Ұлт әдебиеті: Бүгінге баға – болашаққа бағдар
17.04.2023
3367
0

Кейінгі 4-5 жылдың ауқымында Әдеби жыл қорытындысы Жазушылар одағында уақытында әрі тұрақты түрде өтіп келеді. Коронавирус індеті жайлаған 2020-2022 жылдар аралығында да Әдеби жыл қорытындысын ЖО қызметкерлері Zoom платформасы арқылы ұйымдастыра білді. Одаққа қарасты әдеби басылымдар: «Қазақ әдебиеті» 
газеті мен «Жұлдыз», «Простор»  журнал­дары үзіліссіз шығып тұрды. Ал ақын-жазушылар індет кеулеген қоғамдағы адамдардың тағдырын, кешегі «Қасыретті қаңтар» оқиғаларын қағаз бетінде безбендеп жатты.   

…Сонымен, 12 сәуірде Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде 2022 жылы жарық көрген шығармалар туралы баяндамалар оқылып, қаламгерлердің алдағы құрылтайының қарсаңында басқарма мүшелері (103 ақын-жазушы) қатысқан пленум өтті.
Қаламды серік еткен бірнеше талант ЖО мүшелігіне қабылданды. Жазушылар одағы Төраға­сы­ның орынбасары, ақын Бауыржан Жақып жүргізген Жыл қоры­тындысында жанрлар бойынша 12 баян­­­дама оқылды. Баяндамалар газеті­міз­­lің бүгінгі нөмірінде және «Қазақ әдебиетінің» сайтында жарияланды.
Жиын үстінде байқадық, баяндамашылар жыл қорытындысына тыңғылықты дайындықпен келіпті. Олар 2022 жылы жарық көрген жыр жинақтарына, романдар мен хикаят-әңгімелерге, балалар әдебиеті мен көркем аудармаларға, т.б. шолу жасады. Кейін, жиын соңында жарыссөзге шыққандар: «Баяндамаларда сын айтылмады», – деп жатты. Ол рас. Бірақ баяндамашылар әр шығарманың қыртыс-қатпарына тереңдеп кетсе, Әдеби жыл қорытындысы екі-үш күнге созылатын сияқты. Бәлкім, алдағы уақытта аталмыш ауқымды шараны жанрлар бойынша бөлек-бөлек өткізу керек шығар. Сонда баяндамашылар тарапынан сын да, мін де айтылуы әбден мүмкін. Әзірге, «барға – қанағат». Бұлай деуімізге себеп, қазір ақын-жазушылар бір-бірінің шығармаларын оқудан қалған. Ал баяндамалар сол олқылықтың орнын толтырып, әдеби ортаға кімнің не жазып жүргенін шолу түрінде болса да аңғартты. Дегендей-ақ,  Әдеби жыл қорытындысы аяқталған соң, Одақ ғимаратының ауласына шығып дидарласқан ақын-жазушылардың: «Кітабың жайында жаңа баяндамада айтылды, қайдан алсақ болады, оқиық», – деген сөздерін құлағымыз шалды.
Ұлықбек Есдәулет Төраға болып келгелі Жазушылар одағы ардагер ақын-жазушыларға «Қазақстанның құрметті қаламгері» атағын беріп, қазақ әдебиетінің дамуына үлес қосқан ақсақалдардың омырауына төсбелгі тағып, марапаттай бастады. Бұндай марапат ғұмырын жазуға арнаған, жан рахатын жазудан табатын жазушылар үшін үлкен құрмет болса керек. Биыл «Қазақстанның Құрметті жазушысы»  атағы мына қаламгерлерге берілді:
1. Ғаббас Қабышұлы
2. Сейфолла Оспан
3. Қойшығара Салғарин
4. Марал Ысқақбай
5. Мұрат Әуезов
6. Роллан Сейсенбаев
7. Нармахан Бегалиев
8. Темірхан Медетбек
9. Тынымбай Нұрмағанбетов
10. Ақұштап Бақтыгереева
11. Күләш Ахметова
12. Ханбибі Есенқараева
13. Надежда Чернова

Осы күндері Жазушылар одағының облыс орталықтарындағы бөлімшелері де белсенді жұмыс істеуде. Естеріңізге сала кетейік, Жазушылар одағы да, ЖО-ның филиалдары да мемлекеттік бюджеттен де, жергілікті бюджеттен де қаржыландырылмайды. Облыстық бөлімшедегі басшыларда меншікті офис, қызметтік көлік атымен жоқ. Алайда, соған қарамастан, кей өңірдегі бөлімше басшылары демеушілер тауып, түрлі әдеби жиындар мен әдеби байқаулар өткізіп, аймақтың рухани-мәдени өмірінің өркендеуіне үлес қосуда. Биылғы жыл қорытындысында іскерлігімен көзге түскен облыстардағы бөлімше басшылары «Алғыс хатпен» марапатталды. Олар:
1. Бауыржан Халиолла – Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры;
2. Қойшығұл Жылқышиев – Қазақстан Жазушылар одағының Атырау облыстық филиалының директоры;
3. Жанат Жаңқашұлы – Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалының директоры;
4. Ертай Ашықбаев – Қазақстан Жазушылар одағының Ақтөбе облыстық филиалының директоры;
5. Жарқынбек Амантайұлы – Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалының директоры;
6. Дәулеткерей Кәпұлы – Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалының директоры;
7. Маржан Миразова – Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы директорының хатшысы;
8. Дәркен Танабаев – Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент қалалық филиалының директоры;
9. Қаршыға Есімсейітова – Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облыс­тық филиалының директоры.
Әдеттегідей Әдеби жыл қорытынды­сының кульминациясы Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы болғанын айтуымыз керек. Назар аударыңыздар, ағымдағы жылы «Алашты» алған ақын-жазушылар:
ПОЭЗИЯ:
1. Мейірхан Ақдәулетұлына 5 томдық шығармалар жинағы үшін;
2. Төлеген Жанғалиевқа «Маңдайымның жазуы» кітабы үшін;
3. Абдуғопур Қутлуқовқа «Доппамға қарап мени тонудиңму?» кітабы үшін.
4. Жомарт Игіманға «Асу» жыр кітабы үшін;
5. Рахат Қосбармаққа «Әлейім – жалған» өлеңдер жинағы үшін;
6. Бақытбек Бәмішұлына «Алтын аралдың арғымақтары» кітабы үшін;
7. Бағдат Мүбәракқа «Алтын күрек» өлеңдер жинағы үшін;
ПРОЗА:
1. Төкен Әлжантегіне «Ебіл-себіл дүние» хикаяттар кітабы үшін;
2. Тоқтарбек Мағзұмовқа «Алтай өрнектері» кітабы үшін;
ӘДЕБИ СЫН:
1. Қансейіт Әбдезұлына «Семсер» әдеби-сын жинағы мен баспасөздегі сын мақалалары үшін;
2. Армиябек Сағындықұлына«Қиялдың көркем көкжиегі» әдеби-сын кітабы үшін;
БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ:
1. Заря Жұмановаға «Күләйша, Рок­феллер және басқалар» кітабы үшін;
2.Тілеуғазы Бейсенбековке «Зерек бала» кітабы үшін;
САТИРА:
1. Әше Қазыханға «Түйенің түйгені» сатиралық кітабы үшін;
2. Мұхтар Шерімге «Біз ұялмаймыз» сатиралық шығармалар жинағы үшін;
ДЕРЕКТІ ПРОЗА:
1. Айтбай Тасиловке «Түнгі телефон шырылы» кітабы үшін;
2. Өріс Яшүкірқызына «Жіп тұзақ» кітабы үшін;
3. Әлібек Қаңтарбаевқа «Қасқыр тірлік» кітабы үшін;
КӨРКЕМ АУДАРМА:
1. Бекет Қарашинға «Бейбарыс» романы үшін;
2. Өтен Ахметке Н.Лугиновтың «Шыңғыс хан әмірімен» кітабын қазақ тіліне аударғаны үшін;
3. Маржан Ершуға О.Памуктың «Сезім музейі» кітабын қазақ тіліне аударғаны үшін.
«Алаш» сыйлығымен қатар «Қазақ әдебиетінің» қызметкері Мөлдір Райымбековаға Мемлекет бас­шы­сы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Құрмет грамотасы» табыс етілді.
Әде­би жыл қорытындысы Басқарма мү­шелері қатысқан пленумға жалғасып, пленум алдағы құрылтай күнін бекітті. Қа­періңізде жүрсін, Жазушылардың кезекті съезі 12 мамырда өтетін болды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір