«Әділетсіз баға» немесе көркемдік
05.05.2017
2112
0

Жұмыр жердің бетіндегі күллі игі-жақсы әрекеттің бәрі Адам үшін… Сіз ұстап отырған газет, үстел үстіндегі журнал, сөредегі кітап та адамзаттың рухани ашықпауының амалы. Десек те, бүгінгі қоғамның сөзін сөйлер мерзімді басылымдар өздерінің халықтың рухани «емшісі» екендіктерінен хабары жоқтай көрінеді. Әлқисса, негізгі айтарымыз бұл емес. Газетпен салыстырғанда журналдың жүгі ауыр һәм жауапкершілігі мол екенін іштей білгенімізбен, кейде іс жүзінде айыра алмай жатамыз. Әсіресе, әдеби журналдарды парақтай қалсаңыз, еріксіз осы ойдың есігін қағасыз. Қазіргі проза өкілдерінің бірінің: «әдеби журналдар әлі шығып жатыр ма?» дегені бар еді. Төбеден қойғандай әсер қалдырған бұл сұраққа дәл сол уақытта не деріңді білмей, дал болып қалады екенсің. Күмәнді ойдың жетегімен қолға түскен әдеби журналдардың осы жылғы шыққан нөмірлеріне шолу жасауды жөн көрдік. Журналдар әдеби міндетін қай деңгейде атқарып жүр? Кім, қалай ізденіп жатыр? Алдағы әңгімеміздің ауаны осы болмақ…

– Сәлеметсіз бе!
– Сәлеметсіз!
– Әдеби журналдарды жиі оқисыз ба?: «Жұлдызды», «Жамбылды», «Үркерді»!
– …Олар әлі шығып жатыр ма?
– …
І. «Үркер» журналы хақында

«Үркер» журналының жыл басынан бергі шыққан нөмірлерін парақтағаннан кейін 47 беттік ба­сылым­ның әдеби бағыттағы материалдарына қарағанда «Бағдар», «Біздің сұхбат», «Көз­қарас», «Жаңғырық» айдарларымен жарияланатын мақала-сұхбаттары қызық­тырды. Әдеби ахуалына келсек, бар ба­сым­дықты поэзияға салатындай. Мәселен, №2 санға Жұлдыз Бейсек пен Айдана Қайсарбек­қызының бір топ өлеңдері жарияланса, №3 санына үш бірдей ақынның (Мағиза Құнапияқызы, Сәнді Ақылаева, Гүлбақыт Қасен) өлең топтамаларын шығарған. Ал журналдың прозасы, тек әңгімемен ғана шектеліп тұр. Оның өзі бір санда бір ғана автор. Поэзиямен салыстырғанда прозаның жағдайы жұ­таңдау. Десек те, әр нөмірде тұрақты жарияланып жүрген аударма жұмыстарына ішіміз жылығандай болды.
Ендігі сөзімізді журналдың №2 нөміріне жарияланған Ержан Жаубайдың «Қардың би­ті» әңгімесі хақында өрбітсек.
Шығарманы оқымай жатып, еріксіз тақырыбына үңілесіз. «Қардың биті». Оқырманды қы­зықтырады. Ойланасың: қардың биті болушы ма еді? Автордың бұл әңгімесі Моң­ғо­лия жеріндегіқазақ салшыларының кәсібінен хабар береді.Шығарманың өн бойы құ­пия һәм белгісіз дүниелерге толы. Және бір сыдырғы баяндауға құрылған өзге әңгі­ме­лермен салыстырғанда «Қардың битінің» оқырманға берері мол. Сөз қолданысы ерек­ше. Кейінгі өскелең ұрпақ түсіне бермейтін салшыларға қатысты көп сөзбен та­ныстық. Автор әңгімені басынан аяғына дейін өз тарапынан ғана баяндайды. Қалаған кезінде Мысаны, яки оның серігін сөй­летеді. Негізгі кейіпкер жоқ. Бірді-екілі кейіпкерін есімімен ата­ғаны болмаса (Мыса, Мағауия, Шәкербай, Қазыбай) қал­ғаны «салшылар» сөзінің қатарында. Автор оқырманды әң­гі­менің шешуші сәтіне дейін тыңдатудың амалын кейіптеу ар­қылы дөп тапқандай. Шығарма барысында ақбас кемпір ту­ралы айтылады («Е, Алла, ақбас кемпірден сақтай гөр»). Оқып отырған жеріңнен тоқтай қала ойланасың: «ақбас кем­пірі» кім болды? Әлде қар жауып кетпесін дегені ме?» деп өзі­мізше болжап қоямыз. Оның өзеннің асау толқындары екенін оқи­ғаның соңын ала білгенде оқушылық болжамымыздың қа­те шыққанына іштей қынжылдық һәм авторға таңғалдық. Шы­ғарма иесі жол мотивін (су бетіндегі жол) еркін қолданып отыр. Байқасаңыз, әңгімеде айтарлықтай идея да, кеңістік те, кейіп­кер де, оқиға да жоқ. Тек, автор таңсық дүниені тақырып қылып алуымен ұтып отыр.
№2 санының алғашқы бетіндегі «Таң алдындағы жазбалар» айдарымен берілген Ұлар­бек Нұрғалымның «Керек…Керек…Керек» деген қазақ әдебиетіндегі сын туралы үзік ойын көзіміз шалып қалды. Мынадан соң «осы нөмірге сыни мақала жарық көрді ме екен?» деп дәмеленіп қалғанымыз рас. Журналды ары сапырып, бері сапырып, ақыры сыннан хабар болмаған соң, ойладық: қазір таза әдеби журналдардың өзінде сыни ма­қала жоқтың қасы, «Үркерге» не деп өкпелейміз? Мақау адамнан сөз сұрағандай… Жур­налдың біраз бөлігін сырттағы авторлар құрайды. Редакцияның өз ой-толғамын, пікірін, әде­би мақаласын ара-тұра кездестірдік, бірақ көңіл жұбанарлықтай емес. Ақын-жазу­шылардың дайын шығармаларын алып, түрлі-түсті қағазға баса бергеннің бәрін әдеби жу­рнал санатына жатқызсақ, талғамымыз қайда қалмақ? Әдебиетсүйер оқырманның әр айдағы кезекті нөмірін тағатсыздана күтердей дүниенің болмауын жаңалықтың жоқ­тығына баладық. Ал жаңалық жоқ жерде ізденістің барына сену қиын екен.

ІІ. «Жамбыл» журналының айтары бар ма?

Әулиета жерінен жарық көретін «Жамбыл» журналының қадамы нық, мақсаты айқын, тақырып аясы кең. «Өлең өлкесінде», «Елге аян», «Қазіргі қазақ прозасы», «Қанат қақты», «Әулиета әңгімелері», «Есте қалған есімдер» және «Әдеби зерде» атты айдарлармен жарияланып жүрген көркем шығармалар мен тұшымды мақа­ла­ларға қарап, журналда ізденістің бар екенін аңғардық. Мәселен, №1 нөмірдің беташар мақалалары Шерхан Мұртазаның
85 жыл­дығына арналған екен. Алмас Нүсіптің «Айша анадан туған Шерхан – Барсхан» әдеби мақаласы қаламгер ағаға деген інілік ізеттің рухани көрінісін жасағандай («Қазақ әдебиеті» газетінің 2016 жылғы №2 санында жарық көрген бұл мақала журналдың өз қазанынан қайнап шыққандай әсер береді екен). Ал Әділ Дүйсенбектің «Естелік фраг­менттерін» оқып отырып, «Қызыл жебенің» авторымен өзіміз бірге жүріп, араласқандай әсерде қалдық. Мұның кейінгі жас ұрпақтың назарына қаламгер атына тұрғызылған естелік ескерткіші болып қаларына кәміл сенгендейміз. Және аталған естелік-эссені осы санның салмақты, әрі құнды материалы деп бағалар едік.
Журналдың «Қанат қақты» айдарына көзіміз түсіп, «Жастар шығар­машылығынан кімдер бар екен?» деген сұраулы оймен бірде­ңесінші бетті іздей бастадық. Мақсат Рамазанұлының «Барсик» әңгімесі журналдың жас қаламгерлерге деген талғамының қандай екенін айқындап тұр. Айтпақшы, редакция ұжымы оқырманды келесі санда нені оқитындарын да алдын ала құлақтандырып қояды екен. Журналдың ең соңғы бетіндегі «Келесі саннан оқитындарыңыз: «Өлең өлкесінде», «Қазіргі қазақ прозасы», «Қанат қақты», «Әулиеата әңгімелері», «Есте қалған есімдер» деген хабарламаны көргенде кішігірім таңданысымызды жасыра алмадық. Әдеби журналдарға шолудың боларын алдын ала болжағандай №1 нөмірде «Елге аян» деген жаңа айдар бастап отыр екен. Аннотациясында жазылғандай аталған айдарда қаламгердің кітаптарына қысқаша шолу жасалып, оған қоса шығармасы жарияланбақ. «Елге аян» айдарының алғашқы болып тұсауын кескен – Мархабат Байғұт. Алдағы әңгімемізде жаңа айдардың жаңа шығармасына («Қажылықтың қабылдануы») қарай ойыссақ…
«Қажылықтың қабылдануы» әңгімесін салқынқанды оқырманның өзі мырс етпей оқи алмайтын шығар. Шығарманың өн бойы тұнған сарказм. Ащы шындық. Оның арғы жағына үңілсеңіз, бүгінгі қоғамның бет-бейнесін бірден танисыз. Шыны керек, ертегі оқып отырғандай болдық.Кейіпкерлердің есімі болмаған соң, яки оқиғалардың ширақ өрбуінен немесе баяндалу ерекшелігінен де болар.
«Үшеуі дос еді» деп басталар әңгіме қысқалық концепциясына құрылған. Қысқа болғанда да, тым қысқа. Автор жетекші ойы мен тақырыбын ашуда көп сөзден гөрі бір ғана сөзді құп көреді. («Жолағы қайда? Жарығы қайда?» білмеді. Сезбеді. Сезінбеді»). Әңгіменің негізгі тірегі һәм кейіпкерлері үш дос. Автор өзі атағандай «Бірінші Дос, Екінші Дос, Үшінші дос». Және жанама рольдегі Қошеметтің образын жазушы сәтті ойлап тапқан. Аталған шығарманы өлең түріндегі әңгіме десек те жарасатындай. Бұған автордың кей тұстарда сөздерді ұйқаспен қолдануы дәлел. Әңгіме оқырманның санасында, ең алдымен, адал достықтың көрінісін қалыптастырады. Одан соң, әрине, мейірімнің. Кейін қағанатшылдық қасиеттің дәмін сездіргендей. Шығармадағы диалогтарға бажайлап қарап отырсаңыз, заман келбетін көресіз. Майда тілмен айнытпай берген. Әңгіме құры­лысының күрделі еместігі, оқиғаларының шиеленіспеуі, сөздерінің түсінікті һәм қысқалығы жағынан балаларға арналған шығармалардың қатарына қосуға да болатындай-ақ. Автордың көркем туындысынан түйгеніміз: мейірімді адамның мерейі әрқашан үстем болмақ. Мейлі, оны қоғам байқамасын…

ІІІ. Қадамы құтты «Адырна»

Жоғарыда аталған журналдармен салыстырғанда, «Адырнаның» жарыққа шыққанына көп уақыт бола қойған жоқ һәм тәжірибесі де аз. Десек те, журналдың №1 санына үңілсек, әлгі айтқан сөзімізді қайтып алатындай екенбіз. Көшке жаңадан ілескен әдеби басылым болған соң ба, еңбектері мен ізденістері журналдың алғашқы парақтарынан-ақ көрініп тұр. Ауқымды, әрі қызық айдарларға құрылған журналдың мазмұнын оқып отырып, қай бетті бірінші ашарыңды білмей, дал боласың. «Проза», «Поэзия», «Эссе», «Үздік үлгі», «Тәржіме», «Сын», «Тарихи эссе» және «Кино» айдарымен түйінделетін журналдың талғамы биік секілді. Және бүгінгі қоғамда орын алып жатқан мәдени, әдеби оқиғалардың журнал материалдарында кездесуі басылым кеңістігінің ауқымды екенін байқатқандай.
«Адамның қандай екенін жанарына қарап ұғасың» деген тәмсілді әдеби журналға әкелетін болсақ, «Адырнаның» қаншалықты өз атына (әдеби журнал) сай еңбек етіп жатқанын мазмұнынан-ақ аңғардық. Не оқимын десеңіз, өз еркіңіз! Көркем шығарма мен өлеңнен өзге эссе, аударма, сыни мақала, кино… әдеби басылымға керектінің бәрі бар. Тек, журнал атына келіп түскен оқырман хаттарына бір айдар арнаса, толысқан үстіне толысар еді. Және жарияланар авторлар мен шығармаларды қайталамауға тырысу керектігін «Адырнаға» да айтамыз. Әдеби басылымдар бірін-бірі бақылап, қадағалап отырмаса, бәсекелестік қайдан пайда болсын? Ал бәсекелестік болмаған жерде жүзден жүйріктің шығарына сенімімізден күмәніміз басым. Дүбірге енді қосылып жатқан «Адырна» келешекте көп оқырманның іздеп жүріп оқитын журналына айналары бек мүмкін.

ІV. Талайдың тұсауын кескен қарт «Жұлдыз»

«Жұлдыз» журналына қарап түрлі авторлардың шығарма­лары жи­нақталған кітапты сүйсіне оқып отырғандай күй кештік. Ойы­мыз кенеттен селк етті: кітап емес, журнал екен ғой… Әдеби ба­сы­лымдардың «ақсақалы» атанып жүрген «Жұлдыз» журналына қа­тыс­ты жүрекпен сезіп, көңілге түй­ген бірді-екілі жағымды, жа­ғым­сыз пікірімізді іркіп қала ал­ма­дық.
Соңғы шыққан №3 нөмірдегі 208 беттің 184 беті проза мен поэ­зия­ға арналыпты. Ал қалған
18 бе­­тін «Өнер» айдарындағы Нәзира Байырбектің «Нұржамал» атты эс­сесі құраса, 3 беті Рафаэль Нияз­бектің «Тауқымет» романы тал­дан­ғ­ан әдеби мақалаға беріліп, соң­ғы екі жарым бетіне Әлихан Бө­кейханның аудармаларына үс­тір­тін шолу мақаласы («мақала» деу­ге де келмес) жарияланыпты. Осы­дан соң журналдың ширек ға­сыр бұрынғы нөміріне (№4, 1991 жыл) көз жүгірттік. Ондағы маз­мұн ерек, талғам бөлек: 100 беті көр­кем шығармалар һәм өлең-поэ­малармен толықты­рылса, арғы жағындағы 100 беті әдеби есте­лік­терге, очерк және публицистикаға, өнерге, сыни мақалаларға, тарихи тұл­­ғаларға, сықақ әңгімелерге жә­­не редакцияға келіп түскен хат­тарға арналған. Кез келген ойы ұш­қыр оқырман аталған сандар­да­ғы айырмашылықты һәм кем­ші­лікті бірден байқаған болар. Ендігі бізді қызықтырған мәселе – журналдың жартысынан көбін алып жатқан проза мен поэзияға деген редакция­ның талғам-тара­зы­сы. Жыл басталғалы бір ғана Тұрыс­бек Сәукетайдың «Мен – жын­­дымын» романы әр санға бө­­­лініп жарияланып келді. Ал про­­заның қалған бөлігін өзге ав­тор­­лардың әңгіме-хикаят­тары құ­рап тұр. Мазмұндағы көркем шы­ғармалардың бәріне сөз арнай алмағанымызбен, №1 нөмірге шыққан Толымбек Әбдірайым­ның «Тағдыр сыйынан» алдында бұл әңгіме де Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген болатын. «Жамбыл» журналы Шерхан Мұртаза жөніндегі мақаланы редак­цияның рұқ­сатымен жарияласа, Т.Әбді­райым бір әңгімесін екі бірдей әдеби басылымға ұсынуы көңілге сиымсыз. Тегінде, бұл осы күні көптеген автордың жағымсыз әдетіне айналып барады.
«Қамшының сабындай қысқа болғанымен өрі мен еңісі, бұра­лаңы мен бұлтарысы көп фәни жалғанда жайбарақат ғұмыр кешу мүм­кін емес-ау!..». Әңгіменің дәл осы­лай басталғанынан мазмұны­ның трагедиялы өмірдің оқиға­ла­ры­на құрылғандығын ішіміз сез­­­гендей болды. Шығармада шұ­ба­лып жүрген кейіпкер жоқ: оқиға төрт адам­ның арасында өрбиді (Алтынай, Берікқан, Ақшабақ, Күлтай). Автор әңгіме басында Алтынайды негізгі кейіпкер ретінде көрсетсе, ортасында Ақшабақты, соңында Бе­рік­қанды басты назарға алады. Ал оқиға басындағы басты кейіп­кері­міз Алтынай – типтік бейне. Яғ­ни ол қоғамдағы жал­ғызбасты қыз­дардың автор көркемдігіндегі об­разы. Әңгіме басында Алты­най­дың дәрігер­мен диалогы бері­ле­ді. Мұның шығарманың әдеби кі­ріспесі екенін ізін ала кейінге ше­гініс жасауынан аңғардық. Ав­тор көркем шығармасының идеясын әңгімелеп отырып, білдіріп қоятындай: «Қызмет, мансап әйел за­тына қуаныш сыйламай­тын­ды­ғын бағамда­ды». Әңгіме­де мифтік сарын­ның бір белгі­сін Алтынай мен Әзәзіл арасындағы диалогта сәт­ті қолданған. Әзәзіл мен адам­ның ортасында дискурс жүргізуде көп қаламгерлердің жолы бола бер­мейді. Ал мұнда шынайы бейнеленген. Жалпы, автор өз ойын жеткізерде көбіне диа­логқа арқа сүйейтінін аңғардық. Дәрігер мен Алтынайдың, Әзәзіл мен Алты­най­дың, имам мен Ақшабақтың жә­не Бекең мен Ақшабақтың, Ақшабақ пен Күлтайдың екеуара әңгімесін автор тақырыпты ашу­дың жалғыз жолы есебінде қабыл­да­ған іспетті. Аталған шығармада жағымсыз кейіпкер жоқ. Таңғал­маңыз, расымен солай. Әйелінің көзіне шөп салып жүрген Бекеңнің өзін автор тым жаман адам қылып көрсетпейді («Берікқан Аллаға се­нетін. Қазір де қасиетті Құран­дағы беташар сүрені оқып отыр­ған»). Және бір сәтті сюжет Күл­тай­­дың құрбысымен диалог ара­­сында Мұқағалидың өлеңін оқуы. Жалпы, шығармаларда поэ­зия­ның кездесуі сирек кездесетін құ­былыс. Автордың кейіпкерінің ау­зына салған мына бір сөзіне «Күйеуің неге сенің ғана меншігің болуы тиіс. Не деген іштарлық? Сонда ана бейшара қыз тізесін құ­шақтап, өмірден байсыз өтуі тиіс пе? Ол сенің күйеуіңнің пер­зен­тін жарық дүниеге әкелмей ме?! Ана болу бақытына ие болуға оның да моральдық құқығы бар шы­ғар», келісер-келіспесімізді біл­мей, екіұдай сезімде болдық. Бәл­кім, бұл ойдың да жаны бар шы­ғар. Бүгінгі қоғамдағы жал­­ғыз­басты әйелдердің көбейіп бара жат­қанынан хаба­рымыз жоқ емес. Бірақ біздің автордың әлгіндегі ойын қазіргі қоғамның жатсынатыны тағы анық. Әлқисса… Мұнда ес­кі сүрлеуге бағынған баяндау жоқ: айтар ойын тиянақтап болған кезде оқиға орнын ауыстырып оты­рады. Бұл оқырманды жалық­ты­рып алмаудың амалы болса ке­рек. Айтпақшы, әңгіме ішінде ра­диодан «Тағдыр сыйы» деген ән шыр­қалады. Сол ән мен шығарма атауы­ның ұқсастығын жазушы­ның өзіндік тәсіліне баладық. Со­дан не керек, әңгіменің соңына же­те алмай, тыпыршып отырған сәт­те шығарма шорт кесіледі. Бе­рік­қан іссапардан келсе, некелі жа­ры мен сүйген қызы өз шаңыра­ғында отыр екен. Мәз-мейрам. Осы­­лайша әңгіме көңілді нотада аяқ­талады. Нүктесінің қайда еке­нін іздеп, аласұрып біз қалдық… Ойы­ма келген ең бірінші сөз «түсі шы­ғар…» дедім… Автордың оқи­ғаны бұлай түйіндеуінің сырын тү­сінбедік. Бәлкім, Ақшабақ имам­ның әңгімесінен кейін ойын күрт өзгертті ме екен? Бірақ мұн­дай сюжеттер жоқ. Біздіңше, автор шығарма нүктесін әр оқырманның өз еркіне қалдырып тұрғандай… Та­ғы бір пайымым: әңгіменің жал­­­­ғасы бар. Егер осы аталған бол­жамымыз автордың (Толымбек Әбдірайымның) назарына ілік­се, үнсіз қалмаса екен дей­міз.
Ендігі сөзді журналдың №3 санына «Сөз сәулесі» айдарымен шық­қан Темірбай Мұқашевтың «Қай­раткер кешкен тауқымет» ат­ты әдеби-көркем мақаласы ха­қында өрбітсек. Рафаэль Нияз­бектің «Тауқымет» романы жа­йын­да жазылған бұл мақаланы жур­налдың осы жылғы жаңа­лы­ғы­на балар едім. Автор роман же­лісін судыратып мазмұндап отырмай, нақты талдау жасауды жөн көріпті. Және шығарманың астарын оқырманға жеткізумен қатар, тарихи романдарға тоқ­талып, тарихи тақырыпқа қалам сілтеп жүр­ген жазушыларға құлақ­қағыс ре­тінде өз ойын да жа­сырмады. Ро­мандағы оқиға­ларды өз оқыр­мандық түйсігінше тарқата келе, сыни көзқарасын да білдіріп қал­ды («Олай болса «Асқаров сотына» тереңірек тоқталып, кеңірек сурет­тегенде романның тарихи сал­мағы еселеп артып, оқырман Асан­байдың тоталитарлық жүйені күйрете жеңіп, әділеттің салтанат құрған сәтін ерекше тебіреніспен қа­былдар еді. Автор осы жағына мән бермеген»). Журнал мазмұ­нын­да осы тектес нақты, әрі әдеби үде­рістің қозғалысын сездіретін ма­қалалар көбірек жарияланса, көп­шіліктің басылымға деген бү­гін­гі көзқарасы сәл де болса өз­ге­рер ме еді…
Мақтаудың шығармашылық адамына әркез пайдасы тие берме­се керек. Жөнімен айтылса, кім, кім туралы не айтса да келісе кете­ті­німіз тағы бар. Жалпы, мақталар кісі мен мақтайтын «мейірімді» адам өз мақтауының орнын білсе екен дейміз. Бұл тақырыптың тие­гін бекерге ағытып отырған жоқ­пыз. Сөзімізге журналдың №1 нө­­­мірінде «Мерей» айдарымен жа­­рияланған Сырымбет Кәрім­ұ­лы­­ның «Құс қанатында» атты ма­­қаласы сеп болып отыр. Мақала қа­­ламгер Қайсар Әлімнің шығар­ма­­шылығы туралы. Шығармашы­лы­ғы деймін-ау… әсте олай емес. Жазушы әңгімелерінің маз­мұнын һәм кімге арналғанын жаңыл­­май, айтып шыққаны бол­ма­са, әдеби талдауды, яки бір сы­ни пікірді кезіктіре алмадық. Ма­қала «Қай­секең екеуміз де Тор­ғайдағы әйгілі Сарықопаның бойын­да туып-өстігінен» басталып, қалам­гермен алыс туыстығы бар екенін және бала кездерінде қа­лай ойнап-күлгендерін, бола­шақ жазушыға үйіндегі­лердің айт­­қан жылы тілектері­мен жал­ға­сады. Одан әрі мақтаулы сөйлем­дер бұршақша жауып, көз аш­тырма­ды («Мүйізі қарағайдай рес­­пуб­ликалық басылымдар да Қайсекеңсіз шықпай­тын болды»). Содан не керек, «Мәңгілік шер» хикая­тының, «Аңсау», «Қара кем­пір» әңгіме­лерінің құр мазмұнын баян­дай келе, Тұрысбек Сәуке­тайдың шығармалары хақында айтқан ыстық лебіздеріне кезек берді. «Қайсар Әлімнің айлығы мен қайда туып, кіммен ойна­ға­нының бізге керегі не? Әңгімелері­нің астарына үңіліп көрсе, қане?» деп мазасызданып отырсақ та, ма­қаланың соңы немен аяқ­тала­рын білгіміз келді. Күт­кеніміз де көп кешіккен жоқ: Қайсар Әлімнің жазушы ғана емес, «Меккеге барып, қасиетті Қағбаны тәу етіп қайтқан, бес мезгіл намаз оқып, жан-жүре­гімен иманға ұйыған – қажы» екенінен хабардар болдық. Ащы күлкі езуімізге еріксіз жиылды. Редакция ұжымына айтарымыз: әлгіндегідей әдеби-көр­кем­діктен ада мақалалар «Жұл­­­дыз­дың» мерейін төмен­детпесе, ешқашан өсірмейді.
«Үркерге» айтылған сын мұнда да қайталанбақ: №1 сандағы Айгүл Ісмақованың «Қазақтың ұлы кө­шін суреттеген роман» атты әдеби-сыни мақаласы жалғыз өзі осы жылдықтың «әдеби сын» айдары­ның салмағын ұстап тұр. Әр шық­қан нөмір арасында әдеби байланыс жоқ. Өткен санда жарияланған әң­гімелер һәм мақалаларға келесі санда пікір шығып тұрса, журнал­дың өн бойында әдеби қозғалыс­тың бар екені білінер еді. Мәселен, жоғарыда айтып өткен мақала­дағы Рафаэль Ниязбектің рома­нын («Тау­қымет») аталған мақалаға дейін немесе кейін жариялап жі­бер­се, сәтімен болмақ. №3 нөмір­де­гі «Арулар жырлайды» айдарымен берілген бір топ жас ақындарға тоқтал­масқа болмайтындай. Осы орайда мына бір оқиға есіме түсіп отыр:
Жұмекен (Нәжімеденов) «Жұл­дыз­дың» бас редакторы Тахауи Ахтановқа:
– Таха! Менің мектептес бір жол­дасым роман жазыпты. Маған оқып берші дейді. Поэзия болса, бір­сәрі. Прозаға мен не дей аламын? Сіз қарап, әділін айтыңыз­шы, – дейді.
Романды оқып болған соң, Тахауи:
– Мына романды жазған адам кім? Осы арада тұра ма өзі? Елде бол­са шақыр! «Жұлдызға» жариялаймыз! – десе, Жұмекен:
– Шақыртып керегі жоқ!
– Неге?
– Ол адам алдыңызда тұр!
Кейін бір Жұмекенді көргенде Тахауи:
– Әй, Жұмекен, жолдастарың­ның біреуі случайно жаңа роман жа­зып бітірген жоқ па? – деген екен. Мұны еске алып отырған се­­бебім, сол уақыттарда «Жұл­дыз­ға» жариялану – көп ақын-жазу­шы­­лар қолын созса, жете бер­мей­тін биіктік болатын. Және «Жұл­дызға» әңгімесі, я өлеңі шық­қандарды ха­лық танып, әдеби орта мойындайтын. Өйткені, олар соған лайық еді. Және редакция ұжымы да әр авторға талғаммен һәм жауап­­керші­лікпен қарайтын. Жо­ғарыда айтқан жас ақын қыз­дар­дың тізіміне, өлеңіне қарап отырып, сол биіктіктің аласарып қал­ға­нын сезгендейміз.
Журналға басылып жатқан әң­гіме-хикаяттар мен өлең-мақа­лалардың бәрі дерлік ал­ғаш жарияланып отырғандар дей алмаймыз. Әдеби газеттер мен сайттарда не­месе өзге де әдеби журналдарда шы­ғып жүрген материалдар. Бұл тұр­­ғы­да «Жұлдызға» ғана кінә арт­­қанымыз әділетсіз. Неге де­сеңіз, бұл қазіргі барлық әдеби басылымдарға тән дерт. Десек те, жур­налдың №3 санындағы «Жаңа әңгімелер» топтамасымен берілген Әнес Сарайдың бір топ шығарма­ла­ры суыған көңілімізді жылытқан­дай болды. Тек, әңгімелерін берер­де бас жағына редак­ция­ның автор шығармаларына қатысты ой-пі­кірі жетіс­пейтін­дей.
Жоғарыда келтірілген әр ойды өз дәйегімен айтуға тырыстық. Сал­­мақсыз сөй­лемеуге талпын­дық. Сенімсіз сөз бағыттауға «Жұл­дыздың» «киесінен» қорықтық. Сон­да да «талайдың тұсауын кес­кен қарт «Жұлдыз» бүгінде қай бо­лашақ классиктің, болмаса ли­риктің тұсауын кесіп жүр екен?» де­ген мазалы ой санамыздан кетпей, тұрып алды.

Қазақ әдебиетінің бір қабырғасына айналған журналдардың бүгінгі ахуалы һәм болашағы сөз түсінер әр оқырманды алаңдатады. Және бұл шолу мақаланы біреуді сынап, яки мінеу үшін жазып отырған жоқпыз. Мұны жаңағы айтқан «алаңдаудан» туған бұлқыныс деп қабылдарсыздар. «Саудада достық жоқ» деуші ме еді? Әдебиетте де оның болмағаны жөн.

Маржан Әбіш.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір