ҚАРАСАЙДЫҢ «ҚУАНЫШ» КҮЙІ

0
394 қаралды

ДомбыраАкадемик Ахмет Жұбанов «Қа­зақстанның өзге аймақтары күй­лерінен ерекшелігі басым – Маң­ғыстау күйлері» деп бағалап кет­кен болатын.

Маңғыстау өңірінің әндері мен күйлерінің, әуен-сарын­да­рын­да – Маңғыстау елінің тағ­ды­ры да, аяулы арманы мен өмір­­лік мұраты да, ел мен жерді қор­ғап ешкімге бас имеген ерлік ру­хы да айқын көрінеді. Бұл ерек­шелік қазақтың дәстүрлі өне­ріне зор ықпал жасаған. Де­ген­­мен, ел басына туған алма­ғайып замандарда көп күйлердің тарихы көмескіленіп, халық арасына жетпей қалды. Сондай шы­ғарманың бірі – бір кездері халық күйі «Қарасай» атанып кеткен Қарасайдың «Қуаныш» күйінің тағдыры. Қазір бізде Қарасайдың «Қуаныш», «Жорық күйі» атты күй­лері, бірнеше «жыр-күйі», сон­дай-ақ, «Қарасай-Қази» жы­ры­ның өзі жырлаған нұсқасы мен өле­рінде айтқан толғауы бар. Атал­мыш екі күйді тыңдағанда, бір адамның төлтума-қолтаңбасы екені айқын көзге ұрады.

Ең алдымен күйді сөз етпес бұрын, осы Қарасай күйші туралы тоқтала кетсек. Бұл жерде «күй­ші Қарасай деген кім?» деген сұ­рақ келеді. Қарасай – Маңғыс­тау мекенінде туып, Қарақал­пақ жерінде дүние салған әйгілі ақын-жырау, әнші-күйші сазгер. Қарасайдың толық аты-жөні «Қа­расай Қалыұлы». Ол Кіші жүз­дің ханы Әбілхайыр ханның тұ­сында қол астында қырық сар­баз­бен қол бастап, Ақтабан шұ­бы­рынды шайқасында ерлік көр­сеткен Адайдан шыққан батыр Шоғы Мұңалұлының ұрпа­ғы. Яғни Адайдың Мұңал-Шоғы аталығынан тарайды. Шоғыдан (Қырықмылтық) Жолай – Бодан – Кенжебай – Қайырбек (Қо­тыр­бас) – Шолан – Қалы – Қара­сай болып бұтақтанады.

Жалпы, Қарасай туралы айтатын болсақ, таусылмайтын әң­гі­ме көп. А.Жұбановтың «Замана бұл­бұлдары» еңбегінде Қарасай Қалыұлы туралы мынадай шағын мәлімет бар.

«Әкімгерей Қостановтың тұ­сын­да Адай руынан шыққан Қа­­расай деген жыршы болды. Ол Сам­да 1866 жылы туған. Көне Үрге­ніш, Бұхара, Түркменді тегіс ара­лаған. Түркменнің ханы Жө­нәйт­­тің  алдында жырлап, сый­лық ал­ған. Қарасайдың әкесі Қа­лы­ның өнері болмаған. Қара­сай бойы аласа, тапал кісі болыпты. Ол соны әман өлеңіне қосады екен.

«Менің атым Қарасай,

Мен Қалының баласы-ай.

Жас басымнан сөз бағып,

Бойға болдым аласа-ай.

Адай еді руым,

Қанша жүйрік болса да,

Келген жоқ жанның шамасы-ай», – деп бастайды екен. Қарасай 1930 жылы қайтыс болды. Одан да көптеген әуен, жыр, ән қалды. Термеге жақын келетін сазы болды, әр жыршының өзінің жақсы көретін сазы болды. Мысалы, «Әкім­герей сазы», «Қарасай са­зы», «Бітеген сазы», «Науаш са­зы», «Пұсырман сазы», «Барлыбай сазы», «Тоғыс сазы», «Сабыр сазы» дегендердің әрқайсысының өзіне тән мелодиялық, ырғақтық, ек­піндік ерекшеліктері бар». Қа­ра­сайдың саздарынан бізде үлгі­лері нотаға түсірулі», – деп Қара­сай­ға қайыра соғып, бұрынғы пі­кірін тірілте түседі.

Ал «Маңғыстау» энциклопедиясында: «Қалыұлы Қарасай (1860, Жем-Сағыз өңірі – 1930, Шыршалы қорымында жерленген) – ақын, жырау, жыршы, күйші, композитор» деген (мұнда туған жеріне қатысты қателік кет­кен – С.Н.) дерек бар. Кейінгі із­де­ністердің нәтижесінде, Қа­расай 1860 жылы Маңғыстаудың Ұлы қырындағы Ырғызбай-Қа­расай атты жерде дүниеге келгені ай­қындалды.

Енді Қарасайдың «Қуаныш» күйі­нің халық күйі «Қарасай» боп өзгергені жөнінде сөз қоз­ғай­тын болсақ, мұны айтқанда, бұл негізінен бала кезімізден бері құ­лағымызға әбден сіңген күй. Сал­мақты, сабырлы, шадыман ек­пінде ойналатын өте керемет сұлу шығарма. Нағашы атам Са­дық Мәжікұлы деген кісі орта мо­мын шаруа адамы болса да, аңыз, тарих-шежірелерге бай аза­мат болатын. Қолы тисе керегеде тұр­ған домбыраны шертіп қоя­тыны бар. Мен сол нағашы атамнан жиі естідім. Кейін «Қазақ­стан» ұлттық телеарнасынан бе­рілетін «Жеті саз» бағ­дар­ла­ма­сы­нан күйші Қаршыға Ахмедияров ағамыздың алғашқы шәкірт­тері­нің бірі Атыраулық өнерпаз Мұрат Каримуллиннің орындауында беретін. Бірақ Мұрат Кари­муллин халық күйі «Қарасай» деп және жылдамдықты асырып ек­піндетіп орындайтын. Қазір де бұл күй көптеген күйшілердің ре­пертуарынан елеулі орын алуда, бірақ сұрай келгенде осы күй­ді репертуарына қосқан сол өнер­паздар «күйді кім жеткізді» деген сұраққа дәлелді жауап айта алмады.

Негізі бұл күйді біздің дәуі­рі­мізге жеткізген күйші Қамбар Ер­қожаұлы Медетов. Академик Ах­мет Жұбанов «Өскен өнер» ең­бегінде Қамбар туралы мынадай сырларды шертеді.

«Қамбар бойы ортадан жо­ғары­рақ, қарасұр, мұрынды, қа­бағы қалың, көзі қысық та емес, аса бадырайып та тұрған жоқ, саусақтары жуан, бірақ салалы, кішкене қара мұртты өзіне жарасып тұрған кісі еді. Ол домбыра тартқанда біржолата беріліп, бар ықыласымен кірісетін. Қолы күш­ті, қаққанда домбыраның «жа­нын шығарады», бірақ қақ­пақты тарсылдатпайды. Ал сол қо­лы тіпті жүйрік. «Қарасайдың қуанышы» деген күйді тартқанда, паралельді терциямен көз ілеспей жүретін. Қаншама топтан озған домбырашылар болса да, ұлт-ас­паптар оркестрге отыз төртінші жылы жиналғандардың бірде-бірі Қамбардың апплика­тура­сын (сау­сақ басу тәртібін) ала алған жоқ (87-бет).

Қамбар ұлт-аспаптар ор­кес­т­рін­де (қазіргі Құр­ман­ғазы атын­дағы мемлекеттік ака­де­миялық халықтық ұлт-ас­пап­тар оркестрі) біраз жыл қызмет істеді. Кон­церттерде жеке домбыра да тар­тып жүрді. Өзінің репер­туа­рын­­дағы «Қарасайдың қуанышы» (кейін «Қарасай» атанып кеткен), «Арынғазы», «Қостайбек», «Боғ­да­ның» варианттары тағы басқа күй­лерін жеке домбырашыларға, ор­кестрге үйретті.

1935-36 жылдарда ол фи­лар­монияның администраторы, одан кейін директордың орынбасары қызметтерін атқарды. Бірақ өзінің музыканттық жұмысын еш уа­қыт­­та да қалдырған жоқ (92-бет).

Қамбар қайда жүрсе де сүйікті кәсібі – музыканы тастамайды. Әсіресе, жиырмасыншы жылдары ол үшін үлкен музыкалық тә­жірибе алудың кезеңдері болады. Қамбар белгілі әнші, асқан жыр­шы Әкімгерей Қостановпен та­нысады. Ол Адай Қарасай жыр­­шы, Шүрен Ізтілеу жыршы, Қабақ Пұсырман жырау, Естек Сабыр жыраулармен таныс болады. Бұл жыршылардың бәрі бірдей тек қисса-дастан жаттап айтушылар ғана емес, көпшілігі әсем әнші, суырыпсалма ақын да болатын. Міне, осы бір өнердің синтездік түрін бір бастарында ұстаған адамдар Қамбарға үлкен рухани ұстаздар болды. Жоғарыда айтылғандай, Қамбар тек қана күйші ғана емес, сонымен қатар ол сегіз қырлы, өнердің көп жақ­тарын қамтыған адам болатын: ол домбырашы, әнші, ақын, орын­даушы» (90-бет).

Иә, расында да осы деректен кейін ешқандай шүбә мен күмән келтіре алмайсың. Өйткені, Қам­бар Қарасайды көрген болса, Қа­расай Қамбарға ұстаздық еткен болса, Ахаң Қамбардан Қара­сай туралы жазып алған болса, осы деректен кейін ешқандай са­насудың қажеті жоқ.

Енді берігіректен сөз қозғай­тын болсақ, бұл туралы бұрын Құр­манғазы атындағы халықтық академиялық ұлт-аспаптар ор­кестрінде еңбек етіп кеткен ал­­­дыңғы буын ағаларымыз «Халық күйі «Қарасай» – халық күйі емес, Қарасайдың «Қуаныш» күйі» деп те айтып жүретін. Өйт­кені, Кеңес­тік дәуірде көбінесе кей жер­лерде арасында халық аузынан «Қарасайдың күйі» деп шық­қан соң ба, атақты дирижер Шамғон Қажығалиев Қарасай­дың «Қуаныш» күйін, {ха­лық күйі «Қарасай»} деп өз­герт­кен.

Ал батыс аймақтағы тың­дар­ман Қарасайдың «Қуаныш» күйін, оны {халық күйі «Қарасай, Қа­зи»} деп атайды. Олар «но­ғай­лық заманнан жеткен күй» деп есептейді. Бұл сөз де қате. Өйт­кені, «Қарасай, Қази» эпостық жыр-дастан. Ал егер дәл солай «Қарасай, Қази» деген атпен күй табылса, онда ол мифологиялық-цикл­ды күй болар еді. Яғни Мұн­дай күйлер «Ақсақ құлан – Жо­шы хан» секілді бірнеше бө­лім­­нен, сан түрлі нұсқалардан тұра­тын шығарма болар еді. Жаңа жоғарыда айтып өткендей Қарасай бабамыз бұл «Қарасай, Қази» дастанын таңды-таңға ұрып жырлаған. Сол Қарасай ба­бамыздың жырлаған «Қарасай, Қа­зи» дастанының нұсқасы қолымызда бар.

Жалпы Қашаған атамыз:

«Тіріде жанға тыным жоқ,

Қызыл тілде буын жоқ.

Айта берсең, аяғы –

Таусылмайтын сөз болар» – де­мек­ші, соның ішінде біз ұлы бір­туар тұлға Қарасай Қалыұлы ту­­ралы айта берсек, шегі жоқ әң­гіме көп. Қазіргі таңда Қарасай жы­рау бабамыздан қалған жәді­герлері Маңғыстау облыстық та­­рихи-мәдени өлкетану мұра­жайының көрмесінде тұр. Ал Қа­расайдың ұрпақтары Қара­қал­пақстан елінде тұрады.

Бұл мақаланы жазудағы мақ­сатым – дәстүрлі музыка өне­рі­міз­дің дұрыс мен бұрысын талдап, талқылап, сұмдығы мен шын­­­дығын зерттеп, зерделеп, өңін өңдеп, өндіріп, өшкенді жа­ғып, жоғалғанды тауып, шаңға бат­қанды қағып халық қазына­сы­на ұсыну. Күйдің өз атауы ха­лық­қа жетсе екен…

Марат НУРЕТДИНОВ,
дәстүрлі өнер зерттеуші.
Маңғыстау облысы,
Жаңаөзен қаласы.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.