КЕШЕГІ ЖОЙДАСЫЗ ЖАПА ШЕККЕНДЕРДІҢ БҮГІНГІ ЖОҚТАУШЫСЫ
13.08.2021
1171
0

 Ол кезінде әдебиет табалдырығын ақын болып аттады.  Жүре келе бұл жанрға сыймай тарих теңізіне құлаш ұрды. Әдебиетте сирек кездесетін  бетбұрыс. Бірақ  түсінуге болады. Тарих теңізіне дүрбі салған қазақ не көрер еді? Ең алдымен қазаққа жасалған қиянатты көрер еді. Тарих көшінде дүрілдеп өткен  далалықтардың жазба тарихта кеткен есесін көрер еді. Өйткені далалықтардың жылнамасы жау қолымен жазылыпты. Жаулары олардан қан майданда ала алмаған өшін қағаз бетінде  алыпты. Арғы аталарымыз скифтер, сақтар, ғұндар, түркілер тарихы, сөйтіп, хат бетінде қиянат көріпті. Бұл қиянатты   Тұрсын тәрізді тарихқа көз салған Дала ұлы көрмеуі мүмкін емес еді. Көрді екен, атой салып оянбауы мүмкін емес еді. Оянған намыстың арғықазаққа араша түспеуі мүмкін емес еді. Ақын Тұрсынның  тарихшы  Тұрсынға айналуын осылай түсіндік. Тарих тереңіне  сүңгіп, тірнектеп терген  інжулері арғы тарихымыздың келбетін құраған «Дулығаға» айналу себебін  осылай түсіндік.   Ол –  арғы тарих еді. Бергі тарихтағы бүркеулі сұмдықтар  одан да сорақы болып шықты.  Арғы тарихтан келе жатқан Ұлы Даланың бергі тарихта көрген қиянаты, әсіресе, кешегі «қызыл террор» кезінде көргендері, елім деген ерді естен тандырғандай еді. Сұрқия цензура қызылдардың  қанқұйлы қылмыстарын қызғыштай қорғап, «құпия» деген гриф салып  көпшілік назарынан  таса ұстап келгені белгілі. Бұл ақын-тарихшының ашу-ызасын тудырды. Қазаққа жасалынған қиянатты  ашуға  Тұрсын табаны күректей жиырма жыл жұмсады. Түнде ұйықтамады, күндіз отырмады. Мұражай сөрелерінен суырып мыңдаған құжаттардың шаңын қақты. Сонда, «құжаттар не деді?»  дейсіз ғой! Құжаттар «қызыл террорды» ұйымдастырушылардың қазақтың тұқымын тұздай құртуға ниетті болғанын ашып берді. Сөз жүзінде дәл солай айтпаса да, іс жүзінде соны жасапты. Большевиктер  тұсында орын алған 3 ашаршылық құрбаны болған 5 миллион  соның айғағы еді. Жазықсыздан-жазықсыз оққа байланған 25 мың зиялы қазақ соның айғағы еді. Қолға түскен құжаттар сол сұмдықтардың қағаз бетіне тамған қанындай буы бұрқырап тұрды. Шырқырап тұрды. Сол қан жылаған  құжаттардан құрап Тұрсын «Ұраным – Алаш!..» кітабын жазды. «Ұраным – Алаш!..» –  шынтуайтына келгенде кеңестік қызыл идеология 70 жыл төмпештесе де өлтіре  алмаған қазақтың өршіл ұлттық рухының қайта тірілуінің бір көрінісі. Тарихшы Тұрсын ұлтқа қызмет етудің үлгісін көрсетті. Жазушы Жұртбай кешегі жойдасыз жапа шеккендердің бүгінгі жоқтаушысы болды. Алаш алдындағы азаматтық борышын артығымен орындады.  70 жылға созылған идеологиялық илеуде тапталған қазақ рухы есенгіресе де  ес жиып Тәуелсіздік туын тіктеді. Алаш көсемдерінің мүсіні Елорда  төрінде орнады.  Алаш ұранды ұлтқа айнала бастадық.

Смағұл ЕЛУБАЕВ, жазушы

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір