Марат Қабанбайдан Қалған сұрақ: «Неге?»

0
82 қаралды

Көркем шығармалары көпке танымал, балаларға арнап жазатын санаулы қалам иелерінің ішінде есімі белгілі, бірнеше сыйлықтардың лауреаты атанған М.Қабан­баевтың «Арыстан, мен, виоленчель және қасапхана» атты балаларға арналған повесі бар.
Осы повестегі көркем шығарманың негізгі көтеріп отырған мәселесін анықтап беретін, көркем шығарманың өзіндік позициясын белгілеп тұрған Ч.Дарвиннің пікірін (дәйексөзін) позициясы күшті мәтін бөлшегі деуге болады: «Жануарлардан адамзат баласының айырмашылығы ар-ожданы мен ұятында жатыр деген пікірді толығынан қостаймын». Осы сөзде повестегі оқиғаның негізгі желісі, оқиғаның өрбуі ар мен ұятқа, адамның ожданына байланысты болатыны айқындалып-ақ қалады. Одан әрі оқиға қарапайым тіршіліктің суреттері болса да, адамды бірден өзіне тартып, үйіріп ала жөнелетін көріністерден құралады. Ал логикаға сыймайтын, қисынға көнбейтін мына фразалармен көркем шығарманың оқиғасы басталып кетеді: «Қасапхананы өртемек болғаны үшін А.Қайырсыновқа мектеп дирекциясы атынан алғыс жариялансын. НЕГЕ?». Зерттеуші үшін зерделеуге себеп болатын осы фразалардан және НЕГЕ деген сұраулық шылаудан мәтін басталды.


Ал Марат Қабанбаев мәтінді осы фра­залармен бастай отырып, бір ғана «НЕГЕ?» деген сұрауды үлкен әріп­термен жазып, мәтінге енгіз­бек кодын осы шылауға телиді, оның шешімін табуға жетелейді. Сон­дықтан М.Қа­банбаев пове­сі­нің басында тұрған «НЕГЕ?» сұрау­лық шылауы – нақты осы мәтін үшін рефлектрлі сөз.
Көркем мәтіндегі сөздер көп рет­те рефлектрлі болады. Реф­лек­тр­лік қасиет сөздің өшіңкі, кө­мескі мәнін айқындайды және осы мәнді жандандырып, қозға­лыс­қа түсіреді, нақ осы реф­лектр­лік кейде тілдегі өлген, өш­кен құбылысты тірілте алады, уәж­сізді уәждендіреді. Мұндай сәт­терде сөздің түпкі немесе эти­мологиялық мағынасының өзі басты рөл ойнай алмай қалады, се­бебі көркем мәтінде образды қол­даныс алдыңғы кезекке шы­ға­рылады, ал образды қолданыс­тың семантикасы күшті, өйткені сөздің ішкі формасы тіріліп, жан­данып, қозғалысқа түседі. Осы форма негізгі тірек образ­дар­дың сөз арқылы, сөздің көме­гі­мен жандануына, мағыналық жақ­тан кеңеюіне түрткі болып, оқыр­манды тартудың амалына ай­налады. Аталған повестегі оқу­шыға қылмыстық әрекеті үшін не­ге алғыс жариялануы тиіс деген сауал­дың жауабын іздеу, оны табу осы сөздің (неге? – сұраулық шы­лауы­ның) ішкі мағыналық әлеуе­тін арттырады. Яғни неге сөзі жай ғана сұраулық шылау қызметін ат­қарудан гөрі бұл контексте қы­зығушылық, ынтықтыру, іздеу, іздену, таңдану, шошыну, түсін­беу­шілік, таң қалушылық, т.б. ма­ғыналардың жиынтық көрі­нісін беріп, концептуалданып, семантикалық жақтан әлеуеті күшті сөз санатына көшкен.
Кез келген мәтінде оның бол­мы­сын жеткізетін күшті пози­ция­лы құрылымдық элементтер бо­лады. М.Қабанбаевтың аталған по­весінде күшті позицияны әрбір тақырыпшадан соң берілетін қысқа резюме сынды қайырым­дар иемденеді. Автор повестегі оқи­ғаны жүйелі түрде, бір-бірі­мен сабақтасып жатқан, бірінен бі­рі өрбитін оқиғалар желісін құ­райтын он төрт тынысқа бөле­ді. Әр тыныстың астында қысқа ға­на, төрт-бес сөйлемнен тұра­тын түсініктеме іспетті қайырым бар.
Мәселен: «Алғашқы тыныс» – та­қырыпша. Тақырыпша ас­тын­да осы тақырыпшаның қыс­қа­ша мазмұны баяндалады. Ав­тор оны өзінің көздеген мақ­са­тына жетуге жегіп, өз мүддесіне сай етіп бере алған. Мұндай қысқа қайы­рымдар бірнеше сөйлемнен тұ­рады және нақты бір тарау­ша­дағы болатын оқиғадан хабардар ете­ді, негізгі кейіпкерлерінің атын атап, таныстырады. Мыса­лы, «көкем, мамам, кептер және мен». Әрекет, қимыл, қозғалыс немесе мәтіндегі оқиға өрбуі неге я болмаса кімге байланысты бо­ла­тынын көрсетеді және оны ба­ла танымына сәйкес, бала тілі­мен жеткізеді: «Асан дегенде құй­рығын жұлып беруге әзір тө­беттің көркем суреттен хаба­ры­ның аз­дығы анықталады», – де­ген­де, тосын тіркесім бір қа­ра­ғанда, ер­сілеу көрінгенмен, тө­беттің ба­лаға деген қарым-қатынасын ба­ланың ойлауы арқылы білді­ру­ге келгенде, дөп айтылған шебер қол­даныс деуге болады. Оқиғаны не және кім өрбітетіні, қай бағыт­та өрбитіндігі бірден анықталып сала береді. Осыған жанаса жүріп оты­ратын тағы бір оқиға – «Тен­тек қасқа бұзау мен Арыстанның жекпе-жегі».
Оқиғаны баяндаушы баланың эрудициясын көрсетуде, баланың аузына сөз сала отыра өз эруди­ция­сын танытуға келгенде Марат Қабанбаев шебердің шебері: «Кеңістік… аудан орталығы – мен туып-өскен материялар» сын­ды сөйлемдер қазақы қара­пайым ұғымды (айталық, мен туып-өскен жер) ғылыми түсінік­пен бере отырып, бала-оқырман­ды ойлануға жетелейді. Әрине, кеңістік пен материя сияқты фи­зика-жағрапиялық өлшемді жайдан-жай айтып отырған жоқ, оны бала танымымен қабысты­рып беріп отыр. Марат қаламы­нан туындаған образдардың ғы­лы­милығы үстем түсіп жататыны да, бейнелі суреттердің басқа еш­кімге ұқсай бермейтіні де ол ту­дырған көркем мәтіндердің да­ралығының белгісі. Осы тұста ай­та кету керек, Марат – алдыңғы не­месе кейінгі, яки тұстас әріп­тес­теріне қарағанда ғылыми терминдерді көркем шығармаға ше­бер кіріктіруге барынша тө­сел­ген жазушы. Ал бұл әдіс ҒТР заманында ақиқат дүниенің бол­мысын барынша шын жеткізу амал­дарының бірі деуге болады. Кейде нақты терминнің өзін қол­данбағанмен, ғылым тіліне жа­қын сөйлеу арқылы соны тір­ке­сім­дер шығарып алып отыру да – Марат қаламына тән. Бұл жер­де тілдің заңдылықтарының бірі – кез келген сөздің өзінің лек­си­ка-семантикалық тобынан бөлі­ніп те қолданыла беретінін ескеру керек және кейде сөз семалары­ның нейтралдануы болады.
Мысалы, «дауыстың ирек-ирек жаңғырықтары» – бұл тір­ке­сім құлаққа тосын тиеді. Бізге таныс, құлаққа сіңісті болып кеткен жаңғырып естілу, қатты жаң­ғыру сияқты тіркесімдерден ирек-ирек жаңғырықтың аста­рында физикалық заңдылық ба­ры байқалып, жаңғырықтың фи­­зикалық суретін, сөзбен са­лын­ған бейнесін көргендей әсер қалдырады. Келесі сөйлем осы ой­ды дәлелдей түседі: «Кеңіс­тік­тің бір бұрышында ірілі-ұсақ 150 миллиард жұлдыз, планетасы бар біздің Галактиканы дыбыс, сәуле толқындары ерсілі-қарсылы тынымсыз турағыштап жатыр». Біздің танымымызда дыбыс тол­қыны тіркесімі бар, бойымыз үй­­ренген, сонымен бірге әуе тол­қы­ны бар, толқын толқиды, сыл­дырайды, жарды соғады және көңіл толқиды; сәуле түседі, сәу­ле тура және қиғаш түседі, т.б., бі­рақ олардың ешқайсысы да Ма­рат ұсынған сәуле, дыбыс тол­қынының турағыштығындай әсер бере алмайды. Ойға келе бер­­мейтін тосын сурет, сондық­тан тосырқаумен қабылданады. Сөздердің мағыналық құрылы­мы­нан сәйкессіздік сезіледі. Бұл сөздерді тіркестірген автор тағы да физика заңдылығына сүйенген және ғылыми мәтін мен көркем мәтін ерекшеліктерін түйістіре, бір арнаға сыйдыра отырып, жаңа тіркесім құраудан тайсал­ма­ған. Тағы бір ескерер жайт: «Сөй­леуші не жазушы сөз қолданғанда өзінің мақсатына қарай парадиг­ма­лық топтағы (темадағы) сөз­дер­дің біреуін алып қолданады» (Хасанов Ғ.). Яғни бір ортақ се­ма­ға негізделген сөздердің ішінен біреуін ғана алып, жұмсайды. Ол деректі семантикалық катего­рия­ға ие бола алатын сөз, нақты­лау­шы сема болып табылады, кел­тірілген мысалда ол сөз – толқын, ал коннотаттық маркерге – ды­быс, сәуле толқындары (семаға), қо­с­ымша семаға – турағыштау сө­зі ие. Келтірілген мысалда не­гіз­гі ойды ұстаушы сөз яки се­ме­ма осы қатардағы барлық сөз­дердің біріншісі, базасы болады. Ол – толқын сөзі.
Екіншіден, мектеп оқушысы­ның сәуле, толқын туралы түсі­ні­гінің физикамен байланыс­ты­ры­ла суреттелуі мәтіншілік ақи­қатты растай түседі. Мектеп оқу­шысын бала әлемінен тым алыстатпай, оның танымынының бөлектігін көрсетеді. Көркем де ше­бер тілмен баяғының ше­шен­дерінше, билер дауына білек сы­бана кіріскен ақсақалша сөй­лет­пейді. Сондықтан осындай тосын тір­кесімдерді сөз нәрін, бояуын ұғына алмағандық деп емес, жазу­шы өзінің діттеміне қарай кейіп­керінің сөйлеу әдебін осы­лайша қалыптастырған деп қа­былдау жөн. Баланың танымын жеткізу үшін автор иттен қашқан бұзаудың қозғалыс траектория­сын былайша суреттейді: «Иттен қорғана жүріп, сан қилы ұзын-қысқалы хорда, катет, гипотенуза бойымен қақпа сыртына қашып шығады да, Арыстанның адам­гершілігінің аздығына, жалпы иттігіне кереметтей өкініштілігін ұзақ-ұзақ назалана мөңіреумен түсіндіреді» (М.Қабанбаев. Шы­ғармалары. 2-т., 10-б.). Ал иттің қозғалыс траекториясы былай бо­лып шыққан: «Арыстан ше? Ол, сөз жоқ, көзім шалатын фо­куста мәнермен бүлкілдей желіп бара жатады» (Сонда, 10-б.). Тіл білімінің терминдерін бала ұғы­мын жеткізуде пайдаланған автор мынадай тосын тіркесімдерді қолданады: «Ми қабаттарымның сай-жүлгелеріне бұғып қалған «көз жасы», «жылау» тәрізді зат есім, тұйық етістіктерді үркітпек оймен қарды қауып-қауып алдым да, «Шыңғысхан» кітабындағы (авторы Ян, атын білмедім) қа­тыгез қаһан шешесінің атын ой­ша іздестіре бастадым» (сонда, 36-б.); «Шыңғысханның шеше­сі­нің аты түгіл, Шыңғысханның шешесі деген күрделі анықтауыш­ты таппай қапа болдым» (Сонда, 36-б.). Сол сияқты повестің өн бойын­да басқа сала терминдері ұшырасады, олар ерекше тірке­сім­дер құрамында тұрып, белгілі бір қызметтер тапқан: «Бірақ жаңа­ғы дыбыстар бөлмедегі ауа­ның атомдарын бұзып-жара, ма­мамның құлағына жетіп үлгір­генше, неге екені белгісіз, кере­мет­тің күшімен мысық мияуына, иттің үргеніне айналып кетеді» (сонда,14-б.). Бір кейіпкердің жан-дүниесін екінші кейіпкердің түсіне алмауы ауа атомдарының оңай­­лықпен бұзылып, жарыл­мауы­мен селбестірілген. Шы­нында да атом (дыбыс) әлденеше бөлшектерге бөлініп, мәнін, маңы­зын жоғалтып үлгіреді. Бұл – бала танымы. Сондықтан да М.Қабанбаев көркем образды жа­сауда білім мен ғылым тілін са­бақтастықта алып кәдеге жара­тады Бұл бір тыныс ішінде ғана кездесетін тосын тіркесімдер. По­вестегі күшті позициялы қайы­­рымдар әртүрлі сөйлем­дер­ден құралған. Негізінен жай сөй­лемдер, олардың ішінде сұраулы сөйлемдер кездеседі, семанти­касы әртүрлі, себебі олардың бәрі тек таза сұраулық мәнді ғана біл­дірмейді. Мысалы: «Масқара, мы­сық суреті ме?» – сұраулы сөй­лемнен гөрі таң қалуды (2-ты­ныс); «Көкем қалайша бухгалтер бол­ған?» – (3-тыныс) – —налуды; «Көкем әуенге, әлде әуен көкеме айналды ма?» – түсінбеушілік, сұраудың жауабын жанталаса іздеуді (4-тыныс); «Қорлығын өткізген қисық көз маған қалай ұнады?» – өзіне-өзі сенбей қалу­ды (6-тыныс); «Басқа не шара?» (8-тыныс) – амалсыздықты; «Мен теледидар программасына қа­лай айналдым?» (10-тыныс) – түсінбеушілікті; «Шыңғысханға не жорық?» (11-тыныс) – таң­дану­ды білдіреді.
Сондай-ақ, «Күшік жұтқан Шың­ғысхан» сияқты сөйлем осы тарау­шаны әрі қарай оқуға ша­қырып, қызықтыра түседі. «Бір күні мектептен келе жатсам…» – аяқталмаған сөйлем, бірақ инер­циясы жоғары, әрі қарай ой бары, айтылатын хабары бар сезіліп тұрады. Дегенмен бұл эл­лип­систенген сөйлем емес. Сон­дай-ақ, оқиғаның кезегін, ретін, өрбуін білдіретін: «Жілік – Арыс­тан – шана – Шыңғысхан» сын­ды сөйлемдер бар. Бұл сөйлем түрлері туралы синтаксис саласы мамандарының талдауларын кездестірмегенімізді айту керек. Мүмкін дискурске, фукнцио­нал­ды синтаксиске тереңдеген кезде осы сынды сөйлем түрлерінің ерек­шелігін ашатын талдаулар дү­ниеге келер. Мұндай сөйлемдер оқырман санасында сөйлемнен гөрі кино кадрлары сияқты, суретті-образды ассоциация ту­дырады әрі драмалық шығар­ма­лар мен кино сценарийлеріне етене тән сөйлемдер, әр сөз бір мә­тіннің қызметін атқарып тұр­ғандай әсер береді.
Лепті сөйлемдер де бар: Жер ша­рындағы, көршілер арасында­ғы бейбітшілік жасасын! – юмор ма, баланың жай ойын үшін айта салған сөзі ме, шын сенімі ме, бел­гісіз. Леппен айтылатын ұран тә­різдес болса да, мәні бөлек. Мә­нін түсіну үшін баланың та­нымы, тыныс-тіршілігі, сол бала өмір сүрген кезеңнің жағдаят­та­рынан хабардар болу керек. Бас­ты­сы, сол кезеңде өмір сүрген ба­лаға айналу керек. Міне, ба­ла­лар жазушысы болудың қиын­ды­ғы осындай бала-кейіпкердің аузына сөз салғанда сезіледі және ав­тор эрудициясы жоғары, қа­бі­лет-қарымы мол, танымы терең болса да, бәрін бірдей бала-кейіп­керінің бір басына үйіп-төге салмайтыны түсінікті.
Шынында да, «жүйе – мәтін» ба­ғы­ты мен «мәтін – жүйе» бағы­ты бойынша сөз мағыналарын талдау – сөздердің бір-бірімен бай­ланысу мүмкіндігін айқын­дау­ға әсер етеді. Талдау түрлерінің ішінде диструбитивтік талдау сөз­дің өзін зерттеуден, мағына­сын зерделеуден басталады. По­­вестегі осы сынды диструбитивтік тал­дауға сұранып тұрған мәнді сөздер – негізгі ойды білдіретін тірек сөздер. Мәтіндегі түпқазық ойды, яғни адалдық, ар-ождан, ұят сияқты моральдық кате­го­рия­ларды дәріптеуге құралған по­вестің өн бойында басты кейіп­кердің сөздерімен елеусіз ғана осы тірек сөздер желісі тар­ты­лып отырады. Кейіпкер бала­ның өтірік айтуды, өтірік сөй­леуді ар санайтыны, ұрлап кітап оқудың өзін қылмыс санайтын тазалығы мына бір сөзінен көрі­неді және бала сөзі повестегі адал­дық, шындық кредоларын айқындайды: «Мың бір түнде» ұрының қолын патшалар шауып тастағанын айтайын дедім де, кі­тапты көкемнің сөресінен ұр­лап оқығаным есіме түсіп, едәуір ыңғайсызданып қалдым» (сонда, 29-б.).
Сөз бен тілдік бірліктердің семантикасына сүйенетін мәтін ішінде тілдегі ең кіші бөлшектер де, атап айтқанда, қосымша мор­фемалар, көмекші сөздер, тыныс белгілері, абзац, т.б. семантика­ла­нады. Мысалы, «Шет жақтан ит ұлып қоя берді. Ішін тартып, тап өші қалғандай төбе құйқаны шымырлата сұңқылдап әуелетеді-ай келіп» (3-том, Жеңеше, 60-б.) деген сөйлемдегі -ай демеулік шы­лауы бірнеше мәнді білдіріп, оқиғаның дүркіндігін, үзіліссіз­дігін, ұзақтығын көрсетіп, семан­тикасы барынша күшейген. Бұл сөз мағынасы тек контексте, мә­тін ішінде ғана нақтыланады деген пікірдің дұрыстығын көр­сетеді. Осы сияқты сөз секілді өзге мәтін бөлшектерінің мағы­насы да мәтін ауқымында нақты­ланатынын аңғару қиын емес.
Жазушының шығармашылы­ғы, ол кейіптеген образдар, тақы­рып, идеяның өміршеңдігі жазу­шының тіліне тәуелді, сондықтан жазушы тілінің иірімдерін, оның мәтін арқылы жеткізетін кө­кейін­­дегі мақсатын оқырман тү­сі­­ніп оқығаны абзал. Өмір­шең­діктің ғұмырын ретімен дұрыс қол­данысқа түсірілген тілдік бір­лік­тер, үйлесімді қолданыстар, ок­казионалдар арттырады. Жазу­шы бір тілдің табиғатын терең таныған сайын тілдік бірліктердің өз орнын табуы, дұрыс қолданылу мүм­кіндігі артады.
Жазушы танымы – шығар­ма­шы­лық иесі үшін баға жетпес дү­ние, өзгелерден озық ой айтуы, ше­бер сөйлеуі, сөздің дәмін се­зінуі оның стильдік ерекшелігін ту­дырады. Әрбір көркем шы­ғар­ма туралы сөз болғанда стиль да­ралығының алдыңғы кезекке шы­ғатыны осы себептен. М.Қа­бан­баевтың сөз саптаудағы дара­лығын оның ғылым тілін көркем шы­ғармадағы тосын сурет, об­раз­дарды тудырудағы талпыны­сы­мен сабақтастыруға болады. Ай­талық, «Қос ішекте қатарласа қал­ғып отыратын дыбыстар әуде­жар қылтаяқ тиіп кетсе, пыр-пыр ұша жоғары көтеріледі. Бірақ жаңағы дыбыстар бөлмедегі ауа­ның атомдарын бұзып-жара, ма­­маның құлағына жетіп үлгір­ген­ше, неге екені белгісіз, кере­мет­тің күшімен мысық мияуына, иттің үргеніне айналып кетеді» (сонда, 14-б.). Кез келген көркем мә­тіннен әуелете көтерілген саз­ды үнді, шарықтай, шырқырай кө­терілген әуенді, т.б. қолданыс­тар­ды кездестіруге болғанмен, дыбыстардың пыр-пыр ұша жо­ғары көтерілуін кездестіре қою қиын. Әрине, бұл жерде тағы да автор­дың бала танымын жеткізу па­рызы болғанын естен шығар­маған абзал.
М.Қабанбаев кейде кейіпкер сө­зінде, кейде автор сөзінде стан­дарт, клишелерді қолданып оты­ра­ды: «Татуласудың әліппесі ре­тін­де қашаға үйілген жоңышқа етегінде құмар қанғанша алыстық (сонда, 12-б.). Мараттың тілдік әле­мін барша танымы, бүкіл бол­мыс-бітімі тоғысқан тілі арқылы ғана тануға болады.
М.Қабанбаев та – О.Бөкейдің жер­лесі, өр Алтайдан түлеп ұш­қан талант. Оралхан да, Марат та өздері туып-өскен жердің әсем та­биғатына ғашық. Екеуі де жыл­дың төрт мезгілі суреттеген. Ма­раттың жылдың төрт мезгіліне ар­наған повесі «Туған жердің төрт мезгілі» деп аталады. «Қыс-қаңтар» тарауы «…астары көк сә­­тенмен тысталған аспан» фра­за­сымен басталады. Тосын және ұтымды сурет. Көк сәтенмен тыс­талған аспан – қазақы түсі­нік­тегі қарапайым сурет, қандай көр­кем әрі нақты сурет! Ал автор­дың күнді суреттеуі тіпті бөлек, ерекше: «Күн күн бойы жалғыз­дан-жалғыз қанкөбелек ойнап жүреді де, айналып-айналып ба­рып, қаны басына шабады, ақы­ры кешқұрым көкжиекке қып-қызыл бетін басып, құлай ке­те­ді» (2-том, 54-б.) немесе «Күн иегін қалың қамысқа баты­рып, кәк етіп қойған баладай, қып-қызыл боп, бартиып кетіп­ті»; Есікті ашысымен жарқылдап кеп құшақтап алған күн кірпік сәулесін тіктеп көзіме қадады» (8-б. Бақбақ басы толған күн). Ке­ш­ті суреттеуі де өзгеше шық­қан: «Момақан кеш қара ша­п­а­нын үнсіз ғана жайлап асықпай киіп жатыр» (Бақбақ басы толған күн, 46-б.); Қатты аяздан соң қа­тып қалған өзен суреті тіпті бө­лек: «Үсіп қалған қара жылан ақ­шаңқан қар үстінде қатып жа­тыр. Бір сөзбен айтқанда Қарасу осы» (2-т., 72-б.) – автор даралы­ғын көрсететін тосын суреттер. Әри­не, көркемдік тұрғысынан кәк етіп қойған баладай бартиған күн талғампаз көптің көңілінен шықпауы да мүмкін, бірақ бала ті­лімен жеткізілген суреттің қай­таланбастығын мойындау да ке­рек. Өйткені баланың сөз әдебін жет­кізу үшін жазушы барынша тал­пынған. М.Қабанбаевтың көр­кем мәтіндерінде нағыз бала түсі­нігін білдіретін бір-біріне ат қою­дың үлгілері жеткілікті, мы­са­лы, «Неге плюс сұрақ белгісі» – бас кейіпкерге екінші баланың таңған лақапаты.
Мәтін құраушы күшті пози­ция­лы фактордың бірі – автор­дың идеялық-эстетикалық пози­циясы. Марат бұл тұрғыда бала танымын, түсінігін суреттеуде эсте­тикалық позициясы бөлек шы­ғармашылық тұлға деуге бо­лады. Жоғарыда келтірілген мы­салдар осы ойымызды дәлелдей түседі. Жазушы шығармалары­ның формасына оның мазмұны ғана емес, бала кейіпкерлердің ті­лі­мен жеткізген өмірлік пози­ция­сы, ұстанымы да үйлеседі.
Ендеше бала танымын бала­ның ойлау өрісіне сай тілмен сөй­летіп, балаларға арналған шы­ғарманы дүниеге әкелген адам көптің бірі емес, белгілі М.Қабанбаев атты шығар­ма­шы­лық тұлға болса, мәтінді талдау, мәтіннің мәнін зерделеу, оны тіл­дік тұрғыдан таныту – қажет мә­селе. Мәселе ғана емес, ұлттық мүд­де тұрғысынан қарағанда мін­дет деген дұрыс. Өйткені, әрбір шығармашылық тұлға – халық­тың рухы. Бала кейіпкері «Адам­дармен татуласа берсең, түптің тү­бінде кемеңгерге айналуың да мүм­кін» деп ой тастайтын М.Қа­банбаевтың балаларға арнап жазған әрбір повесі сіз бен біз бай­қаусызда бастан өткізіп алған бала-рух, баланың макрообразы немесе эйдос деуге болатын шы­ғар­малар.

Бағдан МОМЫНОВА,
филология ғылымдарының докторы, профессор

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.