Алатау-Фудзи арасы…
07.09.2018
1420
0


«Бізді Алматыда күтіңіз. Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінде кездесейік» деген хат «Жапония – Еуразия» ұйымы басшысының орынбасары Асана Мари саннан келген соң дайындала бастадым. Қазақтың ауылшаруашылық ғылымының ордасы саналатын университеттің алды ежелгі көшпенділер көшіп келгендей ұлттық нақышпен безендіріліпті. Жалт-жұлт еткен ою-өрнекті ұлттық киім киген бишілер оқу орнына ерекше сән береді. Бейнебір ғажайып гүлзар сияқты…

Қазақ Ұлттық Аграрлық универ­сите­тінің ректоры Тілектес Есполов бастаған зиялы қауым жапон деле­гация­сын айрықша сән-салтанатпен қарсы алды. Оқу орнының ауласы мен ішіндегі әр қабатында қазақи нақышта киінген арулар түрлі түсті алқа тәрізді тізіліп тұр. Жапондар кең етек, бүрмелі қазақ көйлегі мен камзол, шапандарына қызығу­шы­лық­пен көз тастап жүріп келеді. Бірі «маған мынандай түс ұнайды» деп, күлгін көйлек киген арудың үстіндегі оюларға назар аударса, енді бірі «қазақтың ұлттық киімдері ерекше сәнді екен ғой» деп, шын көңілмен таңданыстарын жеткізіп жатты.
«Ядролық қарусыз әлем» деп аталатын Қазақстан – Жапония бірлескен конференцияға арнайы келген қонақтар университет аясында ашылған Елбасының өскен өлкесі мен өмірін таныстыратын мұражайды аралаған соң, 2004 жылы құрылған О.Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гуманитарлық білім және тәрбие институтының «Таза планета» орталығына бас сұқты. Содан кейін 2010 жылы Қазақ Ұлттық аграрлық университеті мен Жапонияның «JEOL», «Shimadzu» концерндері арасында бекіген меморандум негі­зінде ашылған Қазақстан – Жапо­ния инновациялық орталы­ғындағы ғылыми жұмыстармен танысты.

Суретте: «Еуразия – Жапония» ұйымының президенті Такэда Масанао сан, директорлар кеңесінің төрағасы Норио Хориэ сан, басшының орынбасары Мари Асана сан және тағы басқалар…

Бұл шараға оқу орнының ғалым-ұстаздары, жапон мәдениетіне қызығушылығы бар жас толқынмен қатар М.Әуезов атындағы Қазақ мем­ле­кет­тік академиялық драма театры­ның ұжымы да қонақ ретінде шақы­рылған. Аталмыш театр сахналаған «Ақтас­тағы Ахико» драмасы Жапо­ния көрермендерінің үлкен ықы­ла­сына бөленгені есімізде. Бүгінге дейін Жапония азаматтары осы спектакль­ден алған әсерлерін ақпарат құрал­дары арқылы бөлісуде.
29 тамыз – БҰҰ-ның ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күні. 1945 жылдың 6, 9 тамыз күндері Жа­пония­ның Хиросима мен Нагасаки қалаларына атом бомбасы тасталды. Кеңестер Одағындағы алғашқы ядролық қаруды сынау да 1949 жыл­дың 29 тамызында өтті. 1991 жылы осы күні Қазақстан Республикасы Үкі­метінің шешімімен Семей полигоны жабылған болатын.
Оқу орнының үлкен мәжіліс за­лын­­да өткен халықаралық конфе­рен­цияны ашқан академик Тілектес Есполов мырза жиынның маңыз­дылығына тоқталып, бейбіт әлем құру мақсатында болашаққа ізгі ниет­пен қадам басқан жас ұрпақты тәрбиелеуде осындай жиындардың ерекше орны бар екендігін айтты.
«Ядролық қарусыз әлем» конфе­ренциясының бас ұйымдастыру­шысы, Қазақстанның антиядролық қозғалысы мен Жапония арасындағы жан-жақты байланыстың дамуына еңбек сіңіріп жүрген «Шет елдермен мәдени және достық байланыс» қоғамының Президенті Жібек Әмір­ханова ханым конференциядан кейінгі мәдени шаралар барысында еліміздің бүгінгісі мен кешегісінен хабар берер танымдық әңгімелер айтып, қонақтарды баурап алды.
Жапония делегациясын бастап келген «Жапония – Еуразия» ұйымы­ның Президенті Такэда Масанао сан ядролық қарусыздану аясында Қазақстан мен Жапонияны ортақ идеялар біріктіретінін айтты. Ядро­лық қаруды жою тақырыбында ғана емес, Жапония ұйымы аясында бүгінде Еуразия мемлекеттерімен мәдени, әлеуметтік ынтымақтас­тықтың сан саласы бойынша көпте­ген жұмыстар атқарылуда. Такэда Масанао сан баяндамасында жапон баспасөзі арқылы Қазақстанды жан-жақты насихаттау жұмыстары қар­қын­ды түрде жүргізілуіне күш са­лынып жатқанын да атап өтті. Қазақ әлемін Күншығыс халқы тани берсін деген ниетпен қағаз шимайлап жүрген едік. Такэда сан мақала­ла­ры­мыз шыққан газеттерді де тарту ретінде ала келіпті.
Хиросимадан арнайы келген Курокава Томиаки сан «Хиросима мен Семей арасындағы ынтымақтас­тық» деген тақырыпта сөз сөйлеп, екі мемлекеттің тарихи қалаларын бай­л­а­ныстыратын ауқымды мәселелер төңірегінде ойларын ортаға салды. Курокава Томиаки сан 2016 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жапонияға сапары барысында Хиросима бүлдіршіндерімен кездесу сәтін бейнелейтін, өзі түсірген тари­хи суретті сыйға тартты.

Ректор Тілектес Есполовтың делегация басшысы Такэда Масано санмен және Жібек Әмірханова ханыммен кездесу сәті.

Топ ішінде бір филолог жігіт «Сізге бір зат сыйласам бола ма?», – деді, сәл қысылған сыңайда. Өңі алабұртып тұр екен. Бірақ ол күні сыйлықты беруге батылы жетпеді. Келесі күні делегациямен «Медеуге» бар­мақ боп, қонақтар тоқтаған «Отырар» қонақүйіне кірсем, әлгі аза­мат күтіп отыр екен. «Ескіріп кеткен демесеңіз…» – деп бір іркілді. «Көзімнің қарашығындай сақтап жүрген кітап еді. Сізге ұнамай қала ма деп…». Жігіт сырты сарғыш тарт­қан, көне бір ақынның шығармашы­лығы туралы жазылған, алпыс жыл­дай уақыт бұрын шыққан кітапты қолы­ма ұстатты. «Жаңада жоқ қасиет көнеде бар ғой. Сонау алыстан ар­на­йы іздеп келіп, асыл моншақ, алтын­нан қымбат кітапты сыйла­ғаны­ңыз үшін сізге көп рахмет», – деп риза­шылығымды білдірдім. Алдында қызарақтап тұр еді, қабағы жадырап сала берді.
Ұлықбек Есдәулеттің өлеңіне жа­зылған Төлеген Мұхамеджановтың «Заман-ай» әні жапон тіліне аудары­лып («Джидай»), Роза Рымбаеваның орындауында Жапония сахнасында сан мәрте шырқалғаны туралы бәріміз білеміз. Хиросима шаһары­ның мэрі басқаратын халықа­ралық орталыққа кірген сәтте «За­ман-ай» әні жазылған плакат көзге бірден түседі.
Жапон ғалымдары 1998 жылдан бастап Қазақстандағы ядролық сынақтардың зардабын зерттеумен айналысуда. Олардың арасында Киото университетінде қызмет атқарған ғалым Цукатани Цунэоның еңбегі ерекше. Ол көзі тірісінде Орта Азияның топырағы мен суының лас­тануына үлкен мән беріп, Қазақ­с­танда зерттеулер жүргізген. Арал теңізі, Семей полигонын көріп, рес­пу­бликадағы экологиялық ахуал жайында еңбектер жазып, Жапония­дағы ғалымдарға таныстырды. Өз кезінде бірлескен зерттеу жүргізуге қазақ ғалымдарын да Жапонияға шақырған. Ал жас ғалымдардың ара­сында тарихшы Хироки Накаяма қазақтың ежелгі тарихын Жапонияға таныту жолында еңбек етіп жүр. Қазақ тілін үйренуге құлшынысы зор жапон жастарының қатары көбейіп келеді. Қазақтың мәдениетін, салт-дәстүрін ғылыми еңбектеріне арқау етіп жүрген жапон азаматтары да баршылық.
Конференция соңында мінбеге көтерілген қоғам қайраткері Майдан Әбішев мырза бүкіл әлем атом бом­басы сынағына қарсы болса да, кей­бір ұлы державалар қарусыздану мақ­сатындағы құжаттарға қол қою­дан бас тартып отырғанын айта келе, «Бейбіт болашақ үшін!» деген ұран дүниежүзіне ортақ екенін еске салды. Ғалым, сондай-ақ қазіргі әлемдегі саяси ахуалға да сараптама­лық талдау жасап, бейбітшілік – халықтарды бір-біріне танытатын ұғым екенін айтты.
Конференция өткен күні қонақ­тар «Сазген сазы» фольклор­лық-этнографиялық ансамблінің, Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің «Гүлбану» би ансамблінің өнерін тамашалады. Жапониялық қонақтар Алматының тарихи жерлерін аралап, «Арман» мейрамханасында ұлттық тағамдардан дәм татып, «Медеу» мұз айдынына да барды. «Медеудің» жа­сыл желекті тау бөктеріне шығуға ұсы­ныс айтып едім, мұзайдында ауыл­дан келген бір топ қазақ кездесе кетіп, жапондарды әңгімеге тартып, жапон қыздарымен вальс билеп босатпаған соң, солардан алыстамау­ға тура келді.
Делегация құрамындағы суретші Фурукава Хироши сан қылқаламын қолына алып, штрихтар сыза баста­ды. Халықаралық жиын құрметіне өн­ер көрсеткен музыкант Дайоши Ос­аму сан «Медеу» биігінен шякуха­чи үрмелі аспабын қолына алып, қазақ әуен­дерін сызылта орындады. Жапондар шырқаған ұлттық «Со­ран», «Сакура» әндері ұлы Фудзидің алып Алатауға жолдаған сәлеміндей еді…
Екі күнге созылған алқалы жиын­­нан түйгеніміз: қазақ пен жа­пон арасында «халықтар арасындағы достық» деген әдеттегі түсініктен бөлек, ежелгі Жібек жолынан бастау алатын, Шйотоку Тайши, Мурасаки Шикибу заманымен бойлай өтіп, бүгінге жеткен алтын арқау — рухани бауырластық деңгейіндегі жақындық бар. Бейбітшілікті ту еткен екі елдің өкілдері құшағымыз жазылмаған күйі «Медеуден» түстік. Сол күні «Медеу» суық болса да әңгімемізбен қатар қазақи һәм жапондық әзіліміз жа­расқан бізге күн шуақты боп көрінді.
Күншығыс елінің азаматтары «Көшпенділердің ұлттық ойынын» тамашалау үшін сол күні Алатауды бойлай, Қырғыз еліне жол тартты…

Шарафат Жылқыбаева

Алматы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір