«Бізде әлем танитын актер бар»
05.05.2017
3031
0

Табиғатынан ән мен жырды жанына серік еткен қазақ ендігі жерде әнші мен күйшіге, актерге – өнер адамы деген біржақты көзқараспен қарай баста­ғандай. Актерге өнер адамы деп қарау оларды ерекшелеп тұратын баға ма, әлде тар шеңберлі шектеу ме деген ойлардың жауабын білмекке ХХ ғасырдағы сахна, кино өнерінің көшін ХХІ ғасырға жеткізген КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сый­лық­тың лауреаты Асанәлі Әшімовтің табалдырығын аттаған едік. Ойнаған рөлдерінің әрқайсысымен тілдесіп, сырласып, мұң­дас­қан, өмірінің тек жарқын жағын ғана көріп, ақшаңқан өміріне қызыққан көрерменге өнерін арнап, өнері арқылы халқымен бірге жасасып келе жатқан Асағаңа тек өнер адамы деп қарау, әрине, біржақтылық болар еді.
Ол кешегі өнер майталман­дары мен бүгінгі өнерге жол тартқан буынның арасындағы алтын көпір. Қазақ киносының жауһары «Қыз Жібекте» – Бекежан, «Атаманның ақырын­да» – Шадияров, «Транссібір экспресінде» – Қасымханов, осы екі фильмнің жалғасы іспетті «Сіз кімсіз, Ка мырза?» туындысында – Ка мырза болған Асанәлі Әшімов театр сахнасында өмір сүре жүріп «Қодар» болып көңілі қалса, бір кезде «Бекежан» болып бекінді, енді бірде ел көзіне «Дон Жуан» болып көрінсе, «Цезарь» болып серпілді. Әр рөлдің берген сабағы, тәлімі әр басқа болғаны даусыз. Осы кейіпкерлердің жанына үңіліп, оны халықпен тілдестірген даңқты актер – Асанәлі Әшімов өзінің өнерімен де, азаматтық болмысымен де жас ұрпаққа жол көрсетіп келеді.


Асанәлі ӘШІМОВ,
КСРО және Қазақстанның Халық әртісі

– Актерлік шеберлік туралы ой төр­кіні көбіне «өнерді сүйген жүрек» де­генге тіреледі. Халық көңіліне Бе­ке­жан боп ұялаған Асанәлі қазірдің өзінде-ақ аңызға айналған тұлға. Осын­шама биікке көтерген өнерді сүю дегенді Сіз қалай түсінесіз?
– Өнер – өнер адамдарының ғана меншігі емес, ол жалпы ха­лыққа ор­тақ. Сондықтан өнерге барлы­ғы­­­­­мыздың қатысымыз бар. Оны бі­реуіміз сахнадан, екіншіміз залдан қызықтаймыз. Біз сіздердің көңілдеріңізден шығуға, сіздер біз­ді түсінуге талпынасыздар. Екі жақ түсінісіп, көрерменнің риза көңі­лін, қол соққан қошеметін се­зіну актердің жетістігі. «Актер ха­лық үшін жұмыс істейді», – деп жа­тамыз. Көрерменнің қойылы­м­нан алған әсері – актерге қамшы. Актерлер бәйгеге қосқан ат секілді, бі­рінен-бірі озғысы келеді. Онысы заң­ды. Мұны қызғаныш деп ұғу қа­те, ол – өнердегі, рөлдегі, сахна­да­ғы шеберлікке ұмтылу.
– Актерлік – адам бойындағы туа­бітті қабілет, ешкім оқып актер бол­майды деген пікірге қалай қарай­­с­ыз?
– Қабілетті жаратылыс береді. Мәселен, бүгінгі – Димаш (Құдай­бер­генов) халыққа табиғаттың бер­ген сыйы. Барлық әнші Димаш­тай болғысы келеді, бірақ табиғат бермегеннен кейін қолдан жасау қиын. Димаш биікке бір-ақ көтері­ліп, әлемге танылды. Қайсыбір талант иелері әу бастан көп еңбек­те­ніп, жылдар бойы тер төгіп барып бірте-бірте танылады. Мәсе­лен, Қыз Жібек пен Төлеген (Ме­руерт Өтекешова мен Құман Тастанбеков). Екеуі сол рөлдерімен-ақ ха­лық жүрегіне жол тапты. Өз жұ­мы­старын бірден төбеден баста­ған сияқ­ты болды. Өнер жолын осылай бастағандар көп. Мәселе олар­дың әрі қарай биіктеуге қан­ша­лықты күш жұмсайтынында. Тө­мен қарай ылдилау ыңғайсыз. Ен­ді бір актерлер кішкентай рөл­ден, яғни сахнаға кіріп-шығудан бастайды. Сонан соң бірте-бірте биікке көтеріледі. Меніңше, ірге­тасы мықты, негізі мығым ең се­німді жол – осы. Осындай жолмен биікке көтерілген көп актер­лерді білемін. Сергей Герасимовтың әйгілі «Жас гвардия» деген филь­міндегі барлық актер Герасимовтың курсының балалары. Соның ішін­де Мордюкова мен Тихонов сияқты актерлер аман қалды. Тихонов эпизодтық рөлде, Мордюкова болса едәуір үлкен рөлде ойнады. Мордюкова ерте танымал бо­лып, шыққан биігінен әрі қарай өрледі. Олег Кошевойды, Сергей Тюленин­ді ойнаған актерлер ішіп кетті. Сергей Гурзо Сталиндік сый­лық­ты екі рет (17-20 жасында) алды. Мұндай үлкен сыйлық ақыл тоқ­тат­паған адамға тым ауыр. Кө­тере алатыны алып кетеді, көтере алма­ғаны шатқаяқтап қалады. Шәкен Айманов адамның артында қорға­сын болу керек дегенді көп айтатын. Адамды аспандаған ша­ғында да, құлдилап кеткен кезінде де ұстап тұратын қорғасын қалыбы болмаса, ұшып кетеді.
– Сіз тек Кеңес Одағы көле­мін­де ғана емес, әлемнің көп еліне­ жас шағыңызда танылдыңыз. Мысы басым, қолпашы көп, сұлу өнердің мұздай тайғақтығына сүрінгенде, жа­ныңызға нені сүйеніш еттіңіз?
– Сыйлық пен таны­мал­ды­лық­қа едәуір ақыл тоқтатқан уа­қытта жеттім.Кино саласына да, театр саласына да жайлап, мысық-та­бандап, эпизодтық рөлден бас­тап, біртіндеп көтерілдім. «Қыз Жібек» пен «Атаманның ақыры» 1970 жылы түсірілді, ол кезде мен 32 жастамын. Арада бес жыл өткен соң «Транссібір экспресі» жарыққа шықты. 43 жасымда Кеңес Ода­ғы­ның Халық әртісі атағын алдым. Кө­шеге шыққанда қаумалаған ел жүргізбейтін кезеңдер болды. Ішіп, масайрап кетуге болар еді. Жан-жағымдағы адамдардың, яки жастайымнан бойыма сіңген тәр­биенің, соғыс жылдары жетім­дік­ті, жесірлікті көріп өскен­нің әсері болар, әйтеуір бір күш ұстап қал­ды.
«Менен де мықтылар болған, менен де мықтылар болады», – дей­тін Саламон патшаның филосо­фиясы бар емес пе?.. Сол сияқты, жақ­сылық та өтеді. Арақ ішу де­генді мәдениет деп қабылдаған ке­зеңдер болды. Қоғам арақ іш­пейтін адамға сен мәдениетсіз екен­сің ғой дегенге дейін барды. Се­рағаң – Серке Қожамқұлов: «Бар­лығымыз ішіп кеттік, дуылдап, дүрмекке еріп кетіп барамыз. Содан бір күні бұлай болмайды екен, жігіттер етек-жеңді жинайық деп, өзімізді-өзіміз қолға алдық», – деп айтып отыратын. Бұл әдет кейін­гі жылдары саябырсыды. Енді қоғамда әсіредіншіл әдет пен діни фанатизм белең алып барады.Адам білімге, өзінің кәсібіне шын берілген уақытта ғана бір нәтижеге жетеді. Дін дегеніміздің өзі – ғы­лым. Қазір жас балалардың көп­шілігі дінге білімсіз, сауатсыз, жұ­­мыссыз бет бұрып кетті. Мешіт­ке барып, намаз оқитындарын медет тұтады. Ол – дұрыс емес. Жұ­мыс іс­теп бала-шағаны асырау – ер адам­ның ең басты міндеті. Оны орында­май өзге міндетті ой­дағыдай атқару мүм­кін емес. Өз ісін адал атқарып, таза тұрып, таза жүрген адам қай қо­ғамды да алға жылжытады. 70 жыл бойы атеист болып келіп, аз жылда тақуа болып шыға келу оңай емес. Мен осы жасымда еш­теңе істемей отырып алсам кейінгі ұрпаққа қалай үлгі боламын?
– Сіздердің замандарыңыздағы ұрпақтың ұстыны мықты болды. Ұстын беріктігін Кеңестік заманның қатаң тәртібі орнықтырды дей алмайтын шығармыз. Сонау ата-ба­балардан келе жатқан дәстүрлі тәр­биенің әсері болған шығар. Ал қазіргі ұрпақтың тәрбиесі босаңсып барады. Оны орнықтырудың жолы қандай деп ойлайсыз?
– Оның арнайы рецепті жоқ. Әр адам өзі бір – индивидиум. Адам­ға мінез-құлық, тіпті намыс туа бітеді. Ең бастысы – намыс. Адамд­­а намыс болса, талант болады, талант болса, намыс болады. Әсіресе, қыз балалардың намысы берік болмай, ел түзелмейді. Әйел намысы – халықтың намысы. Үйде де дәл солай, әйелі мықты үйдің ір­гесі берік. Әйел төзімді, отбасына адал болса, кез келген ер адам оның ақылына тоқтайды. Кей­біреулердің «Әйелінің сөзінен шыға алмайды, әйелжанды», – деп сөге жөнелетін жаман әдеті болады. Олай сөгудің өзіндік орны болады. Әйел деген артыңдағы тыл, ол мықты болса, ер адам еш алаң­дамай жұмыс істейді. Менің алаң­сыз жұмыс істеуіме марқұм Майра жағдай жасады, қазір Бағдат та сондай. «Отызымда орда бұзып, қырығымда қамал алғаным» үй­дегі жарымның мықты болғанды­ғы­нан деп ойлаймын. Осы жасқа жеткенше еңбек етіп келем, қазір бір
фи­льм­ге түсіп жүрмін. Бас кейіп­кер – барлық елде болған, бар­лық жерді көрген даланың Сократы, көп тіл біледі. Өмірінің көбі далада өткен, шөп теріп, тастарды зерттеумен айналысқан. Өздігінен электр станциясын, газ құбыр­ларын салады. Биология, археология, т. б. салаларды жақсы меңгер­ген. Өмірде бар, алайда сирек кездесетін кейіпкер.
– Шадияровтың жасындағы Асанәлі мен Ка мырзаның жасын­дағы Асанәлінің өмір туралы, адамдар арасындағы қарым-қатынас туралы көзқарасында қаншалықты алшақтық я болмаса ұқсастық бар?
– Ка мырза Шадияровтың қар­тайған кезі. «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі», «Манжуйский вариант», «Сіз кімсіз, Ка мыр­за?» осы фильмдердегі бас кейіп­кер бір ғана адам. Шәкен Аймановтың орындауындағы «Жиыр­ма бес» әні осы фильмдерді байланыстырып тұр. Қасымхан Ча­лышев – өмірде болған адам. Жаркент милициясының бастығы, байдың баласы екен. Байдың баласы болғаны үшін қудалауға ұшы­рап, Кеңес өкіметінің алдында ақталуды ойлап, күрделі операцияны мойнына алады. Мойнына ал­ған міндетті ойдағыдай орындаса да біраз уақыт өткен соң тағы да қу­далауға ұшырайды. Амалы құрыған соң, шетелге қашып кетіп, сыртта 24 жыл өмір сүріп келген Ка мырза – осы.
– Шәкірттеріңіз сіздің өміріңіз туралы «Тағдыр тақтасы» атты­ сах­налық қойылымда сіздің аузыңызға «Бүкіл әлемнің кілті қолыңда тұрса да, өз тағдырыңның кілті қолыңда ­тұр­майды екен», – деген сөз салыпты. Бұл ой сізге қаншалықты жа­қын?..
– Дұрыс. Философия. Қай заманда да, қай ортада да тағдыр ту­ралы ойдың түйіні осыған ті­реледі. Шығармашылық саладағы ең басты пән – адам психологиясы мен жаратылыс философиясы. Осымен жұмыс істеген актер – на­ғыз актер. Ал енді судың бетінде қалқығандай, сөзді жаттап алып сахнаға шығатындар да бар. Біздің театрда сексен актер бар, сексен та­лант болуы мүмкін емес қой. Сек­сеннің ішінен жарқырап екі актер шықса, ол көрнекті театр бо­ла алады. Баяғыда біздің театрда солай болатын, Сәбира Майқанова бастаған актрисалар қандай еді… МХАТ театрында А.Грибов, В.Бе­локу­ров, В.Данченко, В.Качаловтар болды. Жыл өткен сайын театр­дың құрамы сұйылып бара ма деп қорқамын.
Қазір Кеңес өкіметін жамандап, біржақты пікір айтатындар бар. Ол – надандық, білімсіздік. Кеңес Одағы тұсында оның құра­мында болған әр халықтың шедевр фильмдері түсірілді, әдебиетте де ең үздік туындылар жазылды, талантты өнерпаздар танылды. Қазір ол кезеңдегідей толымды дүние жоқ. Шала, шикі дүниелер қаптап кетті. Қазір адамдардың бірі әкесі туралы, екіншісі шешесі туралы жа­зады, оны том-том етіп шы­ғара­ды. Ал нағыз, таза шығармаларды шығару үшін ақша бөлінбейді. Мәдениет және спорт министрі
А.Мұхамедиұлының қолдауымен жеті томдық жинағым шықты, қазір екі кітабым басылып жатыр, орыс тілінде бір кітабым, екі фотоальбом жарық көрді. Осының бар­лығын қосқанда, менде он томдық жинақ бар екен. Мұны айтып мақ­танайын деген ойым жоқ, мүмкін мақтануға да болатын шығар, өйткені бұрынғы Кеңес Одағы тұсында да, қазіргі ТМД құрамында да актерлерден он кітап шығарған ешкім жоқ. Мен де Жазушылар одағының мүшесімін, бірақ ол үшін мені жазушы деп санауға бол­майды. Бұл кітаптарда естелік, күнделік, мақалалар жинақталған. «Майраның әні» мен «Жан бөлекті» деректі прозаға жатқызуға болады. Мұнда М.Булгаковтың немесе
Б.Пастернактың түсініксіз сөздері жоқ.
– Сәбит Оразбаев, Райымбек Сей­тметов, Сіз – үшеуіңіздің дос­тығыңыз кейінгі ұрпаққа өнеге. Дос­тық деген ұғымды қалай сипаттар едіңіз?
– 17 жасымыздан дос болдық, жеке пәтер жалдап бірге тұрдық, бірге оқыдық.Кезек-кезек тамақ жасап, шәй қайнататынбыз, тәр­тібіміз жақсы болды. Тағдырымыз да бір сияқты. Үйлендік, той жаса­дық. Әуелі Сәбит екеуміз үйлендік. Райымбек екеуміз Сәбитке Алматыда жасалған диван сыйладық. Мен үйленгенде Сәбит пен Райымбек маған да сондай диван әкелген. Райымбек бір-екі жыл кеш үйленіп, әлгі диванды сыйлайық десек, ол өндірістен шығып қалыпты. Ал­матыны аралап жүріп арзан­да­тылған дүкеннен тауып алып, оған да әлгі диванды сыйладық. Қазір қарап отырсам, симво­ли­калық сыйлық екен. Біз солай өс­тік, сахнамыз бір болды, ойнаған рөлдері­міздің барлығы көз алдымда… Бұн­дай достық өте сирек. Қазір Сә­бит екеуміз ғана қалдық, Райым­бектің көзі кетті. Балаларымыз кішкене кезінде бірге ойна­ғанымен, өсе келе жақын араласқан жоқ. Әкесі достың баласы дос бола бермейді, өмір солай екен… Біздің балалар ерте кетіп қалды. Райым­бектің баласы біздің театрда жұмыс істейді, жақсы өсіп келеді. Сәбит­тің баласы басқа салада. Қазақтың «Бір­ге тумақ болғанмен, бірге жүр­мек жоқ» дегені осы…
– Күнделік жазып жүрсіз бе?
– (Асағаң стол үстіндегі дәпте­рін алып оқи бастады).
«6 сәуір. Бүгін де қар жауып тұр. Телефонмен Олжас Сүлей­ме­нов­пен сөйлестім. «Қыз Жібек» қан­дай жақсы фильм, жақында тағы көрдім, – деді.
19 сәуір. Бұл күндері 12 майда өте­тін менің 80 жылдық тойыма даярлық басталды. Бағдат мұн­дайда жанып кетеді, жан жүрегімен кіріседі, Құдай берген талант. Нағыз іскер адам, жоғарыдағы­лар­дың кез келгенінің жұмысы қо­лынан келеді. «Тірі әруақ», «Живой дух». Мен солай атауды ұсындым, киногруппаға. Бағдатпен барып, пробаларды көріп, бекіттік.
Міне, күнделік! Бағанағы айт­қан фильмге осындай ат ұсындым. Өтірікшінің куәсі қасында дегендей. (Күледі).
– Бұрынғы жылдары актерлер, жазушылар, музыканттар өзге де мамандық иелері өзара жақсы ара­ласқанын естиміз. Қазір актерлер өздерімен өздері, жазушылар да өз ортасында бұйығыланып күн кешіп жатқандай көрінеді. Бұның себебі неде деп ойлайсыз?
– Мен қазір театрдағы балалардан бір-біріңді үйлеріңе қонаққа ша­қырасыңдар ма деп сұраймын. Біздің кезімізде премьера сайын басты рөлдегі актерлер қонақ күте­тін немесе автор дастархан жаятын. «Ымырттағы махаббат» пьесасынан соң Бағдат ылғи дастархан жаяды. Сол пьесада ойнаған бірен-саран актер болмаса, дастарханға отыратын адам болмайды. Ал бұ­рын дастарханнан дәм татып, қойы­лым туралы ойларымызды, өнер туралы әңгімелер айтып, түн­нің бір уағында үйге қайтатынбыз. «Ымырттағы махаббат» пьесасынан шыққанда мен әлі күнге дейін, түн жарымына дейін ұйықтай алмаймын. Пьесадағы рөлімнің әсе­рімен айналамның барлығы мамыражай тіршілік кешіп жатқандай рахат күй кешем. Бұл – шығар­ма­шы­лық ләззат, өнердің маған бер­ген рухани сыйы. Мен ылғи ак­тер­дің екі өмірі болады дегенді жиі ай­тамын. Егер актер нағыз кейіп­керді сомдай алған болса, оның сахналық өмірі өз жасын ұзартады. Әр рөл сайын рахат күй кешем, ауру­дан жазылып кетемін. Сон­дықтан МХАТ-тың, Әуезов теат­рын­ың жақсы актерлері ұзақ жасайды. Жайшылықта таяққа сүйе­­ніп жүрген Сәбиралар сахнаға шық­қанда секіріп кететін. Біз таң­ғалатынбыз. Өнердің адамға берер күші осындай болса керек. Актер­лік адамды таңдандыратын өнер. Мен алғашқыда актерлікті жек көрдім. Актер деген дарақы, жеңіл­тек адам се­кілді көрінетін. Тағдыр осы өнер­ге алып келді. Бұл маман­дықты жек көріп келіп, сүйіп кетіп бара жа­тырмын.
– Сізді әлі де ойнайтын рөл­де­ріңіз күтіп жүрген шығар…
– Рөл сомдағанда қайда барамыз енді… (Күледі). Шайтан боп кет­­песек… Ұйықтап жатып жүріп кет­сем деп тілеймін. Келгеннен кейін кету бар. Актерлерде: «Сах­наға кіре білу керек, сонан соң шы­ға білу керек» деген нақылға ұқ­сас түсінік бар. Абыроймен, құ­лап қалмай тұрғанда жастарға орын беріп, көрген-білгеніңді, өмір­ден түйгеніңді жастарға үйрете біл­сем – абзалы сол. Қазір сол екін­ші образда жүрмін. Театрда көр­кемдік жетекшімін. Спектакль қою­ға күш-қайрат жетсе, ақыл-ай­ла мен тәжірибе жетеді. «Қаза мен жаза» деген спектакль қойдым. Ба­ла тәрбиесімен айналысамын. Ба­­ламның ертеңгі тағдырына алаң­­даймын. Бұрын өз ісіне адал, ерінбей еңбек еткен адамның еңбегі бағаланатын. Актерлер де осы­ны білетін сияқты. Өйткені, театр­да бір аяғымен жүргендей бо­лады, тойларда асаба болады, сериал­дар мен кинолардың түсірі­лі­міне қатысады. Біздің театрдан алған 60-70 мың теңгеге қалай күн көреді, үй жоқ, әрқайсысының екі-үш баласы бар. Сол себепті де, олар­­ға тойға, түсірілімдерге барма, деп айта алмайсың. Олардың ке­йіп­кер жа­сауға уақыты да, жағ­да­йы да жоқ. Бір, бір жарым айда спектакль дайындап сахнаға шы­ғара береді. Мәселен, біз «Қан мен терді» жеті айда, «Ымырттағы махаббатты» се­гіз айда шығардық, сонда ғана ауыз толтырып айтатын дүние шықты. Спектакльдің астарын, ойын, не айтқысы келетінін – бә­рін шешіп, түсініп, пісіріп алған соң ғана сахнаға жіберу керек. Ал қа­зір жастар бір жарым айда өз­дерінің тексін жаттап үлгермейді. Сұрасаң не айтқысы келгенін біл­мейді, сөздің астарын ұқпайды. Ак­тер сөздің астарымен жұмыс іс­темесе, ештеңе шықпайды. «Сүйем» деп тұрып, «сүймеймін» де­ген емеурін таныту керек. Қа­зіргілерге «сүйемін» деп айт де­сең, сол сөзді дүңк еткізіп айтып қарап тұра­ды. Театрға интеллигент­ көрер­­мен келмейді. Колледж, инс­титут, университеттерден бала-шағаны алып келеді. Біздің уақыт­тағы көрермен қандай еді, жиі аншлаг болатын. Қойылымға сыншылар баға беретін, қазір ешкім баға­ламайды. «Бірсыдырғы тәуір екеннен» басқа сөз жоқ. Несі тәуір, қай жері тәуір тағы белгісіз.
Актер мәдениеттің эталоны. Ха­лық алдына олпы-солпы күйін­де шықпағаны жөн. Өнер ада­мы­ның, әсіресе, актердің күнделікті өмірде көрерменге көп көрінбегені жақсы. Баяғыда этикет сондай бо­латын. Актердің мың бет-бей­несі жоқ, сондықтан көрермен актерді көруге зар болуы керек. Қазір той басқару актерлердің бірінші жұ­мысы. Бұрынғы тәртіп бойынша актердің тойға баруына тыйым са­лы­натын. Бағана айтқанымдай, бұл балаларға да кінә арта алмай­сың. 60 мың жалақы алады онысын пәтерге береді, киіну керек, ішіп-жеу керек. Қайтсем қатарымнан қалмай бала-шағамды жеткіземін деп жүріп, актерлер кейде спектакльге үлгере алмай қалады. Содан соң оның орнына әріптесі асығыс-үсігіс шыға салатын жағ­дайлар да бар. Қазақтың «Бөрі аштығын білдірмес, сыртқа жүнін қам­пай­тар» дегені актерлердің бүгінгі күйін дәл сипаттап тұрған сияқты. Біз орбитаға шығып ал­дық. Актер орбитаға шығуы керек, сосын сол орбитаны ұстап тұруы керек.
– Қазіргі актерлердің орбитаға шығу мүмкіндігі қандай?
– Бірсыдырғы. Жақсы актерлер бар сияқты. Бәйге алғаш бас­тал­ғанда анадайдан әуелі тобыр көрінеді, соның ішінен сытылып сәйгүлік алдыға шығуы керек. Қа­зір сол сәйгүлік жоқ. Жәй ғана тобыр бар. Қайсысы бірінші болып келе жатқанын білмейсің.
Адамның еңбегі мен өнеріне де­ген дұрыс көзқарас, қолдау керек. Біздің тұсымызда өнерге деген көз­қарас мүлдем бөлек еді. Ди­ме­кең, Дінмұхамед Қонаев Индияға барғанда 16-17 этаждың бір қабыр­ғасын алып «Транссібір экспресі­нен» алынған менің бір портретім тұрған екен. Димекең жан-жағын қоршап тұрғандардан: «Мынау кім?» деп сұрағанда, олардан «Орта­лық Азияның жақсы актері» деген жауап алыпты. Димекең сонда: Жо-жоқ, бұл біздің қазақтың актері», – деп марқайып қалған екен. Москваға келісімен Л. Брежневке кіріп, бізде әлем танитын актер бар, оған өзіне лайық баға беру керек деген көрінеді. Бұл – бір ғана оқиға. Бір адамның көзқарасы. Содан мен өзіме берілген бағаның үдесінен шығуға, соған сай жауап беруге тырыстым. Сыйлықты ал­ған соң Димекеңе: «Бұл құрметіңізді аванс деп түсінемін, еңбегіммен ақ­таймын», – дедім. Димекең риза болды. Мұны неге айтып отырмын?.. Өнерге көзқарас өте нәзік әрі жауапты еді. «Бармақ басты, көз қыстымен» атақ, даңққа ие болып, сый-сияпат көргендер бұрын да болған шығар, қазір тым көбейіп кеткен сыңайлы.
Біздің театрдағы ең мықты спек­такльдер– «Қан мен тер» мен «Ана – Жер-ана» – инсценировкасы. Әзірбайжан Мәмбетов сияқ­ты инсценировка жасайтын режиссер болса, бізде шығармалар бар. Мұх­тар Әуезовтің, Оралхан Бөкейдің, Сайын Мұратбековтың, Әбіш Кекілбаевтың, Смағұл Елу­байдың инсценировкаға сұранып тұрған шығармалары көп.
– Қазіргі режиссерлердің инсценировка жасамауының қандай се­бебі бар?
– Қабілетті режиссер тапшы. Режиссер драматургтен бір бас жоғары тұруы керек, актер оның иы­ғына шығуы керек. Сонда ғана спектакль жақсы болады. Режис­сердің қабілеті мен білімі драма­тургті өзінің шығармасын танымай қалатындай дәрежеге жеткізе алса, жақсы дүние шығады. Оған ре­жис­сердің хақысы бар. Ал ол үшін бі­лім керек. Бұрын режиссерлер ше­телге барып, оқып келетін, тә­жірибе алмасатын. Қазір ондай жоқ. Оны күн тәртібіне енгізуді ен­ді-енді айта бастадық.
– Қазір интеллектуал көрермен­ге, бұқараға арнап спектакльдер қоюды қолға алу керек деген пікірлер айтылып қалады. Бұған көз­қарасыңыз қалай?
– Театр сыны да керек. Спек­такл­ьді жілік-жілігіне дейін шағып беретін сын жоқ. Сын да, спектакль де бірсыдырғы. Ал негізінде театр өнері о баста интеллектуалды, терең ойлы көрерменге арнал­ған өнер. Оның деңгейі сол биікте болғаны жөн еді…

Әңгімелескен
Назым ДҮТБАЕВА.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір