ТҰҒЫРЫ БИІК ТӨРТ ТҰЛҒА
21.10.2016
2441
0

20161017155947Алматы-Ташкент трассасының Отар жол қиылысында Батыс Қытай – Батыс Еуропаға бет алатын автобан бойына орнатылған сәулетті кешен сонадайдан менмұндалап, ерсілі-қарсылы ағылған жолаушы назарын өзіне бұрмай қоймайды. Бұл – Қордайдан шыққан Өтеген батыр, Кебекбай мен Ноғайбай би-шешендер және ұлы композитор Кенен Әзірбаевқа арналған мемориал.

Киелі Қордай жері тарихына үңілсек, бұл өңірдің әр нүктесі тереңнен сыр шер­теді. Мы­­на бір тұсында Жоңғар шапқын­шы­ла­ры­на қарсы болған Аңырақай шайқасының сы­зы жатса, енді бір жағында қазақ ­ме­м­ле­кет­тілігінің белгісі Қазақ хан­дығының отау тік­кен орны көрінеді. Бұл маңайда Ке­неса­ры ханның соңғы шайқасы өткені де исі қа­зақтың жадында сайрап тұр. Өтеген ба­тыр­дың ерлігі, Кебекбай шешен­нің уәлі сө­зі, Ноғайбай бидің әділдігі мен Кененнің қай­таланбас әндері – ел-жұрттың жадында қал­ған және қала беретін тарихи тұл­ға­лардың өлмес рухы деп білген жөн шы­ғар. Ал оны ұрпақтың ұлағатына айналдыру ісі тек­тілікті, елжандылықты, үлкен жүректі, аза­маттықты керек ететінін мойын­дамасқа ла­жың жоқ. Бұл мемориал тарихта өшпес із қалдырған осындай ұлы бабаларды ар­дақтап, рухына тәу етуді парыз санайтын мұ­раты биік азаматтардың барының ай­ға­ғы.

«Бұл қазақта жігіттер бар нарқасқа, жар­­­­қылдаған алмас па?» деп Төлеген Ай­бер­­­генов жырға қосқан қазақ жігіттері сол да­ралығынан айнымады ма деген сауал көп ма­залайтын-ды. Иә, бұл қасиеттің сынығы әлі де болса қазақ қанында бар екен. Бол­ма­са, баба рухына арнап салынған ме­мо­риалдың құрылысына 62 миллион теңгені қиналмай ұстата салу –бүгінгідей қы­сыл­таяң заманда ерлік емей, немене?! Бұл – «Айша бибі» фармоцевтикалық заво­дының директоры Қайрат Қаймолдаев. Монумент ашу идеясын айтып, жұмысты үйлестіріп, ұйым­дастырып жүрген жазушы, Қа­зақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері, Ха­лық­аралық «Алаш» әдеби сыйлығының лау­реаты, республикалық «Жамбыл» әде­би-көпшілік, танымдық журналының ди­ректоры-редакторы Несіпбек  Дәу­тай­ұлы: «Ешкімге сүйенбеген, ешкім жетелемеген, ешкімге жалтақтап, жағынбаған, алыс-жа­қын шет елдердің бизнес жүргізу мә­де­ние­ті­мен қалыптасқан, өзгенің бәрінен тәуел­сіз, алайда қаны мен жаны қазақтың абы­­рой, намысы деп жаралған Қай­ра­т ө­зін­де­гі игілікке іскерлігімен, тынымсыз ең­бек­қорлығымен, адалдығымен жеткен» деп еді.Монумент идеологы, үй­лес­­тірушісі, меце­наттары, құрылысшысы, жобалаушысы, істі күндіз-түні қадаға­лау­шысы – «алтын жетпес нарқы бар» осындай алты азамат.

Батыс пен Шығысқа жүргіншілер күн­діз-түні ағылып жататын мәңгілік қозғалыс – автобан бойында тұрған бұл монументтің расында сипаты да заманауи, сәулеті бөлек. Бұ­ған дейін Әулиеата өңірінде ұлттық ны­шандағы мұндай ескерткіш болмаған еді. Тіп­ті, республика көлемінде де ерек­ше­ле­нетінін айту керек. Енді, міне, күре жол­дың бойында төрт алыптың рухы бір биік­тен бір мезгілде бірдей көрініп тұр. Мұндағы төрт биік діңгек төрт құбыланың теңдігін аң­ғартса, ұшар басы шаңырақпен бірігіп, ор­тасына үлкен тайқазан қойылғаны – шаңырағың биік, қазаның отта болсын дегенді білдірсе керек.

Бұл – монументтің құрылысын жүргіз­ген – «Жаңа кемер құрылыс» ЖШС-ның бас­шысы Көшкінбай Құлманбеттің, жобасын Германия сәулетшілеріне дейін көр­сетіп, сызған «Бақ-проект» ЖШС-ның құ­рыл­тайшысы Бақыт Сегізбаевтың, мұн­дағы бар жұмыстың басы-қасында бары мен жоғын түгендеп, атсалысқан Қазақстан Парламанті Сенатының депутаты Мұрат­бай Жолдасбаевтың, қордайлық меценат Асқар Жұмабаев пен Қордай аудандық вете­ри­нарлық орталығының басшысы Бақыт Бай­төленің табанды еңбегі.

Ашылу рәсімінде жаңа нысанның маңы осы азаматтарға алғысын арқалап кел­ген қарияларға, құтты болсын айтқан қо­нақтарға, шашу шашқан әжейлер мен та­машалауға келген қауымға лезде-ақ толып кетті. Олардың қатарында ҚР Пар­ламентінің депутаттары мен экс-депу­тат­тары, жазушылар, тарихшылар мен жур­­налистер де бар.

Бұл күні Жамбыл облысы әкімі Кәрім Кө­кірекбаев, мемлекет және қоғам қай­рат­керлері Өмірбек Байгелді, Құрманғали Уә­ли, Амалбек Тшанов, Халық Қаһарманы Ба­қытжан Ертаев, Мәжіліс депутаты Қо­жа­хан Жабағиев, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин бас­таған қаламгерлер Несіпбек Дәутайұлы, Ма­рал Ысқақбай, Уәлихан Қалижанов  жә­не республикалық «Егемен Қазақстан» га­зетінің басқарма төрағасы Дархан Қы­дыр­әлі, т.б. көптеген танымал азаматтар бо­лып, та­ғылымды әңгіменің тиегі ағытылды.

Салтанатты жиынды жүргізіп отырған М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инс­титутының директоры, филология ғы­лымдарының докторы Уәлихан Қалижан жиынның  рухани, мәдени мәніне тоқталса, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қор­дай­лықтардың бірлікке негізделген ерен тір­лігін айтып, Өмірбек Байгелді тарих те­реңінен сыр ақтарды.

Жиылған жұрт ашылу салтанатынан соң Кенен ауылындағы ақынның музейінде ба­балар аруағына Құран бағыштап, құрбан­ ша­лып, Отар ауылындағы Кебекбай ше­шен­нің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Ізін­ше үлкен ас берілді.

Дастархан басында Несіпбек  Дәутайұлы ау­қымды іс атқарған атпал азаматтарды ор­таға шақырып, қордайлықтардың атынан алғысын білдіргенде, ата-баба алдын­дағы перзенттік парыз бен туған жерге деген шынайы махаббаттың көрінісі деп ұқтық. Марал Ысқақбай, Мүсілім Дайырбеков, Амалбек Тшанов, Әскербек Абаев пен журналистер атынан сөз алған «Егемен Қа­зақстан» газетінің басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі уәлі сөз айтып, ізгі тіле­гін жеткізіп жатты. Ал ұйымдастыру­шылар ­ба­балар туралы жазылған танымдық ма­қалалар топтастырылған «Тұлғалар тұ­ғыры» кітабын таратты.

Жиыннан шыққан жұрт қор­дай­лық­тардың Қайрат Қаймолдаев пен Көшкінбай Құлманбетке қазақи дәстүрмен жүйрік тұл­пар мінгізгенінің куәсі болды. Иә, Қор­дай жерін дүбірлеткен жиын осылай аяқ­тал­ған еді. Есімі ел есінде қалған бабалар рухына дұға бағыштап, қасиетті Құран оқыл­ған адал астан дәм татқан көпшілік ру­хани қуат алғаны хақ. Қазақтың нар тұл­ғаларының аруағына тәу ету, жоғымызды тү­гендеп, барымызды болашаққа табыстау ісі мұнымен шектелмес деп ойлаймыз. Ата-баба алдындағы ұрпақтық парызын жете сезінетін азаматтар барда өткеніміз өш­пейтіні анық.

Айгүл СӘМЕТҚЫЗЫ.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір