Зияткерлік мектепте «Мұқағали» күйі шырқалды
11.02.2022
421
0

ХХ ғасырдың аса көрнекті қазақ ақыны, поэзия әлемінде өшпес ізін қалдырған Мұқағали Мақатаевтың 91-жылдығына орай Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде ақынның тікелей ұрпағы, прокуратура органдарының құрметті ардагері Жұлдыз Мақатаевпен кездесу өтті.

 Оқушылармен сұхбат ақынның отбасы туралы әңгімеден басталды:

  -Біз төрт баламыз. Алдымызда екі қыз болған, Ляззат пен Майгуль , өмірден ерте кетті. Қазір төртеуміз. Мен, Алмагуль қарындасым зейнеткерміз. Шолпан кенжеміз қызметкер, әль Фараби атындағы Казақ Ұлттық университетінде шет тілінде сабақ береді.

Әкеміз өте балажан болды. Өздерің сияқты жас өрендерді аса жақсы көретін. «Бізде балалық шақ болған жоқ, біздің балалық шақты соғыс жалмап кетті. Жастаймыздан қолымызға соқа алып жұмыс істедік. Біздің ұрпақ солай өсті»,- деп айтып отыратын. Ал біздің балалық шағымыз жақсы , бақытты кезең болды, әкеміздің тәрбиесімен жақсы оқуға тырыстық. Танымал ақынның баласы болған бізге үлкен жауапкершілікті жүктеді. Сын көзбен қарайтындар болды, біз үшін әкеміздің абыройын биік ұстау өмірдің заңы болды десе артық айтпаймын.

— Дарынды ақын бала кезінен қиыншылықтарды көрсе де, жүрегінің жылулығын жоғалтпай іні қарындастарына, жақындарына тіреу бола білді. 10-11 жасынан алғашқы өлеңдерін жаза бастаған Мұқағали атамыз көптеген тақырыптарға қалам сермеген ақиық ақындардың біріне айналды. Тектіден текті туады демекші ақынға тән дарындылық, қайсарлық, шешендік сіздің бойыңызда табылды деп ойлайсыз ба?

— 90 жылдары болу керек , заң жүйесінде жұмыс істеп жүргенде ойладым, мен де түртіп жазып көрейінші деп. Содан өлең жазып, туған-туысқандарға көрсеттім. Бәрі жақсы ниетпен қарсы алды. Содан басылымдарға бере бастадым, жарияланып тұрды. Соған қарағанда ойлаймын, әкеміздің дарындығының ұшқыны дарыса керек, қанмен беріледі-ау. Сол өлеңдер жинағы 2016 жылы жарыққа шықты.

Жұлдыз Мұқағалиұлы көрермендерге өлеңдер шумағын тарту етті. Жалпы 100-ден аса туындылардың авторы ұлы ақынның мұрасын сақтап, келесі ұрпақтарға жеткізу мақсатында ұйымдастырылған «Мұқағали» халықаралық қорының жұмысы , мақсаты туралы сөз қозғады.

— Бұл бастаманың ұйытқысы басынан анамыз Лашын Әжімжанқызы болды. Әкеміздің қалған мұрасын жинақтап жүріп, бізге айтты , жазушылар, ақындардың ұрпақтары қолға алып, қор құрады екен. Сендерде сол жұмысты бастасаңдар деп. Солай 2016 жылы халықаралық Мұқағали қоры құрылды. Содан бері әкеміздің шығармашылығын халық алдында дәріптеуде жұмыс істеп келе жатырмыз.

Айтулы кездесуде қазақ өнерінің қайраткері, әлем халықтары жазушылар одағының мүшесі , күйші-ақын Талап Қараш қатысып, өз естеліктерімен бөлісті. Зияткерлік мектеп қабырғасында өзі шығарған «Мұқағали» күйін орындады.

Мұқағали Мақатаевтың өлеңдеріне жазылған әндер кеш қонағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттің филармониясының күміс көмей әншісі Біржан Бәзілжановтың орындауында шырқалды.

Құлағының құрышын қандыратын тағлымы мол, тәрбиелі мәні зор естеліктермен бөліскен ақынның ұрпағына зияткерлер өз сұрақтарын қойып, асыл мұрасынан өлеңдерін тарту етті. 12-ші сынып оқушысы Өмірбек Мұқатайдың орындауында Секен Тұрыстың күйлері тартылды. 8-ші сынып оқушысы Эльдана Мауленова «Ей, өмір» жырынан үзінді оқыды.

Кезесу соңында Жұлдыз Мұқағалиұлы оқушыларға жылы тілектерін жеткізді:

— Зияткерлік мектепте оқитын сендерді жан-жақты, дарынды оқушылар деп білеміз. Егер бойларыңда қандай да өнерлерің болса, сол қасиетті қадірлей біліңдер. Біздің әкеміз ұлы дарын, және екінші жақтан өте еңбекқор кісі болды. Сол дырындығы еңбекқорлығымен ұштасып поэзияның шыңына жетті. Сендерге тілейтінім, өнерлеріңді дамыта беріңдер, жүректегі оттарың өшпесін.

Естеріңізге сала кетейік, қазіргі таңда Зияткерлік мектепке түсуге 6-шы сынып оқушыларының құжаттары қабылдау науқаны жалғасуда.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір