Жаңа Қазақстанның баспасөзі де жаңа болуы керек
Ел ішінде бұл күндері «Наурыз реформасы», «Жаңа Қазақстанның жаңарған келбеті» атанып үлгерген Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетін арттыру туралы да айтылды.
Алдымен Президенттің мына сөзіне көңіл бөлейік: «Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды. Отандық ақпарат құралдарының Қазақстанда, өңірде және әлемде болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуға тиіс».
БАҚ бәсекеге қабілетті болуы үшін не керек? Әрине, еркіндік керек. Еркіндік дегеніміз не? Еркіндік еріккеннің ермегі емес. Еркіндік – мәдениет, еркіндік – жауапкершілік. Еркіндік – елдегі заңды сыйлау, құрметтеу. Мемлекеттің тұтастығын сақтау мен ақпараттық қауіпсіздік те еркіндіктің үлесіндегі міндеттердің бірі.
Біз көп ретте еркіндіктің осындай ұғым аясындағы қызметі мен талаптарын ұмыт қалдырып жатамыз. Қазір Еуропа жұрты оқырман аудиториясын молынан қамтып, кәкір-шүкірді сөз қыла беретін блогерлердің әлеуметтік желілердегі парақшаларын ысырып қойып, дәстүрлі БАҚ-тың ақпаратына қайтадан жүгінуде.
Аз-кем уақыттан кейін біз де бұл үрдіске ораламыз. Алайда менің бұл сөзім қазақ қоғамында белсенділік көрсетіп келе жатқан азаматтық журналистиканың аяғына тұсау салу немесе олардың ойлары мен жазғандарына мүлде сенбеу керек дегенді білдірмейді. Мен дәстүрлі БАҚ-тың коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып, ілгерілеуі мен қандай тақырыпқа да болсын ашық пікірі бар азаматтық журналистика жағындамын. Бұны «бір» деп қойыңыз.
Екіншіден, БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігі оның қаржылық ахуалына да келіп тірелетінін екпін түсіре айтқанды жөн көремін. Бұл ретте амал жоқ, Қазақстандағы ақпараттық кеңістікте қатар өмір сүріп жатса да барикаданың екі жағалауында қалған қазақ баспасөзі мен орыстілді газеттердің және интернет-басылымдардың қаржылық мүмкіндігін салыстыруға тура келеді.
Сөздің турасына көшейік, Қазақстандағы орыстілді газеттер мен интернет-басылымдар – күтімі күшті, асыраушысы мырза «бағымдағы» баспасөз. Мен өзі Ақпарат министрінің деңгейіндегі жиындарға жиі қатысып жүретін адаммын. Сондай жиындарда біздің орыстілді әріптестеріміздің сұрайтыны тек ақша, содан кейін спиртті ішімдіктер мен темекі өнімдерінің жарнамасы. «Осы жарнамаға Үкімет рұқсат етсе жақсы болар еді, спиртті ішімдіктер мен темекі өнімдерін өндіретін кәсіпкерлер сонда жарнамаларын шетелдік баспасөзге бермес еді», – дегенді қайталаудан танбайды олар.
Бұл нені білдіреді? Бұл біздің әріптестеріміздің мемлекеттік тапсырыс бойынша алатын қыруар қаржыны місе тұтпай, қаржылық құрылымдардан қарпып отырғанды қалайтындығын, солардың сойылын соғатындығын білдіреді.
Президент осы жолғы Жолдауында оларға: «Біздің қоғамымызды ыдырату үшін сырттан берілетін тапсырыстармен жұмыс істеуге немесе көлеңкелі қаламақы үшін саяси кландардың астыртын тартысына қатысуға болмайды», – деп ескертті. Мұны біздің әріптестеріміз ескере ме, жоқ па, оны уақыт көрсетеді. Ескермейтін болса, «БАҚ туралы» Заңға бұл мәселеге байланысты бап енгізуге тура келеді.
БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігі ұжымның шығармашылық әлеуетімен шектелмейді, оның жоғарыда біз атап өткендей кілтипандары да бар. Әрине, ақшасы көп, керек десеңіз құпия деректерді ақшаға сатып та алатын мүмкіндігі бар газет пен «шықпа, жаным, шықпамен» отырған газетті ақпарат нарығында бәсекеге салудың өзі ұят. Осыны билік енді мықтап ескеруі керек.
Үшіншіден, БАҚ-қа ақпарат беретін дереккөздері де ашық әрі еркін болуға тиіс. Мәселенки, бір жерде бір шетін оқиғаның шеті шығып қалды дейік. Оқиғаның мән-жайын бес саусағындай білетін мемлекеттік органның жауапты қызметкерлері мұндай кезде жақ ашпай, жоғарыға жалтақтаумен отырады. Жоғары жақ ойланып-толғанып, «былай айтыңдар» деп, нұсқау жеткізгенше, қоғамда ұшқары ақпарат тарап кетеді. Оның соңы түрлі қауесетке ұласып, тіпті әлеуметтік толқуларға жалғасуы мүмкін.
Демек, деректі, нақты, шынайы ақпараттың шығуына БАҚ қана емес, шенеунік те, мемлекеттік немесе меншіктегі мекеме қызметкері де мүдделілік танытуы қажет. Бұл ретте баспасөзге ақпарат беруші, істің жайын түсіндіруші тұлғаның да құқығы, басының азаттығы мен қауіпсіздігі заңда белгіленуі керек. Бізде жауапты қызметкер БАҚ-пен байланыстан қашады. Себебі ол алда-жалда бір сөз айтып қалса, ертең қызметтен қуылуы ықтимал, сенімсіз адам атануы кәдік.
Ендеше, БАҚ-тың еркіндігімен қатар ақпарат көздерінің ашықтығы да аса қажет Батыс елдерінің баспасөзі неге еркін? Неге ықпалды? Өйткені, Батыста баспасөздің еркіндігімен бірге әрбір азаматтың ой мен пікір еркіндігі де мызғымастай болып қалыптасқан. Біз де осындай жағдайға жетуіміз керек.
Төртіншіден. БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыратын тетік – тіл. Қазақстанда мемлекеттік болсын, мемлекеттік емес болсын мекемелер мен ұйымдарда ақпарат алдымен қазақ тілінде дайындалып, елге алдымен қазақ тілінде тарауы керек. Шетелдерден келетін ақпаратты қоя тұрыңыз, Қазақстанда қандайда бір мәселеге қатысты сөз бола қалса, алдымен орыс тілінде дайындалады. Шенеунік: «Өздерің аударып алыңдар», – деп орысша сөйлейді.
Мұндай жағдайда байғұс қазақ журналисі қайтеді? Аударады. Ол алған ақпаратын қазақтілді оқырманға, аудиторияға арнап аударып отырғанда орыстіліндегі ақпарат жетер жеріне жетіп қояды. БАҚ-қа ресми, бейресми ақпарат берудегі мұндай әділетсіздік пен теңсіздікке де нүкте қоятын кез келді.
Әзірге қысқа қайырып айтарым – осы. БАҚ-қа қатысты пікірімді орайы келгенде жалғастыра түсемін деп ойлаймын. Неге десеңіз, Жаңа Қазақстанның мазмұнымен үйлесетін БАҚ та Жаңа болуы керек. Ал оның жаңа тұрпаттағы қызметі туралы сөз әлі де айтылып, талқылана түсуі тиіс.
Дәурен ҚУАТ