ҚАРЫМДЫ  ҚАЛАМ ИЕСІ
15.09.2021
778
0

Ұзақбай Доспанбетов

Қаламы қарымды қаламгер, жазушы Ұзақбай Доспанбетовтың есімі  қалың оқырман қауымға жақсы таныс. Оның қаламынан туған «Жылусыз от» романы негізінен  өзі туып-өскен Қаратал  ауылының соғыстан кейінгі ауыр кезеңдерін қамтыса, ал «Шың мен шыңырау» атты роман-дилогиясы  –  төрт сыныптық біліммен  ұжымшар басқарып, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған атақты төраға, аты аңызға айналған ел құрметтісі, дала академигі Нұрмолда Алдабергенов жайлы шығарма. Бұл туындылары кезінде 30 мың дана таралыммен жарық көріп, әдебиетсүйер қауым тарапынан әділ бағасын да алған болатын.

Тәуелсіздік алғаннан бергі уақыт ішінде бұрын-соңды айтылмай, жазылмай «жабулы қазан жабулы күйінде» қалып келген туған еліміздің тарихына дендей бойлап,  тынымсыз зерттеген қаламгер қаламынан «Қызыл жолбарыс», «Абылайдың ақ туы» атты төрт томдық тарихи роман-эпопея  сынды тамаша кесек туындылар туғаны – көңіл қуантарлық жетістік. Үлкен еңбек. Аталмыш төрт кітаптан тұратын тарихи роман-эпопея қазақ өміріндегі ең бір қасіретті, қайғылы кезең, халық жадында «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деген атпен сақталған, ХҮІІІ ғасырдағы жоңғар шапқыншылығы оқиғаларына арналған. Оның ішінде негізінде Жетісу өлкесінде, Сыр жағалауында, сол кездегі қазақтың екі астанасының бірі – Ташкент қаласында, сондай-ақ қазақты жаулаушы Жоңғария байтағында болған жайлар жан-жақты суреттеледі.

Эпопеядағы басты тұлғалар  –  қазақтың ұлы ханы Абылайдың, Төле би Әлібекұлының ел тәуелсіздігі жолындағы күресі  тарихи деректер негізінде  кеңінен ашылған. Шығармалардың олардан кейінгі кейіпкерлері:  Ескелді би Жылгелдіұлы, Балпық  Дербісәліұлы, Қабан жырау (Қабылиса) Асанұлы – тарихта болған, Ұлы жүздің жалайыр тайпасынан шыққан адамдар. Бұлар  –  Жетісу халқының Шығыс беттегі бір бөлігіне елу жылдай басшылық  жасаған, өз  заманындағы қанды оқиғалардың  бәріне бастан-аяқ қатысқан тарихи тұлғалар.

Қазіргі кезде «Тәуелсіздік романы» деген айдарлы сөз тіркесі шығып жүр. Ұзақбай Доспанбетовтың  жоғарыда аталған тарихи романдарының  барлығын да дәл осы тәуелсіздік романына жатқызуға әбден болар еді деп ойлаймыз.

Тағы бір ерекшелігі, кең де көлемді тарихи панорама кейіпкерлері –  Жетісу өңірінде өмір сүрген  адамдар. Атап айтсақ, олар жоғарыда аталған: Ескелді би Жылгелдіұлы, Балпық Дербісәліұлы, Қабан (Қабылиса) жырау Асанұлы, Бақтыбай Жолбарысұлы, Жәлменде би Байшығашұлы, Барлыбек Сырттанов Пышан Жәлмендеұлы  сияқты болып, тағысын тағы кете береді. Оларды тану,  тұлғалардың ғұмыр жолымен танысу  – бүгінгі жас ұрпақ үшін ауадай қажет. Осыдан келіп, бұл тарихи шығармалардың құндылығы да айқындалады. Демек, аталмыш туындылар  – өз елі мен жерінің өткен тарихи шежіресін біліп өсем деген ұрпақ үшін таптырмас асыл қазына.

Ал  автордың  «Жәлменде би» романында  ХІХ  ғасырдың екінші жартысында Жетісу өлкесінде өмір сүрген Жәлменде Байшығашұлының қызықты да қайғылы тағдыры суреттеледі. Тумысынан ерекше қабілет иесі болған ол он бес жасынан билікке араласып, старшын, болыс, аға сұлтан, би қызметтерін атқарады. Қазақтарды отырықшылық тұрмысқа, егіншілікке, құрылыс, сауда ісіне баулиды, оқу-ағарту жүйесін қалыптастыруға ұйтқы болады. Өз заманындағы көптеген белгілі адамдармен жақсы қарым-қатынас орнатады, тәжірибе алмасады. Солардың бірі де бірегейі – Маман Қалқабайұлының еліне сапары, билер мәжілісіне қатысып, Маман ауылының тұрмыс-тіршілігімен, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымен танысуы романда  жан-жақты әрі шынайы бейнеленеді. Маман мен Жәлменде билер арасындағы  сыйласымды қарым-қатынастың көрінісі романда былай суреттеледі:

«…Найман-матай еліне сапардан соң бір жыл өткенде Жәлменде үшін тағы үлкен секірістер заманы басталды. Бұл Қапал уезінің Іле-Қаратал, Арасан, Ақсу, Көксу, Қарабұлақ, бұлармен жаптас тағы бірер болыстар жөніндегі аға сұлтаны сайланды. Аса ұзаққа созылмаған Жәлменде өмірінің бұл кезеңі хақында құжат-деректер мен ел аңыздары  тым тапшы. Сол тапшы дүниеден айқын ақиқат ретінде мына деректерді  іріктеген жөн. 1866 жылдың жазында Іле-Қаратал өңіріне Қапал уезінің бастығы Ерентал (Рейнталь) келеді. Кәрі офицердің денсаулығы сыр берген бе, аздаған демікпесі бар екен, сонда да ол пәуескесіне Жәлмендені де мінгізіп, көп жасауылдарын ертіп, Қаратал бойын аралайды. Орыс келімсектердің де, қазақтардың да тұрмысын бақылайды, қазақ-орыс мектептерін, емдеу нүктелерін, диірмен, қойма, дүкен сияқтыларды көреді, егіншілік, мал шаруашылығы, сауда жайымен танысады. Бәрі де көңілінен шыққандай. Әрі Жәлменденің орысшаға тез төселгенін байқап, оны арқадан қағады.

Жүрер алдында Ерентал Жәлмендеге оқыс ұсыныс жасайды. «Мені Қоянды жәрмеңкесіне шақырып жатыр, ұзақ жолды денсаулығым көтермейді, менің орныма Қояндыға сен барып қайт, ісің де, тұлғаң да келіскен жан екенсің, саған сенім артамын, келесі аптада Қапалға кел, қасыңа бес-алты қосшы ерт, он шақты белі мықты тағалы аттарың болсын, өзгесін сол Қапалда жабдықтаймыз», – дейді. Жәлменде мұны құп көреді. Қапалда бұған кіші әскери шен береді, басына кокарда кигізеді, пәуескеге мінгізеді, мөр басылған куәлік, сенімхат, басқа да құжаттарды арнайы қапшыққа салған орыс көмекшілерін және қосады, қарулы жасауылдар бар, ұзын саны жиырма шақтыға жетіп, бұлар жүріп кетеді. Сөйтіп, Жәлменде 1866 жылдың жазында Қапал уезінің атынан Қоянды жәрмеңкесіне барып қайтады. Бұл – жас болыстың ең алғашқы ұзақ сапары еді. Қояндыда жиырма бір жастағы Абай Құнанбайұлымен танысады. Мұның бәрі өмір-бақи ұмытылмас әсер қалдырады.

Ал қызықтың көкесі сол жылдың күзінде тосыпты. Ерентал қараша айында Жәлмендені тағы шақырып: «Сен осы Қапалға таяу болыстар жөніндегі аға сұлтан тағайындалдың», – дейді. Ал Жәлменде осы жаңа мансапты игеру үшін Қапалға 1867 жылдың көктемінде ғана көшіп келген. Сол қарсаңда найман-матайдағы Маман бай Жәлмендеге кісі салады. «Қапалға өзіңмен бірге бір бас та мал әкелме, сен барғанша керек малдың бәрі сондағы Күреңбелдің Қапал жақ сауырында иірулі тұрады», – деп сәлем жолдапты. Шынында да солай шығады.

Сол жылдың жазында, Жәлменде жаңа жұмысқа басы бүтін беріліп, таулы өлкенің әсем көркіне көз құмарын әлі қандырып үлгермеген шақта оқыс бір сұрақ туындайды. Бұл осылай көшерде Іле-Қаратал болысы қызметін уақытша атқаруға Құтымды қалдырған. Сол кездің тілінде «доверенное лицо» түрінде еді. Енді оны тиісті сайлау жұмысы арқылы бекіту керек емес пе? Уезд бастығының көңілді бір сәтін пайдаланып осы сауалды қоюға оқталып жүрді. Ондай сәт көп ұзамай туды да. Қапалдағы екі қабат үйдің үстіңгі бір кең бөлмесін өзіне кабинет етіп, оны орыс үлгісімен жабдықтаған Ерентал бірде Жәлмендені тағы да оңаша қабылдады:

– Жәлменде Байшығашұлы! Тап осы шақта өзіңе қарасты болыстар жұртшылығы жөнінде шешімін күткен қандай мәселелер бар?

– О, полковник мырза! Мына сауалыңызға өте ризамын. Үш мәселені бөліп атаймын. Біріншісі тұқымдық дән жайында. Бидай да, тары да егіліп жатыр, тек ашқарақ қазақ жинаған өнімін көктемгі егіске жеткізбей ішіп-жеп қоятын дағдысын қояр емес. Өзім басқарған Іле-Қаратал аралығында да, Ақсу, Көксу, Қарабұлақ, басқа болыстарда да сондайлық бар. Әрі Ресейден келген тұқымдық дән қазақтың топырағында шоқталып, қаулап өседі екен деп те құлақтың құртын жейтіндер бар. Осы жөнінде көмек керек-ақ!

– Дұп-дұрыс! Екінші мәселе?!

– Екіншісі, мына қараңғы қазақтың соры әртүрлі науқастан ғой. Шешек ауруына қарсы екпе жұмысы бәрін бірдей қамтып жатқан жоқ. Әсіресе, мына балаларға! Осы шешек ауруының кесірінен бізде көп түтін иелері ұрпақсыз қалып жатыр!

– Дұрыс! – деп, уезд бастығы Жәлмендеге сөзінің соңын айтқызбай көк шұға жабылған  ұзын ағаш столын жұдырығымен ұрып қалды. – Үшінші мәселе?!

– Үшіншісі, – деді де Жәлменде сәл қипақтай сөзін күшене жалғастырды. – Мен мұндамын, ал Іле-Қаратал болысының орны вакансия түрінде. Соған сайлау өткізіп, бір адамды тиянақтап бекітіп берген жөн-ау!

– Өте ұғынықты! – деп, Ерентал өзінің жез погонындай сап-сары ашық жүзіне күлкі жүгірте тез жауап қайырды. – Алғашқы екі мәселе жөнінде Колпаковский Герасим Алексеевичке бүгін-ертең арнайы хат жөнелтіледі. Қазіргі таңда генерал-майордың көңіл-күйі жақсы, соны пайдаланып, керегімізді сұрап қалғанымыз абзал. – Осылай желдіртіп барып, Жәлменденің сұраулы жүзін байқап, өз сөзіне өзі анықтама берді. – Биылғы жыл көп өзгерістер әкелді. Міне, тиісті қағаздар бізге де жетті. Біздің Жетісу облысы енді Сырдария облысымен бірігіп, Түркістан генерал-губернаторлығына қарайды. Герасим Алекссевич осы ұлан-ғайыр Жетісу өлкесінің генерал-губернаторы, Жетісу әскери  округі әскерінің қолбасшысы, әрі осындағы казак-орыс әскерінің атаманы болып тағайындалды. Бұлайша мәртебесі өскенде көңіл-күйі қалай шарықтамасын?! Ол тұрақтаған Верный – енді қала, әрі осы Жетісу өлкесінің орталығы.

«Қап, мұны білгенде жаңағы үшеуге тағы төрт-бесеуді қосатын едім ғой», – деп, Жәлменде өзіне-өзі күбірлеп тұқыра беріп еді, қайта саңқылдаған уезд бастығының даусы елең еткізді.

– Ал үшінші мәселе жөнінде сәл кідірелік, тағы бір өзгерістің пұшпағы көрінді. Ол жағы өзіме де әзірге толық мәлім емес, текке қауесет таратпалық!

Осыны айтты да, қарт полковник қарсы алдында биік арқалы орындықта оқтау жұтқандай қақайған Жәлменденің қайратты жүзіне, қос иығына іннен шыққан кәрі түлкіше тез-тез көздерін жүгіртті. Бұл түлкі болса, мынау арыстан сияқтанып, қауіп ойлатқандай да. Ал Жәлменденің іш қуысындағы жағдай мүлдем кереғар. Мұның көңілінде бір дық қалды. Мынау күлімсіреген ибалы жүзді ұлық мұны Қапалға аға сұлтандыққа емес, мүлдем басқа себеппен алдап-сулап шақырып алғанға ұқсады. Тек алғашқы екі мәселе жөнінде уәдесінде тұруы ғана қарлығаштың қанатымен су сепкендей. Колпаковскийге жазылған екі хаттың бұл ойлағаннан да мағынасы терең, дәйектері мол екенін көріп: «Біздің өреміз бен бұлардың өресінің арасындағы айырма жер мен көктей-ау» деп, оның қуанышынан сарыуайымы басым шыққандай…»

Жәлменде аға сұлтан сайланып, Қапалға келгенде,  Маман ата салты бойынша  ерулік беріп,  екеуара кеңес құратын эпизод бар. Бұл емен-жарқын бас қосуда Маман бай:

–  Сен мал-мүлкіңді көшіріп, әуре болмай, менің ағайындық сәлемімді қабыл алып, «Алаштың бөлінбес еншісін» қанағат тұтқаның да көрегендігің, –  деп жомарттық танытса, Жәлменде би:

– Мәрттігіңе, ағайындық пейіліңе дән ризамын! Жарайды. Ал мына екі елдің арасын қалай тыныштандырып, татуластырамыз? Соның жолы мен жөні қандай? – деп, өзін толғандырған өзекті мәселені ортаға тастап, ақыл-кеңес сұрайды. Бұл қоныстас, іргелес отырған  матай мен жалайыр елі арасындағы барымта, қарымта  дауларының өршіп тұрған кезі болса керек.  «Елдестірмек елщіден». Билікке келген аға сұлтанның мақсаты – ел арасын татуластырып, жұртын береке-бірлікке шақыру, уыздай ұйыту. Бұл ұлы мақсатын іс жүзіне асыру үшін Жәлменде  би Маманның ақыл-кеңесіне құлақ асып, ата салтымен екі ел  арасында ежелден жалғасып келе жатқан құдандалық жолына жүгінеді.

  Осы романды, осы эпизодтарды жазу барысында қаламгердің  Маман әулеттерінің атақонысы, Қапал, Ақсу өңіріндегі Баянжүрек, Күреңбел атты құтты мекендерін аралап, көзімен көріп қайтқанына да куә болғанымыз бар.  Бұны   жазушының жазу  ісіне деген үлкен жауапкершілігінің бір көрінісі деп білгеніміз ләзім.

Жәлменденің баласы Пішән Жәлмендеұлы да билікке ерте кірісіп, кейінгі ұрпаққа көптеген өнер туындыларын қалдырған. Әрі өз әкесінің ісін алға бастыруға көп күш жұмсады. Алайда 1917 жылғы көтерілістен кейін ел өмірі күрт өзгерді. Сол кездегі солақай қызыл насихаттың кесірінен Пішән Жәлмендеұлы қамауға алынып, жазықсыздан-жазықсыз абақтыда атылды. Ал оның өлеңдері мен тамаша әндері әлі күнге ел ішінде  жасап келеді.

Автор бұл шығармасын жазуда архив деректерін әрі ел жадында сақталған аңыз-әңгімелерді өте ұтымды пайдалана білген. Романның тілі – шұрайлы, оқиғасы – қызықты да тартымды.

Жасының егде тартып қалғанына қарамастан,  осыншама қыруар еңбек атқарған қаламгер ағамыздың бар жазғандарын  жиып-теріп, көп томдыққа жинақтап,  топтастырып жарыққа шығарып қоюды қолға алуы да –  құптарлық іс. Ол он томдығының алғашқы бес томы  осыдан бес-алты  жыл бұрын жарық көріп, қолымызға тигенін де жақсы білеміз.  Содан бері біраз  уақыт өтсе де, қалған (6, 7, 8, 9, 10) томдарының  қозғалыссыз жатқаны іш қынжылтарлық-ақ жағдай. Өлкеңнің, еліңнің, жеріңнің тарихын жазып беріп, алақаныңа салып отырғанда, оны жарыққа шығаруға  ел азаматтары қуана қол соғып, қолдап, қол ұшын беруі парыз ғой. «Әдебиет – ардың ісі» десек, сол абыройлы  іске ғұмыр бойы адал қызмет етіп келе жатқан Жазушы ағамыздың  80 жылдық мерейтойына бұдан артық тарту-таралғының  қажеті  де  болмас еді деген ойдамыз.

Арасанбай ЕСТЕНОВ,

жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір