АРАЛАС МЕКТЕП ҚАЗАҚТЫҢ СОРЫНА АЙНАЛДЫ
22.04.2022
3883
0

2022 жылдың 16 сәуірінде Алматыдағы Қазақстан Респуб­лика­сының Ұлттық кітапханасында ҚР Мәжіліс депутаттары, зиялы қауым өкілдері, тіл саласының мамандары, педагогтар, қоғам белсенділері мен журналистердің қатысуымен «Аралас мектеп қазақты қайда апарады?!» атты қоғамдық талқылау өтті.
ХХІ ғасыр. Қазақ халқының келе­шегі қандай? Бұл сұрақ ел ертеңін ойлайтын әр азаматты толғандырады. Әсіресе білім саласы, мемлекеттік тілдің жағдайы, ұлт руханиятының бүгінгі ахуалы, ұлттық біртұтастықты сақтау жолындағы түрлі мәселелер өз шешімін таппай отыр. Соның ең негізгісі – еліміздегі аралас мектептердің дүбәра, тілі мен ділінен адасқан ұрпақ тәрбиелеудің ордасына айналғаны.
«Қазақ әдебиеті» газетінің №7 санында (18 ақпан, 2022 жыл) тіл жанашыры Бекзәкір Құралбаевтың «Алматы дүбәралардың ордасына айнал­ды. Аралас мектептерді жабу керек» деген көлемді сұхбаты жарық көрген болатын. Осы сұхбаттан кейін қоғамдық ортада қызу пікірталас өрбіді. Еліміздегі зиялы қауым өкілдері үн қосып, аралас мектептерден білім алатын оқушылардың дені орыстілді, бөгде рухты болып өсетінін айтып, дабыл қақты. Соған орай өткен қоғамдық талқылауға Алматыдағы зиялы қауым өкілдері бас қосып, өз ойларын ортаға салып, арнайы үндеу қабылдады. Қоғамдық талқылауды «Қазақ әдебиеті» газеті бастамашыл топпен бірге ұйымдастырды.
Басқосуда айтылған өзекті пікірлер мен баяндаманы ұсынып отырмыз.

«Аралас мектеп қазақты қайда апарады?!» атты ұлт зиялылары мен ғалымдар, педагогтар қатысқан қоғамдық талқылауға Талғар қаласы №9 мектептің бір топ ұстазы келді. Жаңа мектепті аралас мектеп жасауға қарсы үн көтеріп жүрген мұғалімдер Талғар қаласында қазақ тілінде білім алғысы келетін оқушылар мен ата-аналардың уәжіне аудан басшылығы мен білім бөлімі құлақ аспай отырғанын айтты. «Жаңа мектеп орналасқан аумақта өзге ұлт өкілдері жоқтың қасы. Бірде-бір ата-ана баламызға аралас мектеп керек деп шағымданбаған. Халық 1200 бала оқуға жоспарланған заманауи үлгідегі мектептің таза қазақ мектебі болуын қалайды. Елдің ұсынысын тыңдағысы келмейтін ауданның атқамінерлері Президенттің «еститін Үкіметіне» қарсы ма?», – деген сауал тастады. Алқалы жиында Талғардағы осы мәселені егжей-тегжейлі білетін бастамашыл ұстаз Камнұр Тәлімұлы арнайы баяндама жасаған болатын.

Камнұр ТӘЛІМҰЛЫ, ақын-сазгер, ҚР білім беру ісінің үздігі,
Талғар ауданының Құрметті азаматы

Атам қазақтың аса бір жағымсыз, жайсыз хабарды естігенде: «Ой, Алла-ай, жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты», – деген ықылым заманнан бері айтылып келе жатқан қағидаға бергісіз қанатты сөзі бар еді. Алайда ай мен күннің аманында бұл қанатты сөзді жарияға жар салып тағы да бір қайталауымызға тура келіп отыр.

Аралас мектеп ашуға кім мүдделі?

Оған не себеп болды десеңіз, әлеу­меттік желідегі желдей есіп, елді дүрліктіріп жүрген Талғар қаласының жоғары тау жақ беткейіндегі (Инкубатор) шағын ауданында салынған жаңа мектепті «аралас мектеп» етіп ашамыз деген айғай-шуы қарапайым халықтың ашу-ызасын туғызды. Жалпы осы «аралас мектеп» деген кімге керек? Соның астарына тереңірек үңіліп көріңіздерші. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді басты назарда ұстау қажеттігіне баса назар аудара келіп: «Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз», – деп соқырға таяқ ұстатқандай нақты айтып, тапсырма да берген еді. Сонымен бірге Мемлекет басшысы өзінің өткен 2021 жылғы дәстүрлі Жолдауында: «Ата заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі. Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл – отаншылдықтың басты белгісі», – деп тағы да қазақ тілін білу баршамызға ортақ міндет екенін ескерт­ті. Президентіміз осындай қолдау көрсетіп отырғанда, мемлекеттік тіліміздің өркендеуіне балта шабатын шешімге жол берушілердің өрескел қылығына қалай күйінбейсің? Сонда жергілікті билік пен білім басқармасы Мемлекет басшысының бұл сөзін аяқасты еткені ме? Қолдамақ түгілі құлаққа да ілмегені қалай? Бүгінгі таңда «Жаңа Қазақ­станды» құрудың негізгі діңгегі мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеруден басталатынын ұмытпайық. Аралас мектептен арылмайынша, ұрпағымызға ана тілінде толыққанды тәрбие бере алмаймыз, Тәуелсіздіктің тұғырын биіктету де мүмкін емес!

 


ҚАЗАҚ БАЛАЛАРЫНЫҢ ОБАЛЫНА ҚАЛМАЙЫҚ

Талғар ауданындағы жағдай Алматы қаласының Алатау ауданында да болып жатыр. Қазір Саялы-1 ықшам ауданында №180 қазақ мектебі бар. Онда бір сыныпта 33-35 бала оқиды. Саялы-2, Көкқайнар, барлық ауданның балалары сол жерге барады. Ал биыл жаңа мектеп пайдалануға берілейін деп жатыр. Аралас мектеп жасаймыз дейді. Алатау ауданында 95% қазақтар тұратынына қарамай, жаңа мектепті аралас мектеп қылып ашпақшы. Сол жердегі 2-3% басқа ұлт өкілдері үшін қазақ балаларының обалына қалмайық.
Дос Көшімнің оптимизация туралы айтқанына толық келісемін. Себебі қаланың орталығындағы орыс мектептерде 500-600 бала бір ауысыммен ғана оқиды. Түстен кейін мектептер бос тұрады. Мысалы, №159 мектепке бала сыймай жатса, оның қасындағы №28 мектепте санаулы бала бір ауысыммен оқып жатыр. Демек, орыс мектептерін біріктіріп, босаған мектептерді қазақ мектебіне айналдыру керек деп ойлаймын.

Дина ИМАМБАЕВА,
журналист


Үш мегаполистегі жағдай

Аралас мектеп деген – дерт. Ұлтымыздың жазылмас жарасы. Тілімізді шұбарлап, бізді шүршіт жасаудың ең тиімді, әрі төте жолы. Соншалықты ақылсыз болмасақ, бұл үрдістің кешегі кеңес өкіметінің кезінен кесілмей келе жатқан кесел екенін ұғатын уақыт жетті ғой. Осыдан бір ғасыр бұрын ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлы бабамыз: «Аралас мектептің санын арттыру ұлтты ұлт ретінде жоюдың бірден-бір жолы» десе, Мұстафа Шоқай: «Бала қай тілде білім алса, түбі сол ұлтқа қызмет етеді» деген. Еліміздің үш ірі мегаполисіндегі мектеп оқушыларының қай тілде білім алып жатқанына көз жүгіртіп көрейік­ші. Мәселен, 2020-2021 оқу жы­лында елордада қазақ сыныбында – 108 мың, орыс сыныбында 85 мың бала оқыған екен. Ал Шымкентте қазақ сыныбын­да – 152 мың, орыс сыныбында – 54 мың, тіпті өзбек сыныбын­да 20 мың бала білім алыпты. Ал­матыда қазақ сыныптарындағы 140 мың оқушы оқыса, орыс сыны­птарында 153 мыңнан басым бо­лып шықты. Ақмола облысында да сол, 555 жалпы білім беретін мек­тептің 157-сі ғана қазақша, 217-сі аралас. Бір таңғаларлығы, тәуелсіздік алғалы Көкшетауда жаңа қазақ мек­тебі 2018 жылы ғана салын­ыпты. Соны қосқанның өзінде қа­лада мемлекеттік тілде білім бере­тін 4-ақ мектеп бар екен. Шығыс Қазақстан облысында 337 қазақ мектебі, 140 орыс мектебі, 167 ара­лас мектеп бар. Қарағанды қаласының өзінде 12 мектеп таза орыс тілінде сабақ берсе, 10 мектеп тек қана мемлекеттік тіл­де оқытады. Ал аралас мектеп саны – 56. Жергілікті 30 мыңнан астам қазақ баласы орыс мектебіне барып жүр деген сөз. Павлодар қаласында өткен жылы 7 қазақ, 12 орыс, 18 аралас мектеп бол­ған. Одан бері де ештеңе өзгерген жоқ. Жергілікті белсенді азаматтар ата-аналардың дені қазақ мекте­бінен гөрі аралас мек­тепке барғанды құп көретінін айтады. Ал еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі отыз жылдан аса уақытта осындай олқылықтардың орнын толтырып, аралас мектептердің санын азайтамыз ба десек, керісінше, тағы да бір мектепті аралас етіп ашамыз деу – ел намысын аяққа таптап, ұлттың болашағынан үмітін үзу деген сөз. Ұлттың үнін, ұлт­тың мұңын түсінетін адамға бұдан асқан қорлық, бұдан асқан сорлылық жоқ. Талғардағы жаңадан салынған 1200 орындық мектептің аралас болуын жан тәнімен қалаған билік басындағы құзыретті «тұлғалар», әлі де болса ойланыңдар! Аралас мектепті ашпау деген сөз – орыстілді мектептер жабылсын деген сөз емес қой. Қайта бұл – орыс тіліндегі мектеп және қазақ тіліндегі мектеп етіп ара-жігін ажыратып алудың ең оңтайлы сәті. Осы жағын жақсылап түсініп алайық. Тіпті орыстілді мектепке барып оқимын деген қазақ балаларына да ешкім қарсы емес. Барып оқи берсін. Ал қазақша оқып, мемлекеттік тілді жетік меңгергісі келетін басқа да этнос өкілдерінің балаларына қандай жағдай жасап отырмыз? Міне, әңгіменің ең маңыздысы осында. Мектеп – ұлттың келешегі, келбеті, бет-бейнесі мен беделі. Білімнің бастау бұлағы, ұлтымыздың жанар шырағы, негізгі қайнар көзі! Бұлақ пен бастау таза болмаса, одан сусындап өскен ұрпақтың рухы да тазармайды. Олар да қанаты қатып, бұғанасы бекімей жатып, осы дертпен, яғни өзінің туған ана тілінде сөйлей алмайтын рухани дертпен ауыратын болады. Ал өзіміз қолдан жасап беріп отырған ол дертті өмірбақи емдеп жаза алмайсың. Қазақ тілінде сөйлемейтін, тіпті сөйлей алмайтын, сөйлесе де немқұрайлы, «басын жарып», «көзін шығарып», тілді бұзып, шұбарлайтын дүбәралардың санын ғана көбейтеміз. Бұны бізге осы күнге дейінгі өмір тәжірибесінің өзі көрсетіп отыр. Мұндай кері кеткен керенаулық пен келеңсіздік кімге керек сонда? Не үшін керек? Тәуелсіздік алдық дегенімізге 30 жылдан асса да, әлі іс ілгері басқан жоқ. Біз, алдыңғы аға буын өкілдері, келешек жастар алдында жауаптымыз. Бүгінге дейінгі ұлтымыз шеккен зардапты болашақ жастарымыз шекпесін десек, аралас мектептерді ашу емес, оның азаюына барынша күш-жігерімізді салуымыз керек.

 


ОРЫСҚОЛДАРДЫҢ БЕТІН БЕРІ ҚАРАТУҒА БОЛАДЫ

Мен аралас мектеп мәселесімен 1984 жылдан бері айналысып келе жатырмын. Ол кезде Ақселеу Сейдімбек басқаратын «Білім және еңбек» журналында осы мәселелерді көтеріп, үлкен көлемді материалдар жазған­быз. Аралас мектеп – отаршылдықтың қазақ жеріне қойған қамалы. Сол әлі күнге дейін жойылмай келеді. Жазушылар Одағының жанынан құрылған мектеп кеңесінде Шона ағамыз (Смаханұлы – ред.) төрағасы, мен бірінші орынбасары болып қызмет еттік. Мұнымен талай күрескенбіз және бірнеше жылдың ішінде Алматы қаласынан 23 қазақ мектебін ашуға ат салысқанбыз. Сондықтан бұл мәселе жанымызға жақын.
Сол кездегі халықтың күш-жігері мықты еді. Бір өкініштісі, Назарбаевтың билігі кезінде соның бәрін езіп-жаншып, басып тастады. Статистикаға сүйенсек, Қазақстандағы қазақ халқының саны 70,2% болды. Яғни қазақтың саны жалпы халық санының 2/3 бөлігінен асты. БҰҰ-ның қағидаттарында жергілікті халық барлық халықтың 2/3 бөлігінен асса, ол көпұлтты боп саналмайды. Демек, Қазақ­стан – моноұлтты мемлекет. Сондықтан қазақ мектептерінің басым болуы – әбден құптарлық іс. 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап аралас мектептерге бала алуды тоқтатқан дұрыс. Сонда 10 жылдың ішінде өзінен-өзі қазақ мектебіне айналып кетеді.
Қазақстанда тәуелсіздік алғалы бері 60 мыңнан астам бала мектепті алтын медаль­мен бітірген болса, соның 50 мыңнан астамы – қазақ мектептерінің түлектері. Халықаралық олимпиадаларда 70 мыңдай медаль алған оқушылардың 60 мыңға жуығы – қазақ мектептерін оқыған, бітірген балалар. Оның ішінде өзге ұлт өкілдері де жетерлік. Міне, осындай нақты деректерді БАҚ-та кеңінен насихаттап, қазақ мектебін бітірген балалардың болашағы жарқын болатынын жиі айтса, халықтың санасына сіңе берер еді және бұл өз жемісін береді. Әйтпесе, көп қазақ орысша оқыса баламыз сауатты болады, жақсы білім алады деп ойлайды. Осы қасаң ойды бұзуымыз керек. Аралас мектептерді жоюдың тағы бір амалы – осы. Осындай тәсілдерді қолдану арқылы орысқолдардың бетін бері қаратуға болады деп ойлаймын.
Бүгінгі таңда орыс тілі техника мен технологияның тілі болудан қалды. Қазір бүкіл әлемде жетекші орынға ағылшын тілі шықты. Тіпті орыс тілін БҰҰ-ның ресми қолданыстағы тілдерінің қатарынан шығару жөнінде пікірлер айтылып жатыр. Бүкіл Ресейде 20 млн. астам бөтен ұлттың өкілдері орысша білмейді. Керек болса, Ресей Федерациясының ертеңгі жағдайы не болатыны белгісіз. Мұны халыққа жеткізу арқылы құлдық психология­ны жоюымыз керек. Ал осындай жағдайда мемлекеттің саясаты уақыттың алдын орап, соған лайықты әрекеттер жүргізуі керек. Енді қабылданатын құжаттарға осыған байланысты деректерді қосуларыңызды сұраймын.

Марат ТОҚАШБАЕВ,
жазушы, публицист


Талғарда аралас мектеп неге көп?

Талғар ауданы бойынша 42 жалпы білім беретін орта мектеп бар. Оның ішінде – оқыту тілі бойынша 13 қазақ, 2 орыс, 27 аралас мектеп. Ал Талғар қаласында 10 мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде 2 мектеп-лицей және облысқа қарайтын №8 мектеп гимназиясы мен 7 жалпы білім беретін орта мектеп бар. Оның оқыту тіліне қарай жіктесек:
4 мектеп (№2,7,9,49) таза қазақ тілінде;
2 мектеп (№3, №4) таза орыс тілінде;
4 мектеп (№1, №5, №6, №8 ) аралас тілде оқытылады. Қала мектептеріндегі жалпы бала саны – 10562. Қазақ сыныптарындағы бала саны – 8005. Орыс сыныптарындағы бала саны – 2557.
Ұлттық құрамына келсек: 6888 қазақ, 2065 орыс, 71 неміс, 650 ұйғыр, 19 өзбек, 175 түрік, 56 кәріс, 201 әзербайжан. Ал қалған 437 (украин, белорус, армян, қырғыз, дүнген, татар, башқұрт, молдаван, шешен, грек, күрд, поляк) басқа этнос өкілдерінің мектеп жасындағы балалары білім алуда.
Осындай сандық әрі сапалық нақты көрсеткіштерді алға тартсақ, қаладағы жаңа мектептің аралас екі тілде емес, мемлекеттік тілде ашылуының зәрулігі өзінен-өзі көрініп тұр.


ҰЛТШЫЛДЫҚ – ҰЯТ ЕМЕС

Қаңтардағы халықтың толқуы газ бен мұнайға ғана қатысты емес екенін бәріміз білеміз. Оған біздің ұлттық намысымыздың көтерілгенін көре алмайтын дүбәралар араласып, бұзақыларды әдейі ұйымдастырды. Ұлт­шыл боп көрінгісі келетін әлдекімдер көрші елдің тілінде шүлдірлеп жүрді. Мұның бәрі неден? Айтайын. Халық пен биліктің арасы алшақтап кетті. Дәл осы қалпында жүре берсе, сормаңдай болып қалғанымыз қалған. Бұл, әрине, бір күнде шешіл­мейтін мәселе. Бірақ дайын мектепті қанша адамның қарсылығына қарамай, аядай балабақшаға тығылған қазақ мектепке назар аудармай, құрметті азаматтардың, депутаттардың үніне құлақ аспай, аралас мектеп қылып ашамыз деп отырған Талғар ауданының әкімі орнын босатсын. Баршамыз осы талапты қояйық, әуелі. Ондай адамның әкім болмақ былай тұрсын, қазақпын деп айтуға хақысы жоқ. Басқа әкіқаралар мен шенді-шекпенділерге сабақ болуы тиіс.
Батпандап кірген ауру мысқалдап шығады. Мұны ата-бабаларымыз айтса, бізге, келер ұрпаққа, сенгені шығар. Ал біздің бір мәнісі болар деп жүруге уақытымыз жоқ. Себебі бізден кейінгі ұрпақтың қандай екенін бәріңіз білесіздер. Қазақ сыныбында оқығанмен далада, үйінде орысша сөйлейді. Сондай шенеуніктің балалары мінберге тастай жабысып алған. Тас қамал. Оны бұзамыз деп сүзсек, мүйізіміз сынады… Қазақ ұлтшылдарына қатысты «Үңгірдегі ұлтшыл» деген тіркесті айтқан адам да қазір министр болып отыр.
Мен театрда істеймін, Қазақ­стандағы 60 театрдың біразын білемін. Оладың 16-сы орыс театры, 8-і ұлттық театр, 9-ы қуыршақ театры. Орыс теат­ры орысқа қарай аңырайды. Қойған репертуарының бәрі орысша. Бәрі орыстың қамын ойлайды. Олар қазақтың нанын жеп отырса да, қазақ елінде жүрсе де, Қазақстан Театрлар одағына емес, орыстардікіне мүше. Ресей сол театрларға, олардың гастроль­ге шығуына, т.б. шаруаларына ақша береді, себебі аталған мәдени ұйымдар күнде кешке 700-800 адамды жинап, орыстың жағдайын айтады… Өзге тілде пән үйренетін оқушының кейін қайда қарап ұлитынын біз білмейміз. Ендеше ел болашағын ойласақ, аралас мектептердің көзін құрту керек. Кім қай тілдегі мектепте оқимын десе де өзі білсін, алайда екеуін араластыруға жол бермейік.
Осындай жиналған ағайынға ырзамын. Сіздер нағыз патриотсыздар. Бірақ біз – азбыз. Ұлтшылдық – ұят емес. Балаларымызды қазақша оқытайық!

Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ,
актер,Мемлекеттік сыйлықтың иегері


Бізге қазақ мектебі керек

Ұзақ жылдар бойы білім беру саласында үздік қызмет еткен ұрпақ тәрбиелеуші ұстаз ретінде айтатын бірінші ұсынысым – кезінде өзге ұлттардың үстемдік құрып тұрған басымдығына қарамастан ауадай қажеттіліктен ашылған, бүгінде ескі балабақша ғимаратында қысылып-қымтырылып, қиналып отырған Тұрар Рысқұлов атындағы №9 мектебін толықтай осы жаңа салынған мектепке көшіру керек те, «аралас мактепті ашамыз» деген айқай-шуды тоқтату керек. Екі мектептің орналасқан аумағы өте жақын. Ескі мектептің жаңа мектепке баратын оқушыларына да ыңғайлы.
Бұл туралы: «Талғардағы жаңа мектеп тек таза қазақ тілінде ашылған жағдайда мектебіміздегі 345 оқушы, ұжымдағы 44 мұғалімімен түгелдей сол жаққа баруға дайын екенімізді мәлімдейміз» деген Тұрар Рысқұлов атындағы №9 мектеп басшысы мен мектептің қамқоршылық кеңесінің (бұрынғысынша ата-аналар комитеті) төрағасының қолы қойы­лып, мөрі басылған мәлімдеме хаты мен мектептегі 345 оқушының тізімі аты-жөндерімен толық қолымызда тұр. Алайда бұл ұсынысқа бет бұрып, ең болмаса бүйрегі бүлк еткен атқамінер көріп отырған жоқпыз.
Екіншіден, аудандық ардагерлер ұйы­мы мен қоғамдық кеңес ұйымының төрағалары және аудандағы барлық қоғамдық ұйым жетекшілерінің қолы қойылған ұсыныс хат Алматы облыстық мәслихат депутаттарының атына осы жылдың 6 қаңтарында жолданған. Обалы не керек, бұл ұсынысымызды дұрыс қабылдаған облыстық және аудандық мәслихат депутаттары 9 ақпан күні өзінің тұрақты комиссиясының арнайы отырысын өткізіп, онда да жаңа мектеп таза қазақ тілді мектеп болып ашылсын деп, ішінде өзге ұлттардың да өкілі бар, бір ауыздан ұсынымызды мақұлдаған болатын. Бұл отырысты өткізген аудан мәслихатының хатшысы мен бас маманының қолы қойылып, толтырылған хаттамасы да қолымызда тұр. Өкінішке қарай, одан бері екі жарым ай уақыт өтсе де, билік басындағылар әлі күнге бұл хат­таманы шыбын шаққан құрлы көрмеді.
Үшіншіден, ақпан айында Алматы облыстық мәслихат хатшысының жеке қабылдауында болып, осы мәселені көтергенімізде: «Бұл жергілікті жердегі ахуалға қарай аудан басшыларының өзі шешетін мәселе» деді. «Жығылған күреске тоймайды» демекші, мұнымен де тоқтап қалмай, ел Президенті Қ.Тоқаевтың тіл туралы берік ұстанымдарын тілге тиек ете отырып, аудан әкімінің атына 7 сәуір күні Талғар ауданы мен Алматы облысының жиырма екі Құрметті азаматы қолдарын қойып, бір ауыздан қолдаған ұсыныс хатын тағы да тіркеттік.
Ол аз десеңіз, Талғар ауданында тұратын барлық этнос өкілдері атынан Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Республикалық түрік мәдениеті орталығы төрағасының бірінші орынбасары, Алматы облысының Құрметті азаматы Шайхисмаил Ахметоғлы Асиев пен этно-мәдени бірлестік жетекшілерінің қолдары қойылып, қолдаған ұсыныс хатты да тапсырдық. Осы хаттарды Алматы облысының әкімі Қ.Бозымбаевтың да атына 11 сәуір күні жолдап қойдық.
Осы күнде «халық билікке неге сенбейді, халық неге ашулы?» деген сұрақтардың туындауы заңды. Себебі халық үніне, халық талабына жете мән беріп, түсіністікпен қарауға тырыспайтын жеке басшылардың жауапсыздығы жетіп-артылады. «Билік халықтан ұлы емес, ал халық – биліктің құлы емес». Керісінше, биліктің қайнар көзі – халық. Ел басқарған әкімдер ең алдымен осыны жақсылап түсініп алуы керек. Үкімет халықтың мұңы мен мұқтажын ұғып, үніне дер кезінде құлақ түріп, ел ішінде қордаланып қалған мәселенің маңыздылығына қарай бірден емес, кезең-кезеңімен біртіндеп шешудің тиімді жолдарын көрсетіп, мұңын айт­қан халықпен кері байланысқа шығып отырса ашу да жоқ, айғай да жоқ, жұрт­тың алаңға шығып несі бар?


Қазыбек ИСА, ақын, ҚР Парла Мәжілісінің депутаты

АҚ ПАТШАНЫҢ ЖЫМЫСҚЫ САЯСАТЫ

Ахмет Байтұрсынұлы 1925 жылы былай деген: «Аралас мектепті көбейту – ұлтты ұлт ретінде жою». Ашаршылықтан кейінгі зұлмат кезінде, 1937-1938 жылдары, бізде 478 аралас мектеп болған екен. Қазір олардың саны 2047-ге жетті.
Аралас мектептің пайда болу тарихына көз жүгіртсек, жымысқы саясатты байқаймыз. ХІХ ғасырда Сырдария губернаторы орыс мектебін ашқан. Онда кілең қазақ балалары оқитын. Губернатор соны тексеруге келіп, өзіміздің қаракөз балалардың орысша оқып жатқанын көріп: «Бәрі дұрыс, жоспарға сай», – деп риза болыпты. Дегенмен үзіліске шыққан қазақ балаларының барлығы қазақша сөйлесіп жүр екен. Мәселе қайда жатыр! Бұларды араластыру керек екен деп, кейіннен орыс балалармен қосақтаған. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асып кетсе де, екі ғасыр бұрынғы ақ патшаның салып берген жолымен әлі жүріп келеміз.
Қасқыр мен қойды бір қораға қамасаңыз, қайсысы зиян шегеді – аралас мектепте де қазақ сыныбы солай зиян шегеді. Себебі біздің билік – орыстілді. Талғардағы мектептің жағдайы – сол жердегі атқарушы биліктің бейшаралығынан. Осыны жазып, министрлікке хат жолдасақ, олардан «Ата-аналардың өзі шешсін» деген жауап келді. Демек, «Бірің өліп, бірің қал, қай жеңгенің менікі» деген сөз. Бұл – мемлекеттік мәселе. Мұндай жағдайда солқылдақ саясат ұстануға бола ма? Мысалы, жаңа аралас мектепке кімді директор қылады? Әрине, бір ауыз қазақша білмесе де, орыстілдіні қояды. Ал орысша сөйлемейтін немесе білмейтін адамды өмірі директорлық қызметке тағайындамайды. Орыс мектебінде оқығандар да, аралас мектепте оқығандар да орысша тәрбиеленіп шығады. Ал бізде орыс тілді мектепті бітіріп шыққандар қайда барады? Соңғы жылдары Ресейдің Білім министрлігі ТМД елдерінің түлектеріне он мыңдаған грант бөліп жатыр. Соның басым бөлігін қазақстандықтар алады. Біз сонда мемлекеттің ақшасымен Ресейге кадр дайындап отырмыз. Масқараның көкесі – осы.
2012 жылы «Ақ жол» партиясы Мемлекеттік тіл туралы заң ұсынғанда қазақ өкіметі қарсы шықты. Өткізбей қойған – сол кездегі әділет министрі Берік Имашев. Қазір Парламентте отырмыз. Біз де қарап отырған жоқпыз, тіл мәселесіне қатысты шырылдап-ақ жүрміз. Дегенмен Парламенттің өзінде билік жоқ – өкімет қарсы болса, ештеңе істей алмайды. Енді басталған саяси жаңғыруда осыны жолға қоямыз деп жатыр.
Ұлттық намысты, ұлттық мүддені қорғауымыз керек. Аралас мектептің тамырына балта шабатын кез жетті!


Сондықтан да: «Қалыпқа салма, халыққа сал», «Халық қаласа, хан түйесін сояды» секілді ел санасында сан ғасырдан бері сары алтындай сақталып, қасиетті қағидаға айналып келе жатқан қанатты сөздерімізді де ескеріп, үнемі ой елегімізден өткізіп отырсақ, жолымыздан адаспаймыз.
Бүгінде «Біздің күшіміз тек қана бірлікте» дегенді бекем ұстанған Президентіміз Қ.Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын ұстанып отыр. Ел ішіндегі қордаланған ең өзекті деген мәселелерді атап өтіп, әр түрлі бағыттар бойынша жік-жігімен жол картасын да белгілеп берді.
Сондықтан да бүгінгі таңда жаңа қазақ мектебіне барамыз деген қолымызда тұрған 800-ден астам оқушылар тізімі мен олардың ата-аналарының талап-тілегі аудан, облыс басшыларын ойландырмай ма сонда? Елімізге еңбегі сіңген аудан-облыстың Құрметті азаматтары мен ауданымызда тұратын этно-мәдени бірлестік жетекшілерінің қолдары қойылған ұсыныс хаты, аудан мен облыстық мәслихат депутат­тарының бір кісідей қолдау көрсеткен жиналыс хаттамасын халықтың үні деп қабылдасақ, Талғар қаласындағы жаңа үлгіде салынған 1200 орындық мектеп таза қазақ тіліндегі оқу орны болып ашылуы керек.
Осы тұста үнемі есте болатын бір ескерту – ұлттың мәдениеті мен тілі, руханияты туралы сөз еткен адамдарға «ұлтшыл» деген қара таңба басып, қудалағанды қою керек. Бұл кешегі «сәбеттік» саясаттың салқыны тиіп, санасына сынадай сіңіп, сары тап болған «сал ауруынан» әлі де болса айыға алмай келе жатқан ағайындардың сөзі.
Ұлтшыл болу дегеніміз – басқа ұлттарды жек көру емес. Ұлтшыл болу – ұлтыңның намысын өзгелердің табанына таптатпау. Ұлттық құндылықтарымызды бағалап, басқалардан кем дәрежеде емес, терезесі тең дәрежеде ашық бәсекеге түсу. Ал бұл құндылықтардың бәрі тек тіл арқылы сақталып, тек тіл арқылы ғана дамиды, кемелденеді. Ол – Қазақстандағы барлық ұлт пен ұлысты ұйыстыратын мемлекеттік тіл, қазақ тілі. Ендеше, еліміздегі бір атаның баласындай, бес саусақтың саласындай тату-тәтті барлық этнос өкілдерінің басын біріктіретін мемлекеттік тіліміздің маңыздылығын сезіндіріп, оны өз еркімен меңгерудің бірден-бір жолы – аралас емес, таза қазақ мектептерін көбейту.
Тек мемлекеттік тілді жетік меңгеру арқылы ғана «Жаңа Қазақстанды» құруға атсалыса алатынымызға бек сенімдіміз. Кешегі «Қасіретті қаңтар» оқиғасына байланысты Президент Қ.Тоқаевтың «Хабар» телеарнасына арнайы берген сұхбатында да: «Жалпы мемлекеттің мәселесін мемлекеттік тілде айтуымыз керек. Тіліміздің бізден басқа ешкімге керегі жоқ. Сондықтан да оған ең алдымен өзіміз құрмет көрсетуіміз керек» – деген нақты тұжырымы – еліміздегі барлық этнос өкілдеріне де, бәрімізге қарата айтылған ой.

 


Мырзан КЕНЖЕБАЙ, ақын

БАЛАЛАРДЫҢ ҚАЗАҚЫ БОЛМЫСЫН БЫЛҒАП ЖАТЫРМЫЗ

Мен өзім Шалқар қаласындағы қазақ мектепте оқыдым. Сол кезде жетінші сыныптан бастап 6-7 пәнді орыс тілінде өттік. Тәуелсіздік алғаннан кейін соның бәрі жойыла ма деп едік, керісінше, аралас мектеп деген желеумен балалардың қазақы болмысын былғап жатырмыз. Мұның айтылып келе жатқанына 31 жыл болды. Тіл мәселесінің көтеріліп келе жатқанына да сонша уақыт.
Британдық тілтанушы ғалым Дэвид Кристал былай деген екен: «Бір ұлтты жоқ қылып жіберу үшін оны қырып-жою­дың керегі жоқ. Қостілділік ұстанса, қосалқы тіл ана ұлтты жаймен жоя береді». Әбубәкір Кердері «Тілі екеудің – ділі екеу» деп одан бұрын айтқан. Ал біз күні кешегіге дейін «Қос тіл – қос қанатым» деп ұрандаттық. Одан кейін үштілділік деген шығып еді, тағы шуладық. «Үш тұғырлы тілім» деп, дау­рықпа жиындардан басымыз, қызылды-жасылды жалау­лардан қолымыз босамады. «Жаңа Қазақстан» құрамыз деп жатыр. Рас болса, алдымен баланы тәрбиелеуден, аралас балабақшалар мен аралас мектептерді жоюдан бастаған жөн деп білемін.

 

Руза БЕЙСЕНБАЙТЕГІ, қоғам белсендісі

ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ҚАЖЕТТІЛІК ТУҒЫЗУ КЕРЕК

2020 жылы Павлодарда 41 мектеп болған екен. Соның 8-і ғана қазақ мектебі, 12-сі орыс, 21-і аралас мектептер. Жергілікті белсенділер тақырыпты көтергеннен кейін былтыр орыс мектептерінің санын азайтқансыды. Яғни мың-мың жарым орындық орыс мектептерінен бір сынып аша салды да, аралас мектеп деп айдар тақты. Әрине, мұның бәрі көз алдау. Әйтпесе, қазақ сыныптарындағы пәндер де, іс-шаралар да Ресей Федерациясының тілінде өтеді.
Ата-аналардың аралас немесе орыс мектептеріне үйірсектігі қазақ тілін қажет етпеуінен деп ойлаймын. Неге? Өйткені қай жерге барсаңыз да, бар қызметті орыс тілінде тез аласыз, қазақ тілінде кей қызметтерді алуыңыз үшін ұзақ күтуіңізге тура келеді, болмаса тіпті мүмкін емес. Яғни, қазақ тіліне қажеттілік жоқ деген сөз. Сондықтан қажеттілік тудырудың екі жолы бар. Біріншісі, билікті ұлт үшін жұмыс істеуге мәжбүрлеуіміз керек: митинг­ке шығу, тіл мәселесін ұстын ететін партия, түрлі-түрлі комиссия құру, т.б. Екіншісі, халық жүрген жерінде қазақ тілін талап етуі керек. Мәселен, мұны Ресей Федерациясының тілінде толтырылған құжаттарға қол қоюдан бас тартудан бастаған жөн. Одан қала берді, кез келген мемлекеттік, жекеменшік мекемелерде де мемлекеттік тілді ғана қолданатыныңызды көрсету керек. Сонда ғана қажеттілік туындайды. Сонда ғана аралас мектептердің санын азайтуға немесе жоюға өз үлесімізді қосамыз!

 

Болат ШАРАХЫМБАЙ, ақын

…ҰШПАҚҚА  ШЫҒАРА МА, БАТПАҚҚА БАТЫРА МА?

Жасыратыны жоқ, біз кеңестен қалған отаршылық астары бар мұраны әлі малданып келеміз. Аралас мектептер азаюдың орнына, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап ашылуда. Кейін­гі кезде тіпті өршіп кетті. Оны айтасыз, тәуелсіздік кезеңде көп күш-жігер жұмсап ашылған қазақ мектептері әр түрлі себептермен қайта жабылып, орнына аралас мектептер бой көтеріп жатыр екен. Қазақстаннан басқа, әлемнің ешбір елінде мұндай күлкілі, мұндай кертартпа үрдіс жоқ шығар. Себебі неде деген сұрақ туады. Көзі ашық, көкірегі ояу әрбір азаматты ойландырады. Шынында да, сонда аралас мектептің артықшылығы неде? Ол қазаққа не береді? Аралас білім ордалары қазақты қайда апарады – ұшпаққа шығара ма, батпаққа батыра ма?.. Әрине, құрдымға қарай сүйремесе, ұшпаққа шығармасы анық.
Қайткен күнде де қазақ баласына аралас мектептен бас тартатын кез жетті. Ендігі жерде жас буын қазақ тілінде сөйлеуді сәнге айналдырғаны жөн, қазақ мектебінде білім алу мақтаныш сезімін тудыруға тиіс. Ол үшін қазақ мектептері жаңа ғимараттарға көшіріліп, жайлы, ыңғайлы, кең, жарық және заманауи технологиялармен жабдықталуы қажет. Мектеп өз ісін сүйетін білікті, қажырлы мамандармен қамтамасыз етіліп, білім сапасын арттыру маңызды. Осылайша іске жауапты орындар қазақ мектебінде білім алу балаға ерекше бақыт сыйлайтынын дәлелдеу керек. Сонда қазақ балалары өзінен өзі орыс, аралас мектептерден бас тартып, қазақ мектебіне ағылатын болады.

Мамбет ҚОЙГЕЛДІ, тарих ғылымының докторы, академик

БИЛІК ҚАЗАҚТАНУЫ КЕРЕК

Мұндай мәселемен қазақ қоғамы бірініш рет бетпе-бет келіп отырған жоқ, бұл – осыған дейін де талай рет болған жағдай. Біз сол жағдайлардан сабақ алуымыз керек, кемшіліктерді қайталамауға тиіспіз. Қазір мемлекетіміздің тағдыры өте күрделі кезеңде тұр. Болашағымыз не болмақ деген үлкен сауал тұр көкейімізде. Оны Президент те, халық та жақсы түсінеді. Осы арада мемлекет пен халықтың арасында үйлесім болуы керек. Ең негізгі, ең өзекті мәселе – екі ортада түсіністіктің болуы.
Кезінде мемлекет басшысы болған, бірақ өткір пікірі, ұстанымы үшін қудаланған, 33 жасында қыршынынан қиылған Алаш арысы Смағұл Сәдуақасов: «Тіл мәселесін шешудің бір ғана жолы бар. Ол үшін – мемлекеттің аппараты қазақ тілінде сөйлеуі керек. Лауазымда отырған шенеуніктердің басында қазақи түсінік, қазақи сана болуы керек. Қазаққа жаны ашитын адам болуы керек. Қазақтың дертін білмеген адамды билік басына жолатпау керек», – деген болатын. Марта Брилл Олкотт деген америкалық саясаттанушы Орта Азиядағы ең иі жұмсақ ел Қазақстан дейді. Соны Ресей жақсы біледі, қазақтар иіле кетеді дейді. Мінеки, осы мәселені халық та, мемлекет тізгінінде отырғандар да түсінуі керек. Егер терең зерделеп, бір тоқтамға келмесек, бүкіл ұлтымыз жойылып кетеді. Конфуций айтқан екен: «Егер тіл өзінің мағынасын жоғалтса, онда ұлт азаттығынан айырылады», – деп. Біздің тіліміз өз мағынасын жоғалтып келе жатқанын түсінбейміз бе? Осы тіл мәселесінде үкімет халықтың сөзіне құлақ аса ма, онымен бір бағытта ма?..
1909 жылы Байтұрсынов сотталды. Ол екі кластық қазақ-орыс мектебінің директоры болатын. Оған тағылған кінә мынадай: «оның мектебінде оқитындардың бәрі – қазақтың балалары, басқа ұлттың балалары бір-екеу ғана». Ахмет не үшін қудаланды?! Ол «тілдің қалыптасуы үшін орта болуы керек, мәдениеттің күші – тілде» деп айтқаны үшін қудаланған. Осы «мәдениеттің күші – тілде» деген сөзді оқу жылы басталғанда бірнеше оқу орындарының басшыларына университетке кіре беріске жазып, іліп қойыңдаршы деп айттым, бірде-бірі ілген жоқ.
Бәленің бәрі зиялы қауымға байланысты. Шірік, күншіл, өзінің арнасынан айырылған, бейшара, екіжүзді, жігерсіз, рухсыз, еліктегіш, табансыз зиялы етіп қалыптастырды бізді. Кім? Коммунистік партия, совет өкіметі. Халықтың бастаушысы оқыған азаматтар болуы керек. Ал қазір оқыған азаматтардың басым бөлігі орысша сөйлейді. Оқуын бітіріп шетелге кетеді, өз ұлтын менсінбейді, өйткені оған қазақ тілі, мәдениеті керек емес. Отыз жылда тілімізді, мәдениетімізді сақтай алмағанымызға билік кінәлі. Тіл мәселесі үлкен дертке айналды. Басқа көршілес мемлекеттерде біздегідей тіл мәселесі жоқ. Сондықтан аралас мектептердің жойылуын талап етемін.
Байтұрсыновтан кейін аралас мектептер 1950 жылдары пайда болды. Ол кезде министр Сембаев деген кісі болған. Сембаев қорғаған диссертациясында аралас мектеп пайдалы деп ақтаған. Ондай идея Өзбекстанға өтпей қалды. Ал бізде еш кедергісіз қолдау тапты. Өйткені ол коммунистік партияның қитұрқы саясаты еді. Қазақ халқын орыстандыру, жою саясаты. Қазақ жерін алып, ресурстарын пайдалану.
Ұлттық құндылықтарымыздан түбегейлі айырылып қалмай тұрғанда билік қазақшалануы керек. Халықпен бір бағытта болуы керек.

 

Дос КӨШІМ, саясаттанушы

БҮКІЛ ӨҢІРЛЕРДЕ ЗЕРТТЕУ ЖҮРГІЗГЕН ЖӨН

Бұл тұрғыда мен нақты бірнеше ұсыныс айтқым келеді.
Біріншіден, атқарушы билік аралас мектептердің іргесін қалаудағы негізгі себеп ретінде, ол аймақта екі мектеп салуға мүмкіндік жоқ екені, қос мектепте оқуға оқушылар саны жете бермейтінін айтады. 2008-2009 жылдары «Ұлт тағдыры» қозғалысы Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарындағы мектептерге арнайы мониторинг жүргізді. Сондағы нәтиже бойынша біраз нәрсені байқауға болады. Мысалы, Риддер қаласында 16 мектеп бар. Он бесі – орыс мектебі. Біреуі ғана – қазақ мектебі. Сәуле есімді ұстаз бір білім ошағын жеті жүз баламен ашқан. Қазір оқушылар саны едәуір өскен шығар. Осыны көріп: «Бұл не масқара?! Қазақ мектептері көптеп ашылсын», – деген мәселе көтерілді. Біз де қатыстық. «2013-2014 жылға жоспарға енгізіп, бюджеттен қаржы бөлгіземіз, қазақ мектептерін ашып береміз», – дедік өз тарапымыздан. Кейіннен әлгі он бес орыс мектебіне мониторинг жүргізіп, тағы да қызық нәтижеге тап болдық. Сол он бес орыс мектебінде он мың парта мен орындық бар екен. Оқып жатқан оқушылар саны – бес мың. Бес мың бала он бес орыс мектебінде оқыса, жалғыз қазақ мектебінде жеті жүз бала оқиды. «Олқылықтың орнын толтыру үшін жаңа мектеп салып береміз», – деген сөздер қайта айтылғанда, «Оның қажеті қанша? Оңтайландыру (оптимизация) жасасаңыздар, жеті мектеп бос қалайын деп тұр», – дедім. Міне, осындай мониторингтер жүргізіліп отырса, мәселе де өздігінен шешіле кететін еді.
Екіншіден, «аралас мектептің басшылары қазақ тілінде таза, еркін сөйлеп, мектептегі барлық іс-шаралар тек мемлекеттік тілде жүргізілсін», – деген талапты ереже ретінде енгізу қажет. Мысалы, Қызылордадағы аралас мектептерде оқығандардың бәрі (орыс сыныбында оқыса да) қазақ болып шығады. Себебі олар қазақтілді ортадан шыққан. Әрі ол жердегі іс-шаралардың бәрі қазақ тілінде өтеді, тәрбие де – қазақ тілінде.
Үшіншіден, «балалардың қандай мектепке баратынын ата-аналар шешеді» деген бап бар біздің Конституциямызда. Одан қашып құтыла алмаймыз. Дегенмен мынаны ескерген жөн. Сол территорияда, сол мектеп қамтитын аймақта халықтың 20%-дан астамы «баламызды басқа тілді мектепке, орыс тілді мектепке бергіміз келеді» десе ғана аралас мектепті ашуға болады, ал 20%-ға жетпейтін болса, ондай мектеп ашуға негіз жоқ деген сияқты ережені де заңдық нормаға айналдыру керек. 5-6% орыстілді ата-ана шу шығарса, «міне, осындай заң бар» деп көрсетуге мүмкіндік туады сонда. Манағы мен айтқан Риддерде орыс ата-аналар: «2 шақырымдық жердегі мектепке балам бармайды», – деп дүрбелең туғызған. Ал сондағы қазақ балалары 5 шақырым жердегі мектепке қатынайды.
Төртіншіден, аймақтағы халықтың санын, балалардың өмірге келу көрсеткішін ескеріп, қазақтілді ортаның жандануына ықпал ететіндей алдын ала дұрыс бағыттар жүргізілгені абзал. «Мәслихат депутаттары 100 пайыз дауыс берді, құрметті азаматтар қол қойды» дегеннің бәрі, менің ойымша, ескірген тәсілдер. Жағдайдың оңалуына ол ешқандай әсер етпейді.
Тағы бір айтарым, «Мемлекеттік тіл» деген партия құрудың уақыты келген секілді. Оған күллі қазақ мүдделі. Партияға қолдау білдіретіндер де көп. Қазақтілді ортаны жандандырып, қазақ тіліне деген қажеттілікті арттыру керек.

 

Байғали ЕСЕНӘЛИЕВ, актер

ПІЛ МЕН АТТЫ ҚАТАР ЖЕГУГЕ БОЛМАЙДЫ

Бірінші кезекте Талғарға қол ұшын берейік. Қандай жолмен болса да, осыны іске асырғанымыз абзал. Содан кейін барып ұлттың тіліне, діліне қарсы, зиянкес аралас мектеп атаулыны жоюымыз керек.
Кеңес өкіметі тұсында Ғ.Мүсірепов театры мен Н.Сац атындағы орыс театры бір ғимаратта отырды. Барлық облыста орыс-қазақ театры болды. Орыстың болмысын, арманын, мәдениетін насихаттайтын театрларды жеке шығарып беруге қаражатта, басқасы да табылды. Аралас театрды бөлді, аралас мектептерді неге бөле алмайды?
Піл мен атты арбаға қатар жегіп, баратын жеріңе өліп кетсең де уақытында жете алмайсың, бәрібір пілдің дегені болады. Сондықтан ең бірінші аралас мектептерді жабуға күш салуымыз керек.

Амалбек ТШАНОВ, мемлекет және қоғам қайраткері
ҰРПАҚ ДҮБӘРА БОП БАРАДЫ
«Біз енді ел болдық, Қазақ елі болдық, атадан қалған мұраны негіз қылып, өз мәдениетімізбен, өз тілімізбен өмір сүреміз» деген арман Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары барлық адамның жүрегінде болды. Ол кезде жастар өте рухты, ұлт үшін жүрегін жұлып беруге дайын тұрған кез еді. Әу баста өзге ұлттар жердің иесі кім екенін бірден түсіне қойды. Кейбір жерсінбегендер дереу түп отанына қоныс аударды. Қазақ елімен бірге болам, осында өсем-өнем дегендер – қалды. Балаларын қазақ мектебіне бере бастады. Өкінішке қарай, аз ғана уақыттың ішінде біздің биліктің саясаты өзгерді, соның кесірінен алғашқы рух, жалын өшті.
Неге біз тіл мәселесіне келгенде немқұрайлылық танытамыз, біріге алмаймыз? Біз тілімізден айырылсақ, ұлтымыздан, мемлекетімізден айырылатынымызды сезінбейміз. Бізде «көш жүре түзеледі» деген сөз бар. Осы сөзді әбден ойымызға сіңіріп алып, әрекет етпей, босқа жүріп келеміз. Отыз жылдан бері не өзгерді?! Бізді тыңдайтын билік жоқ. Тыңдаса, бұлай өмір сүрмес едік.
Аралас мектептің кесірінен ұрпағымыздың бәрі дүбәра болды. Бірімізді – біріміз түсіне алмаймыз, арада байланыс жоқ. Байланыс үзілсе, не болады, ойлаңыздаршы? Ұлттық рух, ұлттық құндылық үзіледі. Біз бірге болсақ, бірігіп әрекет етсек қана діттеген мақсатымызға жетеміз.

Мырзахан ҚАБАСОВ,
ұлағатты ұстаз, еңбек ардагері, Ы.Алтынсарин медалінің иегері

МӘСЕЛЕ ОҢ ШЕШІМІН ТАБУҒА ТИІС

Бірде теледидардан Өзбекстандағы бір орыс мектеп директорының «Кейінгі орыс мектебі жабылды» деген сөзін естідім. Себебі сұраныс жоқ. Ал бізде ұлттық сана-сезім жоққа тән. Бір мектепті таза қазақ мектебі етуге шамамыз жетпей отыр. Алматы қаласында не көп – аралас мектеп көп.
Ал орыс мектептерінде бала саны аз болса да, оларды бір-біріне қосып, босаған мектепті қазақ мектебіне айналдыруға қауқарсызбыз. Аралас мектеп дегеніміз – ұлттың болашағына балта шабу.

Нурлан Сейдин: «Казахский язык – наш духовный стержень» - Новости общества


Биліктегілер қазақ мектебіне неге қарсы?

Осы мәселені көтергенімізге жарты жыл болды. Талғар ауданының жоғары тау баурайына салынған, ең соңғы технологиямен жабдықталған мектепті қазақ мектебіне бермей отыр. Біздің оқушыларымыздың құқығын кім қорғайды?

Кеңес Одағынан қалған ескі ғимаратта оқып жатқан балалардың болашағына кім жауап береді?
1200 оқушыны жинау ешқандай қиын емес! Егер №9 мектепке берілсе, қазірдің өзінде бізде 800-ге жуық оқушының арызы жиналып тұр. Ал мектеп ашылса, сол аумақтан алыстағы аралас мектептерге қатынап жүрген оқушылар көп, толып кетер еді.
Қиналып отырғанымыз – мектепті аралас мектеп етіп ашпақшы болған басшылардың бізге оқушы жинауға кедергі жасауы. Алматы облыстық мәслихаттың хатшысы Жанболат Жөргембаевтың «Ешқандай Қазақ мектебі ашылмайды, аралас мектеп болады! Мектепке оқушы қабылдау туралы хабарламаны таратуды тоқтатыңдар!» – дегенін қалай түсінуге болады? Мемлекеттің қаржысына салынған мектеп құрылысы неліктен жеке тұлғалардың бас пайдасына, мансабына қатысты жұмыс істеуі керек?
Аралас мектептер үш ауысымда оқиды деп өтірік мәлімет берілді.
Көзбен көріп отырмыз, ешқандай үш ауысым жоқ. Ол аралас мектептердің орыс сыныптарында түгелге жуық қазақ балалары оқып жатыр.
Осынша өтірік құрап, аралас мектеп ашпақшы болған адамдардың пиғылы нені түсіндіреді?

Сания НҮСІПӘЛІ,
Алматы облысы,
Талғар ауданы №9 мектеп ұжымы


 

«Аралас мектеп қазақты қайда апарады?!»
атты қоғамдық талқылауға қатысушылардың Қазақстан билігі мен халқына

ҮНДЕУІ

Осыдан бір ғасыр бұрын Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Аралас мектептің санын арттыру – ұлтты жоюдың бірден-бір жолы» деген еді. Кезінде аралас мектептер өзге ұлт өкілдерін орыстандыру, ел аумағында орыстілді орта қалыптастыру үшін арнайы ашылған болатын. ХІХ ғасырда басталған саяси бағдарлама еліміз тәуелсіздік алғанға дейін үздіксіз жүзеге асырылып келді. Соның салдарынан қазақ халқының едәуір бөлігі өзінің тілі мен ділінен айырылды. Тәуел­сіздік алған соң да бұл үрдіс тоқтаған жоқ. Қаладағы аралас мектептердің оқушылары түгелдей орыстілді болып өсіп жатыр. Өкініштісі, кейінгі он жылда жаңадан ашылған мектептердің 80 пайыз­дан астамы аралас мектеп екен.
Біз Қазақстан билігіне, ҚР Президенті Қ. Тоқаевқа, ҚР Мемлекеттік хатшысы Е.Қаринге, ҚР Премьер-Министрі Ә.Смайыловқа, ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовке және барша халыққа мынадай үндеу жолдаймыз!

1. Еліміздегі аралас мектептерді жауып, халық сұранысы бойынша қазақ, яки орыс мектебі етіп қайта құру
Біз орыс мектептері түгелдей жабылсын деп отырған жоқпыз. Егер ата-аналар балаларын орыс мектебіне бергісі келсе, өз таңдауын жасауға құқылы. Бірақ сол аумақтағы ата-аналар мен оқушылардың қай мектепті таңдауына байланысты, статистикалық мәліметтер негізінде мектептің қазақ, яки орыс мектебі болуын шешу керек. Егер сол аумақта орыс мектебіне барғысы келетіндер 20 пайыздан төмен болса, онда тек қазақ мектебін ашуға тиіспіз. Әйтпесе, тұтас халықтың құқы мен өтінішін аяқасты етіп, орыс, яки аралас мектебін ашуға болмайды.

2. Қазақ мектептеріндегі бала санын стандартқа сай етіп реттеу
Көптеген орыс мектептерінде бала саны тым аз. Алматыдағы орыс мектептерінде оқушылардың дені бір ауысыммен оқыса, қала сыртындағы қазақ мектептерінде бір сыныпта 33-35 баладан, екі ауысыммен, тіпті үш ауысыммен де оқиды. Бұл – мемлекет тарапынан жол беріліп отырған әділетсіздік. Еліміздегі аудан, облыс, қалалар бойынша статистикалық зерттеу жүргізіп, білім беру мекемелеріндегі нақты бала санын анықтап, мектептерді қайта құрылымдау керек. Бала саны аз орыс мектептерін бала саны көп қазақ мектептеріне ауыстырып, орыс мектептерінің санын қысқартатын уақыт жетті. Бұл жердегі қағида біреу: «Ұсыныс сұранысқа сай болуы қажет».

3. Қаладағы мектептерде тілдік орта қалыптастыру
Қаладағы аралас мектептердің оқушыларының дені орыстілді. Тіпті қазақ мектептерінің өзінде оқушылар үзіліс кезінде, дәлізде орыс тілінде сөйлейді. Осы процесті болдырмаудың бірден-бір жолы – мектептің іс-шаралары, іс-қағаздары, шын мәнінде, толығымен мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс. Сондай-ақ апта сайын өтетін тәрбие сағаттарында, тоқсан сайын өткізілетін ата-аналар жиналысында, педагогтардың қалалық, аудандық, облыстық мәжілістері мен жиналыстарында, республикалық деңгейде өтетін «Тамыз кеңесінде» сәйкес идео­логиялық нұсқау берілгені жөн. Әр мектеп өз оқушыларын мемлекеттік тілде сөйлеуге шақырып, тілдік орта қалыптастыруға мүдделі екенін ұлт алдындағы міндеті деп санауы керек. Бұл жауапкершілік – ҚР Білім және ғылым министрлігінде. Олардың салғырттығы мемлекеттік тілдің дамуын тежейді. Сондықтан, министрліктен, ЖОО ректорлары мен мектеп директорларынан ана тіліміздің кең қанат жаюына барлық жағдай жасауды талап етеміз.

4. Орыс мектептерінде орыс тілі мен орыс әдебиетінен өзге пәндер мемлекеттік тілде оқытылсын
Бұл – кез келген мемлекетте бар тәжірибе.

5. Кейінгі 10 жыл көлемінде елімізде он шақты жаңа қазақ мектебі ашылса, 399 аралас мектеп жұмысын бастаған. Бұл – ел болашағына жасалған қиянат деп білеміз
Сондықтан жаңа мектептердің бәрі тек бір тілде – не қазақ, не орыс мектебі болып ашылуы керек. Айталық, Талғар қаласындағы жаңа №25 мектеп пен Алматы қаласындағы №180 мектеп таза қазақ мектебі болуын талап етеміз! Өйткені мектеп орналасқан аумақта тұратын халықтың 95 пайыздан астамы – мемлекетті құраушы ұлт – қазақтар. Демек, мектеп те мемлекеттік тілде болуы тиіс.
6. Ел арасында қалыптасқан «Қазақ мектептерінде білім сапасы нашар, ұстаздардың біліктілігі төмен» деген жалған пікірді түбегейлі жою керек
Қазақ мектебінде оқитын шәкірттердің ҰБТ-дағы көрсеткіші орыс мектебін бітіргендерден әлдеқайда жоғары. Халықаралық пәндік олимпиадада жүлде алатындардың 70-80 пайызы – қазақ мектебінің сайыпқырандары. Демек, қазақ мектебінің білім деңгейі орыс мектептерінен көш ілгері. Сондықтан отандық баспасөзде білімді, алғыр, халықаралық олимпиадаларда жеңімпаз болған, жүлделі орын алған оқушыларды жиі дәріптеп, жас ұрпақтың ғылым мен білімге ынтасын арттыруға барша ақпарат құралдарын жұмылдыруға тиіспіз! Бұл – отандық ақпарат құралдарының ішкі ұстанымы болуға тиіс.

Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ, академик, тарих ғылымының докторы;
Қазыбек ИСА, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты;
Оразәлі СӘБДЕН, академик;
Амалбек ТЫШАН, мемлекет және қоғам қайраткері;
Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ, актер, Мемлекеттік сыйлықтың иегері;
Дос КӨШІМ, саясаттанушы;
Марат ТОҚАШБАЕВ, жазушы;
Әшірбек КӨПІШЕВ, жазушы;
Байғали ЕСЕНӘЛИЕВ, актер;
Камнұр ТӘЛІМҰЛЫ, ақын;
Бекзәкір ҚҰРАЛБАЕВ, ұлт жанашыры;
Зейнолла АБАЖАНОВ, жазушы;
Мырзахан ҚАБАСОВ, құрметті ұстаз

Үндеуге 60-тан астам елімізге танымал тұлғалар, ғалымдар, академиктер, қоғам қайраткерелері қол қойған. Қол қою жалғасуда.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір