Семейден бастау алған дүбірлі той
16.05.2022
448
0

Ұлы жазушы, ғұлама ғалым Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің 125 жылдығы Семей қаласынан басталды. Алдымен Әлихан Бөкейхан университетінде мерейтойға арналған «Мұхтар Әуезовтің классикалық мұрасы әлем мәдениеті контекстінде» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Жиын барысында бірқатар ұсыныстар айтылып, мерейтой тұсында атқарылатын жұмыстар тізбегі талқыланды. Өңірде жыл бойы 100-ден аса шара ұйымдастырылмақ. Түрлі көрмелер, театр фестивальдері, әдеби байқаулар өтпек. М.Әуезовке қатысты тың зерттеулер жарық көрмек. Мерейтойға орай халықаралық деңгейдегі шаралар да қолға алынбақ.
Ертесі жазушының туған жері Бөрілі мен Жидебайда жалғасын тапқан дүбірлі тойда М.Әуезов музей-үйінің жаңа экспозициясы салтанатты түрде ашылды. «Шығыс Қазақстанның киелі нысандары – халқымыздың тарихи және рухани құндылыққа ие мекені. Мұнымен ешкім дауласпайды. Біздің міндетіміз – осы мұраны құрметтеу және сақтау, оны барша қазақстандықтар мен шетелдік қонақтар үшін қолжетімді ету. Сонымен қатар біздің салт-дәстүріміз, мәдениетіміз бен тарихымыз туристер үшін қызықты екенін ұмытпай, осынау үрдісті қолдауымыз керек. Бар әлеуетімізді іске асырып, бұл өңірді этнографиялық және экологиялық туризмнің орталығына айналдыруымыз керек», – деді Дәурен Абаев.
Абай атындағы Семей мемлекеттік қазақ музыкалы драма театрында «Әуезов әлемі» атты салтанатты кешпен түйінделген, Алаш астанасынан бастау алған игі іс енді еліміздің әр түкпірінде жалғасын таппақ.

Мерей Қарт,
Жазушылар одағы Семей өңірі филиалының төрағасы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір