САРАБДАЛ СЫННЫҢ САРДАРЫ
18.05.2022
1736
0

Мен елге 1993 жылы, тұп-тура 30 жасымда оралдым. Оған дейін Үрімші қаласындағы Шыңжаң гуманитарлық ғылымдар академиясының әдебиет институтында ғылыми қызметкер бола жүріп, арғы беттегі ағайынға  ақын және әдебиет сыншысы ретінде танылдым.

Менің әдеби сынға келуімнің биыл 75 жылдығы аталып өтіп жатқан әйгілі сыншы-ғалым, эстет-философ, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сағат Әшімбаев есімімен тікелей қатысы бар. Әңгімені содан бастағанды жөн көріп отырмын.

1982 жылы ҚХР мемлекеттік  ұлттық бірыңғай емтиханынан өтіп, Пекиндегі орталық ұлттар университетінің филология факультетіне оқуға қабылдандым. Туған ауданымнан қазақ мектебін бітіріп барғандықтан алғашқы бірер жылда қытай тіліндегі әдебиеттерге тіс бата берген жоқ. Есесіне, ең кереметі Пекиндегі біраз мекемеге советтік Қазақстаннан шығатын газет-журналдар, кітаптар барып тұрады екен. Сонымен біздер күндіз-түні, жата-жастана тек қана Қазақстан қаламгерлерінің шығармаларын (проза, поэзия, әдеби сын) оқитын болдық. Біз «Сағат Әшімбаев» деген есім-соймен сол кездерде таныс болдық. Жай таныс болып қана қойған жоқпыз, бұл есім көкірегімізге өшпестей болып жазылып қалды. Себебі екеу. Біріншісі, «Сағат» есімді бір ағамыз сол кезде Пекиндегі қазақ радиосын басқарып тұрды. Қазіргі әлемге әйгілі кино-режиссер Жанар Сағатқызының әкесі. Елден келген әкімқаралардың қолқалауымен үйіне әредікте барып тұрушы едік. Мол білімді, өте мәдениетті, зиялы кісі-тұғын. Әкімқараларға емес, әңгімесін баласынбай маған қарап айтатын. Ал «Әшімбай» деген менің ертеректе қайтыс болған туған жездемнің есімі еді. Жиендеріміздің  тек сойы да «Әшімбай». Екінші себеп, сыншы ретіндегі Сағат Әшімбаевтың ағыл-тегіл  тілі мен көл-көсір білімі. Сонымен бірер жылдан соң жайлап-жайлап  қытай тіліндегі әдебиеттерді оқи бастадық. Бірақ шыны керек, 1980-ші жылдардың басында қытайлардың шетелдерден жасаған аудармалары болмаса, іргелі қазақ еліндегі өскен, өркендеген әдебиетпен сусындап жүрген біздерді  қытайдың өз қаламгерлері мен сыншыларының шығармалары онша қанағаттандыра қоймайтын.

Сол тұста Пекиндегі «Ұлттар сарайы» деген мекеменің кітапханасында Елубай Әбілқасымұлы дейтін ағамыз жұмыс істеп жүрді. Біздің алдымызда ғана Орталық ұлттар университетін бітіріп, жолдама бойынша сонда қалыпты. Өзінің ақындығы да бар еді. Ең бастысы әдеби сын бағытында көбірек ізденіп жүреді екен. Танысып, жақын араласып кеттік. 1985 жыл. Елубай ағамыз барған-келгеннен «Дүкен маған келіп кетсінші» деп, дұғай сәлем айтып жіберіпті. Бардым. Аман-саулықтан соң, әңгімені «Қазақстаннан жаңа кітаптар келді» деп бастады да, «ең кереметі ішінде Сағат Әшімбаевтың сын мақалалар жинағы да бар» деп, қара былғары тысты кітапты маған ұсынды. «Парасатқа құштарлық». Кітаптың атының өзі қандай ғажап! Елекең екеуміз қатар тамсанып отырмыз. «Мен оқып шықтым, енді ғажаптың ғажабы! Тілі қандай?! Ұшан-теңіз білім қандай?! Енді сен оқы. Жоғалтып алма. Абай бол» деп кітапты маған оқуға берді. Мен кітапты жай оқып қана қойған жоқпын. Тұтастай көшірмесін жасатып алдым, әрі сол «Парасатқа құштарлықтың»  әсерімен әдеби сынға құлай берілдім. Содан елге оралған 1993 жылға дейін арғы беттегі ағайындардың әдеби үдерісіне қатысты 20 шақты сын мақалам жарық көрді. 1992 жылы Шынжаң өлкелік Жазушылар одағының органы «Шұғыла» журналының жарық көргендігінің 40 жылдығына арналған іс-шараға орай, поэзия жанры бойынша 40 жылға шолу жасау міндеті бізге жүктелді…

Кейін көрдік, арғы бетте шыққан «Қытайдағы қазақ әдебиетінің тарихы» деген көлемді монографиялық еңбектің «Әдебиет сынының тарихы» деген тарауында біздің де есіміміз жүр екен. Тіпті күні бүгін де әдеби сынға бүйрегіміздің бұрып тұратынымыз жасырын емес. Міне, осы тұрғысынан келгенде мен Сағат Әшімбаевты  ұстазым деп санаймын. Жалғыз бізге ғана емес, тек сыншыларға ғана емес, арғы беттегі қандастар әдебиетінің өсуі мен өркендеуіне де Сағат Әшімбаев шығармаларының игі ықпалы болғанын толық сеніммен қуаттай аламыз.

Өкінішке қарай, маған ұлы сыншыны көру нәсіп болмады. Алайда Отанға оралғаннан кейін де әр жылдары шыққан кітаптарын қалдырмай алып, шұқшия оқып жүремін. Демек, Сағат Әшімбаев феномені, оның шығармаларының мәні мен маңызы  туралы  оқырманмен аз-кем ой бөлісуге моральдық құқым бар ғой деп есептеймін. Олай болса әрі қарайғы әңгіме сыншы шығармашылығы туралы.

Әдеби сын – әдебиеттану ғылымының маңызды саласы. Ал С.Әшімбаев қазақ әдебиетінде  әдеби  сыншы ойшыл әрі кәсіпқой болуы керек деген талап деңгейінен табылған, сондай-ақ сол ұстанымды жүзеге асыруымен, өзіндік айқын ой-пікірімен, шығармаларында замана рухын дөп басуымен кәсіпқой сыншының типтік өкіліне айналған бірегей тұлға. Оның әдеби сын шығармашылығы 1960 жылдардың соңынан басталып, өзі өмірден өткенге дейінгі ширек ғасырдай ғана уақытты қамтып жатыр. Соның өзінде сыншы-ғалымның артында ұшан-теңіз мұра қалды. Оның шығармалары өзіне тән  ерекше парасатымен, биік эстетикалық талғамымен, идеялық, сезімдік қуатымен ерекшеленеді. Қысқасы С.Әшімбаевтың әдеби сын мұрасы әлеуметтік сын мен эстетикалық сынның, субъективтілік пен ноуменологияның бірлігін түзеді, сонымен бірге эстетиканың, ой-пікірдің, замана рухының симфониясын  құрайды.

Әдеби сын – әдебиеттану ғылымының да, әдеби үдерістің де маңызды құрамдас бөлігі. Кезінде француз сыншысы Альбер Тибоде «кәсіби сын» мен «стихиялы сынның» аражігін ажырату үшін кәсіпқой сынды «парасатты сын» деп атағанына назар аударсақ, кәсіпқой сыншының қаламынан туған дүниелер ғана әдебиеттің, ұлттық көркем ойдың өсуіне игі ықпал ететін шешуші фактор екенін, әрі әдебиеттанудың маңызды бөлігі болып есептелетінін аңғаруға болады. Негізінде ХІХ ғасырдағы В.Г.Белинскийді айтпағанның өзінде, В.В.Набоков, У.Д.Хауэллс, Р.Уэллек, Х.Бхабха, П.Рикёр, М.Бланшо, П.Бурьдё, К.Каратани, Ли Цзэхоулар ХХ ғасырдағы әлемдік кәсіпқой сынның классикалық үлгісін жаратып, ғаламшарымыздағы көркем ойдың катализаторына айналды. Қазақ әдебиетінде ХХ ғасырдың 60-жылдарынан бастап ұлттық сананың жаппай ояну тенденциясымен қатар, жаңа буын кәсіпқой сыншылардың білікті сындары да жандана бастады. Солардың ішінде – Сағат Әшімбаевтың әдеби сындары ә дегеннен-ақ ой-пікір жаңалығымен, өткірлігімен, терең мазмұнымен, замана рухын дөп басуымен өз тұсындағы қазақ әдеби сынының бірегей үлгісіне айналды. Бұл кезде қазақ әдебиетіндегі Е.Сымайылов, М.Қаратаев, Р.Бердібай, С.Қирабаев бастаған аға буын сыншылар бір жола ғылымға, қазақ әдебиетінің әр саласын зерттеуге кірісіп кеткен болатын. Тура осы кезеңде өз замандастарымен бірге әдебиеттің есігінен жаңа аттаған жас Сағат екіленбестен әдеби сынды таңдап алып, көп ұзамай-ақ қазақ әдеби сынының аспанынан жарқырап көрінді.

Жалпы Сағат Әшімбаев әдеби сынға саналы түрде, үлкен дайындықпен және ұлы мұратпен келген  тұлға. «Үлкен дайындық» дегенді, былайғы жұрт  көп оқып, бас алмай ізденіп, білім қорын молайту деп қана түсінуі мүмкін. Әрине ондай түсінікті жоққа шығаруға болмайды. Өйткені сыншыда мол білімнің болуы аса маңызды шарттардың бірі. Алайда барлық алғы шарттың ішіндегі бәрінен де маңыздысы сыншы болғысы келетін адамның асқақ азаматтық болмысы, биік пайым-парасаты және шығармашылық мұрат-мақсаты. Біздің бұл пікірімізге  ұлы эстет-философтың өз пайымдары дәлел. Кемеліне келген, парасаттың биік шыңына көтерілген, өмірінің соңғы кездерінде емес, сындағы ұлы сапарын енді ғана бастаған сонау ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарының соңында жас сыншы әдеби сын туралы былай дейді: «Сын – өнер. Сын – уақыт қажеттілігінен туған, қоғамдық, эстетикалық, философиялық ой-сананың өзгеше бір формасы.  Сынды жанымен сүйіп, тәнімен күймейтін адамдардың сынның беделін түсіргеннен басқа берер пайдасы шамалы демекпіз. Сыншы таланты – аса сирек талант. Сыншылық екінің бірінің қолынан келе бермейтін қиын өнер екендігін кезінде сыншы корифейі Белинскийдің жақсылап айтып кеткендігін білеміз. Сондықтан да сында кез келген білімі таяз,
білігі төмен теориялық дайындығы жоқ, сын эстетикасынан, тарихынан
хабары шамалы жандардың ермегіне айналдырмау – сын абыройын
қорғау болып табылады». Сынға, сыншыға қойылатын осы талаптардың биігінен ең әуелі өзі көріне білді. Соның нәтижесінде 1980 жылдардан бастап Сағат Әшімбаев өзінің жоғары білікті, жан-жақты кемел, ой-пікірі дара  әдеби сындары арқылы қазіргі әдебиеттану дискурсы мен сын парадигмасын құруға білек сыбана араласып, қазіргі қазақ эстетикалық ой-пікірі мен әдебиеттануының тарихында өзінің жеке соқпағын қалдырды. Бұл туралы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әдебиеттанушы ғалым М.Жолдасбеков: «Сағаттың оқығаны да, тоқығаны да көп еді. Төл әдебиетімізді былай қойғанда, әлем әдебиетінің айдынында еркін жүзіп, Батысты оқып, Шығысты тоқып өсті. Замандастары арасында ойлылығымен де, тереңдігімен де, бүкіл бітім-тұлғасымен де оқшауланып айрықша көрінетін» – деп еске алады.

Жұртқа мәлім болғанындай әдеби сын, ол да биік мұратты, шынайы шығармашылықтың  бір түрі. Әсіресе ойшыл қаламгер үшін әдеби сын – оның шығармашылық, азаматтық концепциясының маңызды өлшемі болып есептеледі. Сағат Әшімбаевтың әдеби сыны 1960-шы жылдардың соңғы жартысында  басталды. Сыншының шығармашылық дара дарыны мен кәсіпқой сыншыға тән эстетикалық талғамы, парасат қуаты, тереңдігі мен кемелдігі оның алғаш қолына қалам алып, әдеби сынға кірісе бастаған жылдарында жазған «Жастар сыны туралы бірер сөз», «Әдебиет көкжиегі кеңейе береді», «Мұрат алды – ізденіс», «Сұлулықсыз өлең тұл», «Сыншы ой туралы сыр», «Ізденіс бағдарын барлағанда»  секілді  туындыларынан  айқын аңғарылады.  Әсіресе 1970-1980 жылдары Сағат Әшімбаев қазақ көркем ойына ізденімпаздықпен, батылдықпен көптеген жаңа ұстаным, тың ой-пікірлер алып келді. Өз замандастарының шығармашылығы туралы ғана емес, сонымен бірге қазақтың арғы-бергідегі ақын-жазушылары туралы Сағаттық талап-талғаммен ерекшеленетін әдеби сындар тудырды. Уақыт оза келе жауапты қызметтер мен сынды  қатар ала жүріп, ұлттың рухани көкжиегін кеңейту, көркем ойды кемелдендіру мақсатын бір сәт те толастатқан жоқ. Негізінде бір қолдағы «қалам» мен екінші қолдағы «билік» қатты қиылыса бермейтін екі бағыт. Ал С.Әшімбаев үшін бұл екі бағыт бірін-бірі алға жетеледі, біріне-бірі кең өріс ашты деуге болады. Сондықтан да болар ұлы мұраттан бастау алған сыншы мұрасы ешқашан да мәні мен маңызын жоғалтпай, күні бүгінге дейін ұрпақтар санасына сәуле шашып келеді. Қайтыс болғаннан кейін де Сағат Әшімбаевтың әдеби сын мұрасы бірнеше мәрте қайталап басылып, оқырман қолына тиіп жатты. Әйгілі эстет-ғалымның еңбектері тек әдебиеттанушылар мен жас сыншылардың қажетін өтеумен ғана шектеліп отырған жоқ. Керісінше, бүгінде қазақтың эстетикалық ой-пікірлері негізінен Сағат Әшімбаевтың эстетикалық көзқарасына қарап бой түзеп отыр десек, еш қандай да асырып айтқандық болмас еді. Еліміздегі әдебиет оқытушыларының: «оқушыларға немесе студенттерге берілген шығарманы талдау барысында туындыға сыни көзбен қарау, сын категорияларына негіздеп талдау үшін С.Әшімбаев еңбектеріне сүйенбесе болмайды. Сын жанрында, сын әлемінде сыншының алар орны ерекше» деген пайымы біздің пікірімізді жандандыра түспек.

Эстет-ғалымның шығармалары 1980-1990 жылдары кітап болып «Сын мұраты»,  «Парасатқа құштарлық», «Шындыққа сүйіспеншілік» деген аттармен оқырман қолына тиді. Олардың ішінде – кейбір маңызды әдеби теориялардың, ұғымдар мен құбылыстардың қыр-сыры,  айқын қайнар көздері ғана емес, белгілі ақын-жазушылардың шығармаларына терең талдау жасау, арғы-бергідегі классиктердің шығармашылығына берілген баға мен талдаулар ұсынылды. Сонымен қатар жас буынның, жаңа әдеби таланттардың шығармашылығы туралы жан-жақты талдау мен қолдау, олар туралы құзыретті салаға ынталы ұсыныстар да кездеседі. Жалпы айтқанда сыншы-ғалымның қай кезеңдегі шығармашылығын алмайық, бәрінде эклектикалық мәселелер, оның ішінде эстетикалқ пайымдар, теориялық ұғымдар мен ұстанымдар, көрнекті ақын-жазушылар шығармашылығына талдау, классикалық шығармаларға практикалық эстетика тұрғысынан берілген баға, шығармашылық туралы тың ой-пікірлер  молынан қамтылып жатады.

«Кәсіпқой сыншы» деген тіркестің аты айтып тұрғандай, оның ең басты ерекшелігі – белгілі бір мағынада кәсіпқойлық пен сыншылықтың бір тұлғаның бойынан көрініс табуы. Шындығында бұл жерде айтылған «тұлға» негізінен сыншының өзіндік жеке тұлғасы мен рухани болмысын меңзейді. Қазақ әдебиетінде академик С.Қирабаев, академик З.Қабдолов, профессор Т.Кәкішев, академик Р.Нұрғали, З.Серікқалиев, профессор Д.Ысқақ, профессор Қ.Ергөбектер шығармашылықтарын о баста әдеби сыннан бастағанымен,  олардың әдеби сынының өзіндік ерекшеліктері бар еді. Мәселен, академик Р.Нұрғали  о баста сыншы ретінде ғана емес, көпшілік қауымға зерттеуші-ғалым ретінде  көбірек таныс болатын, сонымен бірге роман-новеллалары  оның әдеби шығармашылыққа да қызығушылықпен қарайтынынан дерек береді. Ал   академик С.Қирабаев, академик З.Қабдолов, профессор Т.Кәкішевтер әредікте әдеби сынға ат ізін салып тұрғанымен, олардың еңбектері көбінде академиялық сипаттарымен ерекшеленетін. Профессор Д.Ысқақ, профессор Қ.Ергөбектердің әдеби сынынан ылғыи да өздерінің ғылыми-зерттеушілік стилі байқалып тұрар еді. Ал Сағат Әшімбаевтың әдеби сынында көрініс тауып жататын сыни-эстетикалық толғамдар мен ой-пікірлер кәсіпқойлық сарынынан мүлде жаңылған емес. Ол өзіне ғана емес, тұтас мемлекет пен қоғамның алдына «сындағы  ендігі мәселе – сыншылардың мамандануы, оларды мамандандыру мәселесі», «сыншы таланты – сирек талант және сын – әдебиеттің ең қиын жанры. Оңай болса жұрттың біразы сыншы болып кетпес пе еді?! Әйтсе де соған қарамастан сынның таудай тауқыметіне, қыруар қиындығына төтеп беретін төзімі төтенше сыншылар әзірлеу, олардың шығуына жағдай жасау – мемлекеттік маңызы бар патриоттық парыз» деген ойын алға тартқан болса, өзі де қазақ әдебиетінде  әдеби  сыншы, ойшыл, әрі кәсіпқой болуы керек деген талап деңгейінен табылған, сондай-ақ сол ұстанымды жүзеге асыруымен, өзіндік айқын ой-пікірімен, шығармаларында замана рухын дөп басуымен кәсіпқой сыншының типтік өкіліне айналған бірегей тұлға. Оның әдеби сындарында кем дегенде сыншы-теоретик, ойшыл, эстет-философ, қайраткер (азамат) секілді бірнеше тұлғаның сипаты қатар қамтылып жатты. Олардың барлығы да өз кезегінде Сағат Әшімбаевтың әдеби сынының құндылық бағдары мен тұлғалық болмысына әртүрлі деңгейде өзінің игі ықпалын тигізбей қойған жоқ. Атап айтқанда, Сағат Әшімбаевтың саяси карьерасы мен мемлекеттік жауапты қызметтегі тәжірибесі оның әдеби сын шығармашылығында проблемаларды биіктен, жан-жақты һәм тұтастай қарастыруына мүмкіндік бергенін аңғару қиын емес. Бұл жағдай оның сол тұстағы әдеби сындарынан да айқын көрінеді. Сондықтан да болар сыншы-ғалымның әдеби сындарының пікір аясы кең, атмосферасы да айрықша. Ол тіпті нақты шығармаларға талдау жасап отырғанның өзінде, тым қазымырлыққа, ұсақсөзділікке  бара бермейді. Бұл оның  мемлекет қайраткері ретіндегі ұстанымымен тікелей байланысты болса керек. Сондай-ақ бұл ұстаным оның сындағы азаматтық концепциясына өзгеше ықпал еткені жасырын емес.

Осы тұста мына мәселенің де басын ашалай кетуге тиіспіз. Жалпы С.Әшімбаев – қазақ әдебиетіндегі кәсіби сын өнерінің ту ұстаушысы ғана емес, әдебиеттегі эстикалық қабылдаудың, оның ішінде практикалық (қолданбалы) эстетиканың да мұзжарғышы.

Осы заманғы  америкалық әдебиет теоретигі Р.Веллек ХІХ ғасырдың басындағы неміс әдебиеті мен эстетикасының бір-бірінен ажырауын «сынның» (сол кездегі әдебиет теориясының негізгі түрі) «азғындауымен» және неміс зиялыларының ізденіс әдетімен байланыстырады.  Дегенмен қазақ әдебиеті мен эстетикасының өткен ғасырдың алғашқы жартысындағы бөлінісі немістердің жағдайына мүлдем ұқсамайтын еді. Яғни біздегі жағдай германиялықтарға қарағанда біршама күрделірек болатын. Атап айтқанда, біріншіден, ол заманда бізде ұлтты құтқару мен ағартушылық ең басты мақсат болып тұрған шарт-жағдайда, әдебиет пен эстетика өздерінің айқын сыртқы әлеуметтік қызметтеріне байланысты екеуі бірдей маңызға ие болды. Алайда дәстүрлі қазақ «поэзия сыны» мен «эстетикалық теориясы» өтпелі кезеңнің әлеуметтік миссиясын көтере алмағандықтан, жаңғырту объектілеріне айналды. Екіншіден, әдебиет пен эстетиканың сыртқы функциясын барынша арттыру мақсатында – ескі мазмұны мен ескі форманы бұзып, жаңа мазмұн мен жаңа формаға ауысу объективті түрде талап етілді. Алайда КСРО деп аталатын еуразиялық қызыл империяның құрылуымен «жаңаша әдебиеттануыңыз», «эстетикалық теорияны жетілдіруіңіз» былай тұрсын, тұтас ұлттық өзі қызыл империяның шеңгелінде тұншықты. Үшіншіден, әдебиет пен эстетиканың сыртқы функцияларының  ырғақты орындалуын жүзеге асыруға, әдебиет пен эстетиканы зерттеуді жандандыруға саяси жүйенің кепілдігі керек еді.  Төртіншіден, советтік білім беру жүйесі ауқымында әзірленген қазақ әдебиеті мен эстетикасы, әрісі батыстық, берісі кеңестік мотив, мазмұндармен жасақталған болатын. Соның негізінде академиялық зерттеулер немесе кәсіби оқулықтар өмірге келіп жатты. Соның негізінде КСРО кеңістігінде өзіндік ерекшелікке ие әдебиет теориясы мен эстетика теориясы қалыптасты.

 

Жалпы таза эстетиканың негізгі ұстанымдары мен көзқарасын қазақ топырағында алғашқылардың бірі болып, әрі біршама жүйелі түрде біз сөз етіп отырған әйгілі сыншы, ұлттық көркем ойдың ту ұстаушысы, эстет-философ Сағат Әшімбаев алға тартты. Бұл ретте сыншы-эстет С.Әшімбаевтың  «Эстетика – көркемдік арқылы дүниетанудың ерекше түрі» деген, немесе «Эстика – өмір шындығын көркемдік шындық, көркем образдар мен идеялар арқылы танудың бір жолы» деген пайымдарын алайық, бәрі де таза эстетиканың шынайы сыр-сыйпаты мен рөлін айшықтап берген ғылыми тұжырымдар.

Жалпы Сағат Әшімбаевтың көркем ойының, эстетикалық көзқарасының қалыптасу, даму барысын шартты түрде екі кезеңге бөліп  қарастыруға болады. Бірінші кезең 1960 жылдардың орта тұсынан 1970  жылдардың соңына  дейінгі  бастау және алғашқы қалыптасу кезеңі болса, екінші кезең, яғни 1980 жылдардың басынан  өмірінің соңына (1991 ж.) дейінгі даму мен кемелдену кезеңі болды. Осы екі кезеңде оның көркемдік ойы үлкен өзгеріс және өсу жолын бастан кеше отырып, гносеологиядан (алғашқы таным баспалдағы) жүйелі эстетикалық практика сатысына көтерілді. Жас сыншы еліктеп ұзақ жүрместен, жаңа сатыға, тың сапаға тез көтерілді. Соның нәтижесінде әсіресе алғашқы кезеңнің өзінде-ақ ол – практикалық эстетикалық  ойлардың жетілуіне берік негіз қалап, небір тың, өзекті ұсыныстарды ортаға сала білді. С.Әшімбаевтың әдеби сынында заманның, қоғамның жаңғырығы болып табылатын, заманның өзгерген ізін аңғаруға болатын ерекше түсінік бар. 1970-1980 жж. аралығындағы жылымық тұсында, 1980-1990 жылдары аралығындағы «қайта құру» науқаны қарсаңында КСРО құрамындағы ұлттық республикалар жаппай ұлттық мәдени жаңғыру мен рухани ояну кезеңін бастан кешіп жатты. Міне, сол тұстағы әдебиет пен өнердің алдында  отаршыл жүйе қалыптастырған теріс таным-түсініктерден арылу, қасаң қағидалар мен кеңестік рамкаларды бұзу міндеті тұрды. Осы кезде С.Әшімбаев әдеби сында атойлап алға шығып заманның тамырын дөп басып, дәуір рухын дұрыс межелеп, шығармашықтағы «серпіліс» пен «жасампаздықты» табанды түрде насихаттады.

С.Әшімбаевтың «талаппоз» әдеби сынының тағы бір маңызды көрінісі оның көптеген жаңа әдеби таланттарды тауып, оларға кеңес беруінде дер едік. Жаңа әдеби концепцияларды зерттеп, кеңейтумен салыстырғанда, жаңа әдеби таланттарды ашу және ұсыну тіпті С.Әшімбаев әдеби сынының ең маңызды өлшемдерінің бірі болды десек еш қателеспейміз. Бұл оның жаңашылдық пен ізденісті жақтаудағы әдеби философиясына сәйкес келеді. С.Әшімбаев әдеби сын шығармашылығы арқылы қазақ әдебиетінің өркендеуіне көптеген жаңа дарындарды тауып, жаңа есімдердің жолын ашты. Толық емес мәліметтерге сүйенсек, 1970-1980 жылдары сол кездегі талаптың тайын мініп қолына енді қалам ала бастаған ақын-жазушылардан Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, О.Бөкеев, С.Мұратбеков, Қ.Жұмаділов, Т.Әбдіков, Ә.Сараев, Қ.Найманбаев, С.Санбаев, Д.Исабеков, Т.Әбдіков, Т.Нұрмағамбетов, С.Нарынбетов, С.Сматаев, Б.Нұржекеев, Қ.Мұхамбетқалиев, К.Ахметбеков, Б.Шаханов, А.Жақсыбаев, Қ.Сәрсекеев, Т.Тілеуханов, Н.Қазыбеков, К.Сегізбаев, А.Сейдімбеков, Ж.Түменбаевтар, одан кейінгі сол кездегі мүлде ақүрпек балапандар Б.Қойшыбаев, Б.Мұқаев, А.Сымайылов, М.Қабанбаев, М.Мәжитов, Қ.Қараманұлы, Р.Сейсенбаев, С.Елубаев, С.Жұбатыров, М. Қаназов, Ә.Бөриев, С.Байқонов, т.б. жас қаламгердің дарын қуатын ең алғаш  байқап, ақ жол тілеген Сағат Әшімбаев еді. Жаңа талап, жас толқын сыншылардан Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, Р.Нұрғалиев, З.Серікқалиев, О.Сәрсенбаев, А.Сүлейменовтердің алғашқы қадамына 1968 жылы баға беріп, ақ жол тілеген болса, одан кейінгі толқыннан әдеби сынның табалдырығынан енді аттаған Ә.Сығай, А.Егеубаев, Б.Сарбалаев, Б.Ыбырайымов, Б.Майтанов, Б.Әлімжанов, Ә.Бөпежанова, Т.Мәсесейітов, Қ.Ергөбеков, Ж.Дәдебаев, Н.Ақыш, Т.Жұртбаевтардың талантын ерте таныған да біздің кейіпкеріміз еді. Бүгінгі күні осы есімдерді оқып отырып Сағат Әшімбаевтың байқампаздығы мен ішкі интуициясына еріксіз бас иесің. Бұлардың басым көпшілігі, тіпті тұтастай деуге болады, кейінірек қазақ  әдебиетінің діңгегіне айналды. Әрине, мәселеге объективті түрде қарайтын болсақ, бұл жаңа әдеби таланттардың қарқынды түрде өсіп-жетілуі С.Әшімбаевтың байқауы мен бағалауына, қолдауына тікелей байланысты емес. Дегенмен бұл бір қырынан  С.Әшімбаевтың сыншы ретіндегі көрегендігі мен парасатын көрсетеді. Себебі өз кезінде кез келген қазақ ақын-жазушысына Сағаттың жақсы бағасына ие болу үлкен мәртебе болса, Сағаттың сынына ұшырау кәдімгідей абыройсыздық болып есептелетін. Сондықтан қаламгердің бәрі барынша ізденуге, барынша жақсы жазуға тырысып бағатын. Міне, бұл Сағат Әшімбаевтың сыншы ретінде қазақ әдебиетіне, қазақ көркем ойының дамуына қосқан бірегей үлесі еді.

Таңғаларлығы, С.Әшімбаев – әңгіме, повесть, өлең секілді сүйегі шағын дүниелерді ғана емес, жылына бұрқырап шығып жататында романдардың бәрін оқып, шынайы пікірін білдіріп отырды. Кемшілігі болса бүкпей, бетің-жүзің демей көрсетіп, артықшылығына қуана қол соқты. Абайдан бермен қарайғы аға буын қаламгерлердің шығармашылық лабораториясының қыры мен сырын қопара, қотара ақтарған талдауларын айтпағанның өзінде, сыншының өзімен замандас, оқырмандарына алғашқы романдарын бере бастаған С.Жүнісовтің «Жапандағы жалғыз үй», М.Сүндетовтің «Ескексіз қайық», Қ.Жұмаділовтің «Көкейкесті», Д.Досжановтың «Зауал», А.Нұрмановтың «Құланның ажалы», Жайсаңбек Молдағалиевтің «Торғай толғауы», «Сарыарқаның сүйіктісі», Р.Тоқтаровтың «Ертіс мұхитқа құяды», Ж.Нәжімеденовтің «Ақ шағыл», К.Қазыбаевтың «Ызғар», т.б. толып жатқан жазушылардың романдарын бояуы кеуіп үлгермей оқып, жетістігі мен кемшілігіне дер кезінде пікір білдірді. Аталған романдардың кейбіреуі жарық көргеннен кейін әдеби ортада үлкен талас пікір тудырды. Осындай кезде әдеби орта көп жағдайда С.Әшімбаевтың қара қылды қақ жарған қазылығы мен тура бидей төрелігіне жүгінетін. Жалпылама айтқанда Сағат Әшімбаевтың әдеби сыны социологиялық сын категориясына жатады. Сағат Әшімбаев әдебиеттің әлеуметтік мәні мен тәрбиелік рөлін ешқашан жоққа шығарған емес. Эстетикалық ноуменология Сағат Әшімбаевтың әдеби сынының негізі мен өзекті коннотациясын құрайды. Сағат Әшімбаев 1983 жылы жазған «Азаматтық формуласы» атты мақаласында Диогеннің, Гегельдің, Канттың, Маркстің, Плехановтың, Герценнің, Гончаровтың қоғам туралы, азаматтық туралы, тіл мәдениеті туралы пайымдарын алға тарта отырып, жалпы қаламгер атаулының ең әуелі азамат болуы керек деген тұжырымын  жалпының назарына ұсынды. Сондай-ақ сыншының қай еңбегінен болмасын, әдебиет пен өнердің  заңдылықтары, қыры мен сыры, рөлі мен құны туралы толғаныстарын молынан кездестіреміз. «Әдебиет ардың ісі, адамгершіліктің айнасы, азаматтықтың трибунасы», «көркем шығармадағы азаматтық парсатты пафос жазушының биік болмысынан ғана туады», «жазушының жан сұлулығы, рухани тазалығы, кең тынысты кемел ойлары, азаматтық ақ шаңқан сезімі – көркем шығармаға идеялық және көркемдік көрік беретін ең қажетті факторлар», «суреткерлік пен суретшілдік бір ұғым емес», «жақсы шығарма – жақсылықтың жаршысы, рухани байлықтың қайнар көзі, ұлттық игіліктің нақ өзі», «әдебиет ақиқаттың мәнін айғайға бармай ашуы, шындықты шыңғырмай айтуы керек», «әдебиет үшін образ, характер жасау негізгі міндеттердің бірі», «әдебиет мүддесі барлық мүдде атаулыдан жоғары тұруы тиіс», «шын мәніндегі сын шындыққа сүйіспеншіліктен ғана туады» деген секілді толғаныстары  тұтас қаламгер қауымы үшін, әсіресе жаңа талап, жас буын үшін ішірткідей керек дүние екені белгілі. Тіпті сыншының әдебиет туралы барлық пайымдаулары әлемге аты мәшһүр британдық әдебиет теоретигі, әдебиет сыншысы, мәдениеттанушы-ғалым Терри Иглтонның «Литература по нескольким причинам была подходящим кандидатом для этого идеологического предприятия» деген көзқарасымен үндесіп, қабысып жатқанын аңғаруға болады. Осының бәрі біріншіден,  Сағат Әшімбаевтың сөз өнеріне деген адалдығы мен биік азаматтық болмысын көрсетсе, екіншіден, оның әдебиеттің көркемдік заңдылықтарын құрметтеу және тәуелсіз эстетикалық пайымдауларға ие болу туралы қаламгерлерге қойып отырған талабы.

Қорыта келе айтарымыз, әйгілі эстет-сыншы, біртуар философ ғалым Сағат Әшімбаев қысқа ғана ғұмырында ұлт руханиятына үлкен олжа салған, халқымыздың әдебиеті мен мәдениетінің дамуына, әсіресе ұлттық көркем ой мен эстетикалық талғамының өсуіне елеулі үлес қосқан айтулы тұлға. Оның шығармашылық мұрасы, қоғамдық және мемлекеттік қызметі ұлтқа қызмет етудің бірегей үлгісі.

Оның қай шығармасын алмаңыз, онда елім деп еңіреген дара тұлғаның қоғамдық-әлеуметтік зор болмысын танытатын биік азаматтық болмыс пен теңдессіз парасаттылық, елдік, ұлттық мүдделерге қызмет ететін мемлекетшілдік биік нысана көрініс тапқан. Тек қана ұлттық ой-пікірдің ғана емес, тұтас адамзат баласының пәлсапалық ойы мен  көркем әдебиетінің  нәрі мен мәні жинақталған. Талантты сыншының өмір жолы мен шығармашылық келбеті, азаматтық болмысы оның өз тұсындағы әдебиет пен мәдениеттің, ұлттық қоғамдық ой-сананың өсуіне, өркендеуіне ерекше ықпал етіп қана қойған жоқ, сондай-ақ ұлы сыншының шығармашылық мұрасы оның шынайы ғұмыры басталған отыз жылдан бері тәуелсіз еліміздегі руханият әлемінің жаңғыруына, азат ой-санамыздың қалыптасуы мен дамуына да игі ықпалын тигізіп отырғаны жасырын емес. Демек аспанда күн сөнбесе, жерде қазақ аман болса Сағат Әшімбаевтың сын мұрасы, пәлсапалық толғамдары мен эстетикалық пайымдары туған халқының ой-сана мәдениетіне қызмет ете бермек.

 

Дүкен МƏСІМХАНҰЛЫ,

филология ғылымының докторы,
профессор

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір