СЕРКЕ СӨЗДІҢ САРДАРЫ
30.07.2018
1357
0

Биыл Алматыдағы «Астана Медиа Пресс» баспасынан ҚР Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері, Қазақстан Журналистер академиясының академигі, саяси ғылымдар кандидаты, профессор, қазақ баспасөзінің көрнекті ұйымдастырушыларының бірі – Жұмабек Омарұлы Кенжалинге арналған «Серке сөздің сардары» атты 416 беттік естелік-жинақ жарық көрді. Оны құрастырған – Марат Тоқашбаев.


«Егемен Қазақстан» газеті мен рес­пуб­ликалық «Білім және еңбек» жур­налында шыңдалған Ж.Кенжалин «Ха­лық кеңесі», «Ақиқат», «Қазақ әде­­­биеті», «Ана тілі» басылымдарында бас­­шылық қызметтер атқарды. Он шақ­ты басылымның басын қосқан «Қа­зақ газеттері» ЖШС-нің Бас ди­рек­­торы, төрағасы болды. Оның қа­ла­мынан «Желкілдеп өскен құрақтай», «Шындықты шырақ етіп ұстаңыз», «Ұлт рухын ұлықтаған ұрпақпыз», «Сая­си менеджмент және баспасөздің жұрт­шылықпен байланыс мәселелері», «Ер Жәуке мінбегенмен алтын таққа», «Қалам қанаты», «Елжандылық мұраты жә­не баспасөз беделі» сияқты публи­цис­тикалық, ғылыми, деректі зерттеу кі­таптары дүниеге келді.

***

Күні кеше ғана сияқты еді екеу­міз­дің танысып, табысқанымыз. 70-ші жыл­дардың соңы ғой. Алматыдағы «Баспасөз үйінде» таңертең бір есіктен аңқылдай кіріп, кешке сол есіктен жарқылдай шығып жүрдік емес пе?! Сен онда – «Социалистік Қазақстанда» өн­дірістік тәжірибеден өтуші студент­сің, ал мен – «Лениншіл жаста» тілші­мін. 80-ші жылдардың ортасында қол ұста­сып Дүниежүзі жастарының ХІІ фес­тивалі өтетін Мәскеуге аттанға­ны­мыз ше?! Әлемнің 111 елінен келген де­ле­гация өкілдерінен пікір алып, Ал­матыдағы қос редакцияға күн сайын бет беріп отыру оңай емес-ті. Үдеден шығу үшін бір ай бойы сен де, мен де жа­нұшыра еңбектеніп, Қызыл алаң мен Лужники арасында зыр жүгірге­ні­міз естен кетер ме?! Сондай ақ тер, көк тер жүрісте шетқақпай көрген кезіміз де аз емес. Осыған күйініп: «Қараңыз­шы, Жәке?! Кім не десе о десін, анау Моң­ғолия журналистері бізден он есе ба­қытты-ау, ә! Қалай болғанда да жеке ел деген аты бар емес пе?», – дегеніңді қа­лай ұмытайын. Ол кезде Тәуелсіздік ұғы­мы жоқ. Жеке ел деген сөзді қол­да­на­тынбыз. Азаттықтың сондай ақ таңы арайлап атқанда қандай қуандық, шір­кін! Сөйтіп, сен де, мен де егемен елдің ең алғашқы басылымдарының бірі – «Ха­лық кеңесінде» тізе қосып еңбек ет­тік. Қоғамдық-саяси журнал – «Ақи­қатта» да екеуміздің жақсы, жарқын ізі­міз қалды.

Жанболат АУПБАЙ

– Ереке, – деді Жүкең (Жұмабек Кен­­­жалин) өзіне жарасты сол бір сы­пайылық мінезімен, – газетті ком­пью­терлендіруіміз қажет. Қазіргі заман сұра­нысы солай. (Ол кезде «Қазақ әде­биеті» газетінің Бас редакторы бо­ла­тын).
– Ол үшін не істеуіміз керек?
– Мен бар деген мекемелерге бара­сың, сөйлес деген адамдармен сөй­лесе­сің.
– Олар мені қабылдай қояр ма екен?
– Тіл табысу – өзіңе сын. Қайткенде де қаржы тауып, газетті компьютер­лен­­­­діруі­міз – міндет. Кешіксек, өзге­лер­ге күлкі боламыз.
– Министрліктен бөлінетін ақша қай­да?
– Онда бұл мәселеге тиесілі қаржы қа­растырылмаған.
– Жақсы, шама келгенше жұмыс іс­теуге тырысайық.
– Шаманы келтіру керек.
Сонымен іске кірісіп кеттік. Ал­ғаш­қы кездесуді даңқы дүркіреп тұрған Алматыдағы Сейфуллин – Әйтеке би көшелері қиылысындағы «Сарыарқа» корпорациясының президенті Еркін ағамыздан бастадық. Түр-тұлғасы Д.Қонаевтан аумай қалған ақсақал екен, ұлтжандылығы мен қазақылығын бірден танытты. Жылы қабылдап, ті­легімді қанағаттандырды.

Еркін ЖАППАСҰЛЫ

Министрліктің «Үркер» сыйлығына орай ұйымдастырған іс-шарасы бір себептермен дәл белгіленген уақы­тын­да басталған жоқ. Сол күні, шақыр­ыл­ған жерге бір минут кешікпей баратын көкеммен асықпай сөйлесудің орайы келе қалды. Біраз уақыттан бері бір-бірі­мізді көрмеген екеуміз шер тарқа­тысып, жағдай сұрасып, өткен-кет­кен­ді еске түсіріп, асықпай ұзақ сөйлестік. Әңгіме барысында ол ұлы үйленетін болған соң алпыс жылдығын өткізуге байланысты шаруаларды кейінге қалдыра тұруға тура келгенін айтты. Көңілімізде әлі талай айтылмай қалған сыр толып қалған екеуміз бір-біріміз­бен қимай қоштастық. Бірнеше күннен кейін Жұмабек көкемнің кенеттен дү­ние салғаны туралы суық хабарды ес­тіп, төбемнен жай түскендей есеңгі­реп қалдым. Маңдайыма сыймай кет­кен, қайран көкем-ай!

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір