Абайды зерттеу оңай болған жоқ
14.04.2017
2316
0

Шымкенттегі «Отырар» ғылыми әмбебап кітапханасында жақында белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметұлының бюсті ашылды. Саналы ғұмырын ғылым жолына арнаған профессорға қойылған мүсіннің лентасын  белгілі тарихшы Еркінбек Тұрысов қиды. Сондай-ақ кітапхана ішінен  Мекемтас Мырзахметұлына арналған бұрыш ашылды. Онда ғалымның Абайды зерттеудегі туындылары қойылыпты.

«Абай жүрген ізбенен» атты ғылыми конференцияға ұласты. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен  мәдениет басқармасы, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті  және «Отырар» кітапханасының ғылыми зерттеу бөлімі ұйымдастырған шара әсерлі өтті. Конференция тізгінін қолына алған жазушы Мархабат Байғұт алдымен абайтанушыға ОҚМУ ректоры Жұмахан Мырхалықовтың Алғыс хатын табыстады.
Мінберге шыққан филология ғылымының докторы Болат Тілеубердиев Мекемтас Мырзахметұлының жер-су атауларына қатысты зерттеулеріне тоқталды. Ал келелі мәселелер талқыланған жиында филология ғылымының кандидаты, доцент Сейдалы Оразалиев басшыларға өз ұсынысын жеткізді. «Мекемтас аға Абайтану институтын ашу үшін біраздан бері  әрекеттеніп жүр. Өздеріңіз білетіндей, Шымкентте Абай мұражайы бар. Ендігі менің ұсынысым Семей, Алматы, Астана қалаларына бұйырмаған Абайтану институтын осы Шымкент қаласынан ашу».
Оңтүстіктің зиялы қауым өкілдерімен, жастарымен кездескен Мекемтас Мырзахмет­ұлы Абайды зерттеу, оның ілімін халыққа жеткізу оңай болған жоқ дейді. «Алғаш рет кандидаттық диссертация қорғағанымда  ғұлама  Дауани мен  Абайды біріктірдім. Дауани  XV ғасырда өмір сүрген атақты ғалым болған. Сонда әдебиетшілер мен философтар, жалпы қоғам  «орта ғасырдағы исламды насихаттадың, ол саяси қате» деп маған қарсы шықты. Мен сонда да алған бетімнен қайтпадым. Кейіннен докторлық диссертациямда «Абайдың шығысқа қатынасы Мұхтар  Әуезов зерттеуінде» деген тақырыпты қозғадым. Онда да бүкіл академиктер менің зерттеуіме қарсы шықты. Кітабымды да біраз жыл бастыра алмай жүрдім. Сонда да зерттеуімді тоқтатқан жоқпын. Жұрттар  маған «қисық жігіт» деген лақап ат қойып алды. Шынымды айтсам, әлгі диссертацияны
8 жылдан кейін бір-ақ қорғап шықтым. «Абай және шығыс» атты кітабымды да жарыққа шығардым. Еңбектерімді  уақыт өте келе қоғам  жақсы  қабылдай бастады. Түбінде мен Абайдың ілімін қоғамға мойындаттым деуге болады. Енді сол ілімді те­реңдете зерттеп, халыққа одан әрі жеткізетін  адам  табылмай тұр», – дей келе – Жастар екі түрге бөлінді. Бірі – батысқа еліктеп жүргендер. Олар
ұзаққа бармайды. Ал екіншісі – ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өскендер. Түбінде сол жастар елді басқаратын болады. Ел болашағы жастарға Абайдың «толық адам» ілімін үйретуіміз керек. «Толық адам» ілімін меңгерген адам ешқашан да жамандыққа бармайды», – деп жастарға ақыл-кеңесін берді.

А.Асанқызы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір