ЗАМАНЫНАН ОЗЫП ТУҒАН…
28.04.2017
4040
2

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор


Қоғамды қозғайтын, адам санасын өзгертетін тұлғалар болады. Олар өзінің қатарынан, заманынан озық туады. Өткен ғасырдың 60-80 жылдарының арасы қазақ руханиятына дарындыларды үйіп-төгіп-ақ беріп еді. Өкініші, солардың көбінің ғұмыры қысқа болды. Орыс әдебиетінің бағына туған Писарев секілді құйрықты жұлдыздай жарқырап жанып, ағып түскен жарықтарымыздың бірі  –   қазақ мәдениеті мен әдебиетінің дамуына, ұлттық сананың өсуіне үлкен үлес қосып кеткен асылдардың бірі – Сағат Әшімбаев болатын.

Мен Сағатқа дәріс оқыған, оны жақсы білген кісілердің бірімін. Сағат та заманынан озып туған азамат еді.  Кездескен кезде қынабынан суырылған жалт-жұлт еткен қылыш елестеуші еді көзге. Қай ор­таға барса да сыйып жүре беретін, өзінің пікірін бүк­песіз ашық айтатын, оппонентін лезде ашық пі­кірге шақыратын. Бұл, сірә, көп оқып, көп то­қығанынан болар. «Мына мәселе туралы көзқара­сыңыз қалай?.. өзім былай ойлаймын», –  деп, «әу» деп ауыз ашқаннан-ақ ұршықша үйіріп, жіпсіз же­те­леп, ағыл-тегіл текті сөзге қарай жетелеп әкететін. Жатсыну, тіксінуді білмейтін, аңқылдаған ақпейіл көңіл­дің тереңіне сүңгігендей әсерде болатынбыз. Қа­лай шүйіркелесіп тіл табысып кеткеніңді білмей қа­латынсың.

Сағат көп оқитын, қайда жақ­сы кітап түсті десе, күндіз қолына шам алып іздеп тауып, оқымай тынбаушы еді. Шөлдегі жолаушы секілді білуге, білім кәусарына мей­ір қандыруға, құныға, құл­шы­на ізденуге әрдайым бейіл еді. Сол білгенін өзінің пайымына, байлауына қосып төгілдіріп айта жөнелгенде, кісі еріксіз ұйып тың­дайтын. Тыңдарманы көп болатын.
Сағат ініміз әдебиеттің тұл­па­рына мінгенде М.Әуезов,
Е.Ыс­­майылов, Б.Кенжебаев аға­ла­рымыз бақи жалғаннан озып, көркем сөздің туын тіккен жазушылар ортасы бос қалғандай, әсіресе әдеби сын жанры жетім баладай жалтаң, азусыз халде еді. Сол бәсеңси бастаған әдеби сын­ның түтінін қайта шығарып, түн­дігін желпілдеткен Сағат бас­таған бір топ жас перілер болатын. Ол әдебиетке келіп қосылған жаңа леп, тың күшті елден бұрын сезіп білді. «Балықшы балық­шыны алыстан таниды» демекші, өзімен тұстас келіп жатқан жаңа толқынға жетекші бола білді, соңы­на ілестірді, солардың сөзін сөйледі. Қай-қай ортадан болсын өзіне таныс, біліс, сырлас сыпайыны жылдам-ақ тауып ала қоятын.
Сағат Хан Тәңірінің балапан қыранындай топшысы ерте қатайып, түлеп ұшқан тастүлек еді. Өртеңге шыққан гүлдей ә дегеннен-ақ жайнап, жарқырап көзге түсті. Ол табиғаты таза, өзі­нің кіндік қаны тамған Аспантаулар әлемінің мөлдір бұла­ғын­дай, кәусар бастауындай, жасыл құрағындай қазақ әдебиетінің шоқ жұлдыздай алыптарынан бастап, одан кейінгі ақын-жазу­шыларға, өзінің тұстас­та­рына, сол кездегі оқырманы көп қазіргі «Жас Алаш», бұрынғы «Лениншіл жас» арқылы қалың жұртшылық­қа қаршадайынан-ақ танылып үлгеріп еді. Өз ортасынан суырылып шығып ерте көзге түсіп еді.
Академик Мұхаметжан Қара­таев: «…айтулы әдебиет сыншысы, сарапшысы, әділетсіздікке төз­бей­тін сарбаз атанды. Сағат­тың «Сын мұраты» атты тұңғыш жи­нағы – осының айғағы» –  деп жазғанда, Сағат бар болғаны қыл­шылдаған жиырманың үс­тін­дегі жас жігіт еді. Азаматтық, сыншы­лық позициясы берік қаламгер болып қалыптасты. Өз өмірін, еңбегін адам рухының биіктігі мен  тазалығын қорғауға арнады.
Өткір көздері көзәйнегінен ұшқындап, жүзінен нұр төгіліп тұратын қыр мұрынды, дөңгелек жүзді жігіт еді. Аузын ашса көмейі көрінген ақкөңіл еді. Оқығаны да, тоқығаны да көп еді. Төл әде­биетімізді былай қойғанда, әлем әдебиетінің айдынында еркін жүзіп, батысты оқып, шығысты тоқып өсті. Замандастары арасында ойлылығымен де, терең­дігімен де, бүкіл бітім-тұлғасымен де оқшауланып айрықша көрінетін. Тұнық көздері де, те­рең сөздері де, көзілдірігі де, жел­кесіне төгілген шашы да өзі­не жарасып тұратын. Жүзіне шын­­дық, жүрегіне жылылық ұялаған жан еді.
Саңлақ сыншы Сағат әдебиет әлеміне алғаш аудармамен келді. Ол 1966 жылы Мәскеудің «Прогресс» баспасынан шыққан «Афоризмы» атты әлем ақыл-ой алыптарының даналық сөздері болатын. «Сын мұраты» (1974) атты тырнақалды туындысы үшін 1976 жылы Жастар сыйлы­ғының лауреаты атанды. «Талант­қа тағзым» (1982), «Парасатқа құш­тарлық» (1985) атты сын кітап­тарын жұртшылық жылы қабылдады. Өзі өмірден өткен соң «Шындыққа сүйіспеншілік» (1993) атты еңбегі жарық көрді. Аталған еңбектердің әдеби, ғы­лыми айналымнан түспей, әр­кез сұранысқа ие болуы Сағат есімі­нің сан ғасырларға бараты­ны­ның, артында қалған мұра­сы­ның өлмейтіндігінің  айқын айға­ғы.
Екінің бірін көзге іле қоймай­тын, паңдығы бір басына жетіп артылатын сырбаз қаламгер Ға­бит Мүсірепов Сағатты ерекше баға­лап, інілерінің бірі санап, сали­қалы сұхбаттар бергеніне бәріміз де куәміз. Сағат асыл аға­сы туралы қадау-қадау мақалалар да жазды. Сол дүниелер қазір ұлы қалам­гердің ұлттық бейнесін көр­сететін құндылыққа айналды.
Текті адамдардың бірін-бірі жазбай танитынына тәнтімін. Мен осыған інімнің артында қал­ған мұрасымен танысып оты­рып тағы да көз жеткіздім. Сағат, әсіресе, үш ұлыны пір санапты, ардақ тұтыпты. Шығар­ма­ларын талдап, желісіне арқау болған алуан түрлі оқиғалардағы ұлттың ұлылығын, халқының қасиетін бір арнада тоғыстырып, биікке көтеріпті. Олар – данышпан Абай, ұлы Мұхтар Әуезов, қара сөздің хас шебері Ғабит Мүсірепов.
«ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ халқы сана-сезімі оянуының бұрқ еткен ең айқын көрінісі – Абай поэзиясы. Ұлттық сана-сезім оянуының басы Абай…», – дейді Сағат. Дұрыс айта­ды.
Кемеңгер Мұхтар Әуезов туралы: «Кезінде Белинский Пуш­кин­ді Байронмен, не соңғы­сын алдыңғысымен салыстыру рабайсыз деген ғой. Сондықтан да Н.Погодиннің: «Әуезов – қазақ­тар үшін екінші Абай, біз үшін Шығыстың Шолоховы», – деген сөздері орынсыз-ақ. Мұнда пә­лен­дей терең ой жатқан жоқ. Шын­дығына келгенде, Әуезов пен Шолохов творчествосы екі бөлек ұлан-ғайыр дүниелер. Шығармашылық лабораториясы ұқсамаған жазушыларды бір-бірімен салыстыру қалай десек те көңілге қонбайды. Екіншіден, Әуезов Абай жетпеген биікке көтерілді. Абай айтпаған кең ты­нысты ойлар айтты, яғни ұстаз­дан шәкірті озды. Әуезов өз ұста­зын қайталамағандықтан ғана ұлы. Және Әуезов Шығыс­тың Шолоховы еместігін, Шы­ғыс­тың ұлы екендігін дәлелдеп берді, өзі соның жарқ еткен жарқын кө­рі­нісі бола білді. Олай болса, кейде жо­ғарыдағыдай бір жақты пікірлерге мәз болу жарасымсыз-ақ».
Шынында, көп жұрт осы сөздің ақ-қарасын анықтамай, байыбына жетіп, пайымын аң­ғармай малданды. Мақтан етті. Бірақ ұлы қаламгер шыққан шың­ға тұман іліп қойғанын аңғармады. Сағат сол тұманды парасаттылықпен, ойлылықпен ысырып тастады. Тума талантты, даусыз дарынды өз тұғырында қалдырды. Солай таныды. Оны ол кезде көбіміздің біле қойғаны­мыз жоқ. Осының өзінен-ақ сыншы Сағаттың кең құлашты, кемел ойлы кісі екенін көруге болады. «Көп айтты – болды» де­мей, өзінің байламын күміл­жіп-кібіртіктемей, күнге бағып күлбілтелемей анық айтқан Са­ғат­қа қалай риза болмайсың. Кең­естік дейтін заманда, жұрт­тың үнемі жоғарыға қарап жал­тақ­тап сөйлейтін уақытында, Са­­ғаттың дәл осылай батыл, се­нім­­ді сөйлеуі шынында да батыр­лық еді.
Сонау ықылым заман, көне тарихтан бастап, Пушкин, Абай, Байрон, Толстой, Достоевский, Гете, Данте, Бунин, Әуезов, Маркес, Хемингуэй шығармаларын зерделей отырып бүгінгі қазақ прозасы мен поэзиясының хал-ахуалы төңірегінде ой тербеуі Са­ғаттың  деңгейінің қаншалық­ты биік болғандығының айқын дәлелі. Білу бар да, оны әдебиеттің әжетіне жарата білу бар ғой, Са­ғат терең білімін туған әдебие­ті­нің мұратына арнай білді. Бұл шындықты да мойындау қажет. Асылы, әдебиет әлемін еркін игеру Сағат секілді санаулылар­дың ғана еншісіне жазылған. Әйтпесе, бізде білмей тұрып біл­гіш­сінетіндер аз емес.
Бұл аз десеңіз, Сағат Мұхтар Әуезовтің дарын, қарымын орыс әдебиетін былай қойып, Еуропа әдебиетімен иық тірестіре алатынын, тіпті жоғары тұрғанын риясыз дәлелдейді. «Орыс әдебиет­шілері осынау әдебиетті ХІІ ғасыр­да туған «Игорь полкі туралы жырдан» «Тынық Донға» дейін­гі аралықта алып сөз етіп жүр. Ал біз әдебиетіміздің алтын бастауы саналатын V-VІІІ ғасыр­лардағы Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінен Әуезовтің «Абай жолына» дейінгі кезеңдер бойынша алып қарайтын болсақ, жалпы әдебиетіміздің даму тари­хы­ның тым әріден басталатын­ды­ғын көруге болады. Біздің көр­кемдік ой-санамыздың даму тарихы әріден басталатындығы зор мақтаныш! Осындай терең арналы әдебиетте Әуезов өзіндік үнімен қалмақ. Егер батыс әде­биет­шілері Әуезовті шығыстағы Бальзак, Мопассан, тағы басқа деп жатса, мүлде қисынсыз пікір болар еді. Ол осы халыққа көрсе­тілген рухани сый-құрмет емес, мүсіркеушіліктен туған жадағай пікір екені дәлелдеуді қажет ет­пейді». Көріп отырғанымыздай, сыншы Әуезовтың ұлы екенін, әлемдік әдебиеттің асқаралы шыңдарының бірі екенін дәлел­дейді.
Сағаттың бұл сөзінің астарында елдік рух жатыр. Астарлы сөз жатыр. Тәуелсіздік тұсында бәріміз айтып жүрген, біз ешкім­нен кем емеспіз, ұлы десең  ұлы­ла­рымыз бар, дана десең даналарымыз бар, иық тірестіріп, сөз жарыстыра алатын алыптарымыз  да бар дегенді Сағат орда бұзар отызында-ақ айтып кетті. Сондай атпал азаматын ардақтаудың үлгісін көрсетіп отырған бүгінгі іс-шаралар әдебиетшілер үшін ғана емес, бүкіл қазақ мемлеке­ті­нің ақ адал азаматтары үшін орны бөлек деп білемін.
Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында бәрін қалай орын-орнымен айта білген десе­ң­ізші! Бейсекең бастап, мен қош­тап зерттеген әдебиетіміздің ерте дәуірі жайында, байтақ эпоста­ры­мыздың құдіреті жайында көп білгісі келіп, құмартып ұзақ әңгі­ме­лес­кеніміз әлі есімде. Ғажайып эпостарды,  дастандарды, құді­рет­ті күйлерді, тамылжыған ән­дер­ді дүниеге әкелген қазақтың осы ұлы мұраларын әлі күнге дейін әлемге танытып, мойындата алмай жүргеніміз аянышты әрі өкінішті-ақ.
Мені Сағаттың ерекше алғыр­лы­ғы мен алымдылығы таңдан­ды­ра­ды. Ол жап-жас кезінде-ақ аталы сөз айта білді. Ол тағы бір­де былай деп жазады: «Жалпы, Аб­ай өмірі, Абай заманы төрт кітап­қа арқау болды ғой деп, тарихи адамдарымыздың өмірінен міндетті түрде екі-үш немесе төрт-бес кітап жазуды «модаға» ай­налдырмаған жөн сияқты».
Мұнысы да боямасыз шын­дық. Әлем әдебиетінде Абай секілді алыптарды  танытудың сан түрлі жолы бар. Оған мен бір мысал келтіре кетейін. Орыс әде­биеті Пушкинді әлі күнге зерттеп, зерделеп біте алмай жатыр. Бір қуанарлығы, біз данышпан Абайдың да сондай қырларына дендеп ене бастадық. Мәселен, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын ақ орда десек, әлгі жазылып жатқан, жазылатын еңбектер оның көркіне көрік қосатын ақшаңқан отаулар ретінде кең қанат жая береді. Әр нәрсеге еліктегіш халық екеніміз­ді ескерсек, Абай жайындағы төрт томды оқығаннан кейін татитын, татымайтын көп томды тарихи романдар, қазақ әдебие­тін­де көбейіп кетуі мүмкін еді. Сағат орынды-ақ ескерткен.
Сағаттың Абай туралы ма­қа­ла­ларын оқысаңыз, ол ұлы ақын­ның өлеңдерін талдап қана қой­майды, алда атқарылар істі, әлі де тереңдете түсер тақырыптар­дың бар екенін еске салып отырады. Әсіресе ақынның гуманис­тік қасиет, адамгершілік және мор­аль мәселелеріне, Тәңір сө­зі­нің астарында әділдік пен шын­дық­тың жатқанына, дүниеде себе­псіз ешнәрсе болмайтынына, жасандылық пен жалған­дық­тың ғұмыры ұзақ еместігіне  тал­­д­ау жасай келіп, бұл тақырып­тар қазақ үшін мәңгілік дегенді меңзейді. Сағат шығарма­шы­лығының өн бойынан адамға сүйіспеншілік, өмірге іңкәрлік айқын аңғарылады.
Сағат Әшімбаев саналы ғұмырында қадірлеп өткен Ғабит Мүсіреповтің шығармашылығын сөз еткенде, болмыстағы бояу мен атаудың сан түрлі болатынын, бірақ солардың түп атасы же­ті түрлі, атап айтқанда ақ, қа­ра, көк, жасыл, қызыл, қоңыр, са­ры дейді де, бұлардың бәрі қай за­манда да өз түр-түсін сақтап келе жатқанын, өзгермейтінін ескертеді. Сөйтеді де ұлы Ғабең творчествосын полотно-палитра­сына жатқызып, әлгі негізгі жеті бояудан жетпіс бояу жасағанын тілге тиек етеді. Өзі сын жазғанда жетпіс бояуды жеті жүз түрге жеткізіп, дүние жүзіндегі атақты жазушылардың шығармалары­мен шендестіріп, жазушы ше­бер­лігін алақанға салғандай ашып береді.
Алаштың ардақтысына ай­нал­ған Зейін аға – Зейнолла Қаб­доловтың бір қанатты сөзі бар еді. Ол: «Әдебиет – ардың ісі» деген сөз. Сол ардың ісіне адал­дық танытқан азаматтардың бірі – Сағат Әшімбаев. Оның әде­биет­тегі сыншылығын бәріміз де жоғары бағаладық. Қазақ әде­биеті сынына алғаш филосо­фия­лық бояу дарытқан да осы Сағат Әшімбаев болатын.  Төл әдебиет сынымызда Сағат салған сара жол сайрап жатыр.
Сағат үшін сын жанры «біреу­ді мұқату» немесе «тізе батыру, діл­мәрсу» емес, ұлттық ойлау мен танымның көкжиегін кеңейту, өрісін ұзарту болатын. Өнерге, шындыққа және әділеттілікке өліп-өшкен сүйіспеншілік жоқ жерде сын да, сыншы да жоқ. Ол «Ақиқатты айтқан айыпты емес, оны көріп тұрып көзін жұмып айналып өткен адам айыпты» деген қағидамен ғұмыр кешті. Жақсылыққа жаны құмар, жа­-
ң­а­лық­қа жүрегі құштар Сағаттың өмірлік ұстанымы, өзі айтқандай: «Жақсылықтан басқаның бәрі жалған, қайырымдылықтан өз­ген­ің құны қара бақыр, сыйлас­тықтан бөтен сым­батты нәрсе жоқ». Жақ­сы­лық­­ты, қайырым­ды­лықты, сый­ластықты ғұмыр бойы ту етіп ұстау көрінгеннің қолынан келе бермейді.  Ұлттық болмысқа сыншылық тұрғы­сы­нан қарау кешегі данышпан Абай­дан қалған дәстүр болатын.
Әдебиет сыншысы болу дегеннің қиын екенін мойындамайтын адам жоқ. Менмін деген­дердің талайының сыншы боламын деп сықпыртып жазғанмен, түйінін жасай алмай, алған тақы­рыбын аша алмай, шығарманы бағалай алмай орта жолда қалып қойғанын білеміз. Ендеше, сын­шылық – кез келген әдебиетшінің өресі жете бермейтін, нағыз таланттарға ғана бұйыратын бол­мыс. Сағат соны бойына біткен дары­нымен бағындыра білді, сыншылықты ұшан-теңіз білі­мімен бағындырып, құйрық-жалы сүзілген сұлу торы аттай топты жарып, шашасына шаң жұқтырмай өмірден өтті. Оның сын мақалаларына ой жүгіртіп қарасаңыз, әдебиет сынына барудың өзінің сын әрі батырлық екеніне және Сағаттың сыншы болмауы мүмкін емес екеніне көз жеткізесіз.
Кезінде бәріміз де табынып, бүгінде көбіміз ауызға ала бер­мей­тін, айналып өтуге тырысатын Маркстің, Энгельстің, Ленин­нің, өзге де әлем ойшыл­дарының еңбектерін әдеби шығар­малардағы оқиғалармен ұштастырған тұстары, тіпті керемет жатық оқылады. Әлгі даналармен өрбітіп ой жарыстырады. Оқып қана қоймайсың, ақын-жазушылардың романдары мен повестерінен, өлеңдері мен поэмаларынан мол мағлұмат алып, танып-біліп, ондағы терең тағы­лым­дарға таңдай қаға сүй­сіне­сің. Кейде Сағаттың сын ма­қа­ла­ларынан кейін сондай шы­ғар­маларды оқуға ұмтылатын да кездерің аз болмайды. Ол әде­биет­ке биік талап тұрғысынан қа­­рады, талап қоя да білді. Сон­дық­­­тан болар, оның көзқарасында сын­шылдық сипат басым болды.
Сағаттың мақалаларын оқып отырған кезде әдебиет әлемін ара­лағандай ерекше әсер аласыз. Өйткені, ол туындыларын тар шеңбермен шектеп қоймай, небір әлемдік құнды еңбектерді дәлел-дәйекке келтіріп, қаламгерлердің шығармаларын жан-жақты салыстырып, салмақтап барып түйін жасайды. Сонда аз ғұмыры­ның ішінде осыншама рухани құн­дылықтарды қалай оқып үл­герді екен, қалай көңіліне түйіп, санасына сыйғызды екен деген ойға қаласың. Мен мұны әсірелеу үшін немесе мерейлі тойда көрі­ніп қалу үшін айтып отырғаным жоқ, шыны солай.
Көбіміз айтып жүретін бір сөз бар. Ол ерте кеткен талант өз жа­лы­нына өртеніп кетті ғой дегенге келеді. Мен осы сөзді Сағатқа да қаратып айтуды жөн көріп отыр­мын. Ол қашан көрсең жалын боп жанып, от болып өртеніп жүретін. Ұлт дегенде, тіл дегенде қолды-аяққа тұрмай кететін.  Жұмыр жердің бетіндегі ұлтын сүйген ұлылардың біраз мақала­ларын аударғаны да есімізде. Соларға бүгін үңіліп қайта қара­сам, аудару үшін аудармаған екен. Ұлтын сүйген азамат сол ұл­тына әлемдік дәрежедегі қаламгерлердің озық ойын жет­кізуді мақсат тұтыпты. Мысалы, И.Эренбургтің «Пабло Пикассо шығармаларының сыры» деген аудармада ұлы суреткердің бүкіл өмірін қазақ оқырмандарына таныстыра отырып, оның «Мен іздеймін, мен табамын» деген сөзіне ерекше назар аударады.
Сағаттың өзі де өміріне осы сөзді бағыт-бағдар етіп алады. Оған оның аз ғұмырында артында қалдырған мол  мұрасы дәлел. Сол секілді авар ақыны Расул Ғамзатовтың «Әнім де, жырым да сен – туған елім!» деген мақала­сын 1972 жылы аударып жариялапты. Осындағы ақын сөзіне қарап отырсаң, үйренер үрдіс көп-ақ екен. Біз соны кезінде біле алдық па, біле алмадық па, біл­мей­мін. «…Орыс ақынын орыс тілін­сіз, авар ақынын авар тілін­сіз тіпті көз алдыма елестете алмаймын… Біз қанша шырқатып, жаңа да әсем әндер айтқаны­мызбен, жас кезімізде санамызға ана сүтімен сіңіп қалған бесік жырларын еш уақытта ұмытуға, естен шығаруға тиіс емеспіз» де­ген ақын сөздерін дәл осы күндері бүкіл қазақ айтып жүр. Ал оны Сағат сол қырық қатпарлы саясаты бар кеңес заманында қазақ оқырмандарының керегіне жаратыпты.
Сағат үнемі ой үстінде жүре­тін. Санасын сансыратқан сан сауалдарға жауап іздеп сенделіп, саналы ғұмырын оқырмандардың көз алдында өткізді.
Әдебиет әлеміндегі жақсыға жаны қуана, жаманға жирене қа­рай­тын, алғыр ойлы азамат жетпісінші жылдардың орта ше­тінде «синкретті өнер» теледидар саласына ден қоя бастады. Сол алғашқы «Жүректен қоз­ға­йық» телехабары  кеңге құлашын жа­йып, кемелдене келе «Парыз бен қарызға» ұласты. Ол қазақ теледидарында қазақ зиялыларының ба­сын қосып осы «Парыз бен қа­рыз» бағдарламасында  енді айт­пауға болмайтын сөздерді айтты. Айтулы ақындарды, мен деген қаламын қару еткен жазушыларды,  танымал ғалымдарды бір үстелдің басына жинап, олардың  ел, ұлт туралы толғақты ойларын халыққа жеткізді. Ол кезде бұл кез келген кісінің қолынан кел­меу­ші еді.  Ол үшін жүрек, батыл­дық, намыс, өрелі ой керек еді. Сағаттың бір басында осының бәрі де болды. Алмағайып заман тұсындағы небір оқиғаларды тақырыпқа арқау етіп алып, соның желісіне ұлттың мүддесін, тілін, ділін, дінін сыналап болса да кіргізіп отырды. Үрейленген, үрейі ұшқан кейбіреулер бұра тартып жатса, өзінің ақыл-пара­сатымен «бұғалық» салған асаудай райынан қайтарып, ырқына көн­діріп, әңгіменің желісіне тү­сіріп жіберетін.
Сағат перзенттік парызға, аза­маттық қарызға келгенде
ад­ал­дықтың ақ туындай желбіре­ген айрықша адам еді. Ұлттың ұлы мұраттарына ұмтылудың үздік үлгісін көрсетіп кеткен Алаш ар­дақтыларының қатарын­да Сағат Әшімбаев есімі ерекше аталады. Тәуелсіздік таңының атқанын көре алмай кеткен арда азамат арамызда жүрсе ордалы ойларымен жасына жетпей-ақ халқының абызына айналар еді. Арман-ай десеңші, амал не…
Шыны керек, Сағат сол «Парыз бен қарыз» арқылы ұлтымыз­дың ұйқылы-ояу санасын оятты. Теледидардан да ел үшін деп тепсініп тұрып пікір айтуға болатынын дәлелдеді. Мұны да мен Сағаттың ерлігі дер едім. Халқы алдындағы парызын өтеп, қа­ры­зын қайтарған азамат болса – осы Сағаттай-ақ болсын. Менің бұл пікіріме қалың жұртшылық қосылады деп ойлаймын.
Көп азаматтар басшылық жұмыста жүреді. Бірақ олар ел­дікке келгенде бір пәлеге ұрынып қалармын деп жалтақтап, өзінен жоғарының алдында кішірейіп, жалпақтап жүретінін талай көр­генбіз. Сағат ол топтан емес еді. Желкесіндегі кірпік қақпай қада­лып тұрған қарауылға қарамай, ел дегенде, қазақ дегенде қиын жердің өзінен жол тауып кететін еді. Сөйтіп, Сағат азамат ретінде, адам ретінде жұртын жорадан құр қалдырмайтын. Несін жасы­райық, сұрқай саясаттың сойылын соғып жүріп көбіміз оның алысқа шабатын тұлпар екенін, биікке ұшатын сұңқар екенін біле тұра баптай да, аялай да алмай қалдық. Желтоқсан көтері­лісі тұсында аяулы Сағат біраз әуре-сарсаңға түсті, азап шекті. Қайыспайтын емендей боп қатайды. Күнделігіне моншақтай тізіліп түскен: «17-18 декабрь! 1986 жыл. Мен бұл күндерді ұмыт­қан күні ұлт намысы деген ұғымды да ұмытатын шығармын. Ал оны ұмытқан жерде барыңнан да жоғың жақсы» деген сөздер осы ойымызға айқын дәлел бола алады.
Ұлт намысы дегенде жанын салатын, көкірегі қарс айырылатын. Дүниеде сызат пайда болса ол міндетті түрде ақынның жү­регі арқылы өтеді деген сөз бар. Сол сияқты Сағат та бәрін болмысымен, жан жүрегімен қабыл­дайтын. Асыл мұраттар жолында арпалысып, жұдырықтай жүре­гінен жұмыр жердің қайғысын өткізгендей болып күйіп-жанып жүретін мінезіне оның ет-жүрегі шыдай алмады. Кеңестік дәуір делінетін кезеңдегі ұлтқа жасал­ған қиянатқа төзе алмай жанып кетті.
Сағаттан айырылған күні мен ең жақынымнан айырылғандай болдым.
Дүниеден өткен адамның жа­маны болмайды. Әйтсе де, Сағат­тың жаратылысы бөлек еді. Тасты жарып шыққан мөлдір бұлақтай еді, қылауы жоқ сынаптай, жаны нәзік тербелген құрақтай еді. Асыл еді, жанымызға жақын еді, табиғатынан ақын еді. Сыншы­ның тереңі, әділі еді. Ақ сөйлеуші еді, тумысынан таза еді, пенделік­тен ада еді. Әдебиет сынының Хан  Тәңірі еді. Аузын ашса жүрегі көрінген ақкөңіл еді, маңдайға сыймай кетті. Әлі күнге дейін өз тарихымызға өзіміз ие бола алмай жүрген, аз жақсысын өзгеден емес, өзімізден қызғанатын ел емеспіз бе, біз Сағатқа тірісінде ие бола алмай қалдық, оны сақ­тап қала алмадық. Адамды тірі­сін­де бағалай алмайтын енжар­лы­ғымыздан біз Сағатты да тірі­сінде бүгінгідей тани, бағалай алмадық. Ақкөңілділігін пайдаланып, оны да азғырушылар, адастырғысы келгендер табылды. Сағаттың Хан Тәңірісінің етегінде туған жыр Тәңірісі Мұ­қа­ғали жайындағы мақаласы сондайлардың кінәсінен жазыл­ған еді деп ойлаймын. Осының бәрі кейінгіге сабақ болғаны жөн. Әсіресе біз, ұлтымыздың ке­лешегі жастарға абай болуымыз керек. Олардың санасына қылау түсірмеуіміз керек. Олар түзу өсуі керек. Ел түзу болсын де­сек, жастарымыздың түзу
өс­уіне ерекше мән беруіміз керек.
Сағат тәуелсіздікті көре алмай кетті, жете алмады. Содан бергі он жеті жыл ішінде ел-жұрты Сағатын жадынан еш шығарған жоқ, шығармайды да. Артында қалған мұраларын әл­де­неше рет жаңғыртып басты. Осындайда менің ойыма данышпан Абайдың: «Өлді деуге бола ма ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деген аталы сөзі оралады. Сағат аз ғұмырында артына өлмейтін, өшпейтін мол мұра қалдырды. Жалындап жанып тұрған от еді. Айналасына шуағын шашып, нұрын төгіп жүретін. Академик Зейнолла Қабдоловша айтсақ: «мінезі мен мүсіні, мазмұны мен пішіні, болмысы мен бітімі бөлек еді. Сағат екінің бірі емес, бірегейі еді. Ақ тілеуі ел үстінде жүретін. Іздегені – ізгілік, жақсыларға жанаса жүретін». Ол өмірден өтсе де оған де­ген халқының сағынышы ба­сылған жоқ, басылмайды да. Сағаттан қалған ой, Сағаттан қалған өнегені ешкім тарихтың еншісінен бөліп ала алмайды. Қазақ әдебиеті барда, сол әде­биет­тің алыптары мен ардақ­тылары, саңлақтары мен сарбаздары барда – сын жанрының сардары Сағат Әшімбаев та бар. Қазақ сыни ойының дамуында да Сағаттың шығар өз төрі бар. Енді өмірі басталды. Сағат туған халқымен, туған әдебиетімен бірге жасай береді.
Мен асыл інім туралы сөзімді Әбдіраштың Жарасқанының мы­на бір жыр шумағымен аяқта­ғым келеді:
Қайран Сағат, жандың,
сөндің, от едің,
Парызың мен қарызыңды өтедің.
Өзімсінген  бүкіл қазақ баласын,
Өміріңді өлмес үлгі етемін!

ПІКІРЛЕР2
Аноним 04.12.2023 | 20:35

Керемет 🤘 отдуши

Аноним 04.12.2023 | 20:35

Тағыда керемет 🤘 отдуши

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір