«ҚАЗАҚСТАН» ЖАС ЖУРНАЛИСТЕРДІ ҚАНАТТАНДЫРДЫ
19.05.2022
294
0

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы телевизия қайраткерлері Камал Смайыловтың 90 жылдығына және Сағат Әшімбаевтың 75 жылдығына орай ұйымдастырылған «Жалын» телевизиялық конкурсының қорытындысын жариялады.

2022 жылғы 15 сәуірден бастап конкурсқа республикалық, аймақтық телеарналардан, ақпараттық агенттік журналистерінен, жоғары оқу орындарының студенттерінен түрлі жанрда 60-қа жуық шығармашылық жұмыс келіп түсті. Телерадиокорпорация тарапынан арнайы құрылған комиссия 4 үміткердің жұмысын үздік деп таныды.

Атап  айтқанда, «Үздік деректі фильм» – Kokshe kontent ақпарат агенттігінің тілшісі Ұлан Зейнелқабден («Қарағанды лагері – қара таңба» деректі фильмі);  «Үздік режиссерлік жұмыс» – Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының III курс студенттері Анель Оразгелді, Зере Амангельдинова («Бейсен Құранбек» деректі фильмі);  «Үздік авторлық бағдарлама» – Turkistan телеарнасының тілшісі Айдос Игіліков («Абақтыдағы ару» шығарылымы); «Үздік сюжет» – Aqsham телеарнасының тілшісі Еркеназ Шоқан («Төл журналистиканың қамалы» сюжеті»); Үздік шыққан жоба иегерлері 500 мың теңге қаржылай сыйлықпен марапатталды.

«Біздің мақсатымыз – жас журналистер арасында Қазақ телевизиясының бастауында тұрған тұлғалар есімін дәріптеу және жас әріптестеріміздің шығармашылығына қолдау көрсету. Үздік деп танылған жұмыстардың негізінде Камал Смайылов пен Сағат Әшімбаев кезінде әрбір авторлық жобасында көздеген ұлттық мақсат-мүдде жатыр. Қатысушылар түрлі тақырып арқылы ауқымды мәселе қамтыған. Келіп түскен жұмыстарды іріктеуде техникалық және шығармашылық ізденістен бөлек, осы жайттарға да мән берілді», – деді Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.

Телевизиялық «Жалын» жастар конкурсы «Қазақстан» телерадиокорпорациясының бастамасымен алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

ПІКІР ҚОСУ