«Дәстүрлі әннің насихаты жоғары болуы керек»
24.04.2019
115
0

Сәулежан Тағзия:

Сәулежан Тағзия – өзінің қоңыр даусымен көпке танылып, елдің ықыласына бөленіп жүрген дәстүрлі әнші. Бірнеше жүлдені қанжығасына байлап, есімі республикаға белгілі болған жас әншімен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Қазақта «өнер әкенің қанымен, ананың сүтімен дариды» деген тәмсіл бар. Сізге кімнен дарыған?
– Менде екі жақтан да бар. Әкем ағаштан домбыра, ер, басқа да тұрмыста пайдаланатын заттарды жасайды. Жылқы-сиырдың терісінің иін қандырып, айыл-тұрман да өреді. Анам болса, төрт түлік малдың жүні мен терісін пайдаланып, түйенің шудасынан шекпен, ешкінің түбітінен қазақи қызай қалпақ баса­ды. Жылқының ту құйрығынан қыл арқан еседі, ал қойдың жүнінен қара пима басады, қойдың терісін илеп, иін қандырып, тон шал­бар тігеді. Жүннен ұршық иіріп әртүрлі қолөнерлерін жасайды. Сырмақ, түскигіз, те­ке­мет, кимешек-шылауыш, жалпы ол кісі қазақтың жәдігерлік бұйымдарының қас шебері. Сосын нағашыларымда күйшілік бар, шешемнің әкесі Шібірәйім деген кісі күйші болған екен.
– Арқа әндеріне жақынсыз. Неліктен?
– Арқа әндерін салу үшін дархан да­уыс қажет. Менің диапазоным, дыбыс боя­уым Арқа әндеріне барынша жақындау бол­ғандығының бір себебі – мен Қытайдың Іле деген жерінің тумасымын. Ал Ілені «жер жәннаты – Жетісу» деп атайды. Өз басым ән­ші­лік мектеп тек қана туған ортаға қарай болады дегенмен келіспеймін, ол адамның санасымен, көрген, естіген, білгеніне, жүрек­ке түйгеніне байланысты деп білемін. Бала күнімнен аздап күй тартып, жеңіл-желпі әндерді айтып жүрдім. Есейе келе, Қазақстанның танымал әншілері, дәулескер күйшілері орындаған таспаларды тыңдап, ерекше әсер алдым. Сол кезеңдерде «Біржан сал» фильмі жарыққа шықты. Киноны көріп, ондағы орындалған Біржанның әндерін естіп, Арқа әндеріне деген маxаббатым тіптен ояна берді. Фильмдегі әндерді орындаған әншінің алдына бару арман болып, ақыры Еркін ағамды іздеп келіп, ол кісіден магистрлік оқуды дәстүрлі ән мамандығы бойынша тәмамдадым. Арқа әніне келуге Еркін ағам да үлкен себепкер болды.
– Ұстазыңыз кім? Немесе кімді үлгі тұта­сыз?
– Ұстаздан бағы жанған адаммын. Өнер­дегі ұстаздарымды айтсам, орта мектеп табалдырығында музыкадан сабақ берген Ел­дос Есімжанұлы, бакалавр оқығанда клас­сикалық вокалдан сабақ беріп, дауысымды қойып, ән салуды үйреткен Ерғали Заxанұлын атап айтуға болады. Ал атажұртқа келіп, дәстүрлі ән мамандығы бойынша магистрлік оқу оқығанда дәстүрлі әндердің домбырасын қалай тартуды, әнді қалай салуды, жалпы қа­лай әнші деген атқа ие болуды үйреткен Ер­кін Шүкіман ағам болатын. Мейлі қай салада болсын, білетіні мол, өнері мен адам­дығы жарасқан, жаны жайсаң нағыз қазақ өнерінің жанашырларының әрбірін өзіме үлгі тұтамын…

Сұхбаттасқан
Тілекберді Құмарбек

(Толық нұсқасын газеттің №16 (3650) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Имя
E-mail
Пікір
 

error: Көшіруге болмайды! Авторлық құқықты бұзбаңыз !!