Қаламның қуаты, сөздің киесі
28.11.2022
515
0

Қазақ жұртына, жалпы жазу-сызудан хабары бар, әдебиетке ынтызар адамға Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Мемлекет­тік сыйлығының лауреаты Бексұлтан Нұржекеұлын таныстырудың өзі артықтау секілді. Өйткені көзі тірі классикті білмеу – ыңғайсыз жағдай, әлбет­те. «Күнәлі махаббат», «Күй толғақ», «Жау жағадан алғанда», «Күтумен кешкен ғұмыр», «Бір өкініш, бір үміт», «Бейтаныс әйелдің құпиясы», «Бір ғана махаббат», «Ерлі-зайыптылар», «Өзендер өрнектеген өлке», «Ақжазықтың адамдары», «Тауды жылатқан түн», «Беу, қыз дәурен!», «Әй, дүние-ай!», осылай кете береді…

2011 жылдың 1 шілдесіндегі «Қазақ үніне» берген сұхбатында Гүлнұр Досбол есімді жорналшының: «Аға, сіздің туындыларыңызда әйел мен ер мәселесі кең қозғалады. Әйел адамның көңіл күйін, жан сезімін әйелден артық сурет­темесеңіз, кем түспейсіз. Құпия болмаса, айтыңызшы, мұның сыры неде?» – деген сұрағына жазушы: « – Оның сырын әйелдердің мінез-құлқын, күюі мен сүюін, құштарлығы мен қатыгездігін – бәрін айрықша ұнатып, айрықша бағалап жүретінімде. Әйел сырын өзі сенген адамға ғана ашады. Ал әйелдің сырын білу кімге де болса оңай дүние емес. Сондықтан оған бойындағы барың мен біліміңді арнау керек», – деп жауап береді. Автордың «Суретшінің көңілдесі» әңгімесіне де әйел мен еркек тақырыбы өзек болған-ды. Зақаш әріптестерімен бас қосып, отырыс қыза түсіп, сөз қатын-қалашқа қатысты қозғалғанда, ол еңгезердей қарамен ұстасып, арты төбелеспен тынады, қанаған мұрын, жырылған ерін, ажыратқан адам. Еркек мас күйі үйіне сүрініп-қабынып, сүйретіліп әзер жетеді. Қапшығын, оның ішіндегі ақшасын және сағатын жоғалтып алады. Ескі әдетіне басып әйелін боқтағаны я ұрғаны есінде емес, алайда бір пәленің болғаны анық. Көзін ашса жанында жан жары жоқ, сөйтсе көрші Көбестің үйіне кетіп қалыпты. Еркек «айнаның төменгі текпіршегінде тұрған әдемі қорап» ішінен француз әтірін тапқанда интрига күшейе түседі. Кім алып келді? Қайдан? Қашан? Неге? Бұған дейін де қатынын қат­ты қызғанып жүрген Зақаш мүлде күдікшіл, секемшіл боп алады. Ерлі-зайыптының екі ұлы, бір қызы бар. Отасқандарына, міне, жиырма төрт жылдан асыпты. Әсем – жазушы, қос кітаптың авторы, жасы қырық бесте, ал Зәкең – қатардағы қара жұмысшы, өз сыйын өзі кетірген жан. Оған мына штрих дәлел: «Аш бала әке сыйламайтын болса керек, кешелі бері екі ұлы бұған бір тіл қатпай қойды». Көп күт­тірмей Көбес те телефон соғады.
« – Ей, сен нағыз ит екенсің, енді білдім! – деді салған жерден. – Тап бір қатыныңды жайлауға жібергендей, мына жым-жырт жатысың қай жатыс? Бірдеме бар ма, жоқ па ана басыңда?
– Қатыны қашып кеткен адамның басында не қалушы еді? – деп әзілдей беріп еді, Көбес зірк ете қалды.
– Қыртпа! Ертеңнен кеш қалмай алдына жығылып кешірім сұрамасаң, айтпадың деме, Әсемнен сен біржола айырыласың!
Бұл аузын қайта ашқанша телепонды тастай салды.
Сөзіне қарағанда, Әсемнің біреумен байланысы барын бұл да сезген секілденді. «Әй, бәсе, бекерден-бекер қай еркек әтір сыйлай қоюшы еді?!». Бұрау салғандай ішін бүріп бара жатқан күйікті қалай басарын білмей аласұрады. Тап-тап беріп, әтірдің быт-шытын шығармаққа бірнеше оқталды. Ашу да емес, ақыл да емес, әлдебір белгісіз түйсік одан, әйтеуір, әзер тоқтат­ты».
Келесі күні Зақаш Көбестікіне барады. Үйдегілер ет асыпты. Асқа еркектің тәбеті шаппады. Ойы – қалайда қатынымен татуласу. «Әсем терезенің алдында теріс қарап тұр екен. Мұның кіргенін жауырынымен сезді. Бүкіл денесі жиырыла қалды. Соны көріп, Зақаштың аузынан сөз қашты. Ақырын келіп иығынан ұстады.
– Әскө! Әсөк! Менің ит­тігімді ақырғы рет кешір!
– Жиырма төрт жыл бойы сені ақырғы рет кешіріп келем. Жет­ті. Енді ажырасам! – деді жалт бұрылып.
Шын ажырасқалы тұрғанын түр-тұрпаты таныт­ты. Танауы қусырылып, ерні дірілдеп, көзі бұған шақшия қадалды. Ештеңеден тайынбайтынын солай түсіндірді.
– Әскө, не істесең де өзің біл».
Әйел – ашулы, ренжулі, онысы орынды да. Білуінше, Әсемге әлгі әтірді «екінші кітәбіне суретін салған ағай сыйлаған» екен. Жасы – алпыстан асқан. Аты-жөні – Байтақ Нұрбергенұлы. Мамандығы – суретші, Халықаралық сыйлықтың иегері. Еркек оны жұмысына іздеп барады. Сол жерден әйелінің айнытпай салынған суретін көріп таң-тамаша болады. Жағдай ушығып, жанжал басталып, бәрі төбелеспен бітеді, заң қызметкері келеді. Әсем өзгерген. «Өйткені кәзіргі Әсем бұрынғы Әсемге мүлдем ұқсамайды. Әуелгі күндері «ананы үйтші», «мынаны бүйтші» деп бірер сөз болса да тіл қатушы еді, бірер күннен бері мұны көзге ілмейді, үйде бар екенін де, жоқ екенін де елемейді».
Бір күні еркек тартпадан әйелінің ешкімге көрсетпей жүрген жазбасын тауып алады. Бұл да күмәнді қоюлата түседі. Содан үзінді келтірейік: «Бізді айырғысы келетін себеп мың да, жарастырғысы келетіні жалғыз-ақ: тек сезім. Жаныма тыным бермейсің. Мен сені жартылай жек көрем, өйткені сен үйреншікті өмірімді бұздың; жартылай сүйемін, өйткені сенсіз өмір сүре алмайтын сияқтымын. Құдай-ай, сені ойласам, сенен басқаның бәрін ұмытамын, сенен басқа жер бетінде адам да жоқ сияқты, сенен басқа менің уайымым да жоқ сияқты».
Әлі де ештеңе анық емес, бұл – көркем шығарма ма, әлде біреуге жазған хат па, бұлыңғыр, сөйтіп, Зәкең сенім мен үміт арасындағы түсініксіз күйді бастан кешеді. Әсем «операға бардым» деген уәжбен кештеу, сағат ондарда келетінді шығарды. Бүгін бұл жағдай бесінші рет қайталанып отыр, ол өзіне өте сенімді. Бір күні ерлі-зайыптылар моншаға жиналады. Сонда радиода істейтін жүзтаныс жігіт: «Бұл әйелді операдан, Әуезов театрынан бірнеше рет көрдім. Және ылғи әлгі «Сұлу әйел» аталатын әйгілі сурет­ті салған кісінің қасынан көрем», – дейді. Ол жылдам жуынып, күйікті басу үшін дүкеннен ішімдік алып, оны түгеседі. Әсемнің алдынан шығып, аямай ұрады. Сөйтіп, қатын қайта үйден кетеді. Оныншы күні біреу үйіне келіп, есікті бірінші боп ашқан қызына хат қалдырады. Еркек оқиды… Сөйтсе: «Әсем ажырасуға арыз беріпті». Туынды басында еңгезердей қара айтқандай: «Соры қалың еркекке сөйтіп сұлу қатын жолығады». Әңгіме түйіні – осы. Автор бейтарап бағыт­ты ұстанады, ешкімді айыптамайды, ешкімді сөкпейді, тек болған жайды ғана әдемілеп баяндап отырады. Негізі, кінә екеуінде де бар. Зақаш өзін адам ретінде бағаламайды, былай қарасаң көштен қалып бара жатқан жері де жоқ. Алайда, арақ ішкені – ішкен, отбасына да мән бермейді, жұбайын жұдырықтап, ұрып-соғып, әбден ашындырып жіберген-ді. Әйелді де ақтап алуға болады. Себепсіз қызғанып, тоқпақтап, берекесін алса, қай қатын шыдасын? Әсем десе әсем, көрікті, сұлу, бет біткеннің өңдісі. Ал суретшінікі – ермек, өйткені отбасылы. Жазушы мұнда шаңырақтың қалай шайқалатынын, отбасының неліктен ойрандалатынын, адамның бір сәт­тік әлсіздігі немен тынатынын, ажырасудың басты себеп-салдарын ашып, сол арқылы оқырманды қатерден сақтандырып отыр. Ұлт­тың көкeйкecтi мәceлeлepiн көрсету – әр қалам иесінің aбыpoйлы міндеті. Oй oйды қoзғaп, қoғaмдық дәрежедегі өзeктi дүниелердің көpкeмдiкпeн жадыға тоқып, caнaғa ciңіруiнe, oқыpмaнды тeбipeнтуге себепші факторлар – біріншіден, жазушының жанрды сәт­ті таңдауы, екіншіден, тақырыпты игеруі, үшіншіден, шeбepлiгi, төртіншіден, стиль даралығы.
Жазушы Асқар Алтай 2011 жылдың 24 ақпанында «Ана тілі» газетінде жарияланған «Қаламмен кешкен тағдыр» мақаласында: «Сонау 1966 жылдың шіліңгір шілдесі… Сегіз дәптерге жазылған романға бергісіз «Күнәлі махаббат» («Кінәлі махаббат» деп өзгертіліп шыққан) повесінің қолжазбасын көтеріп, жас жары Айзашпен, жас сәбиі Ләйләмен бірге «Жұлдыз» журналына алып келген. Сонда Жазушылар одағында атандай болып алғаш жолыққан адамы – Мұқағали Мақатаев. Мұзарт Мұқаңның «ағалық алақанын әдебиет табалдырығын ат­таған сәт­те-ақ көрген» жас Бекең шығармашылық ат­ты киелі ұстанымға, сөз жүйесі ат­ты қасиет­ті ұғымға адал болып қалды» дейді. Қабырғалы қаламгердің әйел жанын терең түсінетіні таңғалдырады, оның ешкімге айтпайтын сырын, құпиясын нәзік сурет­тейді. «Сүліктей қара ат­тың аяңымен ойдан ойды қуып келе жатқан Ақан жігіт шағындағы бір өлеңін мырс етіп есіне алады:
«Кілтіңді алтын сандық ашқым келді,
Көңілді қапаланған басқым келді.
Ақ төсің Қап тауының қиясындай,
Өрмелеп сол қиядан асқым келді», –
деп еді-ау, заман!».
Бексұлтан Нұржекеұлының «Отыз екі» ат­ты шағын әңгімесі – Ақан сері турасында. «Биыл қыркүйекте, құдай бұйыртса, елу тоғызға шығады. Артында – жастық, алдында – қарт­тық». Оның тойға бара жатқан беті, астында – аты, қолында – домбырасы, аса құлықсыздау, дегенмен арадағы сыйластығы үзілмеген ақсақал: «Ақанжан, ағаңның тойын өзің мәртебелі етіп кет!» – деп шақырған соң ғана көңілін қалдырғысы келмеген-ді. Ауылға жеткен соң той иесі алдынан шығып, арнайы тігілген ақшаңқан үйге орналастырады. Ақсақалдың немересімен бірге ішке әдемі келіншек те енеді. Екеуі қымыз құйып беріп, қызмет етіп, асты-үстіне түсіп әлек. Енді, Ақандай адам бұл маңға күнде келе бермейді емес пе?! «Бала жігіт тегене қымызды төрге таман әкеліп текемет үстіне қойды. Келіншек орнынан қозғалмастан қарына ілген дастарқанды бала жігітке ұсынды. Ол оны Ақанның алдына жайып жатқанда, соқталдай екі жігіт: «Ассалаума-лике-ем!» – деп, ыстық бауырсақ пен бір астау ет­ті ентіге көтеріп кірді де, дастарқанға жайлап қойып, қайта шығып кетеді».
Автор Ақан сері мен келіншек арасындағы байланысты тамаша баяндайды, дәл жеткізеді. «…Соны сезді ме, келіншек жаутаң етіп бетіне қарап еді, екеуінің көзі кенет түйісіп қалды. Ақанның жүрегі шым шаншығандай болды. Кірпігі кірпігіне сүрініп, көзі жыпылықтап кет­ті. Келіншек көзін төмен тайдырып, жанарын жалма-жан қайқы кірпіктерінің бауырына жасыра қойды». Жазушы әлгі әйелдің портретін былайша сомдайды: «Ақ сұрдан гөрі өңі аққа бейім, үлбіреген дөңгелек бет, ауызы оймақтай, жұқа ерінді, ұзын мойын, тамағы сәулені шағылыстырған айнадай аппақ, қара көзі тасбұлақтың суындай мөлдір, кірпігі қайқы, қап-қара қастары мүктей қою, маңдайы жазық, қабағы ашық, – тит­тей міні жоқ, тап-тұйнақтай». Тұр-тұлғасы келісті келіншек – жаңағы үйдің ортаншы келіні. Екі ұл, бір қызы бар. Жесір. Жасы – жиырма жетіде. Ақанды танитын және ол тойында ән салған боп шығады. Әйел өнерпаздан неге үйленбей жүргенін сұрайды, Ақан бұндай сауалды күтпесе керек, тосылып қалады. Туындының «Отыз екі» атануы осы жерде айқындалады және бұл сипат екі жерде кездеседі. Алғашқы дерек әйел аузымен айтылады: «Ұрқия әпкемізді жерлеп келгеннен кейін, отыз екі жасыңызда, қат­ты күйінген болуыңыз керек: «Енді үйленбеймін!» – депсіз елге. Сол сөзіңізден таймай, жиырма жеті жыл бойы үйленбей келесіз». Ал екіншісінде жазушы мұны Ақанның ойы арқылы береді: «Ақсақал асантыннан ой түсіп: «Ақанжан, осындайда-осындай, осы келінімді сен ал», – десе, ойланбастан алар еді. Әт­тең, арадағы отыз екі жыл оны айтқызбайды-ау!». Кешқұрым ақсақал Ақан мен құда-жекжат­тарын үйіне шақырып, қонақ қылады, сері түн ауғанша ән шырқайды, халықты тәнті етеді. Бір топ қонақ ішінде әлгі әйел де отырады. Композитор ойға шомып, оны аққуға теңейді, екеуі ән арқылы тілдеседі, үнсіз ұғысады.
«Бұл күнде ағаң болдым төр алдында,
Бір кезде Ақан едім аспандағы».
Ақан түн ауа түскен үйіне келеді. Сөйтсе, екі кісі сиятын төсек салыныпты… «Таңның іңір қараңғылығында тәт­ті ұйқыда жатқан Ақан әуелгіде түсі ме, өңі ме, аңғара алмады: айдын көлді қанатымен сипай ұшқан сыңар аққу тұп-тура өзіне қарай зымырап ұшып келе жат­ты. Көзді ашып-жұмғанша ұлпа жүні маңдайына тиді. Маңдайын алақанымен баса қойып еді, бір шоқ жүні жұлынып уысында қалды. Шошына көзін ашса, шынында да, дәл қасында аққу отыр». Бұл – арманда кетпес үшін Ақанды іздеп келген, өнеріне және өзіне тамсанған келіншек еді. Арада біршама уақыт өтеді… Өнерпаз әйел шыққан есікке ұзақ қарап тұрады, қайыра келеді екен деп тосады. Бірақ… «Апырмай, Ақанға құдай айырылудан өзге ештеңе жазбаған ба? Екі бірдей Бәтимәден, бір Ақтоқтыдан екі рет, үйленген Ұрқиясынан екі рет, тұлпары Құлагерден, құсы Қараторғай мен Көкжендет­тен, құмайы Базараладан, Құлагерге шабатын шабандоз інісі Айбергеннен – бәрінен айырылды. Бүгін де, міне, тағы айырылды». Сөйтіп, лықсыған сезім селі ішке сыймай таңға жуық ән туады. Соны шырқаған Ақан шырт ұйқыдағы жұрт­ты оятып жібереді.
«Шырмауық шығарында бас тартады,
Біздің ел ерте жайлап, кеш қайтады.
Ел қайтқан жайлауынан құла дүздей,
Көңілімді ұғатын жоқ қалқам тағы.
Ахоу, дүние жалған,
Өт­ті-ау арман!
Сұм тағдыр,
Шырмауықтай шырмап алған!».
Бұнда әрекет аз әрі локация да өзгермегенімен, туынды Ақанның сезімі, толғанысы, күйі жан-жақты сурет­телуімен қызықты, сонысымен құнды. Ерекше айтуға тиіс нәрсе, біз екі түрлі ситуацияны байқадық. «Суретшінің көңілдесінде» – еркек қадірсіз, әйел жеңілтектеу ретінде, «Отыз екіде» керісінше, еркек – сыйлы, құрмет­ті, ал әйел – сырлы, кірпияз, мейірбан есебінде көрсетілген. Жазушы оқырманға мораль оқудан аулақ, «қалғанын ішің сезер» дегендей ой қорытуға мүмкіндік береді. Екі әңгімеде де жинақылық, тұтастық бар, ауа жайылған жері жоқ.

Әлібек БАЙБОЛ,
жазушы-драматург,
әдебиет­танушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір