«…Жылқы пішіндес шырағдан!»
«Айтпаса сөздің атасы өледі…»
Адамды сырт келбеті, кейіп-кескінінен, реңінен, көзі мен сөзінен, тұрған тұрысынан, жүрісінен, қабағынан, күлкісінен, тіпті қол сілтесінен-ақ тануға болады десе, соның бәрі текке байланысты болса керек. Түр-әлпетінде тұрандық тұрпат басым, қараторы, бәлки қоңырқай («Сыртым құрыш, жүзім болат, тасқа да салса майрылман» (Ақтамберді), кісіге үңіле, зерттей, қадала, қадағалай қарайтын оның тектілігі алдымен туған топырағы – даласынан, дариясынан, жері мен елінен, содан соң, әлбетте, атасынан, әжесінен, әке-шешесінен…
Бала кезінде атасы таң атып, тауық шақырғаннан қимылдайтын көрінеді. Бірді-екілі ірі қара, біршама қой-ешкісін жайғап, әні-міне дегенше келіні Ділда әзірлеп үлгеретін шай-пәйін ішем дегенше ол да саһар тұратын. Әлі күнге шейін сол қалпынан айныған емес қанша, кеш жатса да ерте тұру ләзім.
Әкесі әлдеқашан жұмысқа кеткенін біледі. Шешесінің ата-енесінен басқа ошақ қасына қатысты ұшы-қиыры жоқ күйбең тірлігі еш бітпейтіні айдан анық. Әжесі болса, шамасы, түске қарай басталатын киіз басарға дайындықпен әбігер.
Әлі есінде. Кең аула бір мезгілде жүнге толып кететін. Көпті көріп, есі кетіп ескірген тулақ үстіне үйілген жүнді әйбат әжесі көрші-қолаң кемпірлермен бірге ырғайдан жасалған сабаумен шабақтаушы еді. Келесі бір сәт қайнап тұрған қазаннан кезегімен сүзіліп алынып, жапыра жайылған жүн ақты-қаралы, қызылды-жасылды, сарылы-көкті алуан түрлі бояуымен көз жауын алатын-ды. Ойын баласы құрдастарының асықтары бояуға бір қанып қалатыны да осы шақ.
Сол ортада саусақтары мен екі білегіндегі күміс жүзік, зерлі сақиналары мен білезіктері мұның құлағынан сыбыры әлі кетпейтін сықыр-сылдырға салатын әжесі тағы бірді-екілі кемпірмен бірге жырақтау жердегі атты кісі көрінбейтін қамыс арасынан әкеліп тоқылған шиге текеметті жайып салып, оюлап, өрнектей бастайтын. Дүйімінің заты да, аты да әудем жерде көз айырмай қадағалап тұратын ол үшін өте таңсық әрі қызық көрінетін, қошқармүйіз дей ме, сыңармүйіз дей ме, қырықмүйіз дей ме, сынықмүйіз дей ме, тұмар, шаршы, су, өркеш, ашатұяқ, айыртұяқ, иірім, шиыршық, түйетабан, құсмұрын, тарақ, қармақ, тұмарша, қосдөңгелек дей ме, құдай басқа салмасын, әйтеуір бір жаттауға жетіліп артылатын. Сонымен не керек, аракідік өсек-аяң, әңгіме-дүкен, әні бар, шәйі мен еті бар сонау рәсім қыз-келіншек, әйелдердің аяқ басысы мен білек бастысынан өткен соң текемет болып шарбаққа ілініп барып бітетін. Оның шебер қазақтың қолынан шыққан әбдіре әшекейлерге, зергерлік бұйымдарға, ою-өрнек, кескіндеме атаулыға деген әуестігі өмір бойғы құрыштай құмарлыққа ауысқаны сол баяғы бал дәурен балалық шағынан басталыпты.
Атасы болса, әйел шаруасына мүтәһи араласпайтын дағдысына басып, иығына бояуы кетіп саңсыған, жасыл-сары аралас шапанын іле сала қаусырмалай киіп, ауылдан аулақтау ескі қорымға беттейтін. Оны байқап қалған бойда немеренің үлкені, қаршадайынан сол шапанның етегін жамылып өскен ол да іле-шала соңынан салатын (кейінірек үйде біреу ауру-сырқауға ұшырағанда атасының шапанын жауып жатқызып, ырымдайтын болған сыңайлы). Сөйтіп екеуден-екеу әулие қонған аруақты жерді асықпай аралайтын. Зауқы соққанда хиқаяшыл, әңгімешіл атасы осынау мазар, кесене, құлпытастардың қасында ләм-имсіз қалатын. Өзімен-өзі күбірлеп келе жатып, кейбірінің алдында тоқтай қалып, тізе бүгетін. Қысқа қайырып, дұға оқитын. Ол болса мазар, бейіт, құлпытастардың бетіндегі сол баяғы белгі, таңба, ою-өрнектерді тамашалаумен болатын. Сөйтіп жүріп, атасының бір мезгіл қорым іргесіндегі шоқы басына шығып, маң даланың қиыр көкжиегіне телміріп, беймәлім тұңғиыққа шомылып кеткенін көретін. Не ойлап, не қоятынын кім білген?!
Бәлкім, оның атасы уақытынан бұрын тууы керек еді дерсің. Бітімінен мұнтаздай таза, тақуа, ел алдындағы абыройы бір басынан жетіп артылатын абзал ақсақал, сүйек-шатыс, ағайын-туыс, жекжаттарына өте сыйлы, сөзге шебер, шешен, айтарыңды ауыз ашқызбай білетін сезімтал, сұңғыла, мүнафиққа жаны қас қария еді. Кейде ол үйге қонақ келіп, алқа-қотан сұхбат, кейбір шәлкем-шалыс дау-дамайда, мәслихаттарда сөйлеп отырып, қыза-қыза құйрығымен жылжи-жылжи киіз үйдің табалдырығына жетіп қалғанын өзі де байқамай қалатын.
Иә, бақилық болғандарына көп жыл өтсе де оның әжесіне, әсіресе атасына деген жақындығы, шеті де, шегі де жоқ ілтипат сезімі еш жоғалған емес. Еске алса болды – іші жылып қоя береді.
Одан бері не өтпеді?! Еділ мен Жайық… Оралдың жоғарғы оқу орны, орын жетпей, жатақхананың үй асты бөлмесінде тұрғаны… Отбасы, тұрмыс, тіршілік, тірлік, бала, қала, комсомол… Көкірегі енді оянып, көзі енді шайдай ашылғандай аз уақытта молынан машықтанды: «Жасыңдағы жалқаулық –қартайғандағы шарасыздыққа дайындық» (Ыдырыс Шах).
Атасының сөзі әрдайым жадында: «Адамнан қорықпа, оның кері пиғылынан, фәниге деген теріс түйсігінен қорық». Шүкір, құдайшылығын айтқанда, жаманмен жарасқан емес. Оның ес жиып, етек жинап, көп алдына шыққанына дейін де, одан кейін де өсіп, өркендеп, өрлеуіне әсіре септігін тигізген игі жақсы жетіп артылады. Олардың ішінен бөле-жара қарайтыны – ұстаздары. Атасын, әкесін былай қойғанда тек мектеп не институт қабырғасында дәріс бергендер ғана емес, жалпы қызмет бабы, яки дос-жаран, құрдастары арқылы жүздесіп, жақын тартып, аралас-құралас боп кеткен аға буын өкілдері. Асылы – Димекең, Димаш Ахметұлы Қонаев. Барлығының да бейнесі оның жадында қалғып жатқан елес есебінде жиі қылаң беретіні бар. Олардан үйренгенін ол да үйретумен келеді. Содан болар, оның өз ұстанымы бойынша адамның үш ұстазы болады: бірі – өмірге әкелген ұстаз, бірі – өмірге үйреткен ұстаз, сонан соң – өмірдің өзі ұстаз.
Әйтсе де, ол үшін тағдырына тәубе етерлік жәйт – кешегі халықтың қабырғасына аяздай батып, ел басына күн туған дүдәмал мезгілде Махамбетше айтқанда, «қара қазан, сары баланың қамы үшін», ата жұртын «елге толтыруды, жағалай жатқан сол елді малға толтыруды» көксеп, жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек етіп келе жатқан Елбасының сенімді шәкірті, үзеңгілес серігі болудың сәті түскені:
«Саясы жоқ бәйтерек
Саздауға біткен талмен тең,
Жақсы ағаңыз бар болса,
Алдыңда сары белмен тең…» (Шал ақын).
Сол арқылы ол – Абай, Жамбыл, Мұхтар, Әлкей сынды алыптар ұлықталған ұлыс тойларда тізгін ұстап, баршасын кәдуілгі ойын-сауық, айғай-шу, дүрмек емес, аруақтар алдындағы тарихи тағзым ретінде ұйымдастырды. Бір мүшел – он үш жыл қатарынан ЮНЕСКО-ның Ұлттық комиссиясына төрелік етті. Себептен себеп, Олжекеңмен (Сүлейменов) тізе қосып, сол ұйымның қабырғасында қалың қазақты жырақ жұрттарға мәлімдеген көрмелер өткізді, бірқатар тарихи Һәм мәдени сапарлардың ұйытқысы әрі ізашары болды. Сайын даланы «үстінде көк аспан, астында қара жер жаралғаннан бері» мекен еткен көп түркіге ортақ Күлтегін көктасының көшірмесін Қазақстанға алып келем деп ақ тер, көк терге түскені дүйім жұртқа аян. Түсінбегеніне – түсіндірді, ұқпағанына – ұқтырды. Біреуден өтінді, біреуден өтілді. Біреуді тоқпақтап, біреуді төмпештеді. Қайткенмен, дегеніне жетті, жеткізді: «Ізде, іздей берсең, іздегенің сені өзі табады».
Одан қалды, Алаша хан, Жошы хан, Қобыланды, Қабанбай кесенелері, «Хан ордалы Сарайшық», «Халық қаһарманы» Нұрғиса Тілендиев, Қаршығадан (Ахмедияров) аттай қалап алған Құрманғазының қара мылтығы, Дина әжеміз бен Ғарифола (Құрманғалиев) атамыздың домбыралары, Жайық жиегінен табылған ортағасырлық қыш құмыра, Алтайдағы Берел патша обасы, Аралтөбеден табылған Алтын адам, «Отырар кітапханасы», Мысыр патшасы Бейбарыс сұлтанның – жеті жүз жетпіс, Махамбеттің екі жүз жылдығы, Мақаш мазары, Қазақстанның жеті қабат жер астындағы қара алтын – мұнайының ғасырлық бел-белесі, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы, мешіт, шіркеу, біздің дәуірімізге дейінгі бесінші мыңжылдыққа тиесілі қола құрбандық шамдалы және шырағдан, мұражайларға тапсырылған тағысын тағы руханият, жауһар-жәдігерлер… Несін айтасыз, тізімі таусылмастай. Күллісіне де оның қатысы бар. Нағыз, нақты, тура және тікелей. Әйтеуір, барын баптап, жоғын жоқтап, үнемі әуре-сарсаңмен жүгіріп жүргені…
Шырағдан хақында Бақытжан Қанапияновтың оған орыс тілінде арнаған бір шумақ өлеңі ойға оралады. Мен оны (өзімше) аса һіждағатпен аудардым:
Бойында уақыт сұлбасы,
Қоңырқай тартып қарайған,
Мәрмәр тақта
Жарық қапы-құпиясын ,
Ішіне бүгіп жаңғырған,
Жағуға ешкім бата алмас.
Өзін—өзі көтермес,
Мыңжылдық от салмағы.
Ежелгі темір дәуірі,
Қасиет-Құрмет…
Жылқы пішіндес шырағдан!
Ал Исатай, Махамбет пен Құрманғазыға келгенде ол ішкен асын жерге қояды. Тегін демен. Марқұм Қарекең – Қаршыға Ахмедияровтың айтуынша, ілгеріректе Ахмет Жұбанов пен Хамит Ерғалиев Нарын аралап, Атырауда болып, оның атасы Тасмағамбеттен Құрманғазы жайлы бірсыпыра дерек алса керек. Сонда қария оны А.Жұбанов тізе бүккен жерге бір аунатып алыпты. Сол Қарекеңнің Шың елінде оның жанашырлығымен, арнайы ұйымдастыруымен ем қабылдап жатып шығарған бір топтама күйінің арасында «Имаш-Байжұма» да алғаш шертіліпті.
Оның өмірінде бір емес, екі Мұстафа өзгеше орын алып, өшпес әсер қалдырғаны да белгілі. Бірі – Парижге келген Әмірені (Қашаубаев) көргенде жылап жіберген Мұстафа Шоқай, екіншісі – ол достарымен Мәскеу әуежайында қарсы алуға шыққанда жалаң аяқ тұрған Мұстафа Өзтүрік.
Ұстаз демекші, өмірден ертерек кеткені болмаса, оның әкесі біртоға, сифалы, зиялы, көп сөйлемейтін, сөйлей қалса діттеген сөзін дөп жеткізетін, қарапайым, кішіпейіл адам болды. Сол қарапайымдылық, сол кішіпейілділік оған да жұққан. Кейде етене таныс болмаса да қызмет бабымен не кейбір той-томалақ, отырыстарда дәмдес-тұздас, дастархандас болып қалған адамын көре қалса, бұрылып барып қол алысады. Уақыттың тығыздығына қарамастан қазақтың күні бүгінгі бетке ұстар қаймағы, арқалы да адуын абыздарымен сыр бөлісіп, сыр алысқан үшбу хаттары – бір төбе. Бұйырса, өзінен ұлықсат болса, оларға да тоқтала жатармыз.
Нағашысын айтсаңызшы. Ол келе жатыр дегенде тапал тамның төбесіне шығып алып, қарауыл қарап, қарасын көрген бойда жылдам үйге түсіп дым білмегендей отыра кететін. Кіріп келгенінде, өтірік қытымырланып, күтпегендей одырая бір қарап, сәлем орнына ернін жыбыр еткізіп, шақшасын ескілеу сафиян етігінің өкшесіне тықылдата жөнелетін. Ол жымияр, сосын күлер. Сәлден соң нағасышы да миығынан мырс етер. Сонымен тәмам. Екеуара мал-жан амандығын білу, жағдай, жөн сұрасу біртіндеп іліп-қашпа қалжыңға ойысар… Жарасып жатса үлкен демей, кіші демей әзілдесе кетуге дайын тұратыны да сол нағашысынан.
Оның кітапқұмарлығы да өзінше бөлек әлем. Кейінгілер кәдесіне жаратар деген ниетпен көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан сирек қолжазба, әлімсақтан сақталған кітап қорын былай қойғанда, қолы қалт еткенде бөлмесінде ылғи сіресіп тұратын кітап сөрелеріне көз жүгіртетін. Болмаса, біреуді арнайы «Академия» дүкеніне жұмсап, жаңа жарық көрген әдебиеттерді алдырады. Алдырады да түстік уақытында шұқшия оқи бастайды. Шығыс шайырлары, Рашин ад-Дин, Бабыр, Халил Джебран, Ыдырыс Шах, Хазрат Иноят Хан, Әл-Газали, Леви Строс, Карл фон Клаузевиц, Хайдеггер, Юнг, Фромм, Ясперс, Чезаре, Бердяев, Сорокин, Розанов, Гумилев, Абай, Айтматов, Кекілбаев сынды ғұлама, ойшыл, даналар. Бір кездері Пауло Коэльоның шығармашылығына тәнті болып, елге шақырып қонақ етті, кітабын қазақшаға тәржімелетіп шығарды. Шын пейілінен. Одан басқа отандық қаламгергерлерге деген қамқорлығы бастан асса да, айтқанды, шулатып, дабыра қылғанды суқаны сүймейді. «Бай наданмен араласқанша кедей ғұламамен жақын бол!» (Әл-Ғазали).
Ешкім оның жомарттықты жеңілтек жасап, мырзалығын міндет қылғанын көрген емес. «Өзіңе жәрдем берудің жалғыз жолы – өзгеге жәрдемдесу» (Джебран).
Айтқандайын, оның талай жыл тірнектеп жинап, аты-шулы ғалымдармен кеңес құра отырып, көз майын тауысып, бүге-шегесін зерттеп, зерделеген, сол себепті қарға тамырлы қазақтың ілкі әдеп, әдет-ғұрпын, дәстүрін, ұлттық қалпы мен салтын, ықылым заманғы қолөнер, кескіндеме үлгі-үрдісін, бағзы замандардың рухани бедерін баяндап, алыс-жақын жұрттарға танымал қылған «Орталық Азия зергерлерінің бұйымдары», «Құлпытас», «Ат жалындағы өркениет» еңбектері – атан түйеге жүк болардай қыруар шаруаның шын дәлел-дәйегі. Зейін қойып көрсеңіз, өлген тіріліп, өткен тізіліп келгендей көз алдыңызда қалам иесінің өзі жазғандай, «кешкі мұнарға көмілген көкжиек, мың шақырымдық ұзын сонар соқпақтар, сағым, ырдуан арбаларының сықыры, балалардың жыласы, үлкендердің күлкісі, ат тұяғының дүбірі, соғыс көліктерінің дүрсілі, төбелер, түйелер, салт аттылар, бақсылар, дәруіштер, сықырлаған қалқан, кіреуке-сауыттар, жалаңдаған семсерлер, сұсты найзалар, ысқырған жебелер, ұрандар, ен-таңбалар, тұңғиық сырлы обалар, түз құландары, Көк және Көк Тәңірі…» елестеп сала береді.
Оған екі аяқтыны еркінен тыс тартатын, таңқаларлық энергетика тән. Мемлекет басшысына еріп барған Мекке-Мединені айтпағанда, Елбасы Ватиканға барған ресми сапарында Папа Иоан Павел II делегация құрамын таныстыра келе көмекшісі оған да тоқталыпты. Көзі не ашық, не жабық екені беймәлім құдайдың «жұмыр жер бетіндегі» өкілі сығырайа қарап: «Жас екенсіз, келешегіңізден көп үміт күтуге болар», – дегенін өз құлағымен естігендер бар.
Жекелей ғұмыр жоқтың қасы. Ол үшін үй де, түз де – бірдей. Бір-бірінен бөліп-жарып қарау ол үшін қиынның қиянаты. Жұмыстан, қызметтен еш жалықпайды. Қайта орасан ләззат, ғанибет алады. Сөйте тұра, ақиық ақындыққа, көркемсөз жазушылыққа, көсемсөздіккке, ежелгі жырау, жорық жырларына қалайда уақыт табады. Өзі де өнерден құр алақан қалмаған: күйсандық, гитара, қоңыр, күшті, ашық дауыс. Ән салғанда желбезегі желкілдей жөнеледі. Окуджава, Визбор, Галич, Высоцкий, Розенбаум, романстар… Досы Әлекеңнің (Әліби Дінішев) оған әзіл-шыны аралас: «Сен сахнаға шықсаң, мен нансыз қалып, аштан қатармын», – дейтіні рас.
Жақтырмайтыны – бейқамдық, енжарлық, сүлесоқтық, селқостық, іш пыстыратын алаңсыздық. Бұндайды бір адамның бойынан көрсе, құрысып қалады. Болымсыз, бояусыз, толымсыз, тұрақсыз, таяз нәрседен ат тонын ала қашады. Керісінше, көңілі бір түссе, ақ жарылып, барын салады. Жүрдім-бардымдықтан мұқым ада, байыбына бойлап, жете ұғынып, егжей-тегжейін елеп-екшелеп барып іске кіріседі. Бүгін бітпек істі ертеңге қалдыруға жол бермейді. Тіпті тап қазір бастап кету қажет. Жалпыға да, жалқыға да қалай үлгеретініне қайран қалмасқа шараңыз жоқ. Жойдасыз көп сөзден қашып, не болмаса көңілін күп жайлап, қабағын кірбің шалып, яки кісінің не өзі, не көзі ұнамай қалған оқта-текте талағы тарс айырылып, бет-жүзге қарамай буулы баулықты бір сәтте қақ айыра сойып салып, морт кететіні де болады. Айтатыны жоқ, мінезге кенде-кедей емес… «Өзгеге қарап тітіреу – өзіңді түсінуге мұрсат береді» (Карл Юнг).
Жетекшіні – ішкі құдірет жетелейді. Ол – жетекші. Рәміз емес, ескерткіш емес, қағаз емес, қағазға жазатын қалам де емес. Ол – ол. Оның сенімі еріксіз жұртты да сендіреді. Жоспарлайды, жасайды, жұртты соңынан ертеді. Шешіміне өзі жауап береді. Ондай адам сескенбейді, күмәнданбайды, өйткені – оныкі дұрыс. Бұрыс болып жатса, жауап беруге дайын.
Ол – сенімді адам. Кез-келген мәселені сүйретпеге салмай табан астында шешеді. Бірақ солай болды екен деп басынан аттатқызбайды.
Сөз қадірін сыйлайды, сілтегенге мойынсұнады. Алайда ағынның ыңғайымен, жайдан-жай ырыққа жығыла салуды жақтырмайды. Өзеннің беті лай, асты тұнық деп біледі. «Адамның ең бір жаман кемшілігі – басқа адамның кемшілігін жіпке тізу». Һәммәсі оның туабітті еті тірілігінен, сөзіне, уағда-уәдесіне берік, ісіне бекемдігінен, іздемпаздығынан, әсілі, ойының іждаҺатты, бойының ізеттілігінен бас алса керек.
Төбені көріп қана қоймай, төбенің ар жағындағыны көргенді қалайды. Не болса да бақытты өмір сүруге әбден боларына көзі анық жеткен. Оның бір бақыты – Құдай қосқан қосағы қашан көрсең, жүзіне иманы үйіріліп тұратын жұбайы, балалары, немерелері (өзі айтқандай, «қызықтың бәрі далада емес, балада»). Кішкентайынан құлын-тайдай бірге өскен достары, іш-шәй демей дәм-тұзын бөлісіп келе жатқан жолдастары, қыл көпірден бірген өткен серіктес әріптестері тұрғанда несін уайымдамақ: «Бірге күліскенді ұмытуға болады, бірге жыласқан еш ұмытылмақ емес». Айшықты ғұмыр кешіп, күнделікті Һәм-қарекетін адал-ағымен, арымен атқарса, одан артық не керек. Қалғаны – ішінара ұйқы бермей, таңды көзімен атыратын, ой-санасын ерте күзде ұшқан сарала қаздай қалықтайтын беймәлім тебіреніс. Сөйтіп жүріп өмірдің мән-мағынасының қыры мен сырының түбіне жетіп тынады ма екен?! Коэлью айтпай ма: «Өмірдің мәні – мәнді өмір сүріп, діттегеніне жеткені».
Адам бұл дүниеге келгесін қызығына тойған ба?! Шыжығы да аз еместей. Уақытқа құрық жоқ. Әрмен сайын пәрмендеп, көзді ашып-жұмғанша жылға жыл, жасқа жас қосылуда. Оның мұны ойлап, ойлануға да мұршасы жоқ. Тамырына кіндік қанымен таралған ішкі албырттық оны тоқтатпастан, мойын бұрғызбастан детектетіп, әлі қуып келеді. Шашты қалың қырау шалғаны қашан, бірақ көңіл аттың көк дөненнің аяғын тұсау шалмасын.
Ол, міне, алпыс беске қадам басты. Мәселе жасында емес, мәселе – жеткен жетістігінде, жеңісінде. Алпыс бестің аттай қырық жылдан астамын – Елбасы іргесін қалап, тарих толқынына ұластырған Мәңгілік Ел – Қазақстанның тәуелсіздігіне бағыштапты.
Ол – Имаш, Иман, Имеке, Иманғали, Иманғали Нұрғалиұлы, Иманғали Тасмағамбетов. Әзір алпыс беске қадам басыпты. Жоқ, ол алпыс беске емес, оған алпыс бес қадам қылып, амандасыпты! Ләйім ұзағынан сүйіндіріп, затына жүз-жылдық, мың-жылдық ғұмыр бергей!
Ескерту: біріншіден, менің бұл шимай-шатпағым осыдан бес жыл бұрын Имекең алпысқа келгенде жазылған еді. Бірақ жарияланбай қалған-ды. Екіншіден, мен әкем – марқұм Мүбарактың о дүниелік болғанына бір жыл, анам – марқұм Рзахияның бақилық болғанына жиырма жыл деп ағайынмен бірге құдайы беру жағын жайғаумен Қызылордада жүргенде Имекең Ділдә анамызға Елордада ас беріп жатты (жақсы бір өткен жиында жұбайым Алтайы Ділдә анамыздың алдына барып, сәлем салып, арнайы батасын алып еді). Жете алмай қалғасын бауырым Бағы-Датпен бірге аруақтарға арнап бір түн бойы оқытып, Құран Хатим шығардық…
Ерлан ӘБЕН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі