Адамның бақытқа жетуі өмірінің соңында көрінеді…

0
60 қаралды

Түгелбай ҚАСЫМҰЛЫ:

Түгелбай Қасымұлы. Әлемнің көптеген елдерін аралаған саяхатшының жүзінен тәкаппарлық байқалады. Жиһангездік арқылы танымыңның көкжиегін кеңейтіп, білім жинаудың ғылымдағы аты – перипатетик. Бұл тұрғыдан бізге Сағдидің «Гүлстаны» жақсы мәлім. Түгелбай Қасымұлы жиһангездікте таным аясын кеңейтуді ғана емес, «денсаулық миллионері» болуды мақсұт тұтады. «Қазақта «Жамбылдың жасын берсін» дейді. Одан ары тілемейді. Шынында адам денсаулығын күтсе, жүз елу жасауға болады», – дейді ол. Сөз арасында Абай, Шәкәрім, Махамбет жырларын жатқа айтады. «Атың барда жер таны», «Жаным барда » кітаптарының авторы. Өзгеше ойлайтын, көпті көріп, келелі ойлар түйген спортшыдан сұхбат алудың бүгін сәті түсіп отыр.

– «Мақсатым – денсаулық ми­нист­рі болу» дейсіз бір кітабыңызда. Ұзақ жасауды мақсат тұтасыз. Ол жас­қа жетіп не жасағыңыз келеді?
– Бәрін Құдай біледі. «Адам жос­парлайды, Жаратқан ие пе­ше­неңе жазғанын жасайды» дейді. Ту­май жатып тағдырымыз жазыл­ған. Мен Құдайдың аманатқа бер­ген денсаулы­ғын сақтап, бейбіт­ші­лікті насихаттап жүрген жан­мын.
– Бұл – бойдағы булыққан тыл­сым күшті шығару жолы ма, әлде хоб­би ме?
– Бұл – мақсат. Менде ешқан­дай күш жоқ. Рухани күшке ұмты­ла­мын.
– Жапонияда ақын Ұлықбек Ес­дәу­леттің өлеңіне жазылған «За­ман-ай» әнін тыңдағаныңыз жайлы оқыдым. Қандай әсерде болдыңыз?
– Хиросимада, кішкентай ғана орнатылған ескерткіштің алдына мектеп оқушылары, басқа адамдар ке­ліп ән шырқайды екен. Сондағы ән біздің Ұлықбек Есдәулеттің «За­ман-айы» екен. Мұны естіп таң қал­­дым. Содан фотоға түсуге рұқ­сат сұ­радым. Ақыры балармен су­рет­ке түсіп, кеудемді ерекше мақ­таныш кернеді.
– «Атың барда жер таны» кіта­быңыз­да Абай еліне, Жамбыл жері­не саяхаттарыңыз және сом тұл­ға­ларға арнау өлеңдеріңіз жазылған. Поэ­зияға құштарсыз. Өзіңізді ақын­­мын деп есептейсіз бе?
– Жоқ, менің мамандығым – фи­­зика-математика пәнінің мұ­ға­лімі. Алматыда оқыдым. Сырт­тай журналистиканы оқып бі­тір­дім. Әдебиетке бала кезден құш­тар едім. Ертегі оқып, жыр жат­тап батырлар­ды танып өстім. Қо­зы көр­пеш Баян сұлу, Ер Тар­ғын, Ал­памыс, Қобылан­ды жыр­ларын оқып, солардай бол­ғым келетін. Қа­жымұқан атамыздың ерлігі мен на­мысынан үлгі алдым.
– Әдеби шығармаларды жиі оқи­сыз ба?
– Әрине, бірталайын оқыдым. Сә­кен Сейфуллин, Бейімбет Май­лин, Бауыржан Момышұлы, Қа­сым Қай­сеновтерді түгелге жуық оқы­дым. Әсіресе, Төлеген Айбер­генов, Қадыр Мырза Әлиді жақсы көремін. Олжас Сүлейменовтың шығармала­рын құныға оқимын. Ал, саяхатшы болу жайлы арма­ным Шоқан Уәли­ханов еңбектерін және ол жайлы шығармаларды оқу­дан басталды. Шет ел әдебиетін де көп оқыдым. Хэмингуэй, Джек Лон­дон, Лев Толс­той, Пушкин, Лер­монтов, Ги де Мопас­сан секіл­ді жазушылардың тұрақты оқыр­ма­нымын.
– Бішкек, Баку, Ресей, Монғо­лия­­ға велосипедпен бардыңыз. Қа­зақ­тағы қонақжайлылық оларда бар ма?
– Моңғолияның Баян Өлгей ай­мағына барғанда жігіттер ерекше ықыласпен қарсы алды. Жал­пы, Үндістан, Германия, Фран­ция, Ре­сей елдерінен де жақ­сы ықыласты сезін­дім.
– Жол үстіндегі тосын, қызық­ты уақиғаларды әңгімелеп берсеңіз?
– Румыняға барған сапарымда жол үстінде жаңбыр мен қоса най­зағай ұрып әбігерге салды. Бір тө­бенің басына барып шатырымды ті­гіп, ың­ғай­ланып жатыр едім, де­нем жыбыр­лай бастады. Байқасам, құмырсқаның илеуіне жатып қа­лып­пын.
Екінші бір бастан кешкенімді айтайын: Өзбекстанның бір об­лы­сында әлдебір асханаға кіргенде, бейтаныс жігіттердің бірі келіп, күш көрсетті. Мойнымнан қыл­ғын­дыр­ды. Маған сонда спортпен айналыс­қанымның тағы бір пай­дасы тиді. Он алты килограм­мдық гір тасын күніне жүз елу рет көте­ре­тін едім. Мойын бұлшық етте­рім­нің мықтылығынан дес бер­медім. Өзімнің саяхатшы екенімді айтып, дереу ол жерден шығып, велосипедіммен жолға түсіп жүре бер­дім. Ал, өзге елдерде адам­дар түгіл жануарлардан, аңдардан еш­қандай қауіп төнген жоқ.
– Үнемі парақтап отыратын жазу­шы, ақыныңыз кім?
– Абай, Шәкәрім бар. Ал, Қа­жы­мұқанның өмірі жайлы шы­ғар­ма­ларды үнемі оқып, күш атасына сиынып жүремін.
– Көптеген елге бардыңыз. Қай ел ерекше әсер қалдырды?
– Үндістанды айтсам болады. Франция мен Германия да әсерлі болды. Франциядан Испанияның астанасы Мадридке шығып кетпек болдым. Жол бойы Жанна Д Арк жаулап алатын қалаға келдім. Жол­да велик айдаған француз жі­гіті кез­десті. Оған Қазақстаннан екенімді айттым. Екеуміз жылы әңгімелестік. Бір ғажабы, мұнда жолда тамақ іше­тін жер кезікпейді. Әлдебір орман ішіндегі кафеге келіп, тамақ ішіп, түнде сол же­р­дегі бір ағаштың түбіне қондым. Осы сәттер мен мәдениеті жоғары ел­ді ешқашан ұмытпаймын.
– Күнделік жазасыз ба?
– Екі кітабым да жолжазбадан құрал­ған. Негізі, саяхатқа шық­қан­да ғана жазамын.
– Кітабыңызда Олжас Сүлей­ме­новпен ерекше сыйластық қа­рым-қатынасыңыз байқалады. Қай кезден таныссыздар?
– Олжас Сүлейменов ядролық қаруға қарсы «Невада-Семей» қоз­ғалысын құрып, Семей поли­го­нын жабуға ұйытқы болды. 1991 жылы Елба­сымыздың жарлы­ғы­мен поли­гон біржола жабылды. Осыдан соң мен «Невада Семейді» жер шарына велосипедпен жүріп на­сихаттай­ты­нымды айтып, Ол­жас ақынға келдім. Ол кісі қолдау білдіріп, әлемге саяха­тымды бас­та­дым. Ақынның «АзиЯ» және де бас­қа кітаптарын сүйіп оқи­мын. Ол кісі мені әлі күнге қол­дап келе­ді. Тіпті, Германияға бара­тын сая­хатыма да қолдау көрсетті.
– Кітаптарыңыздың жарық кө­руі­не кім демеушілік етті?
– Мен әуелден бейбітшілік ұран­шы­сымын. Мектеп ди­рек­торы бо­лып тұрған кезімде оқу­шы­ларыммен «Мен соғысқа қар­сымын!» деп Гор­бачев­қа хат жазып та жібергенмін. Алғашқы кітабыма атпал азаматы­мыз Мұхтар Құл-Мұхаммед, ал екінші кітабыма Асқар Жұмағалиев демеушілік жасады. Алда тағы үшін­ші кітабым жарық көрмек.
– Әдебиет пен Спорттың айыр­масы не?
– Рухани күш – бірінші. Одан соң дене күші. Бойдағы намыс бә­рін жеңеді. Адамды бір сөз өлті­ре­ді, бір сөз өсіреді.
– «Өзіңді жеңу, өзгені жеңу, яғ­ни бақытқа жету деген сөз» дей­сіз. Сіз ба­қытқа жеттіңіз бе?
– Адамның бақытқа жетуі өмірі­нің соңында көрінеді. Бақыт деген адамның денесіндегі қан түйіршігі секілді. Ауырмағанда адам – сау. Ауырғанда адам өзін бақытсыз се­зіне­ді. Мен бақытқа ұмтылушымын.
– Жетпістен ассаңыз да ширақ­сыз. Замандастарыңызға не кеңес бересіз?
– «Денсаулық – аманат» деген бар. Алладан берілген сыйды құр­меттесе екен деймін. Мен денем­нің әр мүшесімен сөйлесіп, диа­логқа түсемін. Оларды жиі мақтап, мадақ­тап тұрамын. Ең бастысы, мен оларға зорлық жасамаймын.
– Алдағы жоспарыңыз?
– 15 қыркүйектен бастап дү­ние­жүзілік веломарафонмен Аста­наның жиырма жылдығының құр­метіне Ақтөбеден Мәскеу ар­қылы Санк Петербургке жетуім ке­рек. Мақса­тым – бейбітшілікті на­сихаттау!
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Батырхан СӘРСЕНХАН

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.