Рулық сана мен ұлттық мінез
Қазақ халқының дүниетанымындағы рулық сана оны өзгелерден ерекшелеп, бөлек сипатын айқындап тұрса да, тарих парақтарын ақтарғанда рулық санамызды ең әлсіз тұсымыз ретінде пайдаланған сырт көз бармағымызды тістеткен кезең аз емес. Көрші-қолаң мен қоңсы қонған өзге ұлттар біздің бұл мінезімізге әбден қанықты. Ұлттың намысына тиер асау сөз айтыла қалса шамданып қоймай, рулық деңгейде қозғалған есер сөзге өре түрегелетін мінезіміз бізбен әлі де ілесіп келеді. Сөйте тұра, кейде әсіре ұлтшыл мінез танытып қалатын жайттар да жоқ емес. Ал мемлекетшіл сананың арагідік болса да қылаң беруі көкжиектен күлімдеген күннің тым баяу көтеріліп келе жатқан сәулесіндей шұғылалы. Қазіргі біздің қоғам өз тұрғындарының бойындағы осы мінездерді қалай түсініп, қандай баға береді? Оның бастауы мен дамып жетілуін я болмаса шау тартып қартаюын қалай байқауға болады? Біз бүгін осы тақырыпты кеңірек қозғау мақсатында саяси ғылымының кандидаты, Орталық Азия демократияны дамыту қорының бас директоры Толғанай Үмбеталиева мен ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты директоры міндетін атқарушы, философия ғылымының докторы, профессор Серік Нұрмұратовпен әңгімелестік.
– Қазір біздің қоғамда мемлекетшіл сана, ұлттық сана, рулық сана үшеуі қатар өмір сүріп жатыр. Сіздің ойыңызша, бұл үшеуінің бір-біріне ықпалы қандай?
Толғанай ҮМБЕТАЛИЕВА,
саяси ғылымның кандидаты, Орталық Азия демократияны дамыту қорының бас директоры:
– Аталған сана түрлерінің әрқайсысы қазір серпінді әрі белсенді түрде дамып жатыр. Олардың арасында қарама-қайшылық та, қақтығыс та бар. Мәселен, азаматтық сана рулық сананы ескірген, қажетсіз стереотиптерге толы деп сынға алып мойындай қоймайды. Бұған қоса ұлттық сананы да сынап, оның кері әсерін жиі көрсетуге тырысады, бірақ онысы сәтсіз. Сондықтан шартты түрде бұл көзқарастардың арасында елдегі экономикалық, саяси-әлеуметтік үрдістерге ықпал етуде бір-бірінен басым болу бәсекесі бар деп айтуға болады.
Бұл сана-сезім түрлерінің әрқайсысының қалыптасқан құндылықтары мен ұстанымдары бар, әрқайсысы әлемге өзіндік көзқараспен қарайды және ол өз кезегінде елдегі азаматтардың жүріс-тұрысы мен мінез-құлқына әсер етеді. Мәселен, рулық сана көп жағдайда қазіргі заманға сәйкес келмейтін әрі қажетсіз қазақы дәстүрлерге сүйенеді. Солай бола тұрса да оның құндылығы зор, осы орайда қазіргі кезде дәстүрлердің өте қарқынды түрде жаңғырып жатқанын ескеруіміз керек. Әрі «рулық сананың» түбегейлі өзгеруі мүмкін екендігін де жоққа шығаруға болмайды. Олай дейтінім, қазір ұлттық сана белгілі бір ұлттың ұлттық құндылықтары мен мәдениетіне бет бұра бастады. Әзірге біздің елде «ұлт-мемлекет» деген ұғым қалыптаса қойған жоқ, біз қазір ұлттық сана туралы ойланғанда белгілі бір ұлттың, атап айтқанда қазақ ұлтының мүдделері мен құндылықтарын бетке алып жүрміз. Азаматтық сана енді-енді қалыптасып келеді, әрі ол алдыңғы екеуінен жырақтау. Менің ойымша, бұлардың әрқайсысы әр түрлі қарқынмен дамып келеді, кейде жолдары түйіседі, алайда бірін-бірі мойындағысы жоқ. Сол себепті де олар бір-біріне сынай қарайды, және өзара «күресіп» жүр.
Серік НҰРМҰРАТОВ,
ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және
дінтану институты директоры міндетін атқарушы, философия ғылымының докторы, профессор:
– Қазақстан Республикасы тәуелсіздікке қол жеткізген кезеңнен бастап жаңа сипаттағы мемлекет қалыптастыру үдерісін бастады. Кеңестік социалистік қоғамның ұстанымдарын жаңа типтегі егемен Қазақстанның ұстанымына ауыстыру тұрғындарға біршама ауыртпалық туғызды. Әрине, елдің байырғы халқы – қазақ халқы өздері аңсаған ұлттық сана түкпіріндегі идеяның жүзеге аса бастағанына қуанса, басқа ұлт өкілдерінің санасы КСРО кеңістігіне, оның ұстанымдарына, құндылықтарына үйренісіп қалғандықтан жаңаша сипатта қалыптасып келе жатқан тәуелсіз елдің бағдарын бірден мойындай қоймағаны белгілі. Сондықтан ұлттық сананың жаңғыруы жолында елімізде біршама қайшылықты кезеңдер болғанын атап өту керек. Жалпы «ұлт» деген ұғымның әлемдік гуманитарлық ғылымда екі түрлі түсіндірмесі бар. Біріншісі, тарихтағы этностың біршама кемелденген шағында эволюциялық жолмен ұлтқа айналу үрдісі деп түсіндірілсе, екіншісі, ұлттың азаматтық мағынадағы түсіндірмесі. Ол негізінен белгілі бір мемлекет азаматтарының саяси-әлеуметтік топтасуы, қауымдастықтың базалық құндылықтар төңірегінде біртұтастануы деп алынады. Осы екі түсіндірменің екеуінде де ұлттың сипатталуы рулық деңгейдегі оқшауланудан жоғарырақ тұрады. Сондықтан қазіргі тарихи кезеңде тек рулық сананың мүддесіне басымдық беру «прогрессивті емес әрекет» деп танылады. Дегенмен, әрбір халықтың өз тарихы, ғасырлар бойы жинақтаған құндылықтары бар. Осы тұрғыдан алғанда Жеті атасын түгендеген қазақтың кейбір этникалық ерекшеліктерін қазіргі жаһандану заманында да ескеру қажет. Өз халқымыздың ерекшелігін ғылыми сараптау, этномәдениетімізді түгендеу тұрғысынан құны жоғары рулар туралы ақпарат ұлттық тұтастығымыз бен бірлігімізге, бірегейлігімізге сызат түсірмеуі шарт. Рушылдық ұстанымды асыра дәріптеген азаматтың қателігін айтып отыру зиялы қауымның парызы. Қазақстан Республикасының мемлекеттігін бекітуге міндетті рухани күштердің алдында осы елде тұратын азаматтардың бойына ұлты мен нәсіліне қарамай отансүйгіштік сезімді қалыптастыру міндеті тұр.
– Кеңес Одағы тұсында барынша тұмшаланған ұлттық сана одақ тараған соң осы кеңістіктегі барлық елде қайта жаңғыра бастады. Бұл үрдісті біздің ел де бастан кешіріп отыр. Ұлттық сананың жаңғыруы мемлекетшіл сананың қалыптасуына қаншалықты жол ашты?
Толғанай ҮМБЕТАЛИЕВА:
– Кеңес одағы тараған соң ондағы барлық республиканы байланыстырып отырған көпір үзілді, ендігі жерде ол республикаларға да, бізге де жаңа саяси кеңістікте арада байланыс орнататын соны дәнекер керек. Ондай дәнекер көбіне мәдениет, тіл, дәстүр. Алайда, осы аталғандардың барлығы да нақ біздің елде ұзақ уақыт «жаншылып» дамымай қалды. Ұлттық сананың құндылығы өте зор, ол азаматтық қоғам қалыптастыруға негіз бола алады. Бірақ біздің елде этноцентризм мен шовинизмнің өрістеп кетуінен қорқып, ұлттық сананың дамуына күдікпен қарау дағдысы бар. Ұлттық сананың дамуына түсіністікпен қарау азаматтық қоғамның дамуына жол ашатынын тарих өзі дәлелдеген, оның мысалын Еуропадан көруге болады.
Менің ойымша, ұлттық сананы жоққа шығару немесе оған қысым жасауға тырысу, шектеу мен күстәналау оның өзін-өзі қорғау жолындағы агрессиясын, ашу-ызасын тудыруы мүмкін, ол кезде біз бір ұлтқа немесе этникалық топқа басымдық беру проблемасымен бетпе-бет келеміз. Көптеген елдердегі зерттеу жұмыстарының қорытындысы көрсеткендей, ұлттық сананың дамуынсыз азаматтық қоғам қалыптастыру мүмкін емес. Бірегей ұлт қалыптастыру жолында негізгі діңгек бола алатын – ортақ мәдениеттің, ортақ құндылықтың, ортақ тілдің болмауы үлкен кедергі. Сол себепті ұлттық сана мен рулық санаға тым кінәмшілдікпен қарау жалғаса берсе азаматтық қоғамның дамуы да тежеле бермек.
Азаматтық сана өте нәзік дүние, ол кез келген уақытта «қирап қалуы» мүмкін. Мәселен, Еуропада бұл сұрақ көптен бері ешкімді мазаламаған, көпшілік өзін еуропалық немесе космополит санап жүр еді, алайда, Еуропаға Араб елдерінен ағылған миграция бұл сұрақтың маңыздылығын алға тартты. Бұл бізге «еуропалық» деген ұғымның діңі бос екенін және кез келген уақытта жойылып кетуі мүмкін екенін көрсетіп тұр. Қалай болғанда да дәл қазір бізге азаматтық сананы қалыптасыру ұлттық сана мен рулық санаға қатысты мәселелерді шешіп береді деп үміттенуге болмайды. Және бұл үш сананың біздің күнделікті өмірімізде бір-бірімен жолығысып, кейде бәсекелесіп, кейде озып, кейде қалып отырғаны қалыпты дүние деп санаймын.
Серік НҰРМҰРАТОВ:
– Ұлттық сананың өркендеуі тәуелсіздіктің саяси-экономикалық, мәдени тұрғыда нығаю үрдістерімен қатар жүрді. Ұлттық сананың жаңғыруы мемлекеттік сананың жаңа форматтағы құрылымының қалыптасуына мүмкіндік берді. Бұрын әлемнің дамыған өркениетті мемлекеттерімен, түркі тілдес яки мұсылман елдерімен тікелей қарым-қатынас жасау қиын болса, енді оған ешқандай кедергі жоқ. Ілкіде шетелдің жоғары оқу орындарына санаулы азаматтар ғана іліксе, енді кез келген талапты азаматтың білім алып келуге мүмкіндігі бар. Шетелде өмір сүріп жатқан қазақ диаспорасының өкілдеріне Атажұртқа қарай жол ашық. Елімізде өмір сүріп жатқан бір миллионға жуық қазақ шетелден осы тәуелсіздік жылдары оралған екен. Бұл айтылған жайлардың барлығы қоғамдағы ұлттық сананың қанатын кең жайғанының көрінісі. Қазақстан тарихи маңызы бар халықаралық шараларды өзінің этносаяси кеңістігінде өткізуге қол жеткізді. Бұл еліміздегі азаматтарды мемлекетшіл, отаншыл болуға шақыратын фактор. Әрине, ұлттық сананың еркін дамуына кедергі келтіретін жағдаяттар да аз емес. Мәселен, жаһандану үдерісінің әлемге таратып жатқан тұтынушы мәдениеті, ұлттық келбетті солғындататын нигилистік әдеттерді жастарымыздың санасына сіңіріп жатқанын жасыра алмаймыз. Бұл проблема Қазақстан ғана емес, сонымен қатар дамыған елдерге де әжептәуір рухани қауіп төндіріп отыр. Кез келген халық өзінің ұлттық мәдениетін жоғалтып алмауы керек, онсыз барлық қауымдастықтар жай ғана тұтынушылық мақсатты көздейтін тұрғындар санатына қосылады. Оған ұлттың ерекшелігін танытатын тіл де, дін де, діл де аса қажет болмай қалады. Адамзаттың болашағы үшін де, еліміздің мәдени кеңістігінде де «көптүрліліктің бірлігі» ұстанымы басымдық еткенде ғана әлеуметтік даму қарқын алады.
– Мемлекетшіл сананың бір арнаға тоғысуы жалпы алғанда ұлттық бірегейлік идеясын жүзеге асыруы мүмкін бе?
Толғанай ҮМБЕТАЛИЕВА:
– Менің ойымша, басты идея мен үздік мақсат – Қазақстанның дамуы, ал оның қалай жүзеге асатыны жөнінде идея өте көп. Мен барлығымыздың бір идеяға байланып және бір сызықтың бойымен жүргенімізге қарсымын. Оған азаматтық сананың сәйкес болуы да міндет емес. Тағы да Еуропаның мысалына жүгінсем, көптеген оқымыстылар еуропалық «Еуро одақ» жобасында «еуропалық» мүддені көздеп, ұлттық санадан бас тарту осы одақтағы бүгінгі проблемалардың тууына себеп болды деп санайды. Бұл жоба бойынша еуропалық бірлік пен еуропалық сана ұлт бірлігін (италяндық, неміс, француз) алға шығарады деген үміт болып еді. Алайда, өмір өз заңдылығын жасады. Сондықтан азаматтық сана мемлекеттің дамуына ұдайы ықпал ете алмайды. Меніңше, азаматтық сана ұлттық санамен бірігіп екеуінің ықпалы қатар жүргенде ғана мемлекеттің дамуына ықпал ете алады әрі Ұлттық сананың дамуынсыз азаматтық сана біздің елде көп нәтижеге қол жеткізе алмайды.
Серік НҰРМҰРАТОВ:
– Ұлттық бірегейліктің қалыптасуына ықпал ету кез келген мемлекеттің абыройлы міндеті. Шын мәнінде біртұтастыққа ұмтылмайтын ел алауыздыққа, топ-топ болып өзара текетіресуге бейім тұрады. Мәселен, Сирия мен Ауғанстандағы саяси-әлеуметтік жағдай осы ұлттық біртұтастықтың болмауынан туындап отыр. Дегенмен, қоғамдағы біртұтастық күшпен, алдаумен, агрессиялық, қиратушы идеялардың көмегімен жүзеге аспауы қажет. Қоғамдағы әрбір азаматтың таңдау құқығын құрметтеу өркениеттілік белгісі. Қазіргі заманда тек рухани құндылықтардың төңірегіне қауымдасу, топтасу арқылы ғана діңі берік қоғам қалыптастыруға болады. Қазақстан өзінің саяси, мәдени және ұлттық таңдауын үйлесімді даму жолына қарай өрбітуге ниетті. Осы қадамның нәтижелі болуы үшін әрбір азаматтың шынайы белсенділігі қажет-ақ.
Дайындаған Назым ДҮТБАЕВА.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.