Қуаныш Жиенбай. Үрей
14.12.2021
1206
0

                                            (әңгіме)

Үйден шыға бере ойына әлдене түскендей, қалт тұрып қалды. Сол сәтте  бейтаныс бойжеткеннің бұқадай төбеттің қарғыбауынан мықтап ұстаған күйі цемент басқышпен секектеп жанына жетіп келгені. Жоғарғы қабатта тұратын біреу болды-ау, шамасы. Бұрын-соңды неғып байқамаған? Әлде таныстарына келген қонақ па? Десе де қос өкпесі ырсылдап, аузынан сілекей шұбырған итті көргенде тұла бойының дір ете қалғандығын несіне жасырады. Көзәйнегін қайта киіп, былайырақ ысырылды. Өзін қойшы, мына пәлекетпен қарсы ұшырасса, бала-шаға қандай күй кешпек? Жүректері жарылып кетпесе сол-ақ, бәлкім бұттарына жіберіп қоюлары да кәдік. Соның ішінде өзінің немерелері жүрсе… «Жоқ, көкешім, мұның аты тура басқа секіру». Бөкселері бір құшақ, отырып-тұрулары қиын осы ауладағы бес-алты әйелдің «ит – адамның досы» дейтін қайдағы бір ескірген мақалды араға тықпалап, Мұратбекке «атака» жасайтындығын да іші құрығыр сезіп тұр. Мейлі, қолдарынан келсе, шауып алсын. Олардың онсыз да мұны атарға оғы жоқ.

Қап, темірді қызған кезде соғуы керек еді. Асығыс. Әйтпесе, тұрғын үй басқарма бастығын: «Ақша жинағаннан басқа қолыңнан түк келмейді»,  – деп, ақсақ аяғымен шойнаңдап жүргеніне қарамай, шыбын жанын көзіне көрсететін оңтайлы сәттің қолдан сусып бара жатқаны-ай! Былай қарасаң,  мұнда тұрған түк жоқ. Дәу төбет үйге кірді де шықты. «Сенен тамақ сұрап жатқан жоқ қой», – дейді әйелдер жағы Мұратбектің сәл де болса сағын сындырғысы кеп. «Бәлі, оған берген тамақты далаға төккені мың артық. Иә, иә, дүние түп-түгел орнында… Әрине, сендерге салса солай ғой. Бірақ Мұратбек Мұратбек басымен әлгіндей сорақылықты көрсе де көрмегендей неге тымырайып жүруге тиіс, а?! Ертең істің аяғы насырға шауып, әлгі сұмырай біреуді жазым етсе, кім жауап береді? Істі асқындырмаған абзал».

         Жадағайының жан қалтасын, кәстөмінің төс қалтасын түгел тінтіп шықты. Жау алғыр бір бет қағазды олай іздеп, былай іздеп таба алсашы. Әлденеге оқыс ашуланса, қолдары дірілдеуші еді, соның әсері ме, әлде шынымен ұмытып кетті ме? Онысы түнде жазылған бес-алты шумақ өлең болатын. Өлең болғанда қандай! Тұтқиылдан құйылып келді де, төрт тағандап қағаз бетіне түсе қалды. Әрбір жолы қазір де санасында сайрап тұр. Қоғамдағы кейбір келеңсіздіктерді көзімен тізіп, өлең жолдарына айналдырды да жіберді. Әсіресе, соңғы шумақтың қуат-күшін айтпаңыз! Жүрегіңді солқылдатпаса, маған кел! Ал анау Теріскей базарының өкпе тұсындағы рұқсат етілген митингіге қатысушыларға былжыраған жаттанды сөзің шыбын шаққан құрлы әсер етпейді, ал әлгіндей дүңкілдеген аккордты өлең қышыған жерлеріне дөп тиеді. Содан…  не айтары бар, қалыптасқан, әбден етіміз үйренген мына құбылысты түбірімен төңкеріп тастамаса да, кеудесінде зердесі барларға бұдан әрі бүйтіп өмір сүруге болмайтындығын дәлелдеуге тырысқан ынталы топ Мұратбектің «тосын» өлеңін тындаған соң өздерінше желпініп, бір рақат күй кешеді-ай; ас ішіп, аяқ босатып,  тек қарын қамын күйттеп жүрмегендеріне бір марқайып қалады-ай! Оны Мұратбек митингіге қатысушылардың жүздеріндегі жылылықтан аңғарады. Аңғарады да өзінің де шабыты ұстап, жаман өлең жазбауға ант етеді. Әзірге сүрінген жері жоқ. Ұзақ толғаныстан туған лирикалық өлеңдері – бір төбе де, әлгіндей алқалы топ алдына шыққанда оқитын өлеңдері – бір төбе. Енді… ашығын айтқанда, Мұратбекке де ереуілшілердің алдына шығып, аудиторияны өзіне қаратудың озық техникасын бойға сіңіріп, екі иықты жұлып жеп, туындының әрбір жолына екпін түсіріп, кей тұстарын баяулатып, өз рөлін шебер меңгерген әртістей нәшіне келтіріп өлең оқудың кереметін айтпаңыз! Бой-сойы жеңілдейді. Дүйім жұрттың қошемет-құрметінің арқасында өкшесі жерден көтеріліп, ақша бұлттардың арасына сіңіп кеткендей әсерленеді. Оу, мұнан кейін нашар өлең жазу – өлім. Өзі осы байламға мықтап бекінген. Әл-қуаты барда бұл деңгейден төмендемес. Жасырғанды құдай естімей ме?..  «Тап осы күндері сенің баспадан жаңа шыққан кітабыңды заматында сатып алып, әрбір өлеңіңді жатқа соғып, аты-жөніңді жалаулатып жүргендер шамалы. Әлде өлең жазатын өлермендер қаптап кетті ме, қайдам? Есімің елге танымал ақын бол мейлі, жас берен талант бол мейлі, қағазға түскен өлең оқылмай, үйдің бұрышында шаң қауып қалса – одан гөрі сен үшін дар ағашының жанында тұрғаның жеңілдеу».  Кімге қалай, ал Мұратбек Шерәлиев бірнеше жыр жинағын шығарған белгілі ақын бола тұра, ара-тұра өстіп өз-өзінен түңілетін сәтті де жасыра алмайды. Және мұндай күйзелісіңді  жалпақ жұртқа жариялау орынсыз, оның қажеті де болмас.

         Митингіге қатысуға неге бүйрегі  бұратынын өзі де аңғармайды. Бар тұжырымы мына шындықтың төңірегінде – көп көңілінен шыға бермейтін мына қоғам туралы көкіректерінде қордаланған ой-пікірлерін бүкпесіз ашық айтатындар неге екенін қайдам, әсіресе, соңғы кездері Мұратбектің жаны ашитын ең жақын адамдарына айналып үлгерді. Іштей түсіністі. Түсініскені сол, сенің шығармашылығыңа әділ төрелік айтатын ревизорың да солар. «Жақсы» не «жаман»… Күлтелектемейді. Бетіңе былш еткізеді. Одан әрі тәлтіректеп тұрып кетуге дәрменің жетсе, бәрекелді. «Өлеңдерің ұнамайды, ереуілшілердің көңілінен шықпайды». Бітті. Ал биліктің ықпалынан ықпайтын батылың жетсе, рұқсат етілген жиындарға қатыса беріңіз. Бірақ сізді «өлең оқыңызшы, қаяу көңілімізді көтеріңізші» деп арнайы адам жіберіп шақырмайды. Сөйтіп ұмытыласың, ұмыттырады. Бұл тұрғыдан келгенде Мұратбек өзіне шүкіршілік айтуға бейім. Мына алаңдағы қолшапалақтаған, жер тепкілеген айқай-дүрлігіс жүрегіне қосымша қан жүгірткендей әсер етеді. Жақсы жыр жазғанына сенімі күшейеді. Мінбеден түсірмей екі-үш мәрте қайта оқытады. Соған қарағанда, лирикалық толғаныстарды доғара тұрып, патриоттық тақырыптағы жыр жазуға бейімделіп алғаннан сау ма?!

         Үйге қайта кіруге құлқы болмаса да, амалы қайсы?! Адам-ау, түн жарымында қағазға түскен өлеңді екі бүктеп қалтасына салып қойғаны қайда? Ұйқының да кестесі келіспеді. Әлгі өлеңі құрығырдың әсіресе, соңғы аккорды мазасын алып, көз іліндіруге мұрша берді ме? Жатталып қалғандығы сондай, оны кез-келген тұста қағазсыз-ақ жүдемелете жөнеледі. Ендеше сол түбің түскірді іздеп не әуреге түскені. Әлде өз-өзіне сенбегендіктің әсері ме, ұмытып қалса, еске түсіруге себеп.

         Бөлменің астаң-кестеңін шығарды. Әрі бұзаубас бәтеңкесімен жаңа жуған еденді былғап жүргенін көргенде әйелінің көзі шытынады:

         – Жынды неме!

         ̶  Не болып қалды?

         ̶ Не болсын, бір жапырақ қағазды қоқысқа тастап жібергеннен саумысың?

         ̶  Аулақ! Сенің жаныңа жолаған кім бар?

         Екеулеп іздеді. Мұратбектен құтылмай бұл үйде тыныштық бола ма?!

         ̶  Жазғанымды түгелдей жатқа соғамын дейтінің қайда?

         Үндемеді. Жатқа соғатыны рас, бірақ кім біледі?.. Көкіректеріне нан піскен, ылғи өктем сөйлеуге дағдыланған топ алдына шыққанда ыбылжып тұрмайын деген сақтығы-дағы. Құрып кеткірдің жатқан жерін қарашы, жамылғы көрпенің аяқ жағынан тауып алды.

         ̶  Мәшинең күтіп қалды ғой, тез, жүгір! – деді әйелі  қарап тұрмай. Астарында әжуә-мысқыл бар. Мұратбек талай мекемеде тиіп-қашып жұмыс істеген. Елеусіздеу өмір сүргендігін несіне жасырады? Жаяу-жалпылады. Ал адам абырой биігіне көтерілейін десе, қас-қағымда екен-ау?! Митингі ұйымдастырушылар жиынның қай жерде, қай уақытта басталатынын айтып, Мұратбекке әдейілеп мәшине жібереді. Автобуспен жүрмесін, көше кептелісінде жан-жағына алақтап тұрмасын дейді.

         Қағазды қолына мыжып ұстаған бетте алдынан біреу шықса қағып кететіндей екпіндеп, цемент басқышпен төмен құлдилады:

          ̶  Кешігіп қалмадық па?  – деді шопыр балаға, – Зырла, анау-мынау жол ережесіне қарама! Өзім жауап берем! – Бұл «батырлығы» артықтау еді. Ненің желігі? Қазір мінбеден оқитын өлең жолдарын қайтадан еске түсірді. Бәсе, қағазға үңіліп не албасты басыпты?! Бір парақ қағазды жыртып-жыртып, терезеден шашып жібергісі келді. «Жә, жүре берсін». Мәшиненің артқы орындығына жауырын тіреп, жайланып отырды да қалта телефонынан бір нөмірді қиналмай тапты:  – Степаныш, қалайсың, әлі басың жазылмаған ба, сорлы?! Ішуді азайтсаңшы, бүйте берсең, айтпады деме, жас қатының тастап кетеді…

         ̶   Бұл кім, мені тергейтін?..

         ̶  Анау… он тоғызыншы пәтер иесі, ақын Шерәлиев. Үй басқармасын енді қанша жыл майшелпек қылмақсың? Ақша жинағаннан басқа бітіретін түгің жоқ. Кіреберіс толған ит… Сенің онымен шаруаң шамалы. Қолым босаса, сенің мәселеңмен айналысамын. Не бүк, не шік… – Телефонды сөндіре салды.

                                                          ***

         Мазасыздау уақыт ақыры осыған алып келді. Әкімдіктен рұқсат алмайынша тірі жан тыпыр етпейді. Баяғыдай баса-көктеп, ауыздарына не келсе соны көкитін ереуілшілердің қарасы келмеске кеткен. Теріскей базарының өкпе тұсына жиналатын мына  жұрт тым мәдениетті. Сөз сұрасаң,  кезегіңді күтесің. Ой-пікірің осы күнгі қаны тамып тұрған күрделі тақырыптардың төңірегіне тоқайласуға тиіс. «Жалақымыз көтерілсін!..», «Тұрғын үй бағасы арзандасын…», «Электр  қуаты неге қымбат?..» дейтін әжік-гүжік проблемалар біреудің қолқалауынсыз-ақ бүгінде күн тәртібінен түсіп қалған.

         Мұратбек мінген жеңіл мәшине жиынның аяқ жағына келіп тоқтады. О, құдай шебер, сірә, мұны әлдекімдер қашан келеді деп тағатсыздана тосып жүрген бе, шопыр балаға: «Мені соңыра осы маңнан әкетерсің» деуге де шамасын келтірмеді. Артқы есік ашылған бойда еңгезердей екі жігіт келді де Мұратбектің табанын жерге тигізбей, қолтықтан демеді де әкетті. «Оу, бұларың қалай? Әлде жиындарың аяқталып қалды ма?» Әлгілердің жүздеріне жалтақ-жалтақ қарады да, немкеттілеу ғана миығынан күлді. Мына секілді ынталы топ арасына күнде келіп жатқан жоқ. Оның үстіне, Мұратбек Шерәлиевті мұқым ел түгел танымаса да, осылардың арасынан да бірді-екілі оқырманын кездестіріп қалуы заңдылық қой. Бәлкім, әзіл-қалжыңы жарасатын қаламдас-әріптестері ұшырасса… Күні кеше ғана олармен әмпей-жәмпей сырласып, азын-аулақ тиын-тебен қолға түскенде сыралатып, қайдағы-жайдағыны айтып, іштегі «желді» бірге шығарысып жүреді де, міне,  көрмейсің бе, қас пен көздің арасында оппозиционерлердің «құрметті қонағына» айналып үлгерген Мұратбек көзі ақшараңдап, ешкімді көрмей, менсінбей, өлермендене мінбеге қарай безіп барады. Арам ой алдымен иектейді: «Мұратбектің қалтасы қалыңдаған ғой, шамасы». Әлдекім құлақ түбінен үздіксіз ызыңдайды. «Түгім жоқ, сендерге мәлім баяғы көңіл-күй. Үш бөлмелі сол пәтер, сол әйел, сол бала-шаға…» Бірақ мына түріңмен кімнің алдында ақталмақсың?  Тау тұлғалы жігіттер мұз жарғыш кеме тәрізді… әлде Мұратбек ақынды құрметтеген ел екі жарылып, жол ұсынып жатыр ма?! Көзді ашып-жұмғанша топ арасына сіңді де кетті. Ең жаманы, екі қолы бос емес, әлдекімдер «тірі ақынды көріп тұрмын, ендігі қауіп-қатеріңді ұрғаным бар» дегендей, тұсына келгенде жалма-жан Мұратбекке қарай қос алақанын ала жүгіреді. Ондай алақанды қысатындай күн қайда? Шіркін, осы құштарлықтың ауа-жайына байыппен барлау жасаса ғой; Мұратбек Шерәлиев шынымен халық сүйіспеншілігіне бөленген керемет ақын ба әлде  шығармашылығына табынатындар шектен тыс көп пе?! Өлеңдерін бала-шағасымен жатқа соғып, ойын-тойда тек осының ғана махаббат жырларымен сусындайтындардың былайғы дүниені бір сәт ұмытатындары рас па? Әлде құр даңғаза дүрмекке ілесу ме?

         Қазір Мұратбек мінбеге көтеріледі. Жаттанды жарапазан айту бұған жат, о жағын өзгелер-ақ тындыра берсін. Мұның міндеті – өлең оқу. Яғни, митингшілер бірінен соң бірі топ арасынан суырылып шығып, үкіметке наразылықтарын айтып, кейде бірін-бірі қайталап, әңгіменің ажары тая бастаған тұста және тыңдаушылар да жалыға бастағанда бұлт арасынан жалт ете қалатын күн сәулесіндей жұлқынып, Мұратбек ақын жүдемелетіп өлең оқуға кіріседі. Сценарийді қалай жымдастырған, а?! Тоқ соққандай сана солқ ете түседі. Манағы шешенсымақтардың сөзін тірілтетін ащы тұздық. Өлеңнің көкіректі бірден баурап алатын шеберлігіне ешкім шәк келтірмес. Не айтары бар, өзіне деген мұндай қошемет-құрметтің куәгері болған соң Мұратбек ақын неден тартынуға тиіс. Шығарманың да шырайын келтіріп оқиды-ай! Шыбынның ызыңы естілмейтін мүлгіген тыныштық. Көше жақ беттегі транспорт тоқтап қалғандай. Теріскей базарындағы қаптаған сатушылар да қаңылтыр қабырғаның тесігінен осы жаққа жылтың-жылтың қарағыштайды. Сауданың кем-құтығын кейін түгендеп алар.

         Ақынның алма-кезек аспанға секірген қолдары төмен түседі. Соңғы шумақ оқылып бітті… Сол, сол-ақ екен, құдды бұлтсыз күні найзағай шатырлағаннан бетер маңайды  у да-шу, қолшапалақтаған дауыстар басты да кетті. Ысқырған, жер тепкілеген айқай-ұйқай. Мұратбектің екі езуі екі құлағында. Не үшін мұншалық рақат сезіміне бөленгендігін өзі де түсінбейді. Күлу керек, мұндайда қабақ шытқаны ұят жүдә. Сәлден соң жан-жағына назар жығады. Көкейінде күдікті бір сұрақ: «менің поэзиямды жұрт шынымен түсініп тұр ма? Жұрт шынымен мені мойындағаны ма?!»

         Міне, қол созым жерде мінбе. Ыңғайын тауып оң бүйірдегі жігітті иығымен нұқыды:

         – Кішкене ауа жұтайын. Ол екіншісіне ым қақты.

         – Уһ, өлтіремісіңдер?!

          Оның үстіне, біреу орысша-қазақша төпеп жатқан-ды. Сонысы дұрыс болды. Мұратбектің кезегі содан кейін. Жейдесінің жағасын түзеді. Кәстөмінің қыртыс-тыртысын жазды. Тамағын кенеді, бір жұтым су болса, кәнекей! Сілтідей тынып, ел ақынды күтіп тұр. Модератордың қолында микрофон:

         – Сіздер дұрыс түсініңіздер, Мұратбек Шерәлиев ереуілші емес, ақын. Бізбен мұраттас. Бұйымтайымызды жерге тастамайды. Үкіметке көзқарасын сұрап, мазасын алмаңыздар. Бұл кісінің миссиясы – өлең оқу. Тек сіздер үшін, қалғып кеткен сананы ояту үшін… Бәлкім, біздікі – бос сөз, бар ақиқат ақын жырында!..

         Өлеңнің тақырыбы: «Космос дәуіріндегі қатыгездік туралы хикая…» Алдымен дауысы баяу естілді де, бара-бара тізгінін бос жіберген арғымақтай армансыз көсілсін-ай. Тау жығардай екпін бір сәт те бәсеңсімеді. Әрбір жол жаңғырықтай естілді. Өлең оқудың әдіс-тәсілін меңгерген бір ақын өзіндей-ақ болар. Кенет. Аяқ астынан бомба жарылғандай манадан бері үн-түнсіз әзер шыдап тұрған жұрт дүр ете қалды. Таудан құлаған селдің жаңғырығы мұндай болмас. Митингшілердің манадан бері күшеніп айтқан арыз-шағымдары тез ұмытылды да, төңіректі поэзия рухы жаулап алды. Солай, дәл төбесінен түсті. Жұрттың түнерген жүздеріне жылу жүгірді. Ақын жыры әркімнің көкірегіне ақ көгершін боп қона кеткені былай тұрсын, мұнан әрі алаңсыз өмір сүруге үндегендей еді. Космос дәуіріндегі қатыгездіктің пайда болу себептерін ақыл тезіне салдық па?! Біз неге аңқаумыз, етек-жеңімізді жинамайтын осы жалпақшешейлігімізден маңдайымызға әлденеше соққы тисе де, сол далбаң-далбаң далақпайлығымыздан қорытынды шығаруға олақпыз!.. Жә-жә, өлеңнің әр жолына түсініктеме беру ақынның міндетіне жатпайды. «Келдім. Өлең оқыдым. Менің шаруам  осымен тәмам, ал мыналар жиналыстарын жалғастыра берсін!» – деп мінбеден түсуге ыңғайланып-ақ еді. Айқай-сүрен әлі басылмаған екен:

         – Қайта оқысын, қайта оқысын!..

         Ұйымдастырушы Мұратбектің жанына жақындады: 

         – Елдің сізге деген ықыласын көрдіңіз ғой…

         Қайта оқыды. Танымайтын біреу жағасының жыртылғанына қарамай, жолдағы кедергілерден сыналай өтіп, мінбеге жетті де микрофонға жармасты: 

         – Мұратбек Шерәлиев – халық жүрегінен орын алған нөмірі бірінші ақын! Ақынды құрметтесек, бекерге шаршатпайық. Оның үстіне, бұл кісінің Түркияға барып жүрегіне ота жасатқанын білемісіздер?! Ақын қолымызға түсті ғой деп, жан-жақтан жұлмаламайық. Жанашыр болайық… Топ арасынан осы жерге әзер жетіп тұрмын. Көптің тағы бір  өтінішін айтпай кетсем, мыналар мені түтіп жейді. Мұратбек мырза өткен кездесуде бір керемет өлең оқыған-ды. «Махамбеттің тіріліп келіп, бүгінгі ұрпағымен жүздесуі…» Сіздерді қайдам, осы өлеңнен соң өзім бір жеті ұйықтай алмай жүрдім. Ал кәне, ақыннан осы шығармасын сұрайық…

         ̶ Бұл шығармашылық кеш емес. Өздерің ақынды шаршатпайық дейсіздер де…  ̶  Ұйымдастырушы «бұған не дейсіз?» дегендей Мұратбекке қарап тісін ақситып күлді.

         Ақын мінбеге үшінші мәрте көтерілді.

***

         Сөйлеушілерді аяғына дейін тосты. Ойда-жоқта құнды пікір айтылып қалады да, кейін онысы жыр шумақтарына айналып, бастың ішінде жазыла береді. Талай тақырып осы жерде туған. Жұмыс бітті, енді кеуде керіп емін-еркін дем алайын деген үміті әдіре қалды. Кезектесіп мінбеге көтерілгендерді тыңдау осы тұста кілт үзіледі де, жұрт жапатармағай Мұратбектің маңына топтасты. Ыңғайсыз, әрине. Ақын оқитын өлеңдерін оқыды, сұраушылардың да меселін қайтармады. Ал  мұнан соң мінбеге көтерілгендер айдалаға сөйлей ме?! Мыналарды солай қарай бағыттайтын қандай күш бар? Әлгі ұйымдастырушылар қайда жүр? Әлде бүйтіп бүгежектемей қарасын батырғаны жөн бе еді?! Маңайдан шопыр баланы да көре алмады. Ұят болды-ау?!

         Сүйткенше екі-үш келіншек (бәлкім, қыз) жымия күліп, ақынды әп-сәтте ортаға алды. Бірлі-жарымын танитын тәрізді. Өзінің де осал тұсы белгілі, жалпы әйел атаулыға анау айтқандай жұғымы болмағанымен, көздері жалын атып, ойнақшып тұрғандарды жылдам аңғарады. Мүмкіндік болса,  сұлулардың от шарпыған ыстық демін жұтып, құлақ шекенің түбінен бір иіскегенге не жетсін! Арқадан қақса да нәзік жандыларға соның өзі үлкен демеу.

         ̶  Сіз бізді танымадыңыз ба?  ̶  деді шашын төбесіне үйген орта бойлы сұлу бикеш.

         ̶ Сіздер көпсіздер және жүзіктің көзінен өтетін өңшең сұлусыздар. Қайсыбіріңіз есте тұрады?  ̶  Ақын асып-саспайын деп, ілезде бойын тіктеді. Сол жымиған қалпын жоғалтпай әзілдесуге де кетәрі еместігін аңғартуға тырысты. Қожанасырлығы да бір басына жетерлік. Жаңғалақтығын жауына бермесін. Баяғыда емес-ау, өткенде құдай ұрып, туған балдызын танымай, не үшін қылжақтағанын да түсіне алмай, әйелінен мықтап таяқ жегені бар. Жора-жолдастарының қарындастарын да бір-бірімен шатыстырып жүреді. Бір жақсысы, олар оған ренжімейді, «ақынға бәрі жарасады» дейтін түсінік көп бөгесіннен аман-есен алып шығады.

         ̶  Танымағанда… былай шырамытып тұрмын,  ̶  деді Мұратбек. Екіұшты жауап беруге ептеп үйренген.

         ̶  Тыңдаңыз… «Қорқыт күйін менсінбеген топастар тойында оқылған өлең».  ̶  Екінші бикеш Мұратбектің өткен митингідегі шығармасын айна-қатесіз, үтір-нүктесіне дейін айнытпай әрі ақынның үйреншікті қимыл-қозғалысына салып, нәшіне келтіріп оқып берді.

         ̶  Бәли, мынау керемет қой! Көкем-ау, мен оны әлі қағазға да түсіріп үлгергенім жоқ. Ал сіз…

         ̶  Бұл – бергі жағы… оған несіне таңғаласыз? Таңғалатын нәрсе –  сіз көп мәселеге мән бермейді екенсіз.

         ̶  Оны мойындаймын.  ̶  Мұратбек өз-өзін қинап күлді.

         ̶ Біз, осы үшеуміз  сізді анада бір ағамыздың мерейтойынан кейін таксилетіп үйіңізге жеткізіп тастағанбыз.

         ̶  Аздап ішкен шығармын?

         ̶ Жоқ, сап-саусыз. Таксиден түсерде аты-жөнімізді ұмытпайтындай, қайта-қайта сұрап алғансыз.

         ̶  Ми жоқ.

         ̶ Тоқтай тұрыңыз, сізге қалай дәлелдейтінімізді де білмейміз. Егер сенсеңіз, осы қаладағы нағыз оқырмандарыңыз мына біздер. Барлық жырларыңызды жатқа білеміз.

         ̶  Бәрекелді.

         ̶  Бәрекелді кейін… сіздің қайда баратыныңызды білдіретін маршруттарыңыз біздің қолда. Бір кездесуіңізден  құр қалған емеспіз. Ол бер жағы ғой, бір ай бұрын алдымен Таразда, одан әрі Қызылордаға барып, оқырмандармен кездестіңіз. Соның бәріне бастан-аяқ қатыстық.

         ̶  Не дейді?! Немене, одан басқа тірліктерің түгесілген бе?  ̶  Мұратбектің әзілдескен түрі. – Жұмыстан іздемей ме? Әлде Шерәлиев десеңдер бастықтарың жібере бере ме?

         ̶  Оған қарамаймыз. Ауа-райы бұзылып, жауын жауып, қарлы борасын ұйтқып тұра ма… бізге бәрібір. Сіздің жырыңызды тыңдау арқылы не үшін өмір сүріп жатқанымызды түсінеміз.

         ̶  Бо-болды. Маған мұнан артық награданың керегі жоқ! Осы сөздерің үлкен тіреу. Уәде беремін, мұнан кейін сіздерді ұмытпаймын әрі әркез есіме алып жүремін!

         Одан әрі де бірнәрселерді қосақтағысы келіп еді, манағы еңгезердей екі жігіт алтын іздегендей топ арасын киіп-жарып: «Мұратбек Шерәлиевті көргендеріңіз бар ма?» – деп жарияға жар салып жүр екен. Сыпайы қоштасып, қыздар қараларын батырды. Ақынның жүрегі алып ұшты. Әлгі әсерді бойға сіңіре алмай есеңгіреп қалған секілді. Жұрттың жүздеріне қарап, ыржың-ыржың күледі. Мейлі, не десе о десін, «мына кісіні бір нәрсе иектеген бе?» десе де еріктері. Бөгде пікірдің жүйріктігіне не берерсің: «Мұнан кейін өліп кетсең де риза шығарсың?!» Өлуге неге асығады? Ажал сенен рұқсат сұрамайды. Құтылу керек мұндай пәлекеттен! Манағы аспандаған көңіл-күйді түкке тұрмайтын кәкір-шүкірге айырбастамақ па?! Жо-жоқ, Мұратбектің жақсы жыр жазатын уақыты әлі алда.

         ̶  Ойпыр-ай, іздемеген қуыс-қолтығымыз жоқ, аяқ астынан қайда жоғалып кеттіңіз?  ̶  Әлгі бар болғырлар ақынды кінәлағысы келе ме?!. «Мен – еркін адаммын, қайда барамын, кіммен сөйлесемін  ̶  өзім білемін!» Әне, бұл алаңғасарлықты қойсаңшы, ең болмаса, тілді түртіп тұрған сесті сөйлемдерді де айта алмады. Бір жағынан әлгі бикештердің әсерлі әңгімелерінен соң адам, оның үстіне, ақын адам жуық маңда өз-өзіне келе ала ма?! Жерде жүрген жоқ, аспанда…

         ̶ Осында, осындамыз… ал сіздер митингінің көрігін қыздыра беріңіздер!  ̶    Мұратбектен о жағын біреу сұрады ма?! Төңірегі әп-сәтте… одан сайын нұрға бөленіп, тотыдай таранып, құлпырып шыға келді. Айналаның бәрі әдемі! Тіпті жол жиегіндегі көптен суарылмай, жапырақтары сусылдап түсе бастаған тал-терекке де жыр арнағысы келді. Шабыт деген шіркіннің ойда-жоқта шалғайға жабысуын!

         ̶  Аманшылық па?

         ̶ Қайдан аманшылық болсын. Сізді іздемеген жеріміз жоқ. Ал сіз қаннен-қаперсіз бейтаныс шүйкебастарға интервью беріп тұрсыз.

         ̶  «Шүйкебас» деме, менің жанымды түсінетін нағыз геройларым солар.  ̶  Мұратбектің аузына одан артық сөз түспеді. Ойын одан да оралымды тіркестермен әрлемекші еді.

         ̶  Бопты… сондай геройларыңыз көбейе берсін!  ̶  Төбедей екі жігіттің ортасына түскенде тым кішірейіп кетті.  ̶  Біріміз артыңызда, біріміз алдыңызда жүреміз. Еріп отырыңыз… Жұрт сізді өлердей сағынып қалған екен де…

         ̶  Қайда апарасыңдар?.. Ау, айтып өлтірсеңдерші?!  ̶  Мұратбектің қай жерінен ашу шықсын, мұны да әзілге жеңдірді.

         ̶  Шетелдік телеарнаға сұхбат бересіз.

         ̶  Бәли, не айтамын?

         ̶  Сұрақ беретін солар, сіз жауап берсеңіз жарады.

         ̶  Алдын ала ескертпедіңіздер ме, құрығанда үстіме дұрыстау кәстөм киер ем де. Екі-үш кәстөмім бар ғой киілмеген. Қызық болды-ау?

         ̶  Біз тапсырманы ғана орындаймыз, көкесі!

         ̶  Иә, сендер сондайсыңдар, сондайсыңдар… Десе де экранға шығатын болған соң, жинақы жүргенге не жетсін!

         Мұратбек уәдесінде тұрып, жан-жақтан: «Шерәлиев мырза, тіл-көзден аман жүріңіз!» – дейтін мың-сан тілеулестердің қошеметтеріне қарамай, діттеген жерге де жетті-ау. Асай-мүсейлерін асынған түсірушілер дайын тұр. Сұхбат алатын жас жігіт алдымен Мұратбектің қыртыстанған жейдесінің жағасын жөндеді:  ̶

         –   Екі сұраққа жауап берсеңіз болды.

         ̶ Сонша ентігіп жүгіргенде қоятындарың екі-ақ сұрақ па?  ̶  Мұратбек көңіл күй ауанын аяғына дейін сақтауға тырысты.

         ̶  Бастаймыз… Сіз неге оппозиционерлер арасынан жиі бой көрсетесіз? Қандай байланысыңыз бар?

         ̶ Ешқандай байланысым жоқ. «Өлең оқыңызшы», – деп өтініш білдіреді. Қазір біреуді біреу іздейтін заман ба, бұлар мені ілгеріден іздейді. Ащы тақырыптарға арналған жырларымның тыңдаушылары мен жанашырлары да осылар. Ал ащы тақырыптағы өлеңдерімді ешқайда бастыра алмаймын, осылардың арасында ғана өлеңдерімнің бағы жанады… Ақын – ұраншыл адам емес, ақын – елдің рухын көтеруші. Өзімнің де рухым көтеріледі, арқаланып қайтамын…

         ̶  Екінші сұрақ?

         ̶  Сұраңыз…

         ̶ Біраз оппозиционерлер бизнесмендермен бірігіп, үлкен сарайда шығармашылық кешіңізді өткізбекші. Оған түркітілдес елдердің алдыңғы қатарлы ақындары шақырылмақ. Олардың келіп-кетуі, жататын орны, гонорары… күллі шығын. Оған сіздің шамаңыз келе ме, қалтаңыз көтере ме?

         ̶  Құдай сақтасын, мұндай жаңалықты естіп тұрғаным осы.

         ̶  Біздің шаруамыз бітті.  ̶  Ұзын бойлы, ақсары жігіт Мұратбектің қолын құшырлана қысты:  ̶  Шығармашылық кеште кездескенше!

         «Бүгін өмірімдегі тамашы күн болды-ау!»  ̶  Мұратбекке бөлінген жеңіл мәшине сол орында. «Тағы біреуге ұсталып қалмай тұрғанда… ̶  Мәшинеге қарай жылдамырақ жүрді. ̶  Осыларды сіңіріп алсам да жарар». Мәшиненің артқы орындығына жайғаса бергені сол, жап-жас қыз доңғалақ астына түсетіндей өлермендікпен есікке жармасты.

         ̶ Аға, мына кітабыңызды өзіңізге тапсырайын. Кейін мұражайыңызға қоярсыз. Басқа шаруам жоқ, жолыңыз болсын!

         Ілгері қарай жүріп кетті. Түтеленіп, әбден ақ жемі шыққан балладалар жинағының сау тамдығы жоқ. Беттері жырым-жырым. «Мә, безгелдек! Өлең кітапты да өстіп оқиды екен ғой, ә?! Міне, дәлел!» Бір кездері өзінің абырой-беделін көтерген ескі кітапты алақанымен асықпай сипады. Бұл туралы талайлар тамсанып мақала жазған. Кенет кітап арасынан тілдей қағаз сусып түсті: «Аға, бітім-болмысыңызбен ой-пікірін ашық айтатындар санатындасыз. Сол үшін сізді құрметтеп, сыйлаймын. Өлеңдеріңіз  ̶  менің өмірім. Денім сау, ақыл-есім бүтін… Турасын айтқанда, сізден сәби сүйсем деп армандаймын. Телефоным мынау… Қайда апарсаңыз да сіздің құзырыңыздамын… Сәуле қарындасыңыз…»

         ̶  А…а, айналайын, ана теректің көлеңкесіне тоқташы!  ̶  деді шопыр балаға.  ̶  Жүрегім қысылып барады… ауа жұтайын…

                                                     ***

Дүйім жұрт аса жақтыра қоймайтын қала орталығындағы сұп-сұр үйдің төменгі қабатындағы шұғыл жиналыс ұзаққа созылмады. Пагонына алтын түстес екі-үш жұлдызша қадаған әскери адам да қатулы қабағын жылытпады:

          ̶  Тапсырма түсінікті ме?!

         ̶  Түсінікті!  ̶  Оншақты кісінің дауысы бір деммен шықты.

         ̶  Қосымша сұрақ бар ма?

         ̶  Жоқ!

         ̶  Ендеше іске сәт!

         Ақын Мұратбек Шерәлиевтің шығармашылық кеші өтетін студенттер қалашығындағы зәулім сарай маңы әдеттегідей құжынаған халық. Сарайдың қарсы бетіне ақынның кенепке бейнеленген үлкен портреті ілінген. Құжынаған халық аквариумдегі бекіре тектес балықтың мазасыз тұқымынан аумайды. Анаған бір, мынаған екі соқтығысады. Сондағы іздеп жүргендері –  пысықайлардың күні бұрын жүздеп сатып алған артық билеттеріне қол жеткізу. Касса жабық. Жұмыртқадан жүн қырқатын әккі қулар түс ауғанын асыға күтеді. Ақын кешіне тұяқ іліктіргісі келетіндер жақындағанда әкесінің құнын сұраса да, билет тапса соған риза. Автобус жалдап облыстан келгендер шай-суларын ішіп, сарайдың есігі ашылса, ішке қарай лап бергелі отыр. Үш жүз адамдық залда сәлден соң ине шаншар орын қалмайды. Жасыл формадағы қызметкерлер терезелерді жауып, перделерді түсіріп, дайындықтың соңғы кезеңіне көшкен. Сарай директоры самайының шып-шып терлегеніне қарамай, толыса бастаған бәкене бойын тез игеріп, әлдекімдерге сенімсіздік білдіргендей, емен есіктердің темір топсасын қолымен ұстап, арлы-берлі ашып-жапты. «Бәрі мүмкін, бәрін күтуге болады». Айналайын ақынның несі кетсін, ел алдына шығып өлеңін оқыса, сонымен оның шаруасы тәмам. Есікті бұзып кіретіндердің беті аулақ. Егер ондай күн туса, алқам-салқам есіктің құнын кімге төлетеді?

         ̶ Біз осындамыз!  ̶   Құпия мекемеден келген оншақты жігіттің жетекшісі директорды қолтықтай алып, кабинетіне кіріп кетті. Онда айтылар әңгіменің ауа-жайы белгілі. Директор үсті-үстіне бас шұлғиды, ара-тұра «солай ма?» дегендей күмәнді жайдың анық-қанығын білгісі келеді. «Мұратбек Шерәлиевтің мықты ақындығына кімнің таласы бар? Өлеңін жазып текке жүрсе… мейлі, митингілерге қатысып, екі иығын жұлып жеп, шығармасын құтыртып оқи берсін. Бірақ оппозициямен жақындығының аржағында не жатқанын ешкім білмейді. Олар ақынды құрметтегенсіп шығармашылық кешін ұйымдастырады. Сарайдың арендасына сонша ақша төлейді. Шақырған қонақтарды күтіп алып, шығарып салады. Бұл неткен батпанқұйрық?! Мұнан соң «үкіметті қаралап жыр жазыңыз» десе, ақын одан бас тарта ала ма? Үкіметті қаралайтындар онсыз да жеткілікті ғой, бірақ Шерәлиев жазбайды, жазса – нағыз ондыққа дөп тигізетін шебер. Және халық оның аузынан шыққан сөзді қағып әкетуге дайын. Міне, мәселе қайда?! Аз айт, көп айт, елдің тыныштығы бәрінен қымбат. Ел бірлігі сөгілмегені керек бәрімізге…

         Бүгінгі кештің тақырыбы белгісіз. Үкіметке қарсылық жырының тап бүгін оқылмасына кім кепіл? Сондықтан сақтық шараларын көздің қарашығындай сақтау үшін күш біріктіруге мүдделіміз бәріміз… Біздің адамдар отыратын орын белгілі. Амал нешік, қызды-қыздымен ақын оқыған өлеңдер басқа атмосфераға ойысып бара жатса, микрофонды үзіп тастау не жарықты сөндіре салу түкке тұрмайды. Тағы басқа әдіс-тәсілді кеш барысында көресіз… Көп қобалжымаңыз. Мұндай құқайды көріп жүргеніміз жаңа ма?!.»

         ̶  Сіздер барда мен неге қобалжимын?  ̶  Директор да көлдей орамалымен тершіген маңдайын сүртіп, ризашылық көңілін білдірді.

         Зал екі иығынан әзер дем алып тұр. Орын жетпегендер қуыс-қолтықты түгел жаулап алған. Мұратбек ақын кешін өзі жүргізді. Алдымен алыстан келген туысқан республикалардың ақындарына сөз берілді. Олар: «Көзі тірі ақынға құрмет көрсетудің мұнан асқан үлгісі болмайды. Бұл осы заманғы нағыз фантастика!» – деп таң-тамаша болып, таңдай қағысты. Бәрі жабылып, сөз қадірін түсініп, ақынын аялаған мемлекет басшысының атына ризашылық пейілден хат жазуға ұйғарысты. Ол ертең жауапты адамның қолына тапсырылатын боп шешілді.

         Мұратбек Шерәлиев үш сағат тікесінен-тік тұрып өлең оқыды. Ұлы композитордың әуенімен ақын сөзі үйлескен ғажайып әндер шырқалды. Тысқа шығуға талпынып, қыбыр еткен тірі жан болсайшы. Тыныштық… артынан залдың төбесін жарып жіберетіндей қол шапалақтаған жаңғырық. Бұл ақыры үйреншікті құбылысқа айналды. Ақынға мұнан артық сый-сияпаттың қажеті не?!

         Құпия мекеме қызметкерлері мұндай кереметке тұңғыш рет куә болғандай, сарайдағы хал-ахуалды сәт сайын штабқа хабарлап отыруды естен шығарып ап, жынынан айырылған бақсыдай ауыздарын ашып, мүлгіп тыңдапты.  Кеш соңында ақынның қолын қысу үшін олар да көппен бірге алға ұмтылып, кезек күтіп тұрыпты деседі.

 

ПІКІР ҚОСУ