Ыбырай Жақаев және қазақ қаламгерлері
16.11.2018
3718
1

Дән атасы Ыбырай Жақаев сөзге жоқ, айтса бір-ақ айтатын аузы ауыр адам еді. Сексенінде екінші Алтын Жұлдызды тағып, салтанатты жиын тарқарда қонақ боп келген Әбділда Тәжібаев: «Ыбекеңнің өзі бір ауыз сөз айтсын да» деді жиналыс төрінде отырып. Сонда диқан қос Алтын Жұлдызы жарқырап мінбеге шығып: «Бір рет бердіңдер ғой, екінші рет не керегі бар еді. Басқалар тақсын да», – деп мінбеден түсе берді. Алдында ғана «Ағатай!» деп өлең оқыған Әбділда Жарықтығым-ай!» деп көзі жасаурап тұрды.

***

1973 жылы Қазақстан Жазушылар ода­ғында «Әдебиеттегі еңбек адамның бей­не­сі» деген тақырыпта пленум өтті. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ерлері Ыбы­рай Жақаев пен Жазылбек Қуаныш­баев құрметті қонақ боп шақырылды. Одақтың 1-хатшысы Әнуар Әлімжанов баяндама жасап болып, алғашқы сөзді Ыбырайға бергенде, сексен­нен асқан ди­қан Әнуарға қарап тұрып үш-төрт ауыз сөз айтты.
– Мен кетпеніме, Жазылбек қара қой­ы­на, сіздер, жазушылар, қаламдарыңызға ие болыңыздар…
Зал ду қол соқты. Көңілі бостар көзіне жас алды. Артқы жақтан «Еңбек адамы­ның бейнесі дегеніміз – осы!» деген Өте­жан ақынның сергек дауысы естілді.

***

Ыбырай мен Әбділда Тәжібаев бір то­пырақта туып, ағалы-інілі боп қа­быр­ғасы ажырамаған адамдар. Қайда жүрсе де тонның ішкі бауындай етене.
Сәбит Мұқанов Жазушылар ода­ғын­ басқарып тұрған кезде Алматыға жи­на­лыс­қа келген Ыбырайды үйіне қо­нақ­қа шақырады. Жол бастатып, Әбділ­да­ны ерте барыпты. Ас та төк дастархан ба­сында Сәбең аңқылдаған ақ көңілмен: «Ыбеке, 300 сом айлық алам, сол жетпейді ғой, жет­пейді» десе, Әбділда: «Бұл күріш сұ­рап отыр ғой» деп құлағына сыбырлапты.

***

Әбділда Тәжібаев 70-ке толып, туған жері – Шиелі жұрты құрметті қонақ қып шақырады. «Қызылтуға» (қазіргі Ыбырай Жақаев ауылы) келіп, Ыбырай ағасына арнайы сәлем береді. Басына құндыз бөрік кигізіп, иығына шапан жапқан диқан: «Мін­гізген атым осы!» дейді күбірлеп.
Ертеңіне ауданда салтанатты жиналыс өтіп, жер тарпыған сәйгүлікті Мәдениет үйі алдына әкеп, аудандық партия коми­те­тінің бірінші хатшысы Орынбасар Бәйім­бетов: «Мынау ауылыңыздың мінгізген аты» деңіз, «Ыбеке» деп жүгенді ұстатпақ болса, «Менің мінгізетін атым жоқ» деп қолын созбапты. «Өзің айта бер» деп бұры­лып кетіпті. Ақыры, аудан басшысы өзі айтып, өзі жүген ұстатыпты.
«Ыбекеңнің қолы таза ғой» деген сөзді Д.А.Қонаевтың аузынан естіп қалдым.
«Тазалық тұқымына дарыған» дегенді ауылдастары да әркез айтып қалады.

***

Ыбы­райдың 80 жылдық тойына Алма­ты­дан бірі ақын, бірі сыншы – қос інісі Әб­ділда Тәжібаев пен Мұхамеджан Қара­таев келді. Мәдениет үйіндегі салтанатты жиында әуелгі сөзді Әбділдаға берді. «Аға­тай!» деген өлеңін оқып:
Ағатай!
Кешегі көшпелі қазақ баласы ең,
Үстінде туған ырғала басқан түйенің,
Бүгін дүниеге даңқы тараған
Диқан атамсың,
Сүйенерімсің,
сүйерім.

Топырақтың,
Судың,
Жарықтың,
Сырына қанық киелім.
Мен де бүгін сексенге
келген тойыңда
Ақ қырау басқан,
Аздап шаршаған басымды
Алдыңда тұрып иемін! –
деп, кеудесінде қос Алтын Жұлдызы жарқыраған диқанға қарап басын иді. «Келесі сөз Ыбекеңнің академик інісі, Қа­зақ совет энциклопедиясының Бас редак­торы Мұхамеджан Қаратаевқа беріледі» деді жүргізуші. Мұқаң нық қадаммен серпіле басып мінбеге шығып:
– Ақын сөйлегесін қара шодырға түк те жоқ қой, – деп сөзін бастады.
– Мойындауын қарашы, – деген бел құрдасы Әбділданың күмбірлей шыққан даусы естілді.
– Тіл табысып сөйлесеңдерші. – Диқан кең залға қарап көзін жыпылықтатып отыр екен.
Бойлары босаған көпшілік бұған да ду қол соқты.

***

Ыбырай Алматыға келгенде Әбділ­даның үйіне соқса, Мұхамеджан Қаратаев екеуі «Қайраттың» ойынына барғалы отыр екен. «Сіз де аяқдоп көріңіз, Темір Сегіз­баев деген балаңыздың доп теуіп, қа­қол­дарды қансырата жеңгенін қызықта­ңыз» деп, Әбекең қоярда – қоймай қолпаштап алып барыпты.
«Қайрат ә дегеннен ұтыла бастапты. Екінші кезеңнің ортасына жетпей-ақ Киев­тің «Динамосы» есепті 3:0-ге жет­кізіпті. Жанын сап алабұртқан ақынды сол жағында отырған құрдасы иығынан түртіп қап:
– Бар бәле өзіңнен. «Қайратым» деп мен жүрмін, Қайрат қылмай сен жүрсің» деп жылайсың да жүресің, – деп жынын келтіріпті.
– Мына қақолдарың қайратты екен, кетпен шаптырса ғой өздеріне, – деп күбір етіпті оң жақтан диқан ағасы.
– Екеуің екі жағымнан бәле болдыңдар ғой. Жүр, кеттік, онан да үйге барып шай ішейік, – деп қаны қызған ақын ұшып тұрып, сылти басып алдарына түсіпті.
– Қазақтардың аяғы сынды-ау, бұға­насы аман ба екен? – деп Ыбырай соңынан ерген Қаратаевқа қарапты.

Қуандық Боқай

ПІКІРЛЕР1
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір