ҚАЗАҚСТАН ЖЫЛҚЫ ҮРККЕН КҮН

0
41 қаралды

Біздің балалық қазіргі кішкентайлардың балалық шағымен салыстыруға келмейді. Кеңес үкіметі ыдырап, он бес одақтас мемлекет экономикалық һәм саяси іргесін енді қалап жатқан кез. Ірге қалау оңай емес. Үнемдеу мақсатында жарық күнде сөнеді. Майшаммен отырып сабақ оқыған кездеріміз де болды. Анда-санда жарқ ете қалған электр жарығына қуанып мультфильм көруші едік.


Көрмесек, ол да жоқ. Себебі: электр қуатына әрең дегенде қол жеткізген үлкендер елдегі болып жатқан жаңалықтарды көріп қалғысы келетін. Күл-талқаны шыққан Совет өкіметінен кейінгі жаңа өкіметтен, Тәуелсіз қазақ өкіметінен көңіл жұбатар сөз естігісі де келеді. Осылайша біздің балалық шағымыз өтіп жатты. Ал қазір ше? Қазір балаларға арналған бүтін бір арна бар. Қазақтілді отбасының балалары ретінде біздің үйдің кішкентайлары да «Балапан» арнасын тамашалайды. Жұмыстан кейінгі уақыттарда олармен тілдесе қалсам, «Балапан» арнасынан айтарлықтай тәрбие алып жатқанына көзім жетеді. Тәтті тамақ әзірлесем, бірден дәмді деп таңырқайды да, сол сөздің ағылшыншасын айтады. Оны қайдан білесің десем, «Дара» деген мультфильмнен үйрендім деп жауап қайырады. Тағы осындай жан сүйсінерлік сөздерді естіп, балаларымды толықтай «Балапан» арнасына табыстап қойғанмын ғой. Бірақ демалыс күні балаларыммен отырып аталмыш арнаны көріп, көңілім су сепкендей басылды. Рас, арнада балаларға арналған танымдық бағдарламалар жетерлік екен.
Алайда «Мияның ертегі әлемі» деп аталатын мультфильмдегі пырақты салған суретшілерге әбден ренжідім. Жылқы жануарын осыншалықты қорлауға бола ма? Бұл мультфильм – әлемнің барлық кішкентай көрермендерінің көңілінен шыққан. Тіпті ондағы кейіпкерлердің образында ойыншықтар да жасалынып үлгеріпті. Нидерланды, Германия, Италия, Канада елдерінің өнімі болып табылатын мультитоптаманы ; Билл Спирс, Neschet Al Zubaidi, Клодетт Лилли сынды суретшілер салған екен. Менің ойымша, бұл суретшілер өмірінде жылқы жануарын өз көздерімен көрмеген сыңайлы. Себебі ертегідегі жылқылардың барлығы аша тұяқты. Сонымен қатар, құйрығы доңыздікіне ұқсайтындай.
Мынау жылқы неге аша тұяқты? Мүмкін қиялғажайыпқа толы мультфильм болғандықтан доңыздың құйрығын, жылқының басын, сиырдың аяғын таңдап алып, жаңа бір жануар жасаған шығар деген де ойға келдім.
Бірақ мультфильмдегі пері Мияның өзі «жылқылардың» арасында тұрып: «Жылқылар қауіп төнгенде бір-біріне жер тарпып белгі береді»,-деп айтты. Сонда бір үйір жылқы (барлығы аша тұяқты) мен ұшатын Ончао жер тарпыды. Ұшатын жылқы туралы аңызға қазақы таным да кенде емес. Біз оны «пырақ» деп атаймыз. Бала кезімізден батыстық единорогтардың да суреттеріне тәнті болып өстік қой.
Олардың да суреттеріндегі тұяқтары аша емес еді. Аталмыш мультиертегідегі жылқылар біздің танымымыздағы жылқының әрекетін жасайды. Шабады, кісінейді, жер тарпиды, осқырынады. Дәл жылқы секілді қимыл-әрекет етеді. Сонда логика қайда? Анандай жалпиған аша тұяқпен дәл жылқы секілді ширақ қимылдап, жылдам шауып өту мүмкін бе? Логиканы да былай ысырып қоялық, онсыз да жылқы көрмей өсіп жатқан көшпенділердің бүгінгі ұрпақтарына аша тұяқты жылқы жануарын көрсету қиянат емес пе? Жылқының кісінегенін «айқайлады» деп, міндім дегенді «отырдым», жал дегенді «шаш» деп айтатын көп баланы көріп жүрмін. Озық үлгіде жасалған мультиөнім болса да, біздің ұлттық танымымызға жат дүниені біз ұрпағымызға ұсынбауға тиіс едік. Қала берді, бәрінен бұрын жылқы малын қолға үйретіп, адам өмірінің серігіне айналдырған біздің бабаларымыз еді ғой. Біздің атқа қонған өр рухты бабаларымызды көргенде Батыс «Кентавр келе жатыр», – деп дүрлігуші еді.
Енді жылқы туралы әпсананы олар бізге басқаша түсіндіретін заман туыпты. Тамырымыздан алшақтағанымыз сонша, аша тұяқ тұлпар көрсек, боймызды үрей билемейтін болыпты. Қысқасы қазақ пен жылқы ұғымы да бірінен бірі алшақтап барабарады екен. Біздің қанымызда тулаған Тұлпар-Рухымыздың бітік тұяғы қарс айырылып түсіпті ғой.

Айнұр ТӨЛЕУ

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.