БІЗДЕ БІР-АҚ МАҚСАТ БОЛДЫ, ОЛ – ЕЛГЕ ОРАЛУ
Қазақ елінің Тәуелсіздік алғаны туралы хабарды біз алғаш рет «Азаттық радиосынан» естідік. Бұл хабарды ең алдымен іліп әкетіп бір-біріне қуана хабарлап жатқандар студенттер болды. Пекиндегі Ұлттар университетінің студенттері Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін асқақтата шырқап алаңға шықса, Шыңжаңдағы университеттің студенттері Тәуелсіздік тойын неше күнге жалғастырып тойлауды бастап кетті. Студенттердің алды жаяу-жалпылы шекараға қашты… Өте шықпақ қой. Шекарада ұсталып ескерту алып, қайта қашқандары да болды. Бұл сырттай қарағанда ессіздік секілді көрінгенімен, ірі мемлекетте басым ұлттардың зорлық-зомбылығын 1970 жылға дейін көріп, рухани жақтан әбден ширыққан ұлттың қанында жатқан ішкі жан күйзелісінің бұрқ етіп атылып шыққанының көрінісіндей еді. Мен сол жылы Құлжа қаласында дәрігер мамандығына оқып жүрген студент едім. Ұйғыр студенттердің сандық көрсеткіші 80 пайыздан асатын. Іле педагогикалық университетінде қазақ студенттердің салмағы басым болды. «Қазақ елі Тәуелсіздік алды» деген сөз арнаға сыймайтын қуаныш сыйлады. «Алыстағы ағайынға ашық хат» деген мақала басылған газеттің қиындысы қолымызға тиді. Сол күннен бастап елге кетуге асыққан арманым оянды.
Оралхан Бөкейдің: «Туған жердің қадірін білгің келсе, басқа жерде өмір сүр» дейтін сөзі бар. Мұны сәл басқаша өзгертіп: «Отанның қадірін білгің келсе, өзге елдерде өмір сүр» дейтін едім.
Еліміздің Тәуелсіздік алғанын естіген сәттен бастап, мана айтқанымдай, бізде бір-ақ мақсат болды. Ол – атажұртқа оралу. «Отан маған не береді, мен Отанға не берем?» деген сұрақтар ойда болған жоқ. Ол сәттегі сезім – сарқырап аққан бұлақ, буырқанып соққан боран секілді бөгеуге көнбейтін, ойлануға үлгертпейтін, тағатсыздана күтуден тұратын алапат сезім. Бұл – бұлақтың Ертіске, Ертістің мұхитқа құйғаны секілді табиғи құбылыс.
Біз 2000 жылы көшіп келдік. Жатақханадан жатақханаға, пәтерден пәтерге көшіп жүріп, 2006 жылы ғана қала сыртынан шағын үй салып алдық. «Көппен көрген ұлы той» демекші, кездескен қиындықтарды түсіністікпен қабылдадық.
Тәуелсіздіктің маған бергені мол. Осында тұрмысқа шығып, отбасын құрдым. Өткен жылы үшінші баламыз өмірге келді. Шығармашылық жолымда азды-көпті жетістіктерге жеттім. Қазіргі ең басты тілегім, Тәуелсіздігіміз баянды болсын!
Мағиза ҚҰНАПИЯҚЫЗЫ, ақын