ЖОҚТЫ ДАРЫТПАҚТАН БАРДЫ ДАМЫТПАҚ ЖАҚСЫ
Атақ адамға бір сәтте келіп, біртіндеп өмірін өзгертеді. Ал абырой біртіндеп келіп, бір-ақ сәтте айрандай төгілуі мүмкін. Яғни атақ-абыройға ұмтылу – өткіншілікке бас ұрумен бара-бар. Қоғамымыздағы көп жағдай бүгінгі халықтың уақытша атақ пен мезгілдік мансапқа құштар екенін растайды. Тіпті өзі бола алмағандар енді балам болсын деп, қызметі мен «құдіреті» барларды жағалауын қалыпты қабылдаймыз. Сол жолда адамгершіліктің алтын ережесінен аттап, малын да, арын да саудаға салатындарға да етіміз үйренген. Ал ата-анасы қабілет-қарымын ерте бағамдап, сол жолға бағдарлай білгендердің жетістікке көбірек жететініне мән бере бермейтін секілдіміз. Еңбегімен биікке шығу да өнер, сол биіктікте қала білу де тектілік. Демек, бойында жоқты дарытпаққа әуреленгенше, өзінде барды дамытпаққа талпынғанымыз дұрыс та шығар. Осы тұрғыдан келгенде, таланттардың тағдыр-талайына бәріміздің тигізер әсеріміз көп пе дейсің…
…Сіз қалай ойлайсыз?
– Табиғатынан ақынжанды қазақ негізінен гуманитарлық ғылымға жақын деген түсінік бар. Ал соңғы уақыттары баласын жаппай математикамен әуестендіретіндер көбейді. Осылайша жаппай біржақтылыққа салыну қаншалықты дұрыс? Бұл тұрғыдан келгенде өзге ұлттардың ұстанымы қандай?
Сейілбек МҰСАТАЕВ, саяси ғылымының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының профессоры:
– Бәсекеге қабілетті болу үшін ғылымның барлық саласын дамытуымыз қажет. Өйткені, қоғам өмірі түрлі салалардан тұрады, олардың біріне басымдық беріп дамытып, енді бірін артта қалдырсақ не болмақ? Негізі, шынайы дамуға қол жеткізу үшін, нағыз бәсекеге қабілетті болу үшін әр адам өзінің қабілет-қарымына қарай өмірден өз орнын табуы тиіс. Яғни жастайынан баланың қабілеті, қызығушылығы, бейімі қай салаға ауып тұрса, солай қарай дамытқан дұрыс-ақ. Абай атамыз айтқандай, «дүниенің кетігін тауып қаланғанға» не жетсін. Бірақ бізде жағдай басқаша. Ата-аналар өз балаларын жоғары немесе арнаулы оқу орындарына түсірерде қоғамдағы хал-ахуалға, үрдістерге, т.б. көп мән береді (қай мамандыққа сұраныс басым, грант көп, таныс бар, т.б.) Мамандық таңдау барысында балалардың қалауы, білімі мен қабілеті көбінесе ескерілмей жатады. Сөйтіп, «Жетектеп салған тазы түлкі алмас» деген мақалдың кері келеді. Бұрын заң, экономика, халықаралық қатынастар мамандықтары «мода» болатын. Жастар жаппай осы мамандықтарға оқуға түсетін. Саны бар сапасы жоқ гуманитарлық мамандар қаптады. Елбасы тапсырмасымен индустриалдық-инновациялық дамуға бет бұрып, техникалық мамандықтарға басымдық беріле бастап еді, жағдай өзгеріп сала берді. Гуманитарлық мамандықтарға мемлекеттік оқу гранттары қысқарып, керісінше, инженерлік-техникалық, математика, физика, химия мен биология салаларындағы мамандықтарға гранттар көбейді. Енді жастар жаппай осы мамандықтарға қарай бет бұрды. Жыл сайын жоғары оқу орындарын мыңдаған түлек бітіріп шықса да, «маман жоқ, мамандар жетіспейді» деген сөздерді көп естиміз. Сонда қалай болғаны?
Көріп отырғанымыздай, біздегі білім саласына ұшқарылық тән, бір шеттен екінші шетке жалт бұрылып жатамыз. Негізінде мамандықтың жаманы жоқ, мәселе жақсы маман болуда. Техникалық мамандықтар қандай қажет болса, гуманитарлық мамандықтар да сондай қажет. Мысалы саясаттануды алайықшы. Демократияны жоғарыдан, яғни билік тарапынан жасалатын жолдау, бағдарлама, нұсқаумен емес, төменнен, яғни халықтың сана-сезімінен, азаматтық бастамашылығы мен саяси өмірге қатысуын дұрыс жолға қоюмен дамытқан дұрыс. Қоғамның саяси санасы мен саяси мәдениеті дұрысталса, халық пен биліктің арасындағы бөгделену мен жіктелу жойылып, оның орнын «Биліктің қайнар көзі – халық» деген Конституциялық қағида басады. Сонда ғана Қазақ елі толыққанды демократиялық мемлекеттердің рейтингісіне ілініп, Елбасымыз межелеген әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына қосылуға мүмкіндігі арта түсер еді.
қазақ халқы ақынжанды немесе тумысынан тек гуманитарлық ғылымға жақын деген пікірді кезінде Кеңестер Одағының қалыптастырған стереотиптерінің бірі деп ойлаймын. Себебі, егемендік алған небары жиырма бес жылдың ішінде қазақ жастары ғылымның кез келген саласын тек отандық деңгейде емес, халықаралық деңгейде атсалысып келеді.
Қарлыға НАҚЫСБЕКҚЫЗЫ, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, журналистика факультеті деканының ғылыми-инновациялық жұмыстар және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі орынбасары, доцент:
– Қазақ халқының ақынжандылығын, өнерге жақын келетінін тарих дәлелдеген. Алайда, елден жырақта жүріп бір аңғарғаным, көптеген ұлттар арасында өзара ұқсастықтар жиі кездеседі. Айырмашылығы – әрбір ұлтың бойынан туған жерінің табиғатына, мәдениетіне, тарихына және тілдік ерекшеліктеріне сай мінез-құлықтарында немесе іс-әрекеттерінде ерекшеліктер кездеседі. Мысалы, тек ақпараттық технологияны керемет меңгерген деген түсінік қалыптастырған индиялық жастардың арасында гуманитарлық ғылымға бейімдері көп. Яғни айтайын дегенім, қазақ халқы ақынжанды немесе тумысынан тек гуманитарлық ғылымға жақын деген пікірді кезінде Кеңестер Одағының қалыптастырған стереотиптерінің бірі деп ойлаймын. Себебі, егемендік алған небары жиырма бес жылдың ішінде қазақ жастары ғылымның кез келген саласын тек отандық деңгейде емес, халықаралық деңгейде бағындырып келеді. Бұл пікірдің екінші бір тамыры тағы да Кеңестер Одағы идеологиясында жатыр. Кеңестер Одағы кезінде қазақ ұлтының басым бөлігі ауылдық жерлерді мекен етті. Шалғай ауылда қаладағыдай математика немесе физиканы тереңдетіп оқытатын арнаулы мектептер болған жоқ. Сондықтан ауыл балалары тіл мен әдебиетке немесе география мен тарихқа көбірек бейімделді. Қазіргі қоғамның ерекшелігі – оның сандарға, деректерге және ақпараттық технологияға негізделуінде. Сондықтан қанша мың қазақ жастары математиканы меңгерсе де, олардың ешқандай артықтығы болмайды деп ойлаймын. Түсіне білген адамға өмірдің өзі – математика. Яғни есепсіз өмір жоқ. Осы тұрғыдан келгенде өзге ұлттардың ұстанымы қандай дегенге келер болсақ, бұл әр ұлттың білім жүйесінің ерекшелігіне тікелей байланысты. Себебі, дамыған батыстық мектептер мен жоғары оқу орындарының арасында қалыптасқан көпір бар. Мысалы, АҚШ-тың білім жүйесіне назар аударсақ, мектепте оқып жүрген балаңыз ертең қай университетке баратынын анықтап, орта мектептен бастап, өздеріне қажет пәндерді таңдай бастайды. Тіпті, аса дарынды оқушылар мектеппен бірге университеттерде де қатар оқиды. Тағы бір басымдылық, ең үздік профессорлар үздік оқушыларға аптасына бір немесе екі рет жеке кеңестер беріп, ғылыми жобаларға қатыстырады. Міне, бұл дамыған АҚШ тәжірибесі. Ең бастысы, оқушы сол пәнді немесе сол пәнге қатысты таңдалатын мамандықты өз еркімен, бейімділігіне немесе қабілетіне сай таңдады ма, соған алаңдауымыз қажет. Осыған мысал ретінде айтарым, ғылыми жұмысыма байланысты қазіргі кездегі журналистік білім берудің ерекшелігі турасында Е.Скриппс атындағы журналистика мектебінің (АҚШ) студенттері арасында сұхбат жүргіздім. Сонда студенттердің басым көпшілігі мамандықты таңдауда ең алдымен пән мазмұнының ерекше ықпал еткенін айтты. Және өздері қалаған бір пәнді терең меңгеру арқылы өзге де пәнге деген қызығушылығының артқанын мәлімдеді.
Жасыратыны жоқ, бізде дамыған батыстық білім беру жүйесіндегідей мектеп пен жоғары оқу орындарының арасында байланыс толық қалыптаспаған. Бірен-саран ғана ғылыми жоба жеңімпаздары немесе олимпиада, республикалық жарыстардың жеңімпаз оқушылары мектептен кейін сынақсыз университеттерге бірден қабылданып жатады. Ол көлге тамған бір ғана тамшы секілді. Және ол оқушылардың бәрі бірдей талантты, сол конкурстардың әділетті түрде жеңімпазы атанды дегенге де толығымен сену қиын. Екіншіден, қолында қаржысы жоқ ата-ана талантына сай болмаса да, гранттың көп бөлінген мамандығына құжат тапсыруға баланы мәжбүрлейді. Сол мәжбүрлеудің соңы біліксіз тағы бір маманды еңбек нарығына әкеледі. Басқаша айтқанда, қолына тиген дипломының жемісін көру бақыты бітіруші түлектердің бәріне бірдей бұйыртпайды. Өзінің жүрегі қаламаған, бейімділігі жоқ мамандықты оның ақыл-ойы да оңайлықпен қабылдай қоймайды. Яғни төрт жыл зая кеткен уақыт және ата-ананың желге ұшқан қаржысы ғана өткен күннен белгі болып қалады. Ал шетелдік тәжірибенің басты артықшылығы – мектепті аяқтамастан бұрын әрбір жас жеткіншектің көкейінде «Мен нені қалаймын?», «Менің таңдауым не?» деген секілді сауалдарға жауаптары дайын тұрады.
Осыдан оншақты күн бұрын АҚШ-тың Сан Диего қаласында өткен халықаралық конференцияда баяндама жасадым. Сонда Қазақстан жайлы зерттеулер жүргізіп жүрген америкалық бір ғалым: «Сіздер алғаш егемендік алған жылдары қайтсек қазақ тілін мемлекеттік тіл деңгейіне көтереміз деп ұрандадыңыздар. Көптеген қарсы пікірлерге қарамастан, орыс тілін ресми тіл деңгейінде мойындадыңыздар. Ал қазіргі кезде ағылшын тілін оқытуды белсенді қолға алудасыздар. Сонда болашақта қазақ жастары қай тілде сөйлейтін болады және олардың ұлттық бірегейлігі сақталады деп ойлайсыз ба?», – деген сауал қойды. Тосыннан қойылған бұл сұраққа өз жауабымды бердім. Алайда, сол сауал әлі күнге мені мазалайды.
– Біздің талантты, дарынды деген адамдармен қарым-қатынасымыз қандай? Кей мықтыларды мақтап-мақтап мақсатынан адастырып алатынымыз жасырын емес. Қазақ атын әлемге паш еткен Димашқа дәл қазір қазақ тарапынан қандай пейіл қажет деп ойлайсыз? Талантты тану мен талантқа табынудың ара салмағын айыра айтсаңыз.
Сейілбек МҰСАТАЕВ:
– Ежелден ру-тайпалық өмір кешкендіктен, қазақ жаны ұжымдасып өмір сүруге бейімделген. Жеке жүріп, дарабоз болу қалың қазақтың ішіндегі жүрегінің түгі бар, батыр тұлғаларына ғана тән, ал жалпы, қараша қазақтың жаны жалтақ. «Бөлінгенді бөрі жейді» деп, топ жарып шығуы қиын. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» демекші, ішінара бас көтеріп, елім деп еңіреген, жұртым деп шырылдаған қазақтың нар қасқаларына халықтың қолдауы жетіспей, опық жеп, опат болғаны қаншама. Біз тарихтан сабақ ала білуіміз қажет, тарихты тұлғалар жасайтынын, бір ғалымның ашқан жаңалығы барша адамзаттың тағдырын өзгертетінін ұмытпайық. Жеке адамды, оның ішінде, талантты, нағыз интеллектуалдарды дамытуға жағдай жасауымыз қажет. Зияткер ұлт болуымыз үшін интеллектуал жеке адамдарымыз көп болуы шарт, зиялы қауым күшті болуы керек.
Бірақ қазақтың мінезі бірде ыстық, бірде суық. Біреуді не бірнәрсені жақсы көрсек, көзсіз жақсы көреміз, жек көрсек, иттің етінен жек көреміз. Мақтасақ асыра сілтейміз, жамандасақ, жер-жебіріне жетеміз. Мақтансақ, ісіп-кебеміз, ұялсақ, жерге кіріп кете жаздаймыз. Анша-мұншаға үндемейміз, ал ашулансақ қиын, қопарып-төңкереміз. Орысша үйреніп едік, орыстан озып, қазақ тілін ұмытып кеттік. Өткен ғасырда ғана атеизмге ұрынсақ, бүгін міне, діни фанатизм мен экстремизмге душар болып отырмыз. Қазақтың жаны бір шеттен екінші шетке, ұшқарыдан ұшқарылыққа қарай аласұрады да жатады. Сол сияқты, тума таланттарды мойындауымыз да қиын. «Қолда барда алтынның қадірін білмей», артынан кеш түсініп жатамыз. Мұның барлығы біздің қанымызға сіңген әдет сияқты, бұрын да солай болған, қазір де солай, болашақта да арыла қоюымыз неғайбыл. Әрине, Димаш қазақтың мақтанышы. Мақтауға да, қолдауға да, марапаттауға да лайық талант. Өзінің дарынымен, талантымен бүкіл әлемді мойындатты. Бірақ Димаш Қытайға барып бағын сынамаса, өз Отанында сондай табысқа жете алар ма еді? Міне, мәселе қайда жатыр. Біз үшін Димаштың басынан өткен жағдайдан сабақ ала білу аса маңызды сияқты. Қазақтың ішінде Димаш сияқты әлеуеті зор, түрлі саладағы талантты жастар әлі де көп. «Бұлақ көрсең көзін аш» демекші, соларды тауып, демеп, қолдау көрсете білуіміз қажет.
қазақтың мінезі бірде ыстық, бірде суық. Біреуді не бірнәрсені жақсы көрсек, көзсіз жақсы көреміз, жек көрсек, иттің етінен жек көреміз. Мақтасақ асыра сілтейміз, жамандасақ, жер-жебіріне жетеміз. Мақтансақ, ісіп-кебеміз, ұялсақ, жерге кіріп кете жаздаймыз. Анша-мұншаға үндемейміз, ал ашулансақ қиын, қопарып-төңкереміз. Орысша үйреніп едік, орыстан озып, қазақ тілін ұмытып кеттік. Өткен ғасырда ғана атеизмге ұрынсақ, бүгін міне, діни фанатизм мен экстремизмге душар болып отырмыз.
Қарлыға НАҚЫСБЕКҚЫЗЫ:
– Бір кездері ағылшынның әдебиет сыншысы Сэмюэл Джонсон: «Адамның есімі – сатып ала алмайтын дүниелердің бірі.
Ол – адамзат еңбегінің нәтижесінде келетін тегін сыйлық» деген екен. Яғни әрбір пенденің өмірде өз таңдауы бар. Алайда, көптеген жағдайлар біздің болашағымызға тікелей ықпал етеді. Соның бірі адам бойындағы өзіне ғана тән талантының болуы. Талант деген ұғымның біржақты қалыптасқан түсінігі жоқ. Әрине, талант адамға туабіткен қасиет, тек оны дамыта білу әркімнің өз қолында екені сөзсіз. Шын мәнінде әрбір адам талантты, дарынды. Тек тоқтаусыз еңбек етіп, өмірден өзі қалаған дүниесін тапқандары ғана сол дарыны мен өнері арқылы көпке танылады. Жалпы алғанда, біздің талантты адамдарға қарым-қатынасымыз қандай деп емес, дарындылардың өзіне және жұртына қарым-қатынасы қалай болу керек деп сұраған дұрыс шығар.
Иә, біздің қоғам – атаққа құмар қоғам. Кез келген мейлі талантты немесе қарапайым адам өз өмірінің қожайыны өзі екенін жүрегімен ұғынуы тиіс. «Кей мықтыларды мақтап-мақтап мақсатынан адастырып алатынымыз да шындық» дегенге келер болсақ, талантыңмен танылдың ба, ақылыңмен бақытыңа бағыт бере біл. Танылған талантқа тағзым ету халықтың парызы болса, сол халқына қарапайымдылықпен қызмет ету дарындылардың қарызы деп ойлаймын.
Ал Димаш бүгінде қазақтың рухын көкке көтеріп, әлемге паш етіп отырған талантты жас. Ол қазірде әлемге қазақ халқын, Қазақстанды танытудың тамаша брэнді ғана емес, еліміздегі жастарға үлгі боларлық жеке тұлғаға айналды. Ендігі кезекте өзі секілді талантты жастарды өзіне тартып, олардың да әлемге танылуына мүмкіндік мол екенін көрсете білгені жөн. Егер шетелдік тәжірибені қарасаңыз, керемет талантымен талайды табындырғандар жиған атағы мен мол қаржысын қоғамға аз да болса өзгеріс әкелуге жұмсайды. Ал біздегі үрдіс бойынша, олар жеке басының әлеуметтік тұрмысын түзейді, зәулім үйлер салуға, керемет қымбат көлікке мінуге, құны бір отбасының бір айлық табысына сай келетін шетелдік атақты брэндтің бір ғана шыт жейдесін алып киюге құмар. Мұнда мен олардың тапқан табысына немесе тұрмысының түзелгеніне қарсылық білдіріп немесе сынайын деп отырған жоқпын. Айтайын дегенім, сол дүниеқоңыздық тірлік оның өмір сүріп отырған қоғамға, адамдарға деген көзқарасын өзгертеді. Ал қарапайым халықтың оған деген көзқарасы өзгермейді, оны дәл сол бұрынғы қалпында қабылдайды. Міне солайша халық пен талант арасындағы айырмашылық қалыптасады және ол біртіндеп арта береді. Оның соңы кешегі нағыз талант иесін бүгінгі жалған атаққа мастанған атаққұмар жанға айналдырады. Біздің қоғамның әлсіздігі де осында, уақытша дүниеге, бос мақтанға қызығушылықтың басымдылығында. Талантты тану дегеніміз – өмірдің кез келген саласында ерекше талантты жандарға қоғам назарын дер кезінде аударта білуге атсалысу. Ал талантқа көзсіз табыну дегеніміз – бұл қоғамдағы адамдар арасындағы қарым-қатынасқа тікелей байланысты. Өркениетті елдерді алсаңыз, олар талантты жасты қолдай да біледі және олардың халыққа қызмет етуіне талап қоя да біледі. Соңғы екі-үш жыл көлемінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне жыл сайын Нобель сыйлығының иегерлері келіп дәріс өткізу дәстүрге айналды. Сол кездесулерден түйген ойым – олар біздің «таланттар» секілді «Мен Нобель сыйлығының лауреатымын» немесе «Мен ол атақты қалай алдым» деген секілді атаққұмарлық әңгіме айтпайды. Сол жетістікке қол жеткізу жолында қажет болатын қажырлы еңбек пен тәжірибенің маңыздылығын қарапайым тілмен әңгімелеп береді. Яғни олардың айтары кез келген адам талантты, ал оны таныту биік тауға шығумен бірдей. Бұл студенттерге ауадай қажет кеңес деп ойлаймын. Яғни өркениетті қоғам таланттардың өздерін емес, өнерін бағалайды, ал өздерін мойындату үшін оларға кәдімгідей тер төгуге тура келеді. Бұдан шығатын қорытынды, біздегі кемшілік – таланттарды оның өнерімен қатар, жеке адамгершілігі, қарапайымдылығы, көркем мінезі, терең саналылығы немесе ақылдылығына қарап емес, оның қолындағы уақытша тиген қызметіне, ертең ұмытылып қалар өнеріне немесе атағына қарай бағалауға үйренгенбіз.
– Қазақта әлемде атағы жер жарған кей жазушылардың жазғанын он орайтын шығармалар бар. Яғни оларды әлемдік деңгейге көтере алмаған өзіміз. Мойындау мен мойындату мәселесі бізде қазір мадақтау мен мақтатудан ары аспай тұрғаннан сау емес пе? Бұл үдеріс қаншалықты қауіпті?
Сейілбек МҰСАТАЕВ:
– Қазақ елінің Батыс пен Шығыс өркениеттерінің арасында орын тебуі қазақ жанын әрі-сәрі күйге түсіріп, оның бойына еліктегіштік, ксенофилия, толеранттылық сияқты қасиеттерді дарытты. Қазақ даласын Ұлы Жібек жолының басып өтуі Қытай мен Еуропа арасындағы сауда керуендерімен бірге жүрген түрлі дін, мәдениет, ұлт өкілдерінің қазақтармен қарым-қатынас жасауына игі ықпал етті. Қазақ жерінде бұдан бөлек Ислам дінінің таралуы, Шыңғысханның жорықтары, жоңғар соғыстары, Ресейдің боданына айналу, кеңестік кезеңдегі индустрияландыру, тың игеру сияқты түрлі тарихи-саяси процестер сапырылыса жүріп, шартараптан жиналған түрлі мәдениеттер тайқазандағы еттің сорпасындай бүлкілдеп қайнап, қойыртпаққа айналды. Осылайша, қазақ жаны шығыс пен батыстың өзара диалогындағы рухани дәнекердің ролін ойнады. Мұндай жағдайда басқаға еліктеудің орын алуы заңдылық. Қазақ жаны еліктеудің арқасында өзге мәдениеттерден жақсыны да, жаманды да бойына сіңіріп, гибридті (аралас) күйге түсті. Таңқаларлық түгі жоқ, қазақтың жаны да, тілі мен мәдениеті де, діні мен ділі де гибридті. Қазақ жанының еліктегіш болуы ксенофилияға (ксено – бөгде, филия – сүю) ұласып, қолында бардың қадірін білмей, бөтендікіне қызығуды, өзінікіне қарағанда өзгенікін артық көрушілікті
туындатты. Кейбір қазақтар нағыз ксенофилге айналып, ана тілінен гөрі шет тілін ардақтайтын, төл мәдениетіне қарағанда бөтеннің мәденитетін дәріптейтін, бейтаныс дінді ұстанатын рухани дертке шалдықты. Мұндай «гибридті» маргинализм, мәңгүрттік, мультикультурализм, космполитизм сияқты түрлі атаулармен атап жатамыз. «Гибридті» адам толерантты келеді (түсіністікпен төзе білу, яғни адамгершілік тұрғыда ұлты, тілі, діні, ділі басқаларға түсіністікпен қарау). Қайғы-қасіретті, азап бейнетті, отарлық езгіні көп көрген қазақ халқы басқа ұлттардың басына түскен ауырпалықты бөлісуге, олардың ұлттық ерекшеліктерін сақтауына көмектесуге қашан да даяр.
Еуропа мен Азияның, Батыс пен Шығыс өркениеттерінің арасында өмір сүруді Құдай маңдайына жазған қазақтың жаны сан ғасырлар бойы өзін-өзі қалай айқындарын білмей (идентификациялау), іздеумен, адасумен келеді. Бабамыз Қорқыт ата да өлімнен қашып, мәңгілік өмірді іздеп, дүниенің төрт бұрышын кезсе де, «Қорқыттың көрінен» құтыла алмаған. Асанқайғы бабамыз да желмаясына мініп алып құтты мекен боларлық «Жерұйықты» іздеген. Бабаларымыз туралы аңыздардан да қазақ жанының ерекшелігін байқауымызға болады. Қарапайым тілде бейнелеп айтсақ, қазақ ұлты бірнәрсесін жоғалтып алып, жоқ іздеп жүрген адам іспетті. Қазақ жаны ежелден романтик, қиялдағыны іздегіш. Арман қуып, от пен суға түсуге даяр. Қазақ жаны сайын далада жортқан, сәттілікке сеніп, азық іздеген бөрі қасқырға ұқсайды. Қазақ «қасқырдай» десе мақтанады, «итсің» десе ренжіп, намыстанады, өздерін көк түркіміз, көк бөрінің ұрпағымыз деп санайды. Қазақ «Ер азығы мен бөрі азығы жолда» деп, ғайыпқа сеніп, жолға шығады. «Ер үйде туады, түзде өледі» дейтін қазақ іздеумен, жоғалтумен, адасумен келеді. Өркениеттің көшіне, саясаттың ағынына ілесеміз деп, өз жолынан адасып, ұлттық ерекшеліктерін жоғалта жаздаған кездері көп. Ресейге бодан боламыз деп, одан кейін коммунизм құрамыз деп жүріп, қалай орыстанғанын, мәңгүрттеніп үш ғасыр адасқанын аңқау қазақ байқамай да қалды. Тәуелсіздік алғалы бері қазақ есін жинап, жоғалтқанын тауып, өшкені жануда. Мұдайда қазақ «Адасқанның несі айып, қайта үйірін тапқан соң», «Ат адасса, қазығын табар» деп ақтала салады. Міне, Елбасымыз баршамызға рухани жаңғыру міндетін қойып отыр. Осы Сіздің сұрағыңызда қойылған мәселені рухани жаңғыру барысында ескеруіміз қажет.
Қарлыға НАҚЫСБЕКҚЫЗЫ:
– Қазақта тамаша талантты жазушылардың көпшілігі әлемге қажетті деңгейде танылмағаны рас. Алайда, оларды әлемдік деңгейге көтере алмау тамыры кітап оқу мәдениеті мен әдеби ортаның дұрыс қалыптаспауынан бастау алады деп ойлаймын. Сонымен қоса, оған баспалардың әлсіздігі мен жазушының немқұрайлығы да себепкер. Әлемде кітаптан бұрын бірінші баспалар танымал, екінші кітаптың атауы, үшінші оның авторы. Ал бізде ше, керісінше, тамаша қазақ жазушыларының атын білеміз, егер оқырманнан оның жаңа шыққан кітабы жайлы сұрасаңыз, оны оқығандар саны мардымсыз, ал баспаға келер болсақ, оған тіпті ешкім назар аудармайды. Мәселен, бізде кейбір орта және жоғары тап өкілдерінің киімді брэндіне қарап таңдап кигені секілді, шетелдерде кітапты шыққан баспасына қарап, таңдап оқиды. Сонымен қоса, жазушының жұмысы біздегіге қарағанда жеңілдеу. Егер жазушының жазғаны алдыңғы сынақтардан сүрінбей өтсе және оны шығаруға келіскен баспалар кітаптан пайда табатынына көзі жетсе, оны оқырманға мойындату баспаның еркінде. Олар кітапты жеткілікті таралымда басып шығарады, сатады, сұраныс болса кез келген шет тіліне аударады және түскен табыстан белгілі бір пайызды авторға төлейді. Яғни кітап бизнесі дұрыс жолға қойылған. Бұл жазушыны жұмыссыз, халықты жаңа кітапсыз қалдырмайды. Сондықтан бізде тамаша талант иесін мойындау бар да, ал оның сол өнімінің пайдасын қоғамға мойындату мәдениеті толық қалыптаспаған.
Дайындаған Айнара АШАН.