрткі болды. XV-XIX ғасыр аралығын­да­ғы тарихи тұлғалар бұл шы­ғар­маның басты кейіпкерлеріне ай­налды. Олардың бейнесі арқы­лы қазақ халқының тарихи жадын қайта оятып, қазақ халқына ортақ құндылықтарға негізделген тарихи санасын туындатты.
Тарихи сананы жүйелі түрде қалыптастыратын тарихи білім. Та­рихи білім мектеп қабырға­сы­нан, ЖОО-да Отан тарихы бойын­ша өтетін пәннің маз­мұнына тікелей байланысты. Тарихи сананың қалыптасуын­дағы тағы бір саты – тұжырымдық деңгейдегі өткенге қайта қарау, тарихи дамудың тенденцияларын анықтау арқылы жүзеге аса­ды. Жинақталған тарихи білімнің ғылыми тұрғыдағы парадигмалар бойынша түсіндіріліп, тарихи категориялар бойынша ойлау­ға, қабылдауға мүмкіндік береді. Қо­ғамның дамуы мен оның те­желуін, тарихи оқиғаларға шынайы баға беру, тарихи кез­ең­дер­дің бай­ланыс­тылығымен, ерек­­­шелігін анықтау тарих ғы­лы­мының еншісінде.
Қазіргі қоғамдағы тарихи сананың қалыптасуына тікелей ықпал етіп отырған осы төрт са­ты­ның да маңызын дұрыс түсіну қа­жет. Себебі олардың әрқайсы­сы­ның өзіндік функциясы бар. Та­рихи сана қоғамның ортақ тағ­дыры мен рухани құнд­ы­лық­тарының бірлігін көрсетеді. Та­ри­хи сана – бұл қорғанушы фактор. Себебі, әр халық тарихи кезеңдерде өзін ұлт ретінде сақ­тап қалу жолында – ұлттық-та­рихи санаға тәуелділігін түсіне білді. Бүгінде  де солай, жаһан­дану үде­рісінде әр ел, ұлт өзінің құ­н­дылықтары жойылып кетпеуі үшін тарихқа жүгінеді. Өткен тарихтың бейнесінде қоғамдық нормалар мен сол халыққа тән қасиеттер: рухани құнды­лық­тары, ойлау мен қабылдау түсі­ні­гі, мінез-құ­лық, дәстүр мен әдет жолдары қа­лыптасады. Осындай бірік­тіретін қасиеттері жоғал­ған­да ұлт – «тұрғындарға» айналады. Та­ри­хи сана халықтың тарихи жа­дысын сақтай отырып бүгінге және болашаққа нақты бағыт бе­реді.
Қазіргі таңда тарихи сананың бұрмалануы айқын көрініс табуда. Тіптен бұл жағдайды көрші жатқан елдерден де байқауға бо­лады. Тарихи сананың парадоксті болуы, тарихта плюрализмдік ин­терпретацияның кең тара­луын айқын көріп отырмыз. Би­лік­тің тарихты өз саясатында қол­дануға ұмтылуы, тарихқа
ко­­нъюнк­туралық баға беру тарихи са­наның шынайы түрде қа­лып­тасуына тосқауыл болуда. Қо­ғам­дағы қажетті қатынастарды туын­дататын, қоғамдық бірегей­лік пен даралығына шынайы баға беретін тарихи сананы дұрыс деп қабылдау қажет. Тарихи сананы – ақыл-ой мен парасаттылыққа жү­гінген қоғамның жемісі ре­тінде қараған жөн. Бүгінде  тарихи ақпараттың  қолжетімділігі мен оның түрлілігі кез келген қо­ғам мүшесінің тарапынан өз бетінше баға беруге, талдауға мүм­кіндік береді. Әрине, оған ға­ламтор мен әлеуметтік желі­лер­дегі ақпараттар көзі де себеп болып отыр. Кейде шынайы, кей­де жеке интерпретацияға ұшы­раған тарихи мәліметтерді кез­дестіріп жатамыз. Қалай де­ген­мен, әлеуметтік желіні қол­данушылар тарапынан талқыға түсіп, пікірі болуының өзі қи­сын­ды. Тарихта шынайы ақиқат­қа қол жеткізу қиын. Бірақ кә­сіби тарихшы­лардың зерттеулері ар­қылы қоғамға тиесілі тарихи са­наның ортақ тұжырымдары ұсы­нылады. Бұл тұжырым ұлт­тық-азаматтық бірегейлікті қа­лыптастырады.

Әзірлеген Нұрлайым БАТЫР.

ПІКІРЛЕР2
Алмаз 12 13.05.2017 | 16:24

Жаксы Нурлайым

Аноним 07.10.2019 | 18:15

Алғыс!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір