«ЖҮРЕК» ДЕГЕН СӨЗ ШЫҒАР ЕҢ ӘСЕРЛІ…
10.07.2021
1341
0

Арайлым  МҰРАТАЛИЕВА

***

Өмір маған ұнайды соңғы кезде,
Соңғы кезде жібіді тоң мінез де.
Сені ғана ойлаймын бұл күндері,
Керегі жоқ секілді жанның өзге.

Жо-жоқ… керек; дос, бауыр, ана керек,
Және сенің орының алар ерек!
Бұл – алғашқы өлеңім өзің жайлы,
Өзім жайлы бұл да бір жаңа дерек.

Шақырғаның есімде алғаш биге,
Билеп едік сезімге сәл мас күйде.
Алматыда көрінген Тау сенбісің?
Айналып кеттім бүгін мен Каспийге.

Ұнайды зор талғаммен киінгенің,
Керек болса, айнаның күйіндемін.
Керек болса, іштегі мұң боламын,
Мінезім бар осындай қиын менің!

Сүйгені үшін соғылған тасқа басы,
Ғашық жанның емес қой пәс бағасы.
«Жүрек» деген сөз шығар ең әсерлі,
Жүрек деген – сезімнің  астанасы.

Сендік құрмет бағамды биік еткен,
Көңілімде жиі жаз, жиі көктем.
Өмірің ұзарады, білесің бе,
Осы өлеңнің авторын сүйіп өтсең…

Бақ ішінде

Күз де келді шықпайтын жүз күн ойдан,
Жүрегімде басталды ізгі майдан.
Айтыңызшы, көрдіңіз осы қашан,
Сұлулықты сүймейтін қызды қайдан?

Қарашы, аға, бақтағы тамашаға,
Сап-сары түс Тағдырға жарасады, ə?!
Сары өлеңнің тербеліп ырғағына,
Мүмкін, вальс билерміз оңашада…

Қылықты емен, қызға тəн жоқ бұрымым,
Бір жүректің сонда да от-жырымын.
Мені ақын деп ойлайды ел, шындығында –
Тағдыр ғылымдарының докторымын!

Уақыт деген –  Түндер мен Таң күресі,
Күресі жоқ тірліктің мəнді несі?
Жел дегенің –  Өмірдің күрсінісі,
Өмір деген  – Жүректің əңгімесі.

Сыршылдығын ұнатам мына бақтың,
Жалғыздығын тұр оның кінəлап кім?
Құстың бəрі қайтыпты Көктеміне,
Өткеніне оралып бір ағаш тұр…

Жүрегімде басталды ізгі майдан,
Кетпейікші алыстап  Біз Құдайдан.
Жарты əлемге дауысым жетер ме екен,
Күзді қатты сүйемін,
Сізді қайдам…

 

Дәркен ТАНАБАЕВ

 ***

Таппадым тіршіліктің басқа амалын,

Көшесін жүз кесемін тас қаланың.

Безілдеп белесінде бұл тірліктің,

Бағасың келер күннің қас-қабағын.

 

Көңілдің кім жібітер тас қабағын?!

Көкесі осы ма екен масқараның…

Сырдың суын сирақтан кешсем бе екен,

Сылқитып сайрасам ба мастар әнін…

 

Жо-жо-жоқ, жаратқан, сана бергін,

Жоғалтпа мәртебесін саналы ердің.

Махаббат бал-шарабын ұстап алып,

Жана бергім келеді, жана бергім.

 

***

Көптен бері мен қуанып көрмедім,

Махабат та, күлкі де жоқ көзімде.

Жастық оты жалт еткенде, ермегім –  

Ерік берем сол алдамшы сезімге.

 

Талақ еткен тағдырымды жек көрем,

Ол  да менің сан сындырды сағымды.

Салқын мұңмен күн әуресін өткерем,

Ғажап сәт те жадыратпас жанымды.

 

Бұл сөзіме сенсін мейлі, сенбесін,

Қара да тұр ғашық болса жас жаны.

Нәзік жүрек сатқындыққа төзбейді,

Алданған жан алдай алмас басқаны.

 

Тағдырымды өр дауылдар тербеуде,

Таусылар  ма күте-күте тағатым.

Мұңға оранып тұрған кезде шер кеуде

Жүрек құрғыр таба лар ма бақытын?!

 

Күндерімді шуақ шашар көріксіз,

Бар ма дәру басар асау қанымды?!

Кімнің жаны сүйсе өзгені еріксіз,

Тек сол Мәжнүн ұғар менің жанымды.

Дәурен АЙМАНБЕТ

Қамығу

Ары кетсе,  жүз жылдық ғұмыры бар,
Жер бетінде қалмайды түбі бұлар.
Сабындайын қамшының келте ғұмыр,
Жалғандығын жалғанның кім ұғынар?

Қысқа өмірде осынау жолы даңғыл,
Не ниетте, білмейсің жолығар кім…
«Жақсы адам»  деп, кезіккен бәрінің де,
Кеп тұрады әйтеуір қолын алғың.

Талас-тартыс, ырду да, дырдуы көп,
Жанның сиқы – бір күні аш, бір күні тоқ.
Әлдебіреу жұлып ап кетпейінше,
Өсіп тұра бересің қыр гүлі боп.

Төсегені тағдырдың нендей кілем,
Ойлағаның боп шыға бермейді үнем.
Маңдайыңнан бір сипай салса нетті,
Әй, білмейді бағаңды өлмей бұл ел.

Мейірімге шөлдесе жаның жүдеп,
Сары алтындай сақтаймыз сабырды кеп.
Заманақыр – нарықтық заман шығар,
Жақынынан мал-мүлкі қадірлірек.

Қадіріңді қайтейін еленбейтін,
Мойын бұрар көз жетпес тереңге, ей, кім?
Әлденені тұрамыз тосып алдан,
Аялдамада  аялдап, «өлең» дейтін.

Кісікиік

Өлшесем кеудемдегі шер салмағын,
Келеді диуанадай жер шарлағым.
Дегенің бола берсе – құдай қайда,
Несі өмір, орындала берсе арманың.

Дүние айыра алмай ақ-қарасын,
Сырыңды көрінгенге ақтарасың.
Маңдайың тасқа тиген сәттен бастап,
Өзге емес, өзіңнен де сақтанасың.

Тұрлаусыз махаббаттың татып дәмін,
Сенбейсің өмірде бұл бақыт барын.
Арзандап  «жаным»  дейтін сөздің құны,
Неше жұп зая етуде уақыттарын.

Есеппен байланысар осы күні,
Айрылды қадірінен дос ұғымы.
Қорқамын дос тұтуға кімді болсын,
Киесін түсінбес деп сосын ұлы.

Қалғандай қанатының ұшы күйіп,
Қойды ұшпай арманымның құсы биік.
Кісіге келгенімен сырт келбетім,
Жан-дүнием осы менің – кісікиік.

Сүндет СЕЙТОВ

Үміт

Бетперде таққан адамдар емес,
Адамды таққан бетперде.
Вирусты тапқан жамандар емес,
Жақсылар десем, жек көрме!

Пайғамбарлар-ай, қайда жүрсіңдер?
Үмметің бүгін ашқұрсақ.
Жүректер сосын қайда дүрсілдер,
Кеудені көрге лақтырсақ?

Танауым бітеу, тыныс ала алман…
Дегендей: «Құдай көп көрер».
Қабырға ішіне ығыса қалған,
Ығыры шыққан өкпелер.

Адамдар қазір ентігіп жатып,
Шығысқа күнді батырды.
Келер күн деймін, сол күні бақыт,
Алдамшым болар ақырғы…

Жалғыз емеспін, көппін деймін де,
Қоршауын бұзып үрейдің.
Төрткүл әлемге, төрт бірдей дінге,
Төрт  түрлі  бақыт тілеймін…

Осы дүниеде қалғым келеді,
Өмір сүрсем де кембағал.
Құдай қаласа, ауру береді,
Құдай қаласа, ем болар…

Шыназ

Жағасында Бозсудың мал жүретін,
Жазуы сол – жадымның  мен білетін.
Бергі бетке өтерде сол өзеннің,
Қимай-қимай кеткенмін арғы бетін!

Ағасында елімнің болды – ағалық,
Анасында жерімнің болды – аналық.
Елім-айлап, жел айдап көшіп өттім,
Жүк арбасын ауылдың жалдап алып.

Отаным-ау, көңілсіз күйге айналған,
Бауырыңа жетелеп, қинайды арман.
Басармысың,  Шыназым, құшағыңа,
Құшағына қазақтың симай қалған.

Өзеніңді мен әлі кешіп өтем,
Дүнияның шекара шеті ме екен?
Туған елі болғанмен ер жігіттің,
Туған жері болмаса – жетім  екен!

Жетім емеспін…

Сағыныш

Көзімді  зағипқа  беріңдер,
Қолымды батырға беріңдер,
Жолымды ақынға беріңдер,
Жанымды анама беріңдер,
қайта өмір сүрсінші ол!

Терімді кітапқа  қаптаңдар,
Қылмыскердің емес,
Ақынның  терісі дерсіңдер…

Көзімді – өзіме  беріңдер,
Қолымды – өзіме  беріңдер,
Жолымды – өзіме  беріңдер,
Жанымды қайтармаңдаршы,
Қайта өмір сүрсінші ол…

Көзіммен көрейін соны,
Қолыммен ұстайын соны,
Жолыммен шақырып оны,
Жаныммен сүйейінші мен,
Сағындым…

Қылмыскердің емес,
Ақынның сағынышы дерсіңдер…

Дұға

Әкемді алсаң, ал Құдай, шешемді алма,
Шекпен тоқып берсе де өлмеймін ғой…

(Халық айтқан екен)

Бергі беттен анамыз кеткен түні,
Ары жағына көпірдің жеткен күні,
Көкқарғаның суығы кешіккен кез,
Ауылымның жоқтады бес кемпірі.

Өгей қатын болмайды өз анамдай,
Жас парлаған маңдайда көз оңалмай.
Билеу қандай болады көңіл күйсіз,
Қайғы үстінде сімірген боза қандай?..

Әкемді алса, Құдайым,  не болады?
Анамды алды, ажалдың шоқ орағы.
Өлім жетіп, жалғызым жоғалғанмен,
Түн ішінде өлең боп оралады.

Жамап берген әкемнің бәтеңкесін,
Киіп алсам, қадайды қатер несін?!
Шекпен киіп алғанмын қырыққабат,
Шешем мықтап алған ғой әпергесін…

Шешемді алдың, Құдайым, әкемді алма,
Бәтеңкесінен қымбат өтем бар ма?
Шекпеніммен інімді қорғап жүрем,
Тұмсығымен түртпестей бөтен қарға.

Анамның қайда екенін күн айта ма?
Әкемнің жерде екенін түн айта ма?
Әкесін анасы үшін құрбан еткен,
Халықты түзей көрші Құдай Тағала!

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір