Сөзі сырлы сыншы

0
51 қаралды

Өткен күн қайта оралмайды. Әйтсе де сәулелі шақтары мен жаныңды жабырқатқан сәттері есте қалады. Әсіресе, жастық кешулері, ойнап-күліп бірге жүрген ортаң – аяулы достарыңның қатары сирегені қиын-ақ. Өлшеулі өмір жолында қимас та сыйлас сенімді серігің болған жайсаң жігіттерден айырылып қалған кездер адамға әсіресе қиын тиеді екен. Солардың ішінде жүрегім елжіреп есіме түсіретін санаулымның бірі – саңлақ ақын Кеңшілік Мырзабеков.


Қырықтан аса беріп, қыршын жасында жарық дүниеден озған ақын Кеңшіліктің ұлы Амангелді елу­ге толып отыр.
Кеңшілікті алғаш Алматыға та­бан тіреген күннен білетінмін. Оны ілгеріде келіп, «Лениншіл жас­та» қызметте жүргенімде маған та­ныстырған жас ақындар Серік­бай Оспанов пен Серік Тұрғын­бе­ков еді. Хош, көп ұзамай Кеңшілік те біздің редакцияның табалдыры­ғын аттады. Онжылдық білімі бар. Сонда да аудандық, облыстық га­зеттерге мақалалары жарияланып, қа­ламы төселіп қалған. Ақындық­тан да құралақан емес екен. Қазақ университетінің жорналшылар ма­мандығын алып шыққандар маңайы­на жолай алмай жүрген, сол жылдардағы қазақ баспасөзі­нің алды, елдің сүйікті газетіне Кең­шіліктің қабылдануы жолы бол­ғыштығы ма, жоқ әлде қазақ поэзиясының талантты қос тарла­ны Сырбай мен Ғафу ағаларымыз­дың септігі тиді ме, ол жағын анық айта алмаймын. Атақты редак­то­ры­мыз Шерағаң – Шерхан Мұртаза ме­ні шақырып алды да:
– Мына жігіт Қостанай-Торғай жа­ғының тумасы екен. Өзіңнің бауы­рың. Бөліміңе жібергелі отыр­мын. Арғы жағын көре жа­тар­сың. Үйрет, жұмса, біздің тала­бы­мызға келсе, ортамыздан орын та­былар, көріне алмаса, рақметі­мізді айтармыз.
Сөз осымен аяқталды. Обалы не керек, Кеңшілік қамшы сал­дыр­ған жоқ. Жазу-сызуының көңіл­ден шығуына ана тіліне аса же­тіктігі ықпалын тигізгенін сез­дім. Сол күндерден бастап ағайын­дай араласып кеттік. Кеңшіліктің Зинура келінімізбен үйлену тойын да, тұңғышы Аманкелдінің шіл­де­ханасын да бірге өткіздік. Ал­ма­тының «жетім бұрышын» жағалай жүріп тапқан үйлерінің төрінде өткен қызық-думанды күндер де есте. Жорналшылығы өз алдына, Кеңшілік көп ұзамай аса талантты жас ақындардың көшін бастап, жұл­дызы жарқырай жанды. Кең­шілік ақынның сол жылдары жиі өтіп жататын поэзия кештерінде мін­беге атып шығып, дүркірете өлең оқып, талайды таңдандырған сәттерін көз көргендер әлі күнге ұмытпай, елжірей естеріне алып, әңгіме тарқататыны да тамаша.
Әттең, аса дарынды ақынның жа­рық дүниемен тым ерте қоштас­қа­ны өкінішті. Дегенмен, жақсы­ның өзі өлсе де, есім-сойының ұмытылмайтыны рас екен. Жаңа жарыққа шыққан кі­таптары, ке­зекті мерейтойлары атаусыз қал­ған жоқ. Көзі тірісінде «Жа­зушы» баспасына тапсырып кет­кен тұңғыш таңдаулысының тұ­сауын кесіп, алғысөзін жаздым. Кейін де естелік мақалалар арнап, Кең­шіліктің аса көрнекті ақын, айту­лы азаматтығын жұртшы­лық­қа жеткізуге атсалыстым. Осының бәрі көңіл төрінен орын алған, іні досқа деген ықылас-пейілімнің бел­гісі болса керек…
Бір сүйсінерлігі, Кеңшілік ақын­­­­ның жоқтаушылары – достары Иран­­бек бастаған атақты ақындар ға­на емес, олардың қатарында өз перзенті, талантты әде­биет сын­шысы Амангелді тұр. Перзенттік пары­зына адалдығы болар, әке­сінің мұрасын мұқият жинап, бас­па­ларға тапсырып, шығар­машылық жо­лын талдап, эссе-ма­қалалар жазуы жүрек жылытады. Мұндай игі­лікті шаруаның басы-қасында жү­гіріп жүрмек түгілі, әкесінің жаз­ған кітаптарын оқып көрмеген көр­соқырлар да ара­мызда бар. Сон­дықтан текті тұ­қымнан – жара­тылысынан асыл тұяқ Аман­гел­ді баламыздың кісі­лігіне, ақыл-парасатына ризамын.
Зымырандай зулаған уақыттың – қас қағым тіршіліктің заматта өте шығатынын білмей де қалады екен­сің. Таяуда Жазушылар ода­ғы­ның анықтамалығын ақтарып отыр­сам, кеше көз алдымызда туып-өскен Амангелді баламыз ер­дің жасы елуге толыпты. Осы 2018 жылдың 21-тамызында. Әке-ше­шесінің көзін көрген, сый­ла­сып-сырласқан, ал өзі бүгінде қа­зақ әдебиетінің санаулы сын­шы­ларының бірегейі атанған Аман­гелдінің шығармашылық жо­лына шолу жасап, бір-екі ауыз пі­кір білдіруді жөн көрдім. Әң­гіме­ні әріден, әкесі Кеңшіліктен бастауымның жөні бар. Саналы баланың тәлім-тәрбие алған орта­сы туралы айта отырып, өзі жөнін­де сыр тарқату келісе кетпей ме?!
Сонымен, Амангелді Кеңшілі­к­ұлы қандай сыншы? Қазақ әдебие­ті­нің бағыт-бағдарын жіті бақы­лап, әлем көркемсөзінің озық кө­шіне қалай ілесіп келе жатқа­ны­на ой жүгіртіп, түйін сөзімді жет­кізбек ниетпен қолымда бар үш кітабын: «Ақ жауын», «Сөз патша­сы» және «Мәңгілік сәулесін» қай­та­лап оқып шықтым. Сүйсін­дім де түйсіндім. Жазу мәнерінің айшықтығына, мазмұнының мә­ністілігіне, білім-білігінің те­рең­дігіне, санасының саралығына, бы­лайғы жұртшылықтың байқа­ма­ғанын тауып айтып, ойыңды байытып, сезіміңді сілкінтіп, нық басып, сілікпесі шыққан таптау­рын әдеби әдіс-тәсілден бас тар­тып, көркем шығарманы талдау мен саралаудың су жаңа жолына түс­кеніне көзім жетті, соған қуан­дым. Алайда, сол талантына лайық құр­мет көрсетілмей жүргеніне жа­ным жүдеп, қарадай отырып, қар­ным ашты. «Талантты тірісінде бағалайық, өлгесін өкінгеннен не пайда?» деп ақылситынымыз бар ғой. Сол сөз айта-айта жауыр бол­ды, одан қорытынды шығар­маға­сын айттың не, айтпадың не? Қо­­лыңнан келетіні орайы келген­де осындай ішіңе сыймаған пікі­рің­ді жазып қалуға тырысу. Әттең, ол сөзіңе – оң сөзіңе құлақ асып жат­қан билік басындағылар та­был­май тұрғаны…
Осы жерде бір шындықтың бе­тін аша кетпекшімін. Өзін мақ­та­ғаны несі деп кері түсініп қалма­ғай­сыздар. Дәйексіз сөз емес. Кең­­шіліктің таңдамалысына жаз­ған талдау мақаламда басқалардың аузына түспеген, ақынның өзіндік қолтаңбасын айғақтайтын бір қырына тоқталып едім. Кеңшілік­тің балқаймақ өлеңдері мен бал­шырын баллада, поэмаларының ой-толғам философиясы, сөз бен сөз тіркестері, дүниеге көзқарасы, се­зімі, ақыл-парасаты түгелдей қа­зақы ұғымның, ұлттық түйсіктің ше­бер шендестірген үлгісі. Ақын шы­ғар­машылығының осы қасиет­терін тиісті мысалдармен дәйекті дәлелдей отырып, қорытынды пі­к­ір айтқанмын. Кеңшілік Мыр­забеков мықты ақын ғана емес, арын­даған айтулы ұлт ақыны де­ген­мін. Кейін бірлі-жарым болса да менің пікірімді хош алған мақа­ла­лар шықты. Дарабоз ақын поэ­зиясындағы осы ерекше өрнекті бас­­қалар да білген шығар-ау. Алай­­да айтуға асықпаған. Қызға­ныш­тың қызыл шоғы ма, жоқ, се­зінбеді ме, әйтәуір баса көрсе­тіл­мей-ақ келеді. Обал-ақ қой. Ақынның жаратылысындағы асыл қасиетін, өзгеше өрнегін ескер­меу­ді талантқа жасалған қиянат демеске лаж жоқ.
Бұл пікірімді неге еске салып отыр­ғанымды тірілте кетейін. Аман­гелді сыншы-сарапшының да жазу мәнерінде алабөтен, ай­құ­лақтана көрініп тұрған ерек­шілік бар және ол ешкімге ұқсамайтын өзі тапқан, өзі қолданып жүрген жазу мәнерінің өзіндік тәсілі. Аман­гелді сыншының әдеби шы­ғар­маларды саралауы әдепкідей емес: тақырыбы мынандай, идея­сы мен түйіні, кейіпкерлерінің об­раздары, даралануы, көркемдігі, сөз қолданысы былайша деп желе жөнелмейді. Әр шығарманың же­тістігі мен кемістігін, шындығы мен шеберлігін тереңнен қозғап, түпкі сырын ашуға айрықша көңіл бөледі. Сондай-ақ, қазіргі таңдағы әлем әдебиетіндегі жаңа шығар­ма­лар мен талқыға түскен туынды­лар­ға қатысты жерлеріне тоқта­лып, салыстыра саралап, өзі оқы­­­­ған кітаптар туралы пікір айт­­қан алыс-жақын елдердегі әріп­­­­тестерінің есімдерін де еске са­ла кететіні бар. Ал бұл болса, сын­­шының айна­ла­сын төңі­рек­темей, өсіп-өркен­деп, өркениеттің өріне көтерілген көркем шығар­ма­лардан өнеге алуға жол көрсету. Ғажап емес пе?!
Айталық, Амангелдінің кез кел­ген мақаласын оқып көріңіз. Он­да шығарма бағалау барысында ес­телік те айтылады, хаттардан, бел­гілі өнер, қоғам қайраткерле­рі­нің сөздерінен үзік мысалдар келтіріледі, шығармадағы оқиға желісіне байланыстыра отырып көңіл-күйін, ой-толғамын қосар­лай келтіре кетуді де ұмытқан емес. Қысқасы, ол әдеби шығарма тура­сындағы пікірін жеке басы – өз өмі­рінің жай-жапсарын баян­дай оты­рып жазады. Бұл оқуға да, түй­сінуге де, түйін түюге де өте қо­лай­лы. Оларды бейне әдеби шы­ғарма оқып отырғандай қабыл­дайсың, қызығып, құмартып, қа­шан бітіргенше көңілің де, сезі­мің де ысып, тасып-төгіліп ерек­ше күй кешесің. Әр шығармаға айтатын сөзін, беретін бағасын беріден, бе­тінен қалқымай, әріден, түбі­рі­нен іздеп-тауып, құпиясын ашуға асық. Жаның сүйсініп, көңілің көтеріліп, жаңа бір ойдың бесі­гінде тербеліп, өзің білмей келген бір жақсы жаңалық ашқандай се­зінесің. Сыншы сөзінің сара­лы­ғы мен қуаттылығының әсері осын­дай.
Амангелдінің тағы бір тамаша қасиеті жағымсып, жалтақтамай, шын­дықты шырғау шығармай, ту­ра­сын айтып, тіліп түсетіні. Көп­­ші­лік көңіліне келер-ау, ағай­дың атына – абырой-атағына қара­мағаным қалай болады-ау деп кү­мілжімей көкейіндегісін бүкпе­сіз білдіруі адалдығының белгісі. Көңіл­жық­пастық, көлгірлік ата жа­уы. Нағыз сыншының қайтпас қайсар­лығы, айнымас адалдығы осы болар.
Менің пайымдауымша әрі қа­зақ ақын-жазушыларының мойын­­дауынша сыншы Амангелді Кең­шілікұлының дарындылығын да­ралап, абыройын саралап тұрған бас­ты төрт бірдей ерекше қолтаң­басын бөліп айту парыз. Біріншісі, көркем әдебиеттің көшін түзейтін сын жанрының шаң басқан көне сүрлеуден даңғыл жолға шығып, шы­ғарманы жаңаша таным ар­қылы талдап-бағалаудың өзгеше үл­гісін көрсеткені. Екіншіден, со­ғыстан кейін туған, есімдері елен­бей келген, бүгінде қазақ поэ­зиясының көрнекті тұлғаларына ай­налған, сол кездегі жас ақындар Жа­расқан, Иранбек, Кеңшілік, Темір­хан, Есенғали, Әмірхан, Ұлық­бек және т.б. сынды талант­тардың шығармашылығын жоғары ба­ғалап, жалғанның жарығына шығарғаны. Үшіншіден, әдеби-сын мақала жазудың соны соқпа­ғын тапқаны. Төртіншіден, әлем әдебиетіндегі жаңалықтарға ой жүгіртіп, қазақ әдебиетінің рухани жаңғыру бағдарын айқындауға атсалысқаны. Міне, сыншының абыройын асқақтатып, әдеби орта мен оқырман қауымды сүйсіндір­ген төрт сипаты осындай. Жалпы, Амангелдінің сыншылық талан­тын танытқан екі еңбегін бөліп ай­тайын. Біреуі – Мұқағали Мақа­таев­тың шығармашылығына ар­­нал­ған кітабы. Оған алғысөз жаз­ған айбоз ақын Фариза Оңғар­сы­нова айы­рықша баға беріпті. Сыншы ақын поэзиясының ішкі әлеміне ендей үңіліп, «ғажап се­зім, қым-қиғаш жан тебіреніс­терін бұл автордың да тұла бойын жер сілкінгендей күй­ге түсіріп, өз басының жүрек­жарды қуанышы мен аспан жерге құлағандай қабырғасын қақырат­қан қайғы­сына қаламын малып жазған эссе-роман» деп сипат­тауы­на алып-қосарым жоқ. Сын­шының екінші елеулі еңбегі ғажап ақын Жұмекен Нәжімеденовтың шығарма­шы­лығын саралап-сал­мақтауға ар­нал­ған кітап жазып жүргенін де білемін. Оның кітабы басылымға шыққан-шықпаға­ны­нан бей­хабармын. Алайда газет-жорнал беттерінде жарияланған үзінді­лерін үздігіп оқығанмын. Оның да жазу мәнері жаңаша-тын. Сөз арасында естелік айтып, ке­зек­ті өлең иә поэмасын оқығанын әңгі­мелей отырып, оны өз басы­нан өткен оқиғалармен үндестіріп, тіпті, кейде оның кейіпкеріне ай­налып кететіні ой-пікірін еркін кө­сіліп жазуына жол ашып тұрға­нын байқайсың. Жарияға шыққан үш кітабын, кейінгі жылдары бас­пасөз беттерінде үздіксіз жа­рия­ланып жатқан эссе-мақала­ларын – толық шығармашылығын толымды талдап, ой қорытуды көз­­­дегенім жоқ. Ердің жасы елуге то­лып, өмірінің жаңа белесіне кө­терілген сөзі салиқалы, пікірі сал­қар, дарабоз дарынды сыншы бауы­рым – баламның қуанышына орай өз көңілімді білдіріп, ғұмыр жа­сың ұзақ, бақытың баянды, от­ба­сың – бала-шағаң аман болсын де­ген ағалық тілек қосамын.

Қуанышбай Құрманғали,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.