ҚАЗАҚ КИНОСЫНЫҢ БҮГІНГІ ХӘЛІ АЛАҢДАТАДЫ
14.09.2021
5871
5

Кино – өнердің кенже баласы болғанымен, тұтынушысы ең көп мәдени құбылыс. Қазақ кино өнері – сол құбылыстың бір бөлшегі. Дегенмен адамдардың басы құралған жерде бүгінгі қазақ киносы туралы сөз қозғала қалса, оң баға есту мүмкін емеске айналып бара жатыр. Кейбір тарихи фильмдердің әлсіз сюжеттік құрылымы, сериялдардағы драматургиялық қабаттардың таяздығы көрермен көңілін қалдырғаны рас. Бірақ бұл қара аспанды төндіріп, етекті жасқа толтырып түңілуге негіз болмаса керек. Себебі біз сұхбаттасқан Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА профессоры, кинотанушы Гүлжан Наурызбекова «қазақ кинематографиясының әлем кино кеңістігінде өз орны бар» дейді. Сұхбатта тәуелсіздік алғаннан кейінгі казақ кино өнерінің даму жолы, жетістіктері мен «әттеген-айлары» айтылады.

 ҚАЗАҚ КИНЕМАТОГРАФИЯСЫНЫҢ ӘЛЕМ КИНО КЕҢІСТІГІНДЕ ӨЗ ОРНЫ БАР

– Гүлжан Құрманғалиқызы, кинотанушыға қойылар сұрақтың қай ауанда болатыны түсінікті де шығар. Қазақ кинематографиясын бір сөйлеммен қалай сипаттар едіңіз?  

– Қазақ киносының жағдайын бір сөйлеммен сипаттау, әрине, қиынырақ. Дегенмен қысқаша айтар болсам, бүгінгі таңда қазақ кинематографиясының әлем кино кеңістігінде өз орны бар.

– Бұл сөзіңізге қандай дәйек келтіресіз? Меніңше, бұл сөзіңізге қарапайым қазақ көрермен келіспейтін секілді…

– Бұлай деп нық сеніммен айтуға дәлелдер жеткілікті. Қазақ киносының жаңа буын режиссерларының үздік туындылары түрлі деңгейдегі Халықаралық кинофестивалдардың байқау бағдарламаларына белсенді қатысып келеді және ауыз толтырып айтарлықтай жақсы нәтижелері қуантады.

«Қазақ кинематографиясының әлем кино кеңістігінде өз орны бар» деп мақтанышпен айтуға шығармашылықтары арқылы орасан зор үлес қосып жүрген жас кинематографистердің фильмдерін атап өту керек. Мысалы, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының түлегі Әділхан Ержановтың алғашқы толықметрлі «Риэлтор» (2011) фильмі – Халықаралық кинофестивалдар жүлделерінің  6 дүркін жеңімпазы атанды (Оңтүстік Кореядағы «CINDI» жүлдесі, Ресей «Киношок»; «Кинолекбез» авторлық кино фестивалінің бас жүлдесі, Португалияда –Lisbon & Estoril Film Festival арнайы жүлдесі т.б.). Осындай және басқа да кинобайқаулардың жеңімпазы атанған режиссердің «Үкілі Кәмшат» (2014) фильмі халықаралық киносыншылар қауымдастығының шешіміміен «Азия киносының 100 үздік туындысы» каталогына енгізілді. Ә.Ержанов фильмдері Халықаралық КАНН кинофестивалының «Ерекше көзқарас» байқауына қатысып, екі дүркін арнайы жүлделерді иеленді («Үкілі Кәмшат» – 2014), («Әлемнің мейірлі енжарлығы» – 2018). Режиссердың «Сары мысық» (2020) фильмінің тұсаукесері  Халықаралық 77-Венеция кинофестивалында өтті. Бұл фильмнің  алдағы уақытта талай  кинофестивалдар байқауына қатысу мүмкіндігі енді басталды.

Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының тағы бір түлегі Эмир Байғазиннің фильмдері де  қазақ кино өнерінің әлемдік кинокеңістікте танылуына зор үлес қосып келеді. Режиссердың 2013 жылы түсірген «Асланның сабақтары» фильмі үлкен дәрежелі Берлин халықаралық кинофестивалінің «Күміс аю» жүлдесін иеленіп, заманауи қазақ киносы тарихында осындай дәрежелі фестиваль жеңімпазы атанған алғашқы фильм болды. Э.Байғазиннің «Өзен» (2018) фильмі 75-Венеция кинофестивалінің «Көкжиектер» байқау бағдарламасының бас жүлдесін иеленді.

Ұлттық кино сипатын  экрандық өнер мәдениетімен үйлесімді ұштастырып жүрген Ерлан Нұрмағамбетов («Жаңғақ тал», 2015), Жасұлан Пошанов («Шлагбаум», 2013), Шәрипа Оразбаева («Мәриям», 2019), Фархат Шарипов («18 килогерц», 2020) фильмдерінің де халықаралық дәрежелі кинобайқаулардан алған жүлделері жетерлік. 

Заманауи кезеңдегі әлемдік кино өнерінің, оның ішінде қазақ киносының да бүгінгі даму бағытын айқындау үшін жеке режиссерлар шығармашылығы мен бұған дейін қалыптасқан танымал киномектептердің үздік  тәжірибелеріне салыстырмалы көзқараспен сүйенген дұрыс болады.

– Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында қазақ кино өнерінің есігін айқара ашып келген тұтас бір буын бар. Сіз маман ретінде «Жаңа толқындықтардың» фильмдеріне осы шақ тұрғысынан қандай баға берер едіңіз? Олар өз фильмдерінде қандай мәселелерді өзек етті? Оларға қандай көркемдік бағыттардың әсері, қай режиссерлердің ықпалы мол болды?

– Кәсіби мамандардың  қалыптасқан мектебі және  өндірістік деңгейдің жеткілікті дәрежеде болғанына қарамастан өткен ғасырдың сексенінші жылдары тұсында қазақ киносында тақырыптық ізденіс жағынан да, кино тілінің көркемдік  тәсілдері жағынан да біршама дағдарыс байқалды. Көркемдік-идеялық жағынан қазақ киносындағы «жаңа толқын» ағымын қалыптастырған кино қайраткерлерінің сол жылдардағы жетістіктеріне себеп болған  жағдайларды қайталап айтуға болады. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының екінші жартысында ұлттық кино өнерінің болашағы кәсіби мамандар дайындығында екендігін негізге ала отырып, «Қазақфильм» киностудиясының әкімшілік- шығармашылық ұжымының ұйымдастыруымен (Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов, Камал Смаилов) бірқатар жастар Мәскеуге оқуға жіберілді. Аумалы-төкпелі қайта құру жылдарына шығармашылық ізденіс кезеңі сай келген кәсіби мамандардың жаңа буыны қазақ киносының одан әрі дамуына негізгі  тірек болды. Авторлық көзқарастарын батыл туындыларымен жеткізе білген «ЖАҢА ТОЛҚЫН» режиссерларының фильмдері ҰЛТТЫҚ КИНО ЭСТЕТИКАСЫН кино тілінің көркемдік тәсілдерімен ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙДЕ КӨРСЕТЕ БІЛДІ. Қазақ киносындағы «жаңа толқын» ағымы тек Сергей Соловьев шеберханасынан түлеп ұшқан кинематографистердің (Рашид Нұғманов, Ардақ Әмірқұлов, Серік Апрымов, Абай Карпықов, Әмір Қарағұлов, Талғат Теменов) фильмдерімен ғана сипатталмайды, сондай-ақ, «жаңа толқын» ағымының маңызын тереңдетуге Қалықбек Салықов, Ермек Шынарбаев, Дәрежан Өмірбаев, Бақыт Қилыбаев, Болат Қалымбетов шығармашылықтары да  орасан зор үлес қосты.

Әлем киносының тарихында  60-70 жылдары кең бағыт алған «авторлық кино» тілінің жаңа көркемдік тәсілдерімен сусындаған қазақстандық «жаңа толқынның» фильмдері ұлттық кино өнеріміздегі  аға буын режиссерларының фильмдеріндегі  тақырыптық түрленуді одан әрмен тереңдетті. Сонымен қоса, әлемдік, әсіресе, европалық кино тілінің жаңа суреттеу тәсілдерін кең пайдаланды. Француз киносының «жаңа толқынымен» келген жаңалықтар қазақ киносындағы «жаңа толқын» режиссерларының 1990 жылдар тұсында жарыққа шыққан фильмдерінде (Р.Нұғманов «Ине», С.Апрымов «Қияң», Д.Өмірбаев «Қайрат», Б.Қалымбетов «Айналайын»)  әр режиссердың біздің еліміздегі қоғамдық өзгерістерге, әлеуметтік мәселелерге шынайы көзқарасын көрсетті. «Жаңа толқындықтар» бүгінгі қазақ киносында шығармашылықтары толысқан нағыз кино шеберлері дәрежесінде әлі де сапалы фильмдерімен қуантып жүр. Д.Өмірбаев француз киносының поэтикалық реализмін, «жаңа толқын» дәстүрін өз фильмдеріне үйлесімді пайдаланды, алайда «Кардиограмма», «Киллер», «Жол», «Студент» фильмдерінде режиссердің ерекше қолтаңбасы мен өзіндік стилін жазбай тануға болады. Ал 2000 жылдар тұсындағы фильмдерде сипатталатын конфликт тармақтары «жаңа толқынның» «дүбірін» біраз  бәсеңдетті. Содан соң «Жаңа толқындықтардың» бір тобы коммерциялық фильмдер өндірісіне ауысты, енді бір тобы мемлекеттік тапсырыс өндірісінен шыға алмай қалды. Бірақ эстетикалық талғампаздық пен әр түрлі жанрлық ізденіс бағытындағы шығармашылықтарымен танылған қазақ киносының «жаңа толқын» режиссерларының  үздік фильмдері бүгінгі жаңа буын режиссерларына айтарлықтай әсер етті деуге негіз бар. 

ЖАСТАР ҚАРЖЫЛАНДЫРУ КӨЗДЕРІН ІЗДЕУГЕ МӘЖБҮР

– «Жаңа толқыннан» кейін қазақ кинематографиясы бір топ «партизандармен» толықты. Олар кімдер? «Партизандардың» «Жаңа толқындықтардан» ерекшелігі неде?

– «Жаңа толқын» да, бүгінгі күні танымал болып жүрген жас кинематографистердің өздері таңдап алған «партизандар киносы» да шартты атаулар ғой. Қай елдің кино өнері тарихын алсақ та, қалыптасу жылдары, өрлеу тұстары, дағдарыс кезеңі үнемі алмасып отыратыны белгілі. Бұл құбылыс – қазақ киносына да тән. «Жаңа толқын» мен «партизандар» арасында «жаңа жаңа толқын» деген тағы бір буын бар. Олар: Нариман Төребаев, Абай Құлбаев, Гүлшат Омарова, Данияр Саламат, Ержан Рүстембеков, т.б. Қазақ киносының әр кезеңіндегі ұлттық режиссура мектебінің аға буын, орта буын, бүгінгі жас кинематографистер фильмдерінде рухани байланыс үзілмеген, әр буынға тән өзіндік ерекшеліктері анық көрінеді. «Жаңа толқынның» фильмдерінде Ш.Айманов, М.Бегалин, А.Қарсақбаев, С.Қожықов фильмдеріндегі ұлттық сезім, эстетикалық мәдениет элементтері жалғасын тапқан. «Жаңа толқын» режиссерларының тақырыпты ашудағы экрандық өнер формасының суреттеу мәнерін «партизандар» фильмдерінен де байқауға болады. «Партизандардың» жетістіктерінің сыры, ең алдымен, әлеуметтік өткір мәселелерді  негізгі тақырып ретінде ала отырып, мазмұндық тереңдікті астарлы мәнерде жеткізу тәсілдерінде болса керек.

Әлем киносы тарихында өткен ғасырдың 50-жылдар тұсында ағылшындардың ойлап тапқан «партизандар» киносының әлеуметтік бағыттағы фильмдеріне мемлекеттік қаржыландыру көзі болмаған. Біздің «партизандарымыздың» да алғашқы қысқаметрлы фильмдеріне қаржылық көмек болмады. Идеялық топтарға біріккен жас кинематографистер шағын шығармашылық орталықтар құрып, әркім өз мүмкіндіктерінше ізденді. Қоғамдағы келеңсіз жағдайларды шынайылықпен батыл көрсеткен «партизандардың» алғашқы фильмдері жастар мен студенттік фильмдер фестивальдерінде («Дидар», «Шәкен жұлдыздары», «Бастау») көрсетіле бастады. Сатылай өсу нәтижесінде «партизандар» халықаралық біріккен жобалардың жеңімпаздары, мемлекеттік тапсырысқа ие болып жүрген кәсіби мамандар деңгейіне көтерілді. Осы орайда айта кету керек, жастар киносының дамуына жол ашып берген – «Қазақфильм» киностудиясының жанындағы «Дебют» шығармашылық бірлестігі. Көркемдік жетекшісі Д.Өмірбаев  бірнеше жыл қатарынан дебюттік фильмдер өндірісіне байқау жүргізді, ең талғамды киножобалардың жарық көруіне себепші болды. Венера Кайыржанова, Берік Жақанов сынды дарынды жастардың фильмдері  осы «Дебют» бірлестігінен өндіріске жіберілді. Ең бастысы, Д.Өмірбаев ұлттық киномыздың болашағы үшін осындай жастардың керек екенін жиі айтады. Өкінішке қарай, «Дебют» шығармашылық бірлестігі жабылды. Енді жастар өз мүмкіндіктерінше қаржыландыру көздерін іздеуге мәжбүр. Ұлттық киномыздың болашағын ойласақ, кәсіби мамандар даярлау мектебін нығайту керек, жастарды «Дебют» арқылы ынталандыру керек. Жастар мен студенттік фильмдер байқауын жандандыру да өзекті мәселе.

БАЛАЛАР АУДИТОРИЯСЫН ЕСТЕН ШЫҒАРЫП АЛДЫҚ

– Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ киносында қандай жанрлар бой көрсетті? Игерілмей жатқан жанрлар бар ма?

– Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ киносының өндірістік қарқыны жоғары деңгейде болды. Орталық Азия кеңістігінде қазақ киносының осы жылдардағы даму бағыты басқа көршілес елдерге қарағанда көш ілгері екендігі айқын. Бүгінгі күні ірі киноөндіріс орталығына айналып отырған  Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының тәуелсіздік жылдарындағы өндірістік жоспары бірнеше бағытта дами бастады. Мысалы, Мемлекеттік тапсырыспен келген отандық және шетелдік киностудиялармен бірлескен тарихи («Көшпенділер», «Сардар», «Жаужүрек мың бала», «Қазақ хандығы») және тарихи-биографиялық тақырыптағы фильмдер өндірісі (Абай», «Жамбылдың жастық шағы», «Махамбет», «Мұстафа Шоқай», «Біржан сал», «Құнанбай», «Томирис», «Әміре», «Елбасы жолы», «Жұлдыздар тоғысқанда»), әдеби шығармадан экрандалған фильмдер өндірісі («Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Кек»), заманауи өзекті тақырыптарды негізге алған авторлық фильмдер өндірісі («Ақсуат», «Көзімнің қарасы» «Кардиограмма», «Оралман», «Үкілі Кәмшат», «Асланның сабақтары»), т.б.

Отыз жылдың ішінде мемлекеттік тапсырыс жағынан алсақ та, түрлі деңгейде дамып келе жатқан  продюсерлік кино өндірісі тұрғысынан алсақ та фильмдер саны баршылық. Әсіресе, көпшілік көрермен аудиториясына  бағытталған прокаттық табыс мақсатындағы жеке продюсерлік фильмдер өндірісі қарқыны күшейді.  Кино өндірісінің бизнес бағытын басым ұстанған  А.Сатаевтың жеке студиясында («Sataifilm») осы жылдары  бірнеше коммерциялық фильмдер («Рэкетир», «Ликвидатор, «Хакэр», «Бизнесмендер») түсірілді және киножарнама бағыты да осы студиядан  өте жақсы деңгейде байқалды. Қазақ киносына шоу-бизнес әлемінен келген продюсерлік орталықтардың да тәуелсіздік жылдарында өз көрермені қалыптасып үлгерді. Бірақ А.Сатаевтың коммерциялық фильмдеріндегі жанрлар диапозоны кеңірек десек (аңыз, криминал. триллер), шоу-бизнестен келген продюсерлердің басым көпшілік фильмдері – комедия жанрында ғана. Продюсер Н.Қоянбаевтың (Бизнес по казахский), Н.Адамбайдың («Келинка Сабина»), Ә.Садуақасованың («Келинка тоже человек») фильмдері осының дәлелі. Егемендік алғаннан кейін экранға келген қазақ киносының сан жағынан басымдығы өнер туындыларының сапасын көрсетпейді. Дегенмен фильм көбірек түсірілсе, сапасы жақсара беретіні анық. Мысалы, Н.Адамбайдың фильмдеріндегі сюжеттік тармақтар жеңіл болғанымен, кейінгі фильмдерінде («Әкім») мазмұндық тереңдікке бара алған деуге болады. Байқағанымыздай, кейінгі 30 жылда экранға шыққан фильмдердің біраз бөлігі – тарихи, биографиялық, комедия жанрында. Бір жағынан, полижанр форматының бүгінгі моделі қазақ киносына да тән болып отыр.

Бізде аз көрінетін немесе игерілмей жатқан жанрлар бар. Сондай жанрлардың бірі – қиял-ғажайып немесе ертегі жанры. Қазақ киносында ертегі жанрының қалыптасуына Виктор Пусурманов  фильмдері негіз болды десек қателеспейміз. Көрерменнің фильм көру мәдениетін қалыптастыру туралы айтқанда балалар аудиториясын естен шығарып алған жағдайымыз бар. Тәуелсіздік жылдарында түсірілген фильмдердің басым көпшілігінде болмаса да, біраз туындыларда бала кейіпкерлер бар. Мысалы, Д.Саламаттың «Әкем екеуміз» (2008), С.Апрымовтың «Бауыр» (2013), «Әкеге қоңырау шалу» (2017) фильмдеріндегі бала кейіпкерлер иықтарына түскен әлеуметтік келеңсіз жағдайлардың ауыр салмағын көтеріп жүрген шарасыз жандар кейпінде жанашырлық сезім тудырады. Әрине, бұл кейіпкерлердің тұнжыраған ауыр атмосфера ортасында өмір сүруге мәжбүр болған жағдайларын А.Қарсақбаевтың «Менің атым Қожа», «Алты жасар Алпамыс», Ш.Бейсембаевтың «Арман-атаман» фильмдеріндегі бақытты бала әлемімен салыстыру тіпті мүмкін емес.

Рас, бүгінгі қазақ киносындағы бала кейіпкерлердің көбі – ұлдар. Бұл «теңсіздік» – қазақ киносының классик режиссерларының фильмдерінде де байқалған құбылыс. А.Қарсақбаевтың балалар тақырыбындағы фильмдерінде бас кейіпкерлер ұл балалар (Қожа, Алпамыс, Бектас), ал режиссердың «Жүйрік болсаң, озып көр» (1974) фильміндегі бас кейіпкер жүйрік қыз – Гуля (Шынар Берсүгірова). Гуля ұлдарша киінетін, сотқарлығы да бар, мінезі тік, Ұзынтөреге (Бақыт Шарденов) қарсы тұра алатын батыл кейіпкер сипатында бейнеленген. Тағы бір классик режиссерымыз Ш.Бейсембаевтың «Арман-атаман» фильміндегі үш бас кейіпкер де – ұл балалар. Соншама көп ұлдардың ішінен анда-санда бір қыз бас кейіпкер ретінде көрініп қалады. Мысалы, А.Әлпиевтың «Сүйрік» (1984) фильміндегі Сүйрік (Гүлшат Омарова).  «Жаңа толқын» режиссерларының фильмдерінде де  бала кейіпкерлердің басым көпшілігі ұлдар: «Кардиограмма» (1995, реж. Д.Өмірбаев), «Соңғы каникул күндері» (1996, реж. А.Каракулов).  

Қыз балалардың мәселесі оның ұл боп тууын қалаған ата-ана мен еркекшора боп тәрбиеленуінен әрі аспай жатыр. Мұны  заманауи қазақ киносындағы С.Құрманбековтың «Секер» (2009) фильмінің мысалында одан әрмен тереңдетуге болады. Міне, бүгінгі қазақ киносына жетпей жатқан – жоғарыда атаған жанрлар мен бейнелер.

ЖАС РЕЖИССЕРЛЕРДІҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДА ЖАҢАЛЫҚ БАР ДЕП АЙТА АЛМАЙМЫН

– Тарихқа көз жүгіртсек, сан алуан мәдени-саяси және әлеуметтік дағдарыстар мен жаңғыруларды бастан кешкен жастар сол албырт шағында да өлмес туындылар жарата алды. Қазіргі өскелең режиссерлардың аяқ алысы қалай? Жас режиссерлердың шығармашылығына пандемия жағдайы қалай әсер етіп жатыр? Қазақ кино өнерінің қандай жаңалығы бар?

– Жас кинематографистер әр тақырып төңірегінде ізденісте жүр. Әлішер Жәдігеров, Самғар Рақым, Диас Құлмақов фильмдерінен байқалған шынайылық пен көркемдік тәсіл үйлесімділігі, тақырыптық толғаныс туралы өзіндік көзқарастары қуантады. Тек жастар киносы турасында жауап күтер болсаң, соншалықты жаңалық бар деп айта алмаймын. Неге олай? Себебі – фильм түсіру оңай емес, кино өндірісі көп қаржыландыруды қажет ететін сала. Қазақ киносының бүгінгі өндірістік жағдайы өте алаңдатып отыр. «Қазақфильм» киностудиясының тақырыптық жоспары мемлекеттік тапсырыс аясынан аспайды, авторлық фильмдерге қаржы бөлу мәселесі өзекті болғанына қарамастан шешімін таппай келеді. Бір кездегі «жаңа толқын» ағымын аспандатқан бүгінгі аға буын режиссерлардың жаңа фильмдерін асыға күтіп отырмыз.

– 21 ғасыр режиссерларының шығармашылығынан 21 ғасырдағы қазақ қоғамы қалай көрінеді? Қазіргі қоғамның қаһармандары мен кішкентай адамдары кімдер? Жас режиссерлердің фильмдеріндегі «қазақ» бейнесі туралы әңгімелесеңіз…

– С.Апрымовтың «Ауыл», Д.Өмірбаевтың «Ақын», Б.Қалымбетовтың «Мұқағали» фильмдері түсіріліп бітті. Бір қызығы, үш фильмде де бас кейіпкерлер шығармашылық толысқан тұлғалар. Қарап отырсақ, аға буынға айналған «жаңа толқындықтардың» поэтикалық сарын мәнерінде берілетін «өкініш сезімдері» олардың жаңа туындыларында біздің бүгінгі қоғамдағы  дағдарыс, тоқырау себептеріне деген күйзелістеріне бағытталады екен.

Ал жастар киносы туралы не айтуға болады? Олардың қаржылық қиыншылықтары тақырыптық еркіндікке баруға мүмкіндік бермейтіні анық. Барлық салмақ студенттік фильмдерге түседі, оларды жинақтап бір жерде көрсету керек. Сондай шараларды жүзеге асырып жатқан «Дидар», «Шәкен жұлдыздары», «Бастау» сынды жастар киносының фестивальдары біртіндеп жабылып қалып жатыр. Ендігі үмітіміз «Байқоңыр» фестивалінде ғана. Қысқаметрлі фильмдер фестивалін жас кинематографистердің шығармашылық ізденістеріне мүмкіндік беретін өнер сайысы деп бағалауға болады. «Байқоңырдың» бес жылдық байқау бағдарламасында көрген фильмдерге тақырыптық шолу жүргізетін болсақ, студенттік фильмдердегі көтерілетін мәселелер өздерін қоршаған ортадағы шынайы өмір көріністерінен хабар береді. 2019 жылдың 4-8 қыркүйегі аралығында ұйымдастырылған «Байқоңыр-ІV» кинофестиваліне қатысқан 30-дан астам фильмдердің ішінде 15 фильм тек қазақстандық жас режиссерлардың жұмыстары болды. «Халықаралық» және «Ұлттық» деп бөлінген байқау бағдарламасындағы қазақстандық фильмдердің ішінен ортақ тақырыпта түсірілген туындыларды айқындауға мүмкіндік болды. Мысалы, басым көпшілік фильмдерде жиі кездескен тақырыптардың бірі – отбасылық мәселелер. Бұл тақырып – қазақ киносының жаңа буын режиссерларының жаңалығы емес. Толық емес отбасындағы бала тәрбиесі бұған дейін де қамтылған тақырыптар қатарында талай фильмдерде көрінді.

Жастар киносындағы отбасылық жағдай мәселесінің жаңа бір қыры – ағайындылар арасындағы түсініспеушілік. Еламан Шаубановтың «Бауыр» фильмінде  әкелерінің жұмыссыздығы себеп болып, бауырлас екі баланың арасында кикілжің басталады. Тура осындай бауырлар арасындағы түсініспеушілік Әлішер Жәдігердің  «Қағаз тікұшақ» фильмінен де көрінді.  Аталып отырған екі фильмде де оқиғаға себеп болған отбасылық түсініспеушілік соңында  бауырлар арасындағы татулықпен шешімін табады.  Отбасылық жағдайды қамти отырып, тақырыпты қарама-қайшылық сипатта өрбітетін фильмдер де бар. Темірлан Өрісбаевтың   «Ізбасар» фильмінде әке мен бала арасындағы  туысқандық қарым-қатынас түрлі сынақтан өтеді, фильм соңында ұлттық құндылықтарды насихаттауға жетелейтін мағыналы нәтижемен аяқталады. Бұл ұрпақ ағайын-туыстардың тату болғанын аңсайды.

Сондай-ақ,  бірқатар фильмдерде махаббат тақырыбы  фильм кейіпкерлерінің жас шамасына қарай түрлі көзқараспен көрініс алған.. Сағымдай алыс «арман» сезімі бір фильмде қол жетпей жатқан байлық, екіншісі фильмде денсаулық, тағы біреуінде шетелге кету сияқты сезімдер арқылы өрнектеледі. Жастардың азаматтық деңгейде қалыптасуына әсер ететін басқа да түрлі әлеуметтік, қоғамдық мәселелер де бірқатар фильмдерге тақырып болған.

Жаңа буын режиссерларының фильмдерінде кездесетін тағы бір қызық тақырып – қаладан ауылға барған жастардың жаңа әлеуметтік ортадағы жағдайы. Бұл сөзімізге Талғатбек Әбішевтің «Сары көйлек» және Самғар Рахымның «Дипломмен ауылға» фильмдерін мысалға келтіруге болады.  Бұл фильмдердегі кейіпкерлер – қалада интернетпен тәрбиеленген балалардың, жастардың жинақталған бейнелері. Олардың  ауылға келулері екі фильм драматургиясында да өте тартымды сюжеттермен сипатталады. Т.Әбішевтің «Сары көйлек» фильмінің кейіпкерлері басында  ауылды менсінбей, жаңа ортаны жат тұтқан кірпияз кейіпте көрінсе,  фильмнің соңына қарай ауылдың жаңа тынысын сезінеді. Екінші фильмде бас кейіпкер жоғарғы оқу орнын бітіріп, жұмысқа орналасу үшін дипломмен «қаңыраған» ауылға қалай келіп қалғанын түсінбей қалады. Жоғарыда аталған фильмдердегі тақырыптар аясын қорытындылай келгенде,  қазіргі жас кинематографистерді қызықтыратын тақырыптардың ұқсастығына қарамай, түрлі шешімдерін табуға тырысқан ізденістері  қуантады.

– Уақыт бөлгеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ

ПІКІРЛЕР5
Аноним 15.09.2021 | 11:28

Сұхбат жақсы шыққан. Көп нәрсе айтылыпты. Айтылғанның бәрі ақиқат. Кинотанушы ең бастысы, маманды, талантты тани алатынын білдіріп отыр.
Тағы да Жаңабек Жетіруов атаусыз қалыпты. Оның бірде-бір фильмі аталмапты. Себебі белгілі. Ж.Жетіруовтың түсірген фильмдері — фильм емес. Телестудия хабарларына сәйкес түсірілген үзік-үзік бейне көріністер сияқты бірдеңелер. «Дүниежарық», «Аққыз», «Шыңырау» және т.б. «фильмдерін» фильм деп айтуға келмейді. Бірінің сюжеттік құрылымдары босаң, кейбірінде тіпті сюжет жоққа тән десе де болады. Қысқасы, түсіргеннің бәрі кино болып шықпайтынын аңғаратын уақыт жетті ғой.

Аноним 17.09.2021 | 17:27

Өте жақсы сұхбат екен! Жастарға көп мәлемет беретіні сөзсіз. Қазақ киносы туралы осындай материалдар жетіспей жатқаны рас, Рахмет!

Аноним 22.09.2021 | 13:51

Расында да Ж.Жетіруовтың түсіргендері шын мәнінде кино болып шықпаған.
Бізге қанша көрсе де жалықтырмайтын, көрермен жүрегінде
«міне, қазақ киносы осындай!» деген ризашылық, мақтаныш
сезімін оятатын, оларды қызықтыра отырып, адамгершілікке, имандылыққа, мәдениеттілікке, батырлыққа, адал достыққа, асыл махаббатқа жетелейтін, идеясы, стилі, құрылымы айқын фильмдер
қажет.

Аноним 28.09.2021 | 10:44

Қазір осы сияқты «фильм» түсіргіштер көбейіп барады. Бұл шіркіндер түсіргендері кино болып шықпайтынын түсінбей жүр-ау.

Аноним 01.10.2021 | 21:32

Қазіргі қазақ киноларында кейіпкерді сомдау және олардың дауыстары, сонымен бірге қазақ тілі дубляждары өте жасанды, шынайылық жоқ. Бір-біріне ұқсас дауыстар. Киноларды көрейін десең, бірнеше минуттан кейін жалығып кетесің. Тарихи киноларда актер қыз-жігіттердің түрлері де тым қатты гримделетіні сонша, сол кезеңге келмейді. Әйтеуір көрейін-ақ десең де, көргің келмей кетеді. Бір кем дүние…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір