«Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және Зейнолла Сәнік»
Қазақстан Жазушылар одағы мен Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры бірлесе отырып ұйымдастырып жатқан «Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және Зейнолла Сәнік» республикалық экспедициясы еліміздің солтүстік өңіріне сапарын бастады. Экспедиция солтүстік өңірде 10–22 қыркүйек күндері аралығында өтетін болады.

Экспедиция Ақмола облысында
Құрамында белгілі этнографтар, мәдениеттанушы ғалымдар мен қаламгерлер бар экспедиция мүшелері, алдымен, Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласына табан тіреді.
Алғашқы қадамдарын олар тарихи өлкетану музейін аралаудан бастап, кейін Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде ұйымдастырылған «Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және Зейнолла Сәнік» республикалық экспедиция мүшелерімен кездесу шарасына қатысты.
Кездесуге аталған университеттің басшылары, студенттері мен профессор-оқытушылар құрамы, өлкетанушылар, этнографтар, жергілікті зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиынды Ақмола облысы әкімінің орынбасары Д. Айтбаев ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар тарих ғылымдарының кандидаты Аманбай Сейітқасымов, Қазақстан Жазушылар одағының Ақмола облысындағы өкілі Ерболат Баят және бірқатар студенттер сөз сөйледі.
Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов өз сөзінде экспедиция мүшелеріне арналған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің құттықтау хатын оқып, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтің іс-шараға қатысушыларға сәлемін жеткізді. Сөз барысында Қазақстан Жазушылар одағының бүгінгі таңдағы ұстанымы, республикалық экспедицияның алға қойған мақсаты мен мұраты және этнограф-жазушы Зейнолла Сәніктің шығармашылық еңбегі жайлы халыққа жан-жақты түсіндіріп, «Зейнолла Сәнік атындағы мәдени қоры» дайындаған деректі фильм көрсетілді.

Экспедиция Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында
Экспедиция Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Қызылжар қаласында жалғасын тапты. Сапар барысында экспедиция құрамы, алдымен, Ботай арт-галереясын аралап, ежелгі Ботай мәдениетінен бастау алатын өркениеттің өнердегі бейнесін тамашалады. Мұнда тарих пен заманауи шығармашылықтың үйлесімі ерекше әсер қалдырды.
Кейін Солтүстік Қазақстан облыстық өлкетану музейінде аймақтың археологиялық жәдігерлері мен этнографиялық мұраларын тамашалау сәті бұйырды. Бұл жерде қонақтар өңірдің бай тарихымен, ұлттық болмысының айқын көрінісімен танысты.
Сапардың маңызды бөлігі – Абылай хан резиденциясы мұражайы. Экспедиция құрамы қазақ мемлекеттігінің тағдырлы кезеңдеріне куә болған тарихи орынмен танысып, елдік рухты терең сезінді. Қызылжардағы сапар – тарихи жадымызды жаңғыртып қана қоймай, ұлттық құндылықтарды болашақ ұрпаққа жеткізудің тағы бір нақты қадамына айналды.
Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде кездесу ұйымдастырылып, университет жастары экспедиция өкілдеріне өз сауалдарын қойып, ой-пікірлерін тыңдады.
Кездесуден кейін экспедиция мүшелері Қызылжар қаласындағы мәдени-тарихи орындарға барды. Олар алдымен Абай Құнанбайұлы мен Александр Пушкинге арналған ескерткіштерге гүл шоқтарын қойып, қос классиктің рухына тағзым етті. Бұл рәсім қазақ және орыс әдебиетінің ұлы тұлғаларына құрмет көрсету дәстүрін жалғастырумен қатар, халықтар арасындағы мәдени байланыстардың тереңдігін айқындай түсті.
Сондай-ақ Мағжан Жұмабаев ауылына ұласқан сапар барысында өңірдің тарихи-мәдени ерекшеліктері назарға алынды. Мағжан Жұмабаев атындағы орталықта ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты архивтік деректер, құнды экспонаттар мен әдеби жәдігерлер ұсынылды. Орталық мамандары Мағжан мұрасының ғылыми тұрғыда зерттелу барысы және ақын есімін ұлықтауға арналған жұмыстар жайлы жан-жақты мәлімет берді. Экспедиция мүшелері бұл деректермен танысып, Мағжан шығармашылығының қазақ руханиятындағы орнын айрықша атап өтті.
Қызылжардағы бұл сапар экспедиция бағдарламасының мазмұнын тереңдетіп, солтүстік өңірдің мәдени-рухани кеңістігімен кеңінен танысуға мүмкіндік берді.
Қостанай өңіріне бағыт алған экспедиция мүшелері тарихи-мәдени ескерткіштер мен оқу-ағарту ісінде өшпес із қалдырған ұлт қайраткерлерінің ізімен жүрді. Алдымен, Қостанай қаласында облыстық әкімдікте кездесу ұйымдастырылды. Жиынға Мәдениет басқармасының басшысы қатысып, өңірдің рухани мұраларын сақтау мен дәріптеу бағытындағы жұмыстар талқыланды. Кездесу барысында ұлттық құндылықтарды жастар тәрбиесіне енгізу, мәдениет пен ғылым саласындағы ынтымақтастық мәселелері сөз болды.
Сапар аясында экспедиция өкілдері ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің мәңгілік тыныстап жатқан жеріне барып, тағзым етті. Бұл сапар қазақ халқының тұңғыш ұстазының еңбегіне деген құрметті айшықтады.
Одан кейін экспедиция мүшелері Ахмет Байтұрсынұлы ашқан тарихи мектепке арнайы барып, ұлт ұстазының ағартушылық қызметіне қатысты деректермен танысты. Байтұрсынұлы еңбегінің қазақ қоғамындағы орны мен тарихи маңызына тоқталды.
Сонымен қатар қаламгерлер Қостанай облысына қарасты Әулиекөл ауданында болып, жергілікті халықпен жүздесті. Сапар барысында өлкенің мәдени-рухани болмысы мен этнографиялық ерекшеліктері жайында құнды мәліметтер жиналды.
Қостанайдағы іс-шаралар экспедиция бағдарламасының мазмұнын байытып, қазақтың ұлы ағартушылары мен зиялыларының өмір жолына тағзым етуге арналды. Бұл аймақтағы сапар әлі де жалғасуда.