«АҚША ДЕГЕН НЕМЕҢДІ» КІМ ҚАЛАЙ ТАУЫП ЖҮР?
11.11.2016
7088
1
  1. 1394785531АҚШАҒА КӨЗҚАРАС

…Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде, қа­зақ ауылына Ақша хан деген патша келіпті. Күндердің бір күнінде Ақша хан ел ара­сына сандар бейнеленген дөңгелек күміс тиындар таратып, үкім шығарады: «Қазақтар, осы уақыттан бастап бір-бірлеріңмен малмен емес, мы­на тиындармен есептесіңдер. Мұ­ның аты – ақша. Есептесіп қана қой­май, қалай табуды, қалай жұм­сауды үйреніңдер!». Ханның ше­шімін екі етпейтін халық іске білек түре кірісіпті. «Малды да асырармыз, ақша да артық етпейді» деген жұрт одан әрі қызыға түседі. Еркек атаулының бәрі үй көрмей, ақша табу­ға ел кезіп кетеді. Әйел қауымы ерлерін күтіп, әкелген ақшаны санауға асығып жүреді екен. Айлар аттап, жылдар жылжиды. Баяғы Ақ­ша хан кетіп, тарих беттері ауыса берді. Қазақтың қалтасында тиын­дар емес, бума-бума қағаз ақ­шалар жүретін болыпты. Ақшаның қыр-сырын танып, өзіне өмірлік жолдас еткен ақылдылар кәсіп аш­ты, қалғандары уыстап тауып, ше­лектеп шашты. Енді ешкім ру-руға бөлінбеді… жартысы бай, бас­қасы кедей болды.

***

Қазіргі нарық заманында ақ­шаның ролі басым екенін күн­д­­е­лік­ті өмірімізден байқаймыз. Бұл тео­реманы әр атқан таң сайын өзге емес, өзіміз дәлелдеп келеміз. Ада­м­заттың өлмеуіне әсер ететін ең бас­ты факторлар ауа мен судың қатары қазір ақшамен де толығып отыр. Ауа мен суды табиғаттан сыйға алсақ, ақшаны адамдар өз қолдарымен жасауда. Жер бетіндегі кез келген жұмыр басты пендеге мейлі, жапон, мейлі, ағылшын бол­сын ақшаның ұшын көрсетсең, санасында дереу жасыл түс жанады. Бұл ненің әсері? Яғни қоғам ақ­ша үшін жұмыс жасайды деген сөз. Жалпы, ақша деген не нәрсе өзі? Жеті миллиард адамды өзіне ұм­тылдыратындай қандай қа­сиет­ке ие? Бұл сұрақтарға анықтама өте көп. Себебі, әркім ақшаны әр түрлі таниды.Біреуге бақ, біреуге сор. Жастарға арман, кәріге жалған. Бі­реу түсінде көреді, біреу ісінде кө­реді.Мәкең үшін күнде көрмесе, ұстамасы ұстап қалатын ауру. Сә­кең үшін әмиянда тұратын суреті бар қағаз. Бала үшін балмұздақ, әке үшін айына бір зарығып же­тетін, қызылды-жасылды дүние. Ой­лы адамға ағын су, ойсызға қол жетпес жармен тең. Тізбектей берсек, таң атырармыз. Адамзатқа ор­тақ анықтама – қалаған затымызды меншіктеу үшін төленетін төлем.

Ақша – жақсы өмір сүрудің не­гізгі құралдарының бірі әрі біре­ге­йі болғандықтан жанымызға жа­қын тартамыз. Яғни ол таба білсең, жақ­­сы нәрсе. Кез келген жақсы дү­ниенің екі жағы бар екені бұрыннан белгілі. Тағы да атап өткенім артық болмас. Сол секілді, ақшаның да адам­ға тигізер жаман, жақсы қа­сиеті бірдей. Қайсысын қабылдап аларыңды ақылың білсін. Бірақ ақы­лымыз адасқандықтан емес шы­ғар, дегенмен ажырата алмай ­жатқан жайымыз бар. Мұны күнде кө­ріп, құлағымыз үйреніп қалған тосын жаңа­лық­тардан байқаймыз. «Тонап кетіпті. Ұрлап алыпты. Өл­тіріп кетіпті» дегендерді естісек, таң­қалмайтын болдық. Бұл жерден нені байқаймыз? Ақшаға деген көзқарастың төмендегін. Ақша табу­дың ең оңай жолы осы екен дегендердің санасының саяздығын. Таяқтың екінші жағы жемісті идея­мен еңбек етіп, ақшаны еш­кім­ге зиянын тигізбей тауып отыр­ған кәсіпкерлерде. Өзі де риза, ха­лық та риза, мемлекет те риза. Атал­ған екі көзқарас дәл қазіргі қо­ғамда қатар келе жатыр. Қалысы да, озығы да жоқ.

Ақша адамды сырттай байыт­қанымен, рухани кедейлетіп жат­қанын кейбіреулер байқамайды. Бұған жоғарыдағы мысалдың біре­уін алсақ болады. Сөз жоқ, ақшаны бәрі­міз жақсы көреміз. Ұстағымыз, тап­­қымыз, бірнәрсе алғымыз ке­леді. Өйткені, біз пендеміз. Бірақ…бірақ сол ақшаны қашан, қалай, кімге жұмсау керектігін және адалынан табудың жолын білуіміз шарт. Айтпақшы, осы күні кім, қа­лай ақша тауып жүр өзі? Ойландыратын сұрақ…

 

  1. КІМ ҚАЛАЙ АҚША ТАУЫП ЖҮР?

Қазақтан «Мың ділдә бардың қалтасында, жоқтың аузында» деген аталы сөз қалыпты. Жоқтың мыңы не қиялында, не аузында, не түсінде жүретіні мәлім. Ал мыңы барлар кімдер? Қалай тауып жүр? Аталмыш сұрақтардың кімнің де болса көкейіне оралары анық.

Америкалық Forbes журналы әлем миллиардерлерінің осы жыл­ғы рейтингісі бойынша әлемдегі ең бай адам – 74 жастағы мексикалық кәсіпкер Карлос Слим деп тапты. Рейтинг жасаушылар кәсіпкердің байлығын 74 миллиард долларға бағалаған. Ол телекоммуникация саласындағы негізгі компанияның жетекшісі. Яғни бұл жетістіктің бас­тауы – нөлден көтерілген кәсіп. Айналамызға қарасақ, аты шығып, байып жатқанның бәрі белгілі бір кәсіптің иесі. Бұрындары байлық атадан балаға қалатын болса, қазір әрбір еңбекке қабілетті адам кәсіп­пен айналысып, өз биігіне өзі жетуде. Абай заманында «Ақылды адам­­ға иман парыз» еді, бүгінде «Ақыл­ды адамға кәсіп парыз» болды. Заманның ағысы дейміз бе, қо­ғамның талабы дейміз бе, «жақ­сы» өмір сүрудің шешімі дейміз бе, әйтеуір жан бағудың тиімді жолы осы. Әлемдегі байлардың тізімін ақ­таратын болсақ,мыңдаған миллиондар тізбектеліп кете береді. Біздің мақсат – біреудің байлығын санау емес, сол дәрежеге қай жолмен, қалай жеткеніне сыни көзбен бір қарау. Ақиқатында бұл жұм­бақты шешу тым қиын емес. Бағзы за­маннан бері өзгермеген жалғыз шын­дық. Еңбек. Кәсіптің тасын өрге домалатқандардың алғашқы бас­палдағы – еңбек. Осы бір ұғым­ды жөргегімізден санамызға құйып өстік. Мектепке барсақ та, кітапты ашсақ та, үйге келсек те, кино көр­сек те, жаңалық тыңдасақ та, Ел­ба­сының жыл сайынғы жолдауынан да, тіпті балабақшадағы бес жасар баладан да осы сөзді естиміз. Көп естігенімізден нәтиже шыға­рып жатқанымыз шамалы. Әрі қарай өзіңіз болжай беріңіз… Ақша жоқтықтың әні шырқай жөнеледі.

Еңбекті жолдас еткендердің екі нәр­сесі бар: кәсіп пен ақша. Бұл ақ­шасы жоқтың бәрі еңбек етпейді де­ген сөз емес. Мәселе, еңбекпен кім­нің, қалай тіл табысуында. Бі­реулер еңбек атаулымен алыстан ара­ласып, ғайыптан бай болып ке­теді. Енді біреулер тірнектеп жү­ріп ақша табады. Бірақ анау айтқандай бай емес. Бұл да ақша табудың бір жо­лы. Мұны жоққа шығара алмайсыз. Яғни кез келген адам ақша таба алады. Біреу көше сыпырып, ті­­гін тігеді. Біреу қалам ұстап, ән ай­­тады. Бәрінің мақсаты бір. Айыр­­машылығы, бәрі бірдей бай емес.

Қазақстандық ең жас миллионер Марат Әбиев ақша табудың те­ті­гін он жасында тауыпты. Сол за­манда скотч жоқтың қасы. Ол сы­ныптастарының жыртылған кіта­бының әр бетін 5 теңгеге жа­быс­тырып ақша табады. Мұны түсін­бегендер, әрине, күлді. Бірақ еш­кім сол 5 теңге миллионердің ал­ғашқы табысы болады деп ой­лаған жоқ. Еңбектің таза жеңісі деген осы болар. Ойыма мынандай диалог оралып отыр:

Адам: – Ақша, сенің балаларың да, бауырларың да көп. Қаласаң, жер бетіндегі барша жұртқа жете­сің. Елді таластырмай, неге бәріне бара бермейсің, а-а-а?

Ақша: – Жо-о-оқ, адам, қате­лес­­пе. Иә, мен күллі адамзатқа жете­­мін. Бі­рақ сендер менің көп­тігімді біл­сеңдер, қадірімді ұмыта­сыңдар. Сол үшін де әдейі аз болып көріне­мін. Соншалықты сараң да емеспін. Бармаймын емес, барамын. Тек, ақылдың айтқаны болып, еңбектің тері төгілген жерге ғана.

Адам: – Сенбеймін. Өмірінде ең­кейіп көрмеген қаншама адам жүр. Ақшасын бұршақша жаудырып. Сол ағайындар саған қалай жетіп жүр?

Ақша: – Олар мен емес. Менің елес­терім. Оларды сынау үшін қа­сақана жіберемін. Көп адам мені елес­теріммен шатастырып алады. Кө­ре сала, құшақ жаяды. Жібергісі кел­мейді. Мен екен деп қалады. Ал ме­нің елестерім ешқашан ешкімнің ба­сына тұрақтамаған. Олар тек экс­перимент үшін ғана. Есіңе сақ­та, мен де, елестерім де ешқашан мәң­гілік емеспіз. Таң қаламын… неге мені сонша жақсы көр­есің­дер?

Адам: – …соны өзім де білмей­мін.

Кімнің, қалай ақша тауып жүр­гені өзі мен Тәңірге ғана аян шығар. Ақша табудың нақты қадамдарын ұсынған экономист, миллионерлер же­терлік. Бірақ біреудің айтқан жолы екіншіге табыс әкелуі мүмкін бе?! Ойлану керек… Кәсіппен ай­на­лысуға, азын-аулақ байлыққа же­ту­ге әр адам өз жолымен, өз так­тикасымен барғаны жөн. Біреудің жүріп өткен соқпағы біреуге бағыт беруі мүмкін, бірақ дәл өзінікіндей нәтиже бере алмасы анық. Мысалы, әлемдегі екінші бай адам — Билл Гейтс кәсібі туралы:

– Мен жұмысқа жалқау адам­дар­ды аламын. Себебі, олар кез кел­г­ен қиын мәселені шешудің оңай жолын тез-ақ табады, – дейді. Бір қарағанда, дүдәмалдау пікір. Біз ойлаймыз: Жалқау адаммен ісі­міз алға баспайды. Арғы жағын өзіңіз бағамдай беріңіз. Әркімнің өз шындығы бар.

 

  1. КӘСІПКЕР ПОРТРЕТІ

«Ақшасы бар адамдар
Ешқашан қартаймайды…».

Қазір кез келген адам мұнайшы болмауы мүмкін. Бірақ кез келген бай – кәсіпкер. Кәсіпкер – өзімізше айт­қанда, бір алмасы болса, бас­қа­ларға екі алма қылып беріп, одан үш алманың табысын табатын адам. Кәсіптің ыстық-суығына тө­зіп, жөн-жоралғысын білген ға­на кәсіпкер бола алады. Нарықтың қайнаған кезеңінде іс бастаған қаншама кәсіп иелері жолда қалды. Біреуіне жаңашылдық, екіншіге сапалы идея жетпеді. Себебі, халық әрқашан таңсық дүниеге бейім болды. Атақты неміс экономисі Ио­зеф Алиоз Шумпетер «Кәсіпкер болу – басқаның істегенін істемеу» деген екен. Өзгенің ойын қай­тала­май, өзінше ойлай білу де ерен ер­лік. Яғни кәсіпкердің портретін жа­саудағы алғашқы компонент – артық ойлау. Бұл кәсіпкер болмысына теориялық тұрғыда берілген мі­нездеме. Ал қазіргі ХХІ ғасыр­да­ғы кәсіпкердің шынайы бет-бей­не­сі қандай? Әрмен қарайғы әң­гі­меміздің өзегі осы болсын.

Бізде бір нәрсеге баға беру үшін оны өзге дүниемен салыстыру әдет­ке айналған. Әдетімізден жаңыл­майық. Мына АҚШ, Жапония мемлекеттерінде қарапайым халықтан кәсіпкерлерді айыра ал­майсың. Сыртқы түр-тұлғасында, өзін-өзі ұстауында, сөйлеген сөзін­де «Мен – кәсіпкермін!» деген бір­де-бір ілік табылмайды. Кеңседегі есігінің тақтайшасынан ғана танып жатуың мүмкін. Бұл кәсіп­кер­л­ердің көбінің бойынан табылмайтын сирек кездесетін қасиет. Өзін халықпен бірдей, кейде халықтан төмен ұстау – дефицит. Себебі, к­ә­сіп болған жерде ақша бар. Ақша жүр­ген жерде асқақтау бар. Паралле­лизм. Өзін-өзі тежей алған кәсіпкер ғана таза жеңіске жетпек. Бұл жер­дегі «таза жеңіс» деген байыған үс­ті­не байи түсу емес. Ар алдындағы жеңіс. Жазуға оңай.

Мен – экономист, немесе банкир емеспін. Үшінші жақтағы адам­мын. Яғни біз қарапайым ха­лық «кәсіпкер» дегенде не ойлаймыз? Әрине, ең бірінші ақшасы көп адам. Итальяндық үлгіде тігіл­ген кәс­төм-шалбар киіп, аяғын­дағы топ­лиге күн шағылысатын, жанарына үңілейін десең, қарай алмай­сың, көзінде көзілдірік, шашы шығыстан батысқа бет алған немесе мүлдем жоқ, білегіне көп нөлі бар ақша тұратын, сарғыштау сағат таққан белгісіз біреу елестейді де тұрады. Неліктен? Адами инс­тинкт. Қалай көрдім, солай қабыл­да­ған­мын. Бізде кім мықты? Кім қадірлі? Әрине, ақшасы бар адам. Қоғамда да солай. Ақшасы бар біреу келсе, жетпістегі қария тұрып, орын бере­ді. Ақшасы көпкәсіпкер Ауған со­ғы­сының ардагерімен қатар отырса, кәсіпкер қадірлі. Тойға кім көп ақ­ша әкеледі, төрге шығарамыз. Жас па, кәрі ме, бала ма, маңызды емес. Қоғамға сұрақ: Неге біз осындаймыз?

Мынандай әңгімеден кейін қайырымды кәсіпкер бар ма, жоқ па деген сауал еріксіз туындайды. Әлем­де бір тамшы мейірім қалмаса, қазір жер бетін зұлымдық жайлап алар еді. Біз «қайырымдылық», «мейі­рім» туралы сөз қозғап отыр­мыз. Демек, оның әлі де бар бол­ғаны. Кәсібімен байып, мұқтаж жан­дарға көмек беріп жатқан кә­сіп­керлерді жоққа шығара алмаймыз. Өз елімізде де байлығының бір бөлігін ұлттық өнерге, сырқат жандарға аударғандар қаншама. Атын атап, түсін түстеудің қажеті ша­малы. Мұны әркімнің өз тал­қы­сына қалдырдық. Дәл осы тұсқа Қал­қаман Сариннің мына өлеңі қа­лай әдемі жарасып тұр:

«Бай адам жомарт болғаны жақ­сы, ал бірақ

Кедейдің жомарт болғаны одан мың артық».

Жоғарыда айтылған көзқарас біржақты ғана. Ішінде асыра сіл­теушілік, жете бағаламаушылық­тың болуы заңды. Әр кәсіпкер өз порт­ретін өзі жасайды.Біз тек көр­генімізді, көкейге түйгенімізді ай­тамыз.

 

  1. АДАМ МЕН АҚШАНЫҢ ҚАДІРІ

Бір аңыз бар: баяғыда адам мен ақша дос болыпты. Алғашқыда тату-тәтті өмір сүреді. Бірін-бірі айт­қызбай-ақ түсініп, қиналғанда демеу болыпты. Күндердің бір кү­нін­де адам ақшадан жалығып, адам аяғы жетпес мекенге тастап ке­теді. Иен далада соқа басы сопайып, «қадірімді білмедің, адам!» деп, ақша зарлап қала берген екен.

Адам пайда болғаннан бастап, «қа­дір» деген қасиет те бірге жаратылыпты. Яғни адам бар жерде қадірдің болары хақ. Бірақ адам сол қадірін өмірінің соңына дейін сақ­тап қалуы екіталай. Біреу жас ке­зінде, біреу орта жаста, біреу қар­тайып, қария болғанда әр түрлі се­беппен жоғалтып алады. Әр түр­лі се­беппен деймін-ау, қазіргі жо­ғал­тып алушылардың басты себебі – ақша. Иә, кәдімгі қы­зылды-жа­сыл­ды ақша. Неге олай дейсіз бе? Ол былай: адамның қолына көп емес, кішкене ақша түссе, өзін өз­ге­ден жоғарылата бастайды. Ал кіш­кенеден көбірек ақша түссе, тө­менге қарағысы келмейді. Одан әл­деқайда көп ақша түссе, өзінің қа­рапайым адам екенін ұмытады. Адам­дығы ұмытылған жерде қадір де бір сәтке аялдамайды екен. Қа­зіргі байлықпен ауырып жүрген кә­сіпкерлердің басты диагнозы осы.

Біздің түсінігімізде, бай бола тұра қадірін жоғалтпаған адам, мей­лі кәсіпкер болса да – кемеңгер. Ол мың­нан бір. Қайталанбайды. Қай­таланса да, әр елде бір-бірден. Не­лік­тен ой-түйсігіміз осынша­лықты саязданып барады? Тегінде, мың­нан бір емес, мыңның бәрі кемеңгер болуы керек емес пе еді?! Адам бо­лып жаралдық па, адамдық қа­сие­тіміз­ді сақтап, адам болып өмірден өту емес пе еді мақсаты­мыз?! Мей­лі, бай, мейлі, кедей. Көрдіңіз бе, бай емес біздің адам­дық, қадір ту­ра­лы пікіріміз басқа. Байлардан не сұ­райсың?!

Адам, адам дейміз ақшаның да қа­дірі болмаушы ма еді осы?! Әри­не, болады. Ақшаның қадірін біл­ген­дер ғана көзін тауып, байып жат­қан жоқ па. Демек, қазір өзінің қа­дірінен гөрі ақшаның қадірін тү­сінетіндер көп. Бұл да бір жақсы қасиет. Меніңше, әлемде кедей­лер­дің көбеюі осы ақшаның қадіріне бай­ланысты. Неге десеңіз, ақша­ның қадірін білген адам оны бос­тан-босқа шашпайды. Тапқанын жи­нап, кәсіп ашып, айналымға са­лады. Өйткені, ол ақшаның оңай­­­лықпен келмейтінін біледі. Бір­ді бірге қосып, тиынның басын құрайды. Бұрынғы өткен заманда мы­нандай бір оқиға болыпты. Әке мен бала көшеде келе жатып, жол бойын­дағы қайыршыға жолығады. Ба­ласы садақа қылып бес сом, әке­сі екі сом тастаған екен. Әкесіне таң­дана қараған бала:

– Әке, сіз неге қаншама ма­лыңыз бола тұра қайыршыға екі-ақ сом тастадыңыз? – дейді. Сонда әке­сі:

– Өйткені, ол ақшаны мен өзім тап­қанмын. Сен өзің таппаған соң, бес сом тастадың, – деген екен.

Иә, ақшаның да көзі бар, құла­ғы бар. Егер қадіріне жете алма­саңыз, әмияныңыздан шығып кете б­арады.

 

  1. АДАМ. АҚША. ӘДЕБИЕТ

Адамның кәсіппен қалай айналысып, табысты болу мәселесіне әде­биеттің де айтары бар. Ақша қо­ғамда маңызды орын ала бас­та­ған уақыттан бері әдебиетке де әсе­рін тигізбей қойған жоқ. Біраз ақын-жазушылардың шығар­ма­шылығына өзек болып, жаңа леп алып келді. Батыс елдерінде қауым­ның қақтай екіге бөліну мә­селесі Томас Пакеттидің «ХХІ ға­сырдағы капитал» кітабы жарыққа шық­қан соң, талқылана бастаған. Сонымен қатар, 1912 жылы жарық көрген, америкалық жазушы Теодор Драйзердің «Финансист» рома­ны халық арасына кең таралып, «Өмір сүру мен жұмыс істеуді үй­ре­тетін кітап» деген пікір қалып­тас­тырды. Айтпақшы, екінің бірі­нің сөзінде жүрген «Бай әке мен жар­лы әкені» қалай ұмыт қал­ды­ра­мыз?! Американдық кә­сіп­кер-жазушы Роберт Кийо­сакидің «Бай әке мен жарлы әке» кітабы бүгінде «хит» шығармаға айналды. Автор қазіргі қоғамның дертін дөп басып, екі түрлі психологияны бай әке мен кедей әке образымен жеткізеді. Ақ­ша туралы бай әкесі «Ақшадан тарлық көру – барлық қатыгездіктің бастауы» десе, жарлы әкесі «Ақ­ша­ға қызығушылық – барлық қа­тыгездіктің бастауы» деп дабыл қа­ғады. Шетел әдебие­тінде осы та­қырыптың кең етек алғанынан бо­лар, халқының 70-80 пайызы кә­сіп­пен айналысады. Әлемдегі ең бай адамдардың тізі­мінде де алғаш­қы бестікті бастап тұрған солар. Де­мек, олар жазылған кітапты оқи­ды. Ал біз ше? Өз жы­рымызға ора­лайықшы…

Кейінгі жылдары кәсіптің тиім­ділігін арттыру, ақша табудың жол­дары туралы еліміздің эко­но­мистері біраз жинақтар шығарып жүр. Яғни экономикалық  сала­дағы кітаптар. Ол кітаптың тілі де, теориясы да ғылыми екені мәлім. Демек, барша халықтың қызығу­шы­лы­ғын оятпайды. Көркем әде­­­­биетімізге келсек, бұл тақы­рып­та өлі тыныштық. Бәлкім, дауыл алдындағы тыныштық болар. Оны­сын уақыт көрсетеді. Әзірге, «ақ­ша», «байлық», «кәсіп» атауларын бір ғана «еңбек» деген сөздің айналасында қарап келеміз. Поэзияда Абай, прозада Ыбырай ата­мыздың шығармалары дәлел. Қа­зіргі балалардың психологиясына сай кәсіпке шақырарлық шығар­ма­лардың әлі дүниеге келмеуі кейін­гі қаламгерлерге сын деп ой­лаймын. Ойланарсыздар… Қазақ жазу­шылары байлықтың мәңгілік емес екенін, жан дүниемізбен сәй­кес келмесе, түкке керегі жоғын ай­тудан ешбір жалыққан емес. Бұл біз­дің бір артықшылық. Мысалы, Шерхан Мұртазаның «Бір кем дү­ние­сіндегі»: Біреулерге Құдай бә­рін береді. Байлық та бар, алтын, гау­һар, інжу-маржан – бәрі бар. Төрт құбыласы сай. Бірақ иман жоқ. Ең сорлы адам сол. Бір кем дү­ние… деген ойлар түсінген адам­ға өмірлік азық. Рухани шабуы­лға ұшырап жатқан дәл қа­зіргі қоғамда халық әдебиеттен рух­ты әңгімелер күтеді. Қалай бай болу­ды үйрететін әдебиетіміз болмаса да, рухани кедей болмауды үй­рететін әде­биетіміз аман болсын.

 Маржан ӘБІШ.

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 03.02.2020 | 20:29

Ақша деген не?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір