КЕШЕГІ МЕН БҮГІНГІ…
02.09.2016
2154
0

d49bd89f6722fc815c0c39d1dccab1b8Кешегі ата-ана баласының болашағына дәл бүгінгі ата-анадай алаңдап па еді? Жоқ, әрине… Қазіргі мектепке баласын апаратын ата-анамен сөйлесіп көріңізші, не дер екен? Аражігі неде?

Алтыншаш ЖАҚИЯНОВА,
ақын

Бүгінгі ата-ана неге қатты алаң­дау­лы? Баласының болашағына неге осын­ша қатты уайымдайды? Қазір не жоқ, баланың білім алуына бар жағдай жасалған емес пе?! Осындай екіұшты сұрақтар  бәрімізді мазалайды.

Бізді мектепке апарғанда: балам бі­лім алады, өнегелі, үлгілі оқушы бо­лады. Пионер, комсомол болып, адал­дыққа үйренеді деп апаратын. Тіп­ті, кейбір ата-аналар «еті сенікі, сүйе­гі менікі» деген ұстанымға да жа­қындау көзқараста болатын. Үйде жүр­генде еркелікке салынып немесе тіл алмасақ, «мұғалімге айтамын» деп қор­қытатын. Ал мұғалім деген бүкіл ауыл­дағы ең қадірлі, беделді, білім мен мәдениетті терең меңгерген жан болып есептелетін.

Қысқасы, ол кездегі мектепке бару де­ген өмірдің ерекше бір сатысы іспет­тес, есеюге, азамат болуға деген алғаш­қы қадам еді.

Ал қазір бала мектепке барған бой­да үш тілді қатар оқымақ. Өз тілін­де дұрыстап сөйлеп те үлгермеген сә­би-оқушыға ата-анасының алаңдауы заң­ды да болар. Осыншама ауыр бағ­дарламаны меңгере ала ма? Мұғалімі қан­дай адам екен, білімі, біліктілігі за­ман талабына сай ма, жоқ па? Инс­титутты өз білімімен тауысқан ба, болмаса «көкесінің» арқасында жүрген біреу ме? Тіпті, кейбіреулер ана тілді мек­тептерге де  сенімсіздікпен қарай­ды. Өзге тілдегі мектептердің білім са­пасы жоғары деп есептейді. Ал кө­зі­мізбен көргенімізге келетін болсақ, орыс тілді мектепке барған бала бай ті­ліміздің терең иірімдеріне бойламақ түгіл, қарапайым ауызекі сөздің өзі­нен мақұрым қалады екен. Ол-ол ма, сы­ныбындағы орыс балалардың еш­нәр­сенің қадір-қасиетін білмейтін, ос­падар, дарақы, тексіздік мінезін жұқ­тырады екен.

Міне, кейбір  ата-ана осылай да қат­ты қателесіп жатады. Өз тілін біл­мей өскен бала ұшпаққа шығарады де­ген бекер екенін де өте кеш түсініп жа­тады.

Сонымен, бұрын мектепке бала­сы­н алаңсыз апаратын ата-ана қазір жо­ғарыдағыдай себептермен ұрпа­ғы­ның болашағына қатты алаңдайды. Әри­не, кім баласын жаман болсын дей­ді. Келешегін нық­тап шегелеп беру үшін ең жақсы мек­теп­терді таң­дай­тыны әбден түсінікті. Тіпті, сабақ бе­ріп жүрген ұстаздарына қатты кү­мән келтіреді. Қит етсе үсте­рінен ша­ғым айтып, балаларына дәріс беріп жүр­ген мұғалімнің жанына жара сала­тыны да жоқ емес. Сабақ­тарына кір­гіштеп, кедергі жасайды. Осылай қор­қытып аламын деп те ойлайтында­ры бар. Әркім өз баласын Құдайдай кө­реді.

Қазір мұғалімдерге де оңай емес. Өйт­кені, балалар тым ерке. Ал талап өте жоғары.

Бағдарлама да ауыр. Осының бә­рінен жол тауып, оқушыны үлкен же­тіс­тікке жеткізу үшін ата-ана мен ұс­таз ортақ байланыста болғаны абзал. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» де­­ген қазақ, қашанда бірлікте бо­лайық, ағайын!

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір