Әзіл-шыны аралас
28.12.2018
1658
1

***

Жазушы Тө­лен Әбдік бір­де көшеде ке­ле жатып, ақ­ын Өтежан Нұр­ғалиевті (1938-2011) жолықтырады. Салған беттен Өтежан ша­быт­тана сөйлеп, екеуара мына мазмұнда диалог болыпты:
– Төке, менің творчествома белесті өзгеріс енді!
– Иә, ол не өзгеріс, айтсаңшы?
– Мен соңғы кезде күнделік жазуға кірістім.
– Е-е, оның дұрыс екен…
– Дәл қазір сіз не айтар екен деп ау­зыңыз­ды аңдып тұрмын!


***

Ақын Шөмішбай Сариев әдебие­ті­міздің классигі Әбдіжәміл Нұрпейі­сов­пен бір атаның баласы, сыйлас ағасы болған соң әңгімелері жарасып, әзіл­десе береді екен. Бірде Шөкеңнің үйін­де қонақта отырған Әбең сурет-аль­бом­ды ақтарып отырып, Шөмішбай іні­сімен қатар түскен бір суретке көзі түседі. Әбең жайлап суретті қолына алып қарайды да, сурет астындағы «Ұлы адаммен бірге» деген жазуды оқиды.
– Иә, жөн екен, – дейді Әбең басын шұлғып. – Сонда сен бұл жерде «ұлы» деп кімді меңзеп тұрсың?
Сонда Шөмішбай:
– Әбе, оны әлі уақыт көрсетеді! – деп салмақпен жауап беріпті.


***

Жазушы Дулат Исабеков бірде Шөміш­бай Сариевпен жолығып қалады.
– Шөке, сен мәңгі тарихта қал­ған ақынсың! – дейді Дулат.
Шөкең атақты жазушы ағасы­ның өз шығармашылығына берген бұл бағасына кәдімгідей желпіне түседі.
– Рахмет, Дуқа! – дейді жалпыл­дап. – Шүкір, жақсы ақынбыз ғой…
Сонда Дулат:
– Айтайын дегенім – енді бірде бір қазақ өзінің баласына «Шөміш­бай» деп ат қоймайтын болады. Бұл атты иеленген сен жалғыз адам боп тарихта мәңгі қалдың, – деген екен.


***

Бір жас журналист Батыр Бауыржанның ұлы, жазушы Бақытжан Момышұлынан: «Аға, соғыс туралы айтып беріңізші?», – деп сұрапты. Сонда Бақытжан: «Шырағым, соғыс кезінде мен окопта емес, бесікте жатқам», – деп жауап беріпті.


***

Ақын Жарасқан Әбдіраш төсек тартып ауырып жатады. Бірде аурухананың бас дәрігері келіп, Премьер-ми­нистр­дің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов келетінін, ақын­ның көңілін сұрамақшы екенін ескертеді. Бөлмені жинастырып, төсек-орынды жаңартып, тіпті Жарасқанның шашын да ретке келтіріп тарап, дайындайды.
Сонда ауыр науқас болса да әзілі қалмаған Жарасқан ақын:
– Апырмай, қатты дайын­да­лып кеттік қой… Жазылып кетіп ұятқа қалып жүрмейік! – деген екен.


***

Мынау әйгілі партизан-жазушы, халық батыры Қасым Қайсенов ағамыз айтқан әңгіме еді.
1939 жыл. Қасым Қайсеновтің қыл­шыл­даған жас кезі. Павлодар облыстық газетінің білдей қызметкері. Оқта-текте газет бетінде өлеңдері де жарияланып тұрады. Әріптестері мен дос-жарандарының арасында «ақын» деген абыройлы атқа да ие болып, кеудесіне нан пісіп жүрген шағы.
Әлдебір мерекенің қарсаңында респу­б­ликаның бас газеті «Социалды Қазақстанда» жарқ етіп бір тамаша өлең басылады. Бірінші бетте. Автор өлеңінің соңына «Қасым» деп қана қол қойыпты.
Алматыдан шығатын бас газеттегі өлеңді көрген әріптес бір досы құтты болсын айтып, «жу да жудың» астына алады.
– Жоқ! – дейді Қасым азар да безер болып. – Бұл мен емес.
– Қойсаңшы, скромнишайт етпей!
– Рас айтам, мен жазғам жоқ…
– Сен жуғың келмей, жалтарып тұрсың. Қой, достым, сен бүйтіп сараңданба! Бұл сенің өлеңің, біз басқа Қасымды білмейміз.
Сенбей, мазасын ала берген соң Қасым:
– Әй, мен мұндай мықты өлең жаза алатын болсам, сендей мырқымбайлардың қасында жүрмес едім ғой! – депті.
Сөйтсе, әлгі өлеңнің авторы – ол кезде оқырман қауымға аты әлі белгісіздеу Қасым Аманжолов екен.


***

Қалтай Мұхамеджанов «Жаңа фильм» журналында бас редактор екен. Бірде ол кісіні аяқ астынан партияның Орталық Комитетіне шақыртады. Шақыртқан адам қатардағы нұсқаушы емес, тіпті Бөлім меңгерушісі де емес, Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысы Саттар Имашев екен. «Апырмай, не боп қалды екен?» деп, Қалекең маң-маң басып хатшының кабинетіне кіреді. Аман-саулықтан соң хатшы аз-кем сызданып отырады. Сосын айтар әңгімесін арыдан бастайды.
– Қалеке, үлкен жазушысыз, бүкіл халқыңыз сыйлайтын, құрмет тұтатын азаматсыз. Сіздің жүріс-тұрысыңызға қарап жастар бой түзейді, үлгі етеді. Сонда бұл істеп жүргеніңіз қалай?
– Апырмай, Сәке, не боп қалды, тұспалдамай, турасын айтыңызшы? – дейді Қалакең расында қатты қысылып.
– Айтсам сол, Қалеке, сіз сыраханаға машина мініп барады екенсіз ғой?
– Үйбай, Сәке, сіздер ол машинаны маған мін деп бердіңіздер емес пе… Ендеше мен оны сыраханаға мініп бармағанда, итеріп барам ба! – деген екен.
Тапқыр сөзге хатшы мәз боп күліп, құрметпен шығарып салыпты.

ПІКІРЛЕР1
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір