Шөжеден бата алған, Жамбыл пір тұтқан…
29.01.2016
2122
0

Құлыншақ Кемелұлының жазба мұрасы оқырманға толық жетпей келеді

кулыншак2ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезінде Оңтүстік Қазақстан облысының Қаратау өңірінде өмір сүрген, заманында аса танымал болған дүлдүл ақын, қазақ ауыз әдебиетінің көрнекті өкілі Құлыншақ Кемелұлы суырыпсалма ақындық өнерімен, табанда тауып айтар мазмұнды уәж, мағыналы сөздерімен өзі өмір сүрген ортада, замандастары арасында аты асқақтап, алысқа кеткен еді. Ақын туындыларын насихаттауға әр жылдары зерттеуші-ғалымдар  Рахманқұл Бердібай, Ханғали Сүйіншәлиев, Нысанбек Төреқұлов, Дандай Ысқақұлы, Әсілхан Оспанұлы, өзге де қаламгерлер үлес қосты. Өткен заманның небір аласапыран кезеңінен өтіп, шығармалары халық жадында сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасу себебін –  туындыларының өміршеңдігінен, халықтың  арман-мақсатын шебер тілмен, ұтымды оймен жеткізе білуінен іздеген жөн. Заманында ақынның өлең сөзде от ауызды, орақ тілді, тайпалмас жорға болғанын тұрғыластары да айтып кеткен. Сыр бойының (қазіргі Қызылорда облысының Шиелі ауданы) атақты ақыны Бұдабай:

«Көтеншіде Құлыншақ,
Өлең сөздің ұстасы,
Майлықожа, Мәделі,
Бұлар оның тұстасы.
Сөздерінің бар еді,
Тістейтіндей қысқашы.
Ең озығы Құлыншақ,
Өлең десе ұрыншақ.
Шу асауды тоқтатқан,
Бұғалақты бұрын сап» –
десе, замандасы Майлықожа Құлыншақ­пен айтысында: «Қосылдық екі жүйрік сайы­мызға…», «Өлеңге мен де дүрмін, сен де дүрсің…», «Ақын ең бағың қалың, оз­ған атың» деп, Құлыншақтың жұрт та­ныған талантына тәнті болады.
Құлыншақ Кемелұлы суырыпсалма ақын­дық өнерімен қатар өз бетімен сауатын ашып, Шығыс шайырларының шы­ғармаларын оқып, қисса-хикаяларын жат­қа білген. Оның «Қыз Жібек», «Шора ба­тыр», «Шекер-Шырын», тағы басқа ха­лық дастандарын домбыраға, сыр­най­­ға, қобызға қосып, таңды таңға ұрып, нә­шіне келтіре жырлағанын көне­көз қарт­тар күні бүгінге дейін айтып отырады.
Құлыншақ көптеген арнау өлеңдерін де жазған. «Көлбайға», «Дүйсенбіге», «Жа­манқараға», «Ондыбайға», «Май­лы­қо­жаға», «Қожабергенге», «Нарынбайға», «Үмбетке», «Өзігелдіге», тағы басқа арнау өлеңдерінде ақын әлеуметтік құбы­лыс­­тарды терең талдаумен бірге, адам­ның жеке басындағы артықшылық пен кем­­шілікті қысқа да нұсқа, көкейге қо­ным­ды етіп, шебер жеткізе білген. «Жан­­дәулетке» деген шумағында ақын аты бәйгеден оза алмай қалып, ашу­лан­ған жанды сабырға шақырады:
«Жандәулет, жүремісің, желемісің,
Өзіңді ашу буып келемісің.
Көк шоқай ат бас бәйге алмады деп,
Қайтесің, соған бола өлемісің».
Немесе Толысбай деген ағайынына:
«Ей, Толысбайым, Толысбайым,
Көкпеңбек екі көзің орыстайын.
Мейлің жең, шелектерді, мейлің жеңіл,
Мен саған ағайын боп болыспаймын».
Ақынның бұл жердегі «Шелек» деп отыр­­ғаны ру аты.
Бізге жеткен мәлімет бойынша Құ­лын­шақ дүниеден таршылық көрмеген. Ол өзінің кейбір замандас ақындарына ұқсап мал-дүние жимаған. Ақын шы­ғар­маларын зерделеген жан оның өлең-жырларынан жиын-тойда салтанат ие­сіне көпшік қойып, марапаттаумен ар­зан бедел жинап, ат-шапанға ие болу мақ­сатында айтылатын өлең шумақта­рын мүлде кезіктірмейді. Ақын өлеңді таза өнер деп бағалаған.
Құлыншақ көп жыл Сарыарқада ел ара­лап, әйгілі Шөже ақынмен дидарласа­ды. Қазақ поэзиясының алыбы Жамбыл­дың берген бағасы өз алдына бір төбе. Ол Құлыншақты өзіне ұстаз тұтқан.
«Қаздай қалқып ерінбей,
Өлең тердім жасымнан.
Майлықожа, Құлыншақ,
Пірім едің бас ұрған» –
деген өлеңінде көп мағына жатыр.
Ақын шығармаларында халқын, ту­ған жерін сүйгені, елінің салт-дәстүрін қа­дірлегені және өзгені де елдікті сақ­тау­ға үгіттегені, көзі ашық, көкірегі ояу ақын­ның отаршылдыққа жан-тәнімен қар­сы болғаны айқын аңғарылады. Ақын толғауында ел арасына дендеп ене бас­таған, халықтың ата-бабадан келе жат­қан салт-дәстүріне ерекше ден қой­ғаны байқалады.
«…Аз ғана сөзді қозғайын,
Тыңдасаңдар жақсылар.
Әзіргі мынау күндерден,
Жайлауымды жау алып,
Ықтияр кетті-ау күллі елден!
Бұған да шүкір қыламыз,
Патшамыз болған орыс-ты,
Күннен күнге қылып тұр,
Көңілдегі жоқ істі.
Қадаулы ағаш, тартқан сым,
Қаптаған хахол сыймайды,
Қазақтан алды қонысты.
Қазынаға қарыздар,
Халық көбейді борышты…
Момынның көңілі толы жас,
Зәлімнің көңілі семірді.
Кісісымақ ысқырып,
Есігіме тебінді.
Қадақ болған кісідей,
Ала алмай жүрмін кегімді…»
«Пенденің көп-ті күнәсі», «Тәнің де мей­ман жаныңа», «Тыңдаушың жаман кез­дессе», «Бидің әділ болмағы», «Не жақ­сы», «Жаратылыс туралы», «Би болмас белін жалпақ буғанменен», өзге де өлең­дерінде ақын қоғам қайшы­лық­та­рын тайпалған жорға тілмен айшықты жет­кізеді.
Құлыншақтың екі әйелі, екі ұлы, үш қы­зы болған. Үлкен ұлы Ысқақ та әке жо­лын қуып, ақындықты таңдады. Ыс­қақ­тың өлеңді суырып салып айтуға қа­білеттілігін аңғарған соң әкесі оны жиын-тойларда қасына ертіп жүріп бау­лыған. Өкінішке қарай, қағазға түс­пе­гендіктен, Ысқақ Құлыншақұлының да көп өлеңдері ұмыт болған. Тек Қадиша қыз­бен айтысы ғана жинаққа енді.
Құлыншақтың кенже ұлы Исақан 1986 жылы қайтыс болды. Ақыннан та­раған әулет Созақ ауданында өмір сүріп жатыр. Құлыншақ 1911 жылы Меккеге қажылыққа барып, содан қайтып келе жатқанда ауырып, жолда көз жұмады. Сүйегінің қай жерге қойылғанын ешкім білмейді. Қасындағы серіктері «Елге сәлем» атты бір шумақ өлеңін айтып ке­леді.
«Ер жігіт үйде де өлер, түзде де өлер,
Көп жасаса ер жігіт жүзге келер.
Пәнденің маңдайына жазуы сол,
Үйде өлгенмен апарып түзге көмер».
(1-нұсқа).
Құлыншақтың ертедегі көп өлеңдері бас­па жүзін көрмей, бірте-бірте ұмыт болып кеткен. Құлыншақ мұрасы туралы көнекөз қариялардан көп мәлімет білуге болар еді, бірақ олар қайтыс болып кетті. Атақты жыршы Сұлтанбек Ақ­қожаев Құлыншақты былайша дәріп­тейді:
«Әкесі Құлыншақтың Кемел еді,
Сүйген екен немере, шөберені.
Алты ұлы алты ауыл боп жүре берді,
Адамға бұдан артық не береді.
Құлыншақ алтауының ең кенжесі,
Дарыған өнері де өлең еді.
Әкесі Шөже ақыннан бата әкел деп,
Үш тоғыз дүниемен жібереді».
Сұлтанбек тағы бір өлеңінде былай дейді:
«Ұстазым – орта жүздің Құлыншағы,
Өлеңнен кем болған жоқ берген бағы.
Қосылып құнаныңда ат бәйгеге,
Тынбай шауып, кеп жүрді сынбай сағы».
Осындай дүлдүл де жүйрік ақынның бү­­гінгі күні насихатталуы өз дәреже­сінде емес. Бұл жөнінде ақын шығарма­шы­лы­ғын зерделеушілердің бірі, Оң­түстік Қа­­зақстан облысы Созақ ауда­ны­ның құр­метті азаматы Есіркеп Өмірбеков өзі­нің «Шежірелі өлке» атты кітабында бы­лай деп жазады: «1990 жылы Созақ елі­нің жұртшылығы «Жарты­төбе» ауы­лын­да ақынның туға­нына 150 жыл толу мерекесін өткізді, бірақ ақын тойы жұ­пыны өтті. Оның тойына ауданның кей­бір ауылдарынан өкілдер келмей қа­лып, «естімедік» деп кейін өкпе айтып жүрді. Құлыншақ ақынның көп өлең­дерінің айтылмай, жария болмай, жо­ғалып кетуіне оның Меккеге қажылыққа баруы себеп болды. Кешегі дінді уағыз­даушыларды отап тұрған заманда қа­жы­ның өлеңін айту да, жазып-жинақтау да қауіпті еді. Сонда да болса әр жерде бір ауыз, екі ауыз өлеңін білетіндер кездесіп қа­лады».
Кеңес үкіметі жылдары Құлыншақ Ке­мелұлының өмірі мен шығарма­шы­лы­ғына талдау жасауға, оның әр кезеңде, әр жинақта шашырап жүрген туын­ды­лары­ның, ол туралы ғалымдар әр кезде ор­таға салған ой-пікірлердің басын бі­рік­тіруге талпыныс жасалмады. Бұл мә­селеге тек тәуелсіздік жылдары ғана көңіл бөлініп, әр жинақта, газет, журнал бе­тінде шашырап жүрген ақын шы­ғар­маларын жинау қолға алына бастады. 2006 жылы демеушілердің көмегімен ақын шығармаларын және ол туралы зерт­теулерді «Дүние ол бір көлдің қас­қал­дағы…» деген атпен жинаққа топ­тас­тырудың сәті түсті. Бірақ ол небәрі 500 данамен жарық көрді де, көпшілікке тарамады. Енді міне, ақынның туғанына 175 жыл толуына орай әлеуметтік маңы­зы бар әде­биет бағдарламасы бойынша «Фолиант» баспасынан толымды жинақ шы­ғары­лып, республика көлемінде таралуына мүмкіндік туды. Құлыншақ Ке­­­мелұлының 175 жылдығына орай жа­рық көрген жинақ бес бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім ақын өлеңдерін қамтыса, «Былай деген екен» деп аталатын екінші бөлімде ақынның ұрымтал, тапқыр сөз­дері туралы ел аузындағы әңгімелер топ­тастырылды. Үшінші бөлім ақын шы­ғармашылығы туралы зерттеу ең­бектерден тұрады. «Құлыншақ ақын – көркем шығарма кейіпкері» деп аталатын төртінші бөлімде ақын өмірінен жа­зылған көркем туындыларға орын бе­ріледі. Ал бесінші бөлім оқырманды Ысқақ Құлыншақұлының шығар­ма­шы­лығынан хабардар етеді.
Құлыншақ Кемелұлы туралы мәлі­мет жинауға ақын өмір сүрген ортаның да едәуір көмегі тиді. Атап айтқанда, Оң­түс­тік Қазақстан облысының Созақ ау­данындағы «Жартытөбе» ауылында тұр­ған Рысқұл Рысжанов ақынның өмі­рінен мәлімет жинауда, белгісіз болып кел­ген өлеңдерін жарыққа шығаруда ұзақ жыл жалықпай еңбек етіп, кезінде бірталай шаруа тындырды. Құлын­шақ­тың шығармашылығын насихаттауда ақын өмір сүрген ауданның тумасы, бел­гілі радиожурналист Ғалым Есен­сариевтің және журналист-зерттеуші Алмас Ақылбектің айтарлықтай еңбек сіңіргенін атап өткен жөн. Осы аза­мат­тар­дың мұрындық болуымен және зерт­теуші, филология ғылымдарының кан­дидаты, доцент Саттар Өмірзақовтың бас­паға дайындауымен Құлыншақ Ке­ме­лұлының шығармалары мен ол туралы зерттеулер Оңтүстік Қазақстан облы­сының тарихи, рухани мұраларына арналып, осы облыс әкімдігінің баста­ма­сымен және демеушілігімен (идея авторы және көптомдықтың жалпы редакциясын басқарушы – белгілі ғалым, ұлтжанды азамат, филология ғылым­дары­ның докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов) шығарып келе жатқан көп­томдықтың 96-шы томында жарық көрді.
Өкінішке қарай, қазақ әдебиетінде өзін­дік орны бар Құлыншақ Кемелұлы­ның 160, 170 жылдығы ескерусіз өт­ке­нін, өткен жылы да 175 жылдығы атаусыз қал­ғанын тиісті орындардың есіне сал­ғанды жөн көрдік. Шөжеден бата алып, Жамбыл пір тұтқанҚұлыншақ ақын ­мұрасын ел арасында насихат­таудағы олқылықтың орны алдағы кезде толтырылып, ақын шығар­машылығы туралы толымды еңбектер жарық көреді деп үміттенеміз.

Орынбек
ЖОЛДЫБАЙ,
Қазақстан Жазушылар және
Журналистер одағының мүшесі,
Қазақстанның мәдениет қайраткері,
филология ғылымдарының кандидаты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Имя
E-mail
Пікір
 

error: Көшіруге болмайды! Авторлық құқықты бұзбаңыз !!