«Мен– жындымын» романы неге жазылды?
15.09.2021
5145
1

 Жаңаша ізденістің жемісі

Тәуелсіздіктен бергі жылдары проза саласында жазылған шығармаларда жанрлық жағынан түрлену, тақырыптық жағынан даралану байқалады. Қазақ прозасында қаламгерлік қолтаңбасы айқын, шығармашылық табиғаты  ешкімге ұқсамайтын өзіндік өрнегімен ерекшеленетін қаламгер Тұрысбек Сәукетаев екені даусыз. Оның прозасындағы әрбір кейіпкер өзінің өткенімен тамырласып жатқан күрделі тағдыр иесі болып суреттеледі. Қаламгердің прозасындағы жаңаша поэтикалық ізденістері шығарманың тақырып-идеясымен астасып, авторлық ұстаныммен жымдаса кірігіп, табиғи сипатымен оқырман жүрегіне жол табады. Жазушының «Мен – жындымын» романы – бүгінгі күннің қат-қабат оқиғасы мен қилы тағдыр иелерінің арман-үміті сыйдырылған кең тынысты көркем туынды. Ондағы әрбір кейіпкер бейнесінің астарында мыңдаған адам тағдырының иірімдері жинақталған. Талданып отырған шығарманың күрделі құрылымындағы әрбір құрылымдық бөлшектің өзіндік рөл атқарумен бірге, бір-бірімен тығыз байланыстағы ортақ мақсаты арқылы тақырып айқындала түседі. Сондықтан да Т.Сәукетаевтың шығарма тақырыбына ерекше мән бергендігі,  тақырыпқа сай идея таңдауы, сюжеттің өрбуі, кейіпкер бейнесінің, автор бейнесінің көрінуі бір-бірімен сабақтасып жатқан мәтіндер мәні арқылы біртұтас полотно ретінде шығарманың өзіндік табиғатын  айқындайды.

Қалың оқырман назарын бірден аудартып, ерекше қошеметке ие болған «Мен – жындымын» романы неге жазылды?» – деген сауалға берген жауабында автордың өзі: «Біз өмір сүріп отырған орта да ділгір мәселеден кенде емес, әлеуметтік қайшылықтар, ұрлық, зорлық-зомбылық, моральдық азғындық секілді қоғамдық кеселдермен күнделікті бетпе-бет ұшырасатынымыз белгілі. Қолыңда қаламың болған соң айналаңдағы құбылыстарға алаңдамай жайбарақат отыра алмайсың, шама-шарқыңша үн қатуға тырысасың. «Мен – жындымын» романы, міне, сондай шамырқанудан, қазіргі қайшылыққа толы қазақ қоғамының моральдық-этикалық бет-бейнесін жасасам, рухани ішкі болмысын ашсам деген талпыныстан туған дүние», – деп жауап қатады.

Демек, автордың алдына қойған қаламгерлік мақсатына сай өмірді кең қамтитын дәстүрлі роман жанрын авторлық номинациялар арқылы жаңартуға ұмтылысы, қоғамдық формациялардың өзгерісі, құндылықтарға деген өзгеше көзқарасты кейіпкерлер бойындағы, ой санасы мен сезіміндегі қайшылықтар арқылы көрсету прозадағы жаңаша ізденісінің жемісі болып табылады. Мәтіндегі оқиғалардың бірізділігі, жалғастығы, үздіксіздігі еске түсіру мен естеліктердің жалғастығымен ауысып, бұрынғыдай кейіпкер әрекет үстінде көрініп, бастан-аяқ – оқиғаның аяқталуы, бастауы, әрекет барысын көрсету міндеті орындалмайды. Қаламгер бұрынғы үрдістің негізін сақтай отырып, тақырыпқа да, көркемдік формаға да жаңалық енгізеді. Көркем мәтіннің құрылысы қаншалықты күрделі болса, шығарма құрылымындағы оның атқаратын қызметі де – сан-салалы. Бүгінгі әдебиеттану ғылымында да мәтін мәселесін жаңаша қарастырудың үрдісі қалыптаса бастады. Бұл процесс  көркем мәтін, көркем шығармаға қатысты айтылып жүрген жаңаша пайымдаулар негізінде бүгінгі жас ұрпаққа ұлттық әдебиеттің құнарлы табиғатын таныту мақсатынан туындайды.

 

Кейіпкерлер мен образдардың сомдалуы

 «Жынды» ұғымы бұл кітапта тұспал түрінде алынған. Ал шын мәнінде автор қоғам тұншықтырған шындықтарды басқалар жынды санайтын, бірақ ақыл-есі сау адамның аузына салу тәсілімен өмір келеңсіздігін ашып береді. Траги-комедиялық сарында жазылған романдағы шындықтың ауыр жолы түрлі өмір ағыстарындағы тосқауылдармен қатар алынып, прозадағы жаңаша поэтикалық тәсілдер арқылы бірде өң мен түсті, бірде әжуа мен мұңды  егіз өрбітіп, кей тұста мистикалык сарында баяндап, оқырманын да қызықтыра, ширықтыра, еліктіре оқиға ішіне араластырып жіберетін шеберлікпен өрнектелген. Қаламгердің шығарманың өн бойындағы ішкі монолог, ағылған ой-сезім арқылы жеке адам мен оның айналасы жайлы авторлық ұстанымы айқын аңғарылып жатады. Жалпы туындыдағы әрбір әңгімеден өрбіп жатқан оқиға желісі роман жанрының барлық мүмкіндігін ашып,  композициялық тұтастыққа қызмет етіп тұр.

Бас кейіпкер Тауфих – болашағынан зор үміт күттірген білімді, ой-зердесі биік, көңілі таза азамат. Сондықтан да ол өмірден көп қағажу көреді.

Жазушы өмірдің келеңсіз жақтарын суреттегенде өз ойына, сезіміне қарама-қайшы образдарды сомдаудың да көркемдік амалдарын зерттеп, үйренеді. Қайшылықты кейіпкерді сомдағанда оқырманды сендіру үшін оны дайын күйінде алмай, жамандықтан жирендіретіндей сезімге жеткізудің жолдарынан өтуі тиіс. Сонда ғана кейіпкер әрекеті нанымды шығады. «Қоғам жатсына қараған кейіпкер  қайдан шықты?  Ондай көзқарасқа не себеп болды, ортаның, қоғамның жеке адамға  әсері қандай?» деген мәселелерге ой жүгіртіп, «Адам жаратылысындағы жамандықтың пайда болуы қайдан?»  деген мәселеге жауап іздетеді.

Шығармадағы жалғанды жалпағынан басқан Мақсат Сартайчтың әрбір ісі мен әрекеті, дүниеге көзқарасы кейіпкер-нарратордың ой-сезімімен қабат баяндалып, екі түрлі дүниетаным мен екі түрлі өмір салтының қайсын таңдауды оқырманның өзіне қалдырғандай әсер етеді. Бірақ автор оқырманға осы екі жолдың бірін таңда деп ақылсынудан аулақ. Ол осындай екі түрлі өмір ағысындағы адам тағдыры арқылы қоғамның ұлттық құндылықтарға деген ұстанымын, жекелеген адамдардың көзқарасын көркемдік шеберлікпен бейнелеп, ой түйінін  оқырманның өз пайымдауына қалдырады. Өйткені өзінің айтпағын нарратор мойнына жүктейді.

Шығарманың тақырыбы ғана емес, композициялық құрылымы да жаңашылдығымен көңіл аудартады.  Бұл тұста автордың  қазіргі заманғы әлемдік әдеби үрдістерден мол хабары бар ізденімпаздығын тануға болады.

Бүкіл шығарманы ұстап тұрған тақырып пен авторлық ұстаным роман құрылымындағы жеке-жеке тақырыпшаларға бөлініп берілген шағын әңгімелерден тұрады. Әңгімелердегі кейіпкер-нарратор мен жағымсыз кейіпкерлердің рухы мен көзқарасы өте жақын әрі алыс. Бұл әңгімелер жеке-жеке оқылғанда да айтар ойы мен кейіпкер тұлғасы жөнінен өз алдына бас-аяғы бүтін бір дүниелер болып есептеледі. Бұл да – Тұрысбек Сәукетаевтың өзіне ғана тән қаламгерлік қолтаңбасы.

Туынды тіліндегі ащы шындық пен ауыр мұңды, ызалы күлкіні бейнелейтін тілдік қолданыстар – қазақ прозасындағы жаңаша айшықтар.

 Мәселен, қазақ ұғымында тосындау ұғынылатын «сауна»  сөзі мен оған қатысты адамдардың түрлі психологиясын танытатын «Сауна» әңгімесінде ащы мысқыл, кекесінмен қатар қарапайым қазақ бойындағы адалдық пен ізгілік қасиеттердің қалай былғанғандығын, өзгергендігін нанымды аша білген. Ол бұл тұрғыда екі түрлі танымдағы кейіпкерлерін сөйлетуде диалогты шебер қолданады.

 Диалог арқылы ашылған екі түрлі өмірлік көзқарас сауна ішіндегі түрлі лас тірліктер мен қазақтың өрімдей қыз-жігіттерінің арсыз, ойсыз әрекеттерін көзімен көрген сәтіндегі кейіпкерінің ой-санасынан өтіп жатқан ой менен сезім арқылы соңына дейін адалдық пен арамдық, обал мен сауап, ар мен арсыздық т.б. кереғар өмір құбылыстарының қос ағысының қатар арбасуынан құралады.

Автор, қалай болғанда да, адам бойындағы адалдық пен тазалықтың негізі тумысынан болса қандай да бір азғыруға азбайтындығын, адасып барып, қайта өз  жолын табатындығын кейіпкерінің соңғы шешімі арқылы түйіндеген. Бұрынғы дәстүрлі прозадағы адам бейнесін сомдаудан өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленеді. Себебі  қазіргі әлемдік әдеби үдерісте алуан түрлі әдіс-тәсілдер зерттелуде.

Адам болмысы мен қоғам құлдырауының көрінісі

Ал романның «Базар» атты бөлігіндегі тыныс-тіршілік, бір қарағанда,  талай рет айтылып, жауыр болған тақырып секілді көрінеді. Бірақ Тұрысбек Сәукетаевтың бұл тақырыпты қайта жаңғырта суреттеуіндегі кейіпкерінің бұрын мүлде айналысып көрмеген іспен айналысуына мәжбүр еткен жағдай емес, сол жағдай әсерін суреттеудегі жылы юморы езуге күлкі ұялатады. Кейіпкер-нарратордың базар ісінде басынан өткен түрлі қиын да қызықты жағдайлары, бастапқыда елден тығылып, жүзін жасырып таныс адамдардан қашқалақтауы, өз-өзін жек көріп, біраз уақыт дағдарыста жүруі, ақыры бәріне  көндігіп саудаға еті үйренген жағдайы – қазақ қоғамына  заман әкелген таныс жағдай. Әсіресе тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ғылым мен білім саласындағы мүйізі қарағайдай өнер, ғылым иелерінің  базар жағалап кеткен ауыр халі осы әңгімеге өзек болған. Әрбір саланың озық ойлы мамандарының қоғамнан қағажу көріп, орнын таппағандықтан, өзінің жаратылысына тән сүйікті ісімен айналыса алмай, өнер мен ғылымның иісі мұрнына бармайтын дүмбілездердің билік құруы  сын тезіне алынған. « – Әй, ұяттан бір күн кейін туған ол немелер қайдан ұялсын. Оларға ғылым да, өнер де керек емес. Тек ақша ғана керек. Ақша болса, бәрін сатып алам дейді» кейіпкер сөзінен заманның ащы шындығы айқын көрініс тапқан.  Бұл әңгімедегі «базар» ұғымы символикалық мәнде алынған. Ол – сауда-саттық орталығы ғана емес, рухы биік ақындар мен санасы биік ғалымдардың, басқа да қоғамнан қағажу көрген руханият өкілдерінің өзін еркін сезінетін, ой-бөлісіп, шер-мұңын шығаратын рухани ортасы іспетті мән иеленген.

Автордың әрбір сөйлемінің астарында өмір ақиқаты жатыр. Бұрын базарда сауда жасауды ар көретін адамның ақыр соңында қалтасына түскен ақшаның буымен бүкіл өмірге саудагерлік көзбен қарай бастаған психологиясын беру арқылы қоғамдағы ашкөзділік, дүниеқоңыздық пен қасиетсіздік сезімдерін сын садағымен түйреген. Яғни, автор романның құрылымындағы бір ғана әңгіме кейіпкерінің тағдырымен жалпы адам  болмысының психологиялық өзгерісін шебер  көрсете білген.

«Абай поэзиясы – қазақ поэзиясының алтын діңгегі» – десек, данышпан ойшылдың: «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес»  – заманынан қағажу көрген өз кейіпкерінің жүрек түкпіріндегі, ізгілікке, ұлылыққа деген ұмтылысын таныту арқылы да көздеген мақсатына жете алған деуге болады. Шығарма кейіпкері –  өзінің асқан сезімталдығы мен әділеттілігінің, «турасын айтқаннан туғанына да жақпайтын» тік мінезінің  кесірінен қоғамнан алшақтап, Қара шал (Абай) секілді шын сөз ұстасы болуды ғана көксеген, ниеті таза адам. Бірақ ол – арманына жетсем деген жолында өз қанынан жаратылған балалары мен әйелінің, жалпы қоғамның тосқауылына тап болған тағдыр иесі. Алайда кейіпкер романның соңына дейін жақсылықтан үміт үзбеген өршіл мінез иесі ретінде бейнеленеді. Жеке адам болмысының құнсызданып, құлдырауға дейін жетуіне өзі ғана емес, айнала, қоғам, билік те кінәлі екендігіне автор назар аудартады.

 

«Қолдан жасалған жындылар»

Романның «Жындылар» фабрикасы» атты бөлігінің де тақырыбы тың, көркемдік поэтикасы өзгеше. «Жынды» деген диагноз қойылғанымен, ақыл-есі сау адамның көзімен көріп, көңілімен түйсінген сұмдықтары оқырманның да жанын шошытады. Егер кейіпкердің өзін менсінбей, байлық қуып кеткен бұрынғы жарының мейірбике   құрбысы кездеспегенде оның да «қолдан жасалған жындылар» қатарында кетіп, жоқ болары сөзсіз еді. Автор қашанда өз кейіпкеріне қамқор, оның жаратылысындағы ізгілік  отының  сөнбеуіне құштар. Сондықтан да оған өмірдің қандай қара түнегіне кезіксе де адаспайтын бір жарық сәуле боларлық үміт сыйлайды. «Жындылар» арасындағы саяси сауатты, өнерпаз адамдардың қор болған өмірі оқырманның да жанына ауыр мұң салып, бейбіт күндегі зұлматтың қайталанған жаңғырығын еске салады. Өйткені жындыханадағылар – өздерін атақты саясаткер немесе өзге бір елдің атақты президенті сезініп, оғаш қылықтары арқылы жындыхананы басына көтеретін жандар.  Мысалы, орыстың ұлы жазушысы Н.В.Гогольдің «Жындының жазбалары» («Запи́ски сумасше́дшего») атты  повесінде әңгімені бірінші жақпен баяндайтын бас кейіпкер Аксентий Иванович өзін Испанияның королі сезінеді. Ол газет-журналдарды көп оқиды. Испанияны Қытай, Англия сияқты ірі империялармен салыстырып, үнемі департаментке, директордың кабинетіне, депутаттарға барып, қоғам туралы  өз ойын айтқысы келеді. Ағылшындардың саясатын жек көреді. Оларды «тұмсығын тықпайтын» жері жоқ ел ретінде таниды. «Бүкіл дүниеге мәлім бір нәрсе бар,  ол – Ағылшын насыбай иіскесе, Франция түшкіреді», – деп есептейді. Бірақ оның сөзіне құлақ асып жатқан ешкім жоқ, үнемі психологиялық ауытқуға ұшыраған адам ретінде жындыханаға жатқызады. Шығарма соңында Алжир бейі туралы айтып кетеді. Гоголь осы сияқты жазбалары арқылы қоғам қайшылығын ашпақ болады. 

 

Тауфиқ  пен иттің достығы

Т.Сәукетаев кітабының «Геля» атты бөлігінің оқиғасы кейіпкердің бір түрік бизнесмен сыйлаған Геля атты күшікпен арасындағы оқиға туралы баяндалады. Көркем шығарма атауларының өзін символдап қою мен хайуанаттар өмірі арқылы тұспалды ой айту да мифотворчестволық үрдістің қайта жаңғыруы болып саналады.

Ал Гогольдің «Жындының жазбалары» шығармасында да Меджи атты қанден ит сөз болады. Директордың қызы отыратын күйменің ішінде жүретін Меджи қыз дүкенге кіріп кеткенде далада бас кейіпкермен бетпе-бет қалады. Ит оған хат жазғанын, бірақ оны алмағанын айтады. Бұл жерде автор кеңсе қызметкерлерінің көпшілігі сауатсыз болатындығын ит образымен  сынап отыр.

Ал Т.Сәукетаевтың Гелясы Гогольдің Меджиінен мүлде бөлек. Меджи сияқты Геля сөйлемейді, бірақ Тауфихтың жан азабын адамнан бетер түсінеді. Мұнда Геля – бас кейіпкер Тауфихтың жан серігі, екеуі үнемі, күндіз де, түнде де бірге. Геля бейуақта ұлыса, бас кейіпкер де түні бойы дөңбекшіп, итпен бірге ішкі азабын шағынып, жылап-еңірейді, ұлиды. Адамнан таба алмаған шынайы достықты Тауфих иттен табады. Гогольдің бас кейіпкері сияқты Т.Сәукетаевтың да бас кейіпкері сауатты, сыпайы, әділ, бірақ одан айырмашылығы – ақыл-есі дұрыс. Тек шындықты айтып, шындық жолымен ғана жүргенді қалайды және сол ұстанымын берік сақтауға тырысады. Дегенмен қоғамдағы орын алған келеңсіздіктерден басқан ізі кері кетіп, алға жылжымайды. Тауфихтың жандүниесін тек Геля ғана түсінетіндей әсер қалдырады. Т.Сәукетаев Тауфих образы арқылы қазақ қоғамының моральдық-этикалық бет-бейнесін жасауды мақсат етіп, жасанды қалыптан аулақ болуға, жастардың табиғи өсіп-жетілуіне бөгет жасамауға үндейді. Тәуелсіздік таңымен бірге келген ұлттық эстетика мен мәдениетімізді сақтай біліп, жаһанданудың пайдасы мен зиянын ажырата білуге үйретеді.

Қазіргі көркем прозадағы жаңаша үрдістер мазмұны шығарманың ықшамдылығымен, аз сөзге көп мағына сыйдыра білу, оқиғаларды сығымдап, кейіпкер іс-әрекетін жинақтау заңдылықтарымен ерекшеленеді. Осы заман талабынан туындаған заңдылықтарды Тұрысбек Сәукетаев талданып отырған романында дәстүрлі роман жанрының жалпы сұлбасын сақтай отырып, толық мәтіндік мағынасы бар жекелеген әңгімелердің айтар идеясы мен тақырыбын заманның көкейкесті, аса зәру мәселелерін танытуға шеберлікпен үйлестіре алған. Бұл қаламгердің өзіндік стилін танытады.

Автор романның құрылымындағы жеке-жеке бөлімдерде белгілі бір тақырыппен ғана шектеліп қалмайды. Осы әңгіменің өзінде кейіпкерге күшік сыйлаған Жонкер атты саудагердің басынан кешкен оқиғасын баяндап, шетелдіктердің қазақ жеріндегі өмір тіршілігін, кейбір қазақ қыздарының ар-ұяттан безген тірліктерін де көрсетіп кетеді. Автордың бұл әңгімесі негізінен кейіпкердің ішкі монологынан тұрады. Өз ойымен өзі арпалысқан ол күшігімен үнсіз тілдесіп, тіптен өз өмірінің оның өмірінен де төмен, бақытсыз екендігіне налиды. Төрт аяғын төрт жаққа тарбита керіліп, ыңырсып қояды. Тәп-тәтті алаңсыз ұйқы құшағында. «Ертең не жеймін, күнім не болады?» деп уайымдамайды. Ойсыз-қамсыз болған қандай рахат. «Сен де менен гөрі бақыттысың-ау, сары күшігім! Менде не өмір бар, ең болмаса сен сияқты өстіп рахаттанып ұйықтай алам ба? Сен еркіңмен жүре аласың, ыза болсаң, ырылдайсың, ішіңдегі құсаңды ақтарып үресің. Ал мен ше? Менде сендегі еркіндіктің бірі де жоқ. Аяқ-қолым, тілім… бәрі буулы. Олар маған ештеңе ойлама, көрме, сөйлеме… дейді. Құдай маған көретін көз, ойлайтын ми, сезетін жүрек, сөйлейтін тіл берсе, неге мен жақсыны – жақсы, жаманды жаман деп айтпауым керек? Неге ізгілікке сүйініп, зұлымдыққа күйінбеуім керек? Маған ештеңеге селт етпейтін сезімсіз, меңіреу, аты-заты беймәлім мақұлық хайуан бол дейді. Ең болмаса, сен сияқты ит болайыншы, кішкентай күшігім. Ішімдегі кернеген өксік пен запыран-зарды ұлып, үріп болса да шығарайын!..» – дейді ол.

Қай мәселеге де өз тарапынан қатқыл үкім шығармайтын әдетімен автор кейіпкерінің аз ғана сәт байыз тапқан көңілін су сепкендей басып, алданышынан айырып, тұқырта суреттеп,  кейіпкер мен қоғам қайшылығын тереңдете түседі. Ішкі шерін өзі ұлып бастап, оған өз иті мен өзге иттер қосыла ұлуы арқылы қайғысынан жеңілдегендей болған кейіпкердің маңындағы иттердің Батыс елдерінің, әсіресе Американың бұзылған тамағын жеп, зиянды дәрі-дәрмегін еккеннен қандары сұйылып, құтыра бастауы, ондай иттерді арнайы жасақ шығып атып тастау әрекеттерінің басталуы, өзінің бейуақта ұлымас үшін ауызын скочтап қоюы сияқты әрекеттердің әрқайсының астарында ащы шындық, дағдарысқа түскен адам жанының жан қиналысы мен жанайқайы бар. Мұндағы Тауфихтың ақырғы сәтіне дейін бірге болған төбет Геляның иесінің артынан өлім құшуында адам баласының ит екеш ит секілді адалдық таныта алмағандығына наразылық, назалық айтып тұрғандай. Өмірге адам боп келген адамның итше өлім құшуы артында қолжазбаларын, жазғандарын көшіруші Тәукебайдан басқа ешкімі қалмаған ащы тағдыры кімді болса да бей-жай қалдырмайды.

Т.Сәукетаевтың талданып отырған шығармасындағы кейіпкерлер жүйесі – арнайы талдаудың нысаны боларлық күрделі бейнелер. Бүкіл роман оқиғаларының арқауына айналған автор-нарратор бейнесі мен негізгі кейіпкер Тауфихтың адамдық болмысы, ой-арманы, ішкі ой-сезімдерінің өзі – күрделі жүйе. Жазушы кейіпкерлері – өмірдегі қарапайым тіршілік иелері ғана емес, аты елге танымал атақты ақын мен әнші, қоғам қайраткері т.б. тұлғалар. Бірақ олар шынайы кейіпкерлердің өзі емес. Қолдан жасалған қастандықтар мен өтірік емнің әсерінен ақыл-есі ауытқып, сол образдарға еніп кеткен қоғамдағы әртүрлі әділетсіздіктерден жапа шеккен жандар. Негізі кейіпкер Тауфихтың өзі – сол санаттағы кейіпкер. Кейіпкердің дәстүрлі мифологиялық проза үлгісіндегі иттің өзін (Геля) жеке кейіпкер ғана емес,  жеке роман бөлігінің атауына айналдыруының өзі шығармадағы кейіпкерлер жүйесінің арнайы қарастыруды қажет ететін күрделі жүйе екендігін көрсетеді. Сондықтан да кейіпкерлердің бүкіл болмысы,  іс-әрекеті шығарма атауының символикалық мәніне сай сомдалған.

Жазушы бүгінгі заман ағысын бас кейіпкер Тауфиқ образымен аша отырып, қоғамдағы орын алған келеңсіз, кепиетті іс-әрекеттерді кең көлемді эпикалық жанрда  бірінші рет жоғары деңгейге көтерді және ашына отырып, ашып берді деуге болады. Бұл романда  қазіргі заман келбеті өзіндік өрнекпен жазылғандығы анық. Жазушының романын оқу барысында оқырман кейіпкерлермен бірге мұңайып, бірге қынжылады, өмірдің әділетсіздігіне ашынады. Шығармадағы баяндалған жайттардың көпшілігі – оқырманның бүгінгі өмірде көз алдынан өтіп жатқан өмірдің реалды суреттері. Жазушының шеберлігі әжуа, күлкі астарына салмақ артады, сол арқылы өмір сауалдарына жауап іздейді.

Жинақтай келгенде айтарымыз: Тұрысбек Сәукетаевтың шығармашылығында бүгінгі заманның өзекті мәселелері алуан түрлі сипатта, алуан түрлі тәсілмен шебер  суреттелген. Біз мақаламызда тақырыпқа орайлас келіп, аттап өтуге келмейтін негізгі  тұстарына ғана шолу жасап өттік.

 Роман құрылымындағы бүгінгі өмірдің өзекті мәселелері мен адам болмысының сан қырлы сипатын сөз ету, тақырыпты тұтас, жүйелі зерттеп, ой тұжырымдар түйіндеу алдағы уақыттың еншісі болмақ.

 Руда  Зайкенова, ф.ғ.д., профессор.

 Аягөз Шарап,  магистрант.

 Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті

ПІКІРЛЕР1
Аноним 15.09.2021 | 12:20

Тұрысбек Сәукетаевтың «Қилы тағдар» романдар циклі бар. Оқығандарыңыздың болуы әбден мүмкін. Сіздер оқымағанда, кім оқиды?
Бір сыншы сол романдар циклі туралы айтып келіп, соңында «Ардабеков — Әуелбеков. Ал Айтуаровтың кім екенін оқырман өзі тапсын» депті. Сонымен сол романдағы Айтуаров кім? Сәмиев кім? Қайырлин кім? Таба аласыздар ма?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір