Тәуелсіз елдің ғылымы да тәуелсіз болуы керек
20.12.2021
1310
0

Біз – Кеңес Одағы тарап, тәуелсіздік алған тұста мектеп табалдырығын аттаған буынның өкіліміз. Әкем ұстаз болды. «Менің қызым өскенде профессор болады» дейтін алты жасар қызына. «Тәуелсіздіктің сыйы осы» деп әуелі облыс орталықтарында дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептердің санын көбейгенін, бұрын болғандары жаңа мәртебелерге ие болғанын айтар едім.  

Мектеп бітіргесін Абай атындағы ҚазҰПУ-ға түстім. Одан кейін Ұлттық жоғары оқу орнының аспирантурасына мемлекеттік грант есебінен түсуге мүмкіндік алдым. Серік Мақпырұлы ғылыми жетекшім болды. Диссертация  тақырыбы бекітілді. Отандық ғылымда да тақырып еркіндігі айқын білінетін. Зерттеу тақырыбым – романдағы диалогтық қолданыс ерекшелігі. Сәбит Мұқанов романдарын таңдадық. Диссертациялық кеңестердің уақытша жабылған кезі. Жетекшім әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға алып барды. Алдымен жұмысыммен, содан соң өзіммен танысқан ұстазым, қазақ ғылымы алыптарының айтулы өкілі, әдебиетші ғалым, нағыз академик Тұрсынбек Кәкішевке сол күннен бастап шәкірт болу бақыты бұйырды. Қазақ әдебиеті ғылымының ордасы М.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер Институтының қазіргі қазақ әдебиеті кафедрасында ғылыми сараптаудан өттім. 2009 жылы кандидаттық диссертациямды қорғадым, кеңестік кезең жүйесімен қорғаудың соңын алып, ғылым кандидаты дәрежесін алған, кейін тәуелсіз ел ғылымының жаңа жүйесі бойынша қауымдастырылған профессор  ғылыми атағына қол жеткіздік. 

Осы жылы туған өлкем Орал қаласына оралдым. Содан бастап М.Өтемісов атындағы БҚМУ-да қызметтемін. Тәуелсіздіктің еркіндігін әркім әрқалай түсінеді. Азат елдің әр азаматының еңсесі биік болуға тиіс, бодандықтың қамытын шешпеген кезеңнің өзінде білім алып, ұрпақ үшін білім қуған арыстарымыздың еңбегі әр қазақтың көкейінде жүруі тиіс. Сондықтан өзіңді жетілдіруде тоқырауға ұшырамай, азаттық әперген білім игіліктерін пайдаланбау әрқайсымызға сын болуы қажет.

Өз басым шетелдің біраз университетінде болдым. Ресейдің, Түркияның, Еуропаның, Кореяның белді жоғары оқу орындарында профессор ғалымдардың дәрістерін тыңдап, тәжірибе алмасып жүрмін. Ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өттім. Бірден айтайын, бұл грант ғылыми ізденісте үлкен мүмкіндіктерге жол ашты. Қазақстандық ғылыми зерттеу жұмыстарын, соның ішінде қазақ әдебиетін, классик қаламгерлер туындыларын шетелде насихаттау мақсатында аударманың, әдеби байланыстар орнатудың маңыздылығын ескере отырып, монографиялық еңбегімді грант қаражатымен түрік тіліне аударттым. «С.Мұқанов романдарындағы диалог қолданысы» атты монографиям Түркияның Анкара қаласында түрік тілінде жарияланды. Бұл үлкен жетістігімнің бірі деп ойлаймын.

Бүгінгі таңда ғылым мен білім беру саласында халықаралық деңгейде жасалған ғылыми жұмыстар жоғары бағаланады. Басты міндет қазақ ғылымын әлемге танытудан туындауы керек. Бірақ шетелдік ғылымға тәуелді болу деген түсінік болмау қажет, халықаралық деңгейде шетелдік ғалымдармен тәжірибе алмасу деп ұғу керек. Тәуелсіз елдің ғылымы да ешкімге тәуелді болмауы қажет.

Аталмыш грант қаражаты бір жылға беріледі. Ғалымдарға деген, ұстаздарға деген мемлекет тарапынан үлкен қолдаудың, ғылыми ізденістер үшін зор мүмкіндіктің бірегейі болды деп есептеймін. Мұны да біз көрген тәуелсіздіктің сыйы деп білемін.

Әдебиетті оқыту мәселесіне келер болсақ, Тәуелсіздік қазақ әдебиетінің дәуірлеу тарихына тағы бір кезең қосты, ол – тәуелсіздік кезең әдебиеті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы, яғни алғашқы онжылдық кезеңі 1991-2000, одан кейін 2001-2011, кейінгісі 2011 жылдан қазіргі уақытқа дейін жалғасқан қазақ әдебиеті жаңа дәуірдің бейнесін әдебиетке әкелді, әдебиет арқылы сөйлетті. Екі кезеңді бастан өткерген ақын-жазушы, драматургтер мен жаңа дәуір әдебиетінің төл перзенттері жаңа кезеңді әдеби туындылар арқылы ашты. Қазақ әдебиеттануының жаңа бағыттары, әдебиеттанудың өзекті мәселелерін қарастырғанда, тәуелсіздік кезеңі әдебиетінде көрініс тапқан жаңа ағым, бағыттар, әдістер, көркемдік тәсілдер, жаңашылдық, жаңа дәуір әдебиетіндегі жаңа мазмұн мен пішін туралы айтқанда, жанрлық ерекшеліктерін саралағанда, әдеби туындыны талдаудың әдіснамалық жағынан да жаңашылдық қажеттігін айқын көрсетті. Тәуелсіздік жаңа дәуір әдебиетіне еркіндікті кең құлашты етіп берді. Әдебиет өкілдеріне қай тақырыпты жазса  да, қандай жаңа көркемдік тәсілдерге барса да, тосқауыл жоқтығын дәлелдеді. Құлашын кеңге сермеген жаңа кезең әдебиетін оқитын жас ұрпаққа әдебиетті оқыту бақыты бұйырған ортаның өкілі болғанымыз да бір бақыт. Білімнің кемесінде қарсы алған тәуелсіздік араға отыз жыл салып, бізден кейінгі жас буынды сол білімнің теңізінен сусындатып, ғылыми ізденіс жасауға баулу мүмкіндігін сыйлады. Білімнің алғашқы қоңырауын соқтырды, әдебиеттану ғылымының жауынгері қатарына қосты, өсірді, өрлеуге қадам бастырды. Тәуелсіздікпен бірге білім алуға қадам басқан біздің буынға 30 жылдықтың берген сыйы осындай!

Рита Сұлтанғалиева,

М.Өтемісов атындағы БҚУ

Қауымдастырылған профессоры,

Филология ғылымдарының кандидаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір