ҚАЛАМ ҚУАТЫ ҚАЙТПАҒАН
20.05.2016
1974
0

1233Өмірде өшпестей жүрегіңе ұялайтын, есімі есіңде сақталып, ешқандай жамандыққа қия алмайтын, жақсылығы мен жайсаңдығы, кісілігі мен кішіпейілділігі тар кеудеңе сия алмайтын, парасат-пайымы мол, сый-құрметке бөленген тұлғалы азаматтардың болатыны айдан анық. Олардың қашанда беделі биік, мәртебесі жоғары. Өзінің адал еңбегімен, қарапайым қалпымен, сары алтындай салмақты сабырымен, ақыл-абыройымен жұрт жүрегіне жол тапқан сондай асыл жанның бірі – соғыс және еңбек ардагері, «Құрмет» орденінің, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің, «Тіл жанашыры» төсбелгісінің және өзге де марапаттардың иегері, Алматы облысының және Қарасай ауданының Құрметті азаматы, журналист – Үсенбай аға Тастанбеков.

 

Үсекең ол кезде Жамбыл аудандық газе­тінің редакторы еді. Басылымның соңғы бе­тіне жазылатын аты-жөнінен жақсы білем. Орта мектепті қаладан бітіріп келіп, ауыл­да жұмыс істеп жүрген мен сол кездегі аудандық «Екпінді еңбек», облыстық «Коммунизм таңы» газеттерін қолдан түсірмей үнемі оқып жүретінмін. Оқып ғана қоймай, өзім де қолыма қалам алып, осы екі газетке хат-хабар, мақала, кейбір өлеңдерімді жі­бе­ріп тұрушы едім. Обалы не, жазған­да­рым көп жағдайда жарық көріп те жататын. Бір-екі рет ыңғайы келгенде редакцияға бас сұғып, жазғанмақала, өлеңдерімді тастап кеткен де едім. Сонда кейбір газет қызмет­кер­­ле­рінің бет-жүзін көріп, танысқан жайым бар еді. Бірақ газет басшысын көру­дің реті келмеген.

1963 жылдың жаз айы болатын. Аман­кел­ді атындағы кеңшардың бір топ жастары тау етегінен шөп шауып, жинап жүргенбіз. Түс кезінде ауылдан келген бір адам бөлім­ше басқарушысының мені кеңсеге шақырып жатқанын жеткізді. Дереу жұмысты тастап, кеңсеге келдім.

– Сені аудандық газеттің редакциясы шақырып жатыр. Телефон шалды, келсін дейді, – деді  бөлімше басқарушысы.

– Неге шақырды екен? – десем, ол анық білмейтінін айтты.

Ертеңіне автобусқа отырып, аудан ор­та­лығына келдім де, бірден редакцияға соқтым. Мені бұрыннан танитын редакция қызметкерлері Ақан Тұрғынбаев, Ханым­бүбі Ақжолова жақсы қарсы алып, жағ­дайым­ды сұрап жатыр.

– Мені не үшін шақырдыңыздар? – де­дім.

– Бізде бір орын босап жатыр, – деді Ха­нымбүбі апайым. – Сен бізге баяғыдан жазып тұрасың. Сол орынға өзіңді лайық деп ұсыныс жасап жатырмыз.

Мына тосын жаңалыққа бір жағынан қуансам, бір жағынан жүрексініп  те қалдым. Редакцияда тілші болып  істеу оңай дей­мі­сің, ол қолымнан келе ме? Ой үстіндемін…

– Қазір редактор келеді, тоса тұр, – деді Ақан.

Расында да көп ұзамай редактор ка­би­не­тіне келіп кірді. Орта бойлы, шашын артына қарай қайырған аққұба кісі екен. Костюмінің өңірінде әскери адамдар қадап жүретін қызыл ала белгілері бар. «Е, соғысқа қатысқан адам екен ғой» деген ой түйдім.

Кабинетке ілесе кіріп сәлемдестім де, өзімнің аты-жөнімді айттым. Біледі екен. Өзім жайлы сұрады. Орта мектепті Алматыдан бітіргенімді, ауылда жұмыс істеп жүр­генімді, мектеп қабырғасынан бері газетке хат-хабар жазатынымды, өлең шы­ғарумен әуестенетінімді айтып шықтым…

Не керек, жолым болды. Сол күні арызымды жазып, «Жамбыл аудандық «Екпінді ең­бек»газетінің тілшісі» деген куәлік алдым.

Редакциядағы алғашқы күндерім бө­лім­дердің жұмысымен танысу, баспаханадан келген газет беттерін оқысып, қателерін көрсету, оның басылу барысымен танысып, шығып жатқан газет нөміріне кезекшілік жасау, біртіндеп редакцияға түскен хат-ха­бар­ларды өңдеп қорыту, газетке мақала жазу сияқты жұмыстармен байланысты болды. Телефон арқылы жер-жерден хабар алу да машақаты көп жұмыс екен. Осының бәріне бірте-бірте үйрене бастадым.

Мені газеттің ауыл шаруашылығы бөлі­мі­не бекітті. Бастығым – Ақжолова Ха­ным­бүбі апайым. Айтқандары: «Сен ауылдан келдің ғой, ондағы қайнаған жұмыстың ортасында жүрдің. Демек, ауыл шаруашы­лы­ғын жақсы білесің». Бірден келістім. Ауыл­да болған алты жыл ішінде қой да бақ­тым, тұқым сеуіп, егін ордым, шөп шау­ып, жинадым, жүгері суардым, мал азығын тасыдым, трактормен жер жырттым, комсомол ұйымына жетекшілік жасадым, тіпті геологтармен бірге кен бұрғылау жұмыс­та­ры­на да қатыстым. Қысқасы, ауылда мен ара­ласпаған жұмыс қалған жоқ. Сол кездегі науқандық жұмыс ыңғайы солай еді. Әр кәсіптің қыры мен сырын үйренуге тура келген. Жас кезіңде тер төгіп, еңбекте шың­далып өсудің пайдасы көп екенін есейе келе әркім-ақ жақсы біледі деп ойлаймын.

Міне, мен редакцияға осылайша еңбек деген өмір мектебінен өтіп келген едім. Ауыл шаруашылығы тақырыбына материал дайындау аса қиынға соға қойған жоқ. Дайындаған кейбір мақалаларды кейде редактордың өзі оқитын. «Қане, қарап жі­бе­рейік» деп қағазға шұқшия үңіліп, қатесі болса көрсетіп, нүкте, үтіріне дейін қарап, ұна­ған жерлері болса, оны айтып қолға ұстататын. Ондайда мақаланы қалай бас­тап, қалай аяқтауға, тақырыпты тауып қоюдың маңыздылығына назар аударудың қажеттілігін асықпай-саспай айтып отырушы еді. Әрине, журналистік жолға түскен біз секілді жастарға тәжірибелі қаламгердің ағалық ақылы, ұстаздық өсиеті шеберлік шыңдау үшін өте қажет екенін жақсы түсінетінбіз.

Бірде Үсекең кабинетіне шақырды. Отыруымды өтінді.

– Журналистің негізгі міндеті не деп ой­лай­сың? – деді ол бетіме қарап. Жауабымды тосқан жоқ, сөзін жалғастырып кетті. – Қолына қалам ұстаған әрбір журна­ли­ст өмірден жаңалық іздеуі, оны оқыр­манға жеткізуі керек. Белгілі бір мәселе төңірегінде  қоғамдық  пікір  қалыптастыруға ұмтылуы маңызды. Ол үшін өмірге араласу, адамдармен пікірлесу, ой қорытып, көрген-білгенін қағазға түсіру арқылы жаңалықты жұртқа жариялау, ал жұмыста кемшілік  бол­са, дабыл қағу қажет. Бұл түсінікті шы­ғар.

Мен басымды изеген болдым. Мұны неге айтып отыр екен деп ойлап қоям.

– Онда тыңда. Сенің жазған-сызғаның­ның бәрін бақылап жүрмін. Аяқ алысың жаман емес, біраз төселіп қалдың. Енді іс­са­парға шығып, материалдар жазуың керек. Сені «Рославль» совхозына жіберейін деп отырмын. Бұл ауданның  ең  шалғайында орналасқан ірі шаруашылық. Шыны керек, бұл совхоз туралы газетімізде аз жазылады. Шалғайда жатыр. Барып-келу оңай емес. Сондықтан тілшілеріміз ол жаққа ат ізін сирек салады және онда газетке хат жазып тұратын штаттан тыс тілші де жоқ. Байқап жүрген шығарсың, газетте жарияланған хабарлардың басым бөлігі жақын шаруа­шы­лықтардан. Бұл жағдай алыс ауылдардың оқырмандарын ренжітеді. Сол себепті сен «Рославльге» барып, осы олқылықтың орнын толтырып қайт, – деп редактор бұл жо­лы нақты тапсырма берді.

Атын естігенім болмаса, аудан орталығы Ұзынағаштан 150 шақырым жерде жатқан «Рославль» совхозында болмаған едім. Жол­ға жиналдым. «Көрмеген жердің ой-шұң­қы­ры көп» дегендей, алғашқы іс­сапарым сәт­ті болды. Совхоз партия ұйы­мының хат­шысы Жәніке Күреңбеков деген азаматпен танысып, шаруашылық жайында мол мағлұмат алдым. Сөйтіп, алыс ауылға сапар шеккен алғашқы қадамыма көңілім толып, қойын дәптерімді қажетті деректерге толтырып қайттым. Осыдан соң газет бетте­рін­де «Рославль» совхозы мен оның еңбек­кер­лері жайында талай мақала мен сұх­бат­тар, хабарлар мен суреттемелер жа­рық көргенін қазір разы сезіммен еске аламын.

Бұдан кейін де талай іссапарларға шы­ғып, журналистік өмірдің қызығы мен қиын­дығын көрдік. Осының бәрі редакторымыз Үсенбай ағаның жас журналистерді тәрбиелеу мен шеберлігін шыңдаудағы үл­кен еңбегінің бір айқын көрінісі болса керек.

Тағы да бір мысал. Аудан орталығында әлдебір маскүнемнің лаңы салдарынан үйі­нің өртеніп кеткен оқиғасы жөнінде бір тұрғыннан шағым түсті. Оны құқық қорғау органына тексеру үшін жібере салуға да бо­лар еді, алайда Үсекең мені шақырып ал­ды да, осы оқиғаны тексеріп, сын мақала жазуымды тапсырды. Бардым. Жаздым. Жазғаным фельетон жанрына ауысып кет­ті. Бұзақы маскүнем ғана сыналған жоқ, шақырғанда оқиға орнына келмей қалған кезекші милиционер де сын садағына ілін­ді. Материалды қызметкерлер түгел оқып шықты. Пікірлер айтылды, түзетулер жасалды. Ұжымдық дүние пайда болды. Редактор қол қойды. Сөйтіп, газетте «Атың шықпаса үй өрте» деген фельетон жарқ ете қалды. Бұл да Үсенбай ағаның қызмет­кер­лері­нің бойындағы қабілет-қарымды сы­науы­ның өзіндік бір әдісі шығар, бәлкім…

Газет редакциясының мен жұмысқа орналасқанда өзінің жеке ғимараты жоқ екен. Қаскелеңнен көшіп келгеніне екі-үш айдың жүзі ғана болыпты. Өйткені, сол жылдары көрші Қаскелең мен Жамбыл аудандары біріктіріліп, аумақтық  өндірістік ауыл шаруашылығы басқармасы болып құрылған екен де, бір ғана газет шыққан. Енді екі аудан бөлінгенде Жамбыл  ауданы­нан бұрынғы газет қайтадан қазақ тілінде жарық көрген. Газет редакторы болып бұдан бұрын Қаскелең және Еңбекшіқазақ аудандарында редакторлық қызмет атқар­ған Үсенбай Тастанбеков тағайындалыпты. Редакторымыз Қаскелеңнен келіп қызмет іс­теді. Онымен бірге жауапты хатшы Нұр­сұл­­тан Жүнісбаев, Уәлихан Шыңғысов жә­не көлік жүргізушісі Үсенбай деген жігіт барып-келіп еңбек етті. Газетте сол жылдары Заманбек Жәкенов – редактордың орынбасары, жоғарыда айтқан Ханымбүбі Ақ­жо­лова, Ақан Тұрғынбаев, Әбеу Бөпебаев – бөлім меңгерушілері, Махан Әміреев, Нұрманбет Қизатов – фототілші, бір-екі жылдан соң бізге Жұматай Қалығұлов, Сә­дуақас Бигелдиев келіп қосылды. Сондай-ақ, Шолпан, Жұмағыз деген қыздар машинисткалар еді. Редакцияның сол кездегі құрамы осындай болатын. Газет редакциясы алғашында тұтынушылар одағының екі бөлмесінде болды да, кейін жаңа ғимаратқа көшті. Баспахана да соған орналасты.

Осылайша менің алғашқы редакторым болған Үсенбай Тастанбеков газет  жұмы­сы­ның білгірі еді. Тәжірибесі де, ұйымдас­ты­ру­шылық қабілеті де мол болатын. Ол Ұлы Отан соғысына қатысқан екен. Жараланып оралған. Бір аяғын сәл сылтып басатын. Кеудесіне әскери төсбелгісін үнемі тағып жүретін. Сол сұрапыл ауыр күндердің қасіретін ұмытпағандығы болар, жұмыстан қол босаған сәттерінде бастан кешкен оқи­ғала­рын жыр етіп әңгімелеп беретін. Және соғыстағы өмірі жайында естеліктер жазып жүрді. Кейін олардың басын құрап, кітап етіп шығарды. Газет жұмысының ауырлы­ғы­на қарамастан, шығармашылық жұмы­сын тоқтатқан жоқ.

Үсекеңнің адами қасиеттерінің өзі өз­ге­ше еді. Ол өте сабырлы, қарапайым, жы­лы жүзді, ақкөңіл адам болатын. Редакция жігіттеріне әзіл-қалжың айтып, жігерлен­ді­ріп отыратын. Кемшілік жіберіп қойған­дар болса, дауыс көтермей-ақ ұғындырып, қайталамайтындай етіп, ұялтып айтатын. Қызметкерлерімен еркін сөйлесіп, олардың ой-пікірлеріне құлақ асатын, өтініштерін аяқсыз қалдырмауға тырысатын. Адамдар ол кісіні басшы ретінде ғана емес, адамгер­ші­лі­гі мол ақылшы аға, қамқоршы ретінде сыйлады. Ол Жамбыл аудандық «Екпінді еңбек»(қазіргі «Атамекен») газетіне екі жылдай басшылық жасады да, зейнеткерлік құрметті демалысқа шықты.

Алайда, өмірімде үлкен із қалдырған, журналистік жолға салған алғашқы редакторыммен бұдан кейін де талай кездесіп, әңгімелесу сәттері аз болған жоқ. Мен осы ау­дандық газетте бес жыл еңбек етіп, одан әрі Алматы Жоғары партия мектебін бітір­дім. Обкомның жолдамасымен Алматы облыстық «Жетісу» газетіне бөлім мең­геру­шісі болып бардым. Өсу баспалдақтарынан өтіп, жауапты хатшы, редактордың орынбасары қызметтерін атқардым. Бұл қара шаңырақта табан аудармай 32 жыл бойы ең­бек етуге тура келді. Міне, осы жылдарда Үсен­бай ағамен байланыс жібі үзілген жоқ десем, артық айтқандық емес.

Көп жағдайда оған себепші болатын Үсе­кеңнің өзі. «Жетісуда» қызмет етіп жүрген күндерімде ол редакцияға ауық-ауық соғып тұратын. Жазған дүниелерін тастап кетеді. Бәрі де алуан тақырыпқа жазылған қызықты, құнды мақалалар. Әсіресе, тарихи тақырыптарды көбірек қау­зайды. Өйткені, көп жайлар мен оқи­ға­ларды өз көзімен көрген, білген, бірге ара­лас­қан. Туып-өскен өлке тарихы мен атақ­ты адамдарды жақсы біледі. Ол зейнет­­керлікке шыққаннан кейін  аудан тарихына байланысты көптеген деректерді қағаз бетіне түсірді. 1916 жылғы ұлт-аза­тық көте­рілісі­нің Жетісудағы көсемдерінің бірі, атақты Үшқоңыр-Шамалған оқиғасының батыры Бекболат Әшекеев, ұлт мақтаныш­тары – жалынды революционерлер Ораз Жандосов, Тоқаш Бокин, ақын Саяділ Керім­беков, Саламат Молдабеков, журналист, ақын Құрманғали Ұябаев, Нұрсұлтан Әлімқұлов және басқалар туралы құнды дүниелер жазды. Олардың өмірі мен шығармашылы­ғын насихаттап, түрлі іс-шаралар, кештер өтуіне мұрындық болды.

Үсенбай аға көп жылдар бойы өзі туып өскен Қарасай ауданы «Қазақ тілі» қоғамы­ның төрағасы қызметін атқарды. Оның басшылығымен ауданда көптеген игі істер жүзеге асты. Елді мекендер мен қала көше­лері­нің орысша атауларын қазақшалап,  олардың  орнына белгілі қоғам қайрат­керлері мен ақын-жазушылардың, өнер адамдары­ның есімдерін бергізді. Мекемелер мен мек­тептер атауларының қазақша дұрыс жазылуын, жер-су атауларын бұрын­ғыша аталуын маңызды мәселе ретінде әкімдік пен ономастикалық ­мис­сияға ұсы­ныстар жасап, оның жүзеге асуына зор үлес қосты. Мемлекеттік тілді үйренушілер үшін арнаулы курстар ашылуын қада­ғалады. «Қазақ тілі» қоғамының атқарған жұмысы жайында аудандық, облыстық газеттерге мақалалар жазып тұрды. Осындай игі жұмыстардың басы-қасында бол­ған­дықтан, ел мен қоғамға сіңірген еңбегі лайықты бағаланды, халық­тың құрметіне бөленді.

Жасының ұлғайғанына байланысты қадірлі қарт бұл күнде бұрынғыдай жүріп, тұра алмайды. Бірақ сүйікті ісінен қол үзді деп тағы айта алмаймыз. Әлі де болса 96 жастан асқан абыз ақсақалдың салтанатты жиындар мен кездесулерге қатысып тұ­ра­ты­ны бар. Үсекеңнің шәкірті, «Қазақ тілі» қоғамының қазіргі төрайымы Шара Қанат­құлова бірде: «Апта сайын ауданда болып жатқан жаңалықтар мен қоғам жұмысының жайы туралы Үсенбай ағаның үйіне барып, айтып тұрамын. Есеп беріп отырамын. Өзі осылай істеуімді қатты өтін­ген еді. Ол кісінің өтінішін орындамауға қақымыз жоқ» деп ұстазына деген құрметін білдіріп еді. Мұны естіп, бізде қуанып қалғанбыз.

Ұстаз демекші, Үсекеңнің ақылын тың­дап, ағалық қамқорлығын көрген, өздерін оның қанатының астынан шыққанбыз деп жүрген қалам ұстаған шәкірттері өте көп. Оларды өзі де еске алып, мақтап отырушы еді. Солардың ішінде ақын Тұманбай Мол­да­­ғалиевті  ерекше  атайтын. «Тұңғыш өлең­дері біздің Еңбекшіқазақ аудандық газе­тін­де жарияланды, мақала да жазатын. Қазір енді оны бүкіл ел біледі» дейтін ол туралы мақтанышпен. Ал Тұмағаңның кітаптары­нан ұстазы Үсекеңе арнаған өлеңін оқы­ға­ным да есімде. Ол да ұстазын сыйлап өтті.

Бір ғасырға жуық ғұмыр кешкен қарт қаламгер Үсенбай аға сол Қаскелеңде тұра­ды. Сезімі сергек, жаны жайсаң ол осы кез­ге дейін 15 тарихи-зерттеу, соғыс және бүгінгі өмір тақырыбына арналған көркем туындылардың авторы атанды. Ол Журналистер одағының мүшесі. Әлі де шығарма­шы­лығын тастамаған. Жағдайы кеп жатса, қолына қалам ұстайды.

Жақында маған өзі қоңырау шалды. Дауысын бірден таныдым. Бұған әрі қуан­дым, әрі таңғалдым. Сәлем беріп, қал-жағ­дайын сұрай бастап ем, сөзімді бөліп жібер­ді. «Бәрібір құлағым естімейді. Жасым 97-ге кетті. Маған естелік жазып бер. Керек. Тү­сін­­дің бе? Енді тұтқаны келініме беремін» деп қысқа қайырды. Келіннің сөзінен ұққа­ным, атасы жаңа кітап дайындап жатқан көрінеді. Соған естеліктер жинамақшы…

Қайран, қажымас қартым-ай! Өзі қар­тайса да, қаламының қуаты қайтпапты. Бұ­ған енді не дерсің?

Дереу естелік жазуға отырдым.

Жұмаш АРҒЫМБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның  Құрметті журналисі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір