СЕКЕННІҢ КҮЙІ СҮЙСІНТТІ, Алтынбектің әні толқытты
Жақында Астанадағы Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония залында күйші-композитор, дирижер, Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекеновтің «Елім деп күй төгемін» атты шығармашылық кеші өтті.

Филармонияның Қазақ оркестрі дирижер А.Жайымовтың «Шаттық елі» күйімен кеш шымылдығын ашты. Кеште белгілі күйші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Секен Тұрысбек «Ақ жайлау», «Көңіл толқыны» күйлерін орындап, өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленсе, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алтынбек Қоразбаевтың «Қараша қаз, қайдасың?», «Сағындым Алматымды» атты әндері көпшіліктің көңілін әсем күйге бөледі.
Өнер кешінде композитор Н.Бекеновтың «Туған жер» (сөзі: Н.Қалқа), «Арман-ай» (сөзі:
Е.Тілепбердиев), «Жастық шақ қайтып келмейді» (сөзі: Т.Сақтағанов), т.б. әндері орындалды.
Күйшінің «Шаттан, елім» (ор.: оркестр, дирижері: А.Жайымов), «Тойға шашу» (ор.оркестр, дирижері: Е.Бақтыгерей), «Жайлауда» (ор.: автор),
«Мұқали» (ор.: оркестр, дирижері: Н.Бекенов), «Орақты батыр» (ор.: оркестр, дирижері: Н.Бекенов), т.б. туындыларын көрермен зор ықыласпен тыңдады. Композитордың ұл-қыздары – Айсәуле, Ұлжан, Әлихан белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Н.Айтұлының «Отан» атты өлеңін, т.б. жыр жолдарын мәнерлеп оқыса, «Балдәурен» балалар тобы «Алты Алаштың баласы» (сөзі: А.Сейтақ) атты әнді хормен айтты.
Сондай-ақ кеш барысында композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері С.Еркімбековтің «Дархан дала» (ор.: А.Әбділда, Ш.Тыныштық, фортепианода С.Еркімбеков), ақын-сазгер Т.Рахимовтың «Аягөз ару» (ор.: Г.Сарина), әнші-композитор Қ.Деріпсалдиннің «Айлы түнде» (ор.: Гүл-Маржан дуэті), т.б. қазақ композиторларының шығармалары көрерменнің жанын жадыратты.
Кеш соңында Нұрлан Бекенов: «Астанаға келіп, оқу оқып, еңбек етіп келемін. 1998 жылы Қазақ ұлттық музыкалық академиясы ашылды. Қазақ оркестрі құрылып, оған домбырашы болып кіргеніме, өнерде жүргеніме 25 жыл болыпты. Осы ширек ғасырда жазған шығармаларымды, еңбегімді халқыма көрсетіп, сіздердің бағаларыңызды алғым келді», – дей келе, туған жерінен келген анасына, жанашыр ағаларына, ұстазы мен жиналған қауымға ризашылығын білдірді.