100 ТОМДЫҚ «БАБАЛАР СӨЗІ» – ДҮКЕНІМІЗДЕГІ ЕҢ ӨТІМДІ КІТАПТАРДҢ БІРІ
Қазір кітап дүкендерінің сөрелерінде, жасыратыны жоқ, қазақ тіліндегі кітаптар өте аз. Ал, өзге тілдегі кітаптар самсап тұр. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін, Алматының қақ ортасынан тек қазақ тілінде жарық көрген кітаптарды сататын «Qazyna-kitap» атты дүкен ашылған болатын. Біз букинист, «Qazyna-kitap» дүкенінің иесі Алмаз Шәйкенұлымен сұхбаттасуға асықтық.
– Алмаз, біреу біліп, біреу білмейтін шығар, «Qazyna-kitap» дүкенінің ашылғанына бір жылдан асты. Жұрт жылтырақ саудаға лап қойып, жылдам баюдың жолына жанталаса кіріскенде, сізге кітап дүкенін ашу дейтін ой қайдан келді? Әңгімені осы сұрақтан бастайықшы…
– Осыған дейін мен өзін-өзі дамытуға арналған кітаптарды оқырмандарға сатып жүрдім. Өткен жылы Ғани Бейсенбаев дейтін ағамен сөйлесіп отырып, ол кісінің де осындай тек қана қазақша кітап дүкені болса деген ойы бар екенін білдім. Әңгіме арасында Ғани аға: «Сен осы дүкенді ашсаң, мен баспалармен келісіп беремін», – деді. Содан жұмысты бастап кеттік, әуелде дүкенді аша салсам, ішін түрлі кітаптарға толтырып жіберемін деп ойлағанмын. Бірақ, олай болмай шықты. Көптеген қажетті көркем әдебиеттер баспада да, автордың өзінде де жоқ екен. Мысалға, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен терін» еш жерден таппадық. Оқырмандар көп сұрап келетін осындағы Мәшһүр Жүсіптің 20 томдығы, Мұхтар Мағауиннің 13 томдығы, Әбіш Кекілбаевтың 12 томдығы секілді құнды кітаптарды зорға жинадық. Кейбірін автордың үйінен, туыстарынан алған кездеріміз де болды. Жалпы, кітап дүкенін кітапқа толтыру үшін 8 ай уақыт кетті. Бұл дүкеннің ашылып, елге қызмет етуіне бар ынта-шынтаммен кірістім. Ынтамен істеген істің арты берекелі болады екен. Қазір дүкенімізге келушілер көп. Өзіне қажетті кітаптарды сұрап алып жатқан оқырмандарды көргенде, кәдімгідей қуанып қаламыз. Турасын айтқанда, бұл дүкеннің ашылуы қажеттіліктен туды. Сосын, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа қажетті материалдарды, олардың тұлға болып қалыптасуына оң ықпал ететін ақпараттарды дайындап беру біздің міндетіміз деген ойға толық бекідім.
– Қазір бізде кітап дүкендері көп, ал, сіздің дүкеннің солардан өзгешелігі қандай?
– Бірден-бір ерекшелігіміз – біздің дүкен тек қана қазақша кітаптар сатады. Әлем әдебиетінің озық шығармалары да тек қазақ тілінде сөремізде тұр. Өзің айтып отырғандай, бізде кітап дүкендері көп, бірақ сол дүкендерде қазақ тіліндегі кітаптар елеусіз бұрыштарда тұратыны мені қынжылтып келді. Неге біздің Хәкім Абайымыздың, Мәшһүр Жүсіп атамыздың, Мағжан мен Мұқағалидың құнды шығармалары өз елінің кітап дүкендерінің сөресінде жарқырап тұрмасқа?! Бізсіз де орыс тіліндегі кітаптар мен басқа тілдегі кітаптарды сататын дүкендер жетеді. Сол үшін біз намыстың, рухтың демеуімен ана тіліміздегі кітаптар ғана сатылатын мәдениетті, қызметкерлері ибалы, ортасы жанға жайлы өз ұлтымыздың оқырманы үшін ауадай қажет деп санауға тұрарлықтай осы дүкенді аштық. Дүкенімізде жаңа шыққан кітаптардың тұсаукесерлері, оқырмандармен ой бөлісу кеші секілді іс-шараларды өткізуге арналған орын да бар.
– «Бұл заманда кітап оқитын жұрт азайып кетті» дейміз. Осы пікірмен келісесіз бе?
– Сізге бір қызық айтайын, сенімді ақпараттарға сүйенсек, 2008 жылға дейін Қазақстан Ресейден кітап сатып алу ісі бойынша, орыс тіліндегі кітаптарды қажетсінетін елдердің ішінде ең алдыңғы орында тұрған елдердің бірі саналған. Сол үшін бізде оқырман аз деп айтуға келмейді. Әсіресе, балаларға арналған кітаптарды сатып алатын ата-аналар көп. Өткенде «Qazyna-kitap» дүкенінен орыстілді бір кәсіпкер ағамыз келіп, балаларына, өзіне көптеген кітаптар сатып алды. Соның ішінде біздегі ең құнды кітаптардың бірі – 100 томдық «Бабалар сөзін» де сол кісі алып, жалғыз өзі жарты миллион теңгеден астам ақшаға сауда жасады. Көрдіңіз бе, бізде кітап оқитындар аз емес, бізде кітапты оқырманға жеткізу, түсіндіру ісі жеткіліксіз.
– Қандай кітаптардың өтімі жақсы болып жатыр?
– Жаңағы айтып отырған 100 томдық «Бабалар сөзі» – біздегі ең қымбат кітаптардың бірі. Бірақ сол шығарманың осыған дейін 6-7 нұсқасы сатылып кетті. Көркем әдеби шығармалар мен Зейнеп Ахметованың кітаптары, Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүниесі», Дулат Исабектің «Қарғыны», Омар Жәлелдің «Харекеті» секілді көптеген шығармаларға оқырман қауымының сұранысы мол.
– Енді алға қойған мақсаттарыңыз туралы қысқаша айтып берсеңіз…
– Мақсатымыз – ана тілімізде шығып жатқан әрқандай кітаптарды осы араға жинап, оқырманға өз ұлтының зиялылары жасап жатқан рухани байлықты сезіндіру. Оның үстіне, осы жылдан бастап Тұрсын Жұртбайдың мақаласының негізі бойынша, қазақ қыздарының жасауына кітап қосу ісін де бастамақпыз. Кітап салынатын арнаулы қазақы үлгідегі сандықшалар, соған қажетті бұйымдар дайындалуда.
Сұхбаттасқан
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН
ПІКІРЛЕР1