Қу жалғыз…
25.08.2015
1949
0

Токен

(әңгіме)

Төкен Әлжантегі

«Ауылың сенің іргелі,

Шәйі көйлегің бүрмелі.

Айтарыңды айтып қал,

Отырмын ғой жүргелі…

Ау-ай, оу-у-у… Ау-ай, оу-у-у…»

Барылдай шыққан оқыс дауыстан селк еткен Қанымжан иіріп отырған ұршығын қолынан қалай түсіріп алғанын аңғармады. Тек ана заты домалай барып тәйтерінің қайырыла біткен шетіне тіреле тоқтағанда өз-өзіне келгендей:

– Мына тұқымың өскір тағы да ішіп алғаннан сау ма?.. – деді ернін сылп еткізе, – Өзі бір қоймайды екен, ә…

Онымен де шектелмеді, сәл үзілістен соң:

– Қалыңнан адасқан қу жалғыз-ай… – деп көкірегі қарс айырыла күрсініп салды, – Енді сен осылай кете барар ма екенсің…

Дауыс иесін танығанынан айтты бұл сөзді. Сол-ақ екен жан-дүниесі ойран-асыр бір күйге шырматыла берді. Татымы жоқ тірліктің тақымы қатты екенін мойындағанынан туған ширатылыс еді мына әп-сәттегі өзгерісі.

Анау мұны елемеді:

– Ә, шешей… бұл сіз бе едіңіз?.. Шаңқай түсте жападан жалғыз не істеп отырсыз? – деп бос сөздің тиегін ағыта бастады да, көзі ұршыққа түскенде кілт кідіріп, мағынасыз ыржиды, – Е-е, бала-шағаның қамы десеңізші. Иә-иә, олардың қамын сіздер ойламасаңыздар бүгінгінің қатындары қолына алып инеге жіп сабақтар ма. Жасаңыз, Қаным апа! Үлкендердің бәрі тірі боп жүре берсін! Әйтпесе біз кімге еркелегендейміз. Солай емес пе, ә, апа!?

Қанымжан жауап қатпаған еді бейсауат кезбе қайтадан сөзуарланды:

– Мені «ішіп алған» деп жаратпай отырсыз-ау, ә? Білемін, ата сақалы ауызына біткендердің бәрі жаратпайды. Осы бәлені бастап бергендер өздері екендерін біле тұра солай істейді. Өткеннен ақталғысы келгендерінен сөйтеді, әлбетте. Алланың алдына барғанда сүттен ақ, судан таза болуға жанталасқандықтан бізге бар салмақты аударып тастай салуға бейім олар. Бірақ… Бірақ, Жаратқан ие бәрін көріп тұр ғой. Сондықтан мен шықпаған пейіш төрі алдыңғыларға да бұйырмас деп болжаймын. Солай ғой, Қаным апа?!.

– Тәйт, әрі! – деп қалды орынсыз жалаға шыдамаған кемпір басын жыландай қайқаң еткізе көтеріп алып, – Әкелеріңнің соңынан ғайбат сөйлеме, шырағым! Қайтқандарды көрінде тыныш жатқыз! Олар өз заманының адамдары, ал сендер…

– Біз де өз заманымыздың күнәһарларымыз. Біле-білсеңіз күнәнің ауыр-жеңілі болмайды. Тағы айтарым, ол – заманға және уақытқа бөлінбейді. Ендеше бар салмақты сіздер болып, біздер болып иықтаса тең жағдайда көтеруге тиістіміз. Мен дәл айттым ба, апа?

Ол жауап күтпестен қабырғаға сүйей қондырылған ұзынша ағаш орындыққа жалп етіп отыра кетті. Жазықтау маңдайы әжептәуір жіпсіген. Күнге әбден тотыққан жүзі бұрынғы қоңырқайлығынан ажырай, қошқыл күрең реңге ойыс алған сыңайлы. Аласы аздау шегір көзінің айналасын қызыл басыпты. Бәлкім арақтан, бәлкім шаршағандықтан, әйтеуір қанталай қадалғанда адамға біртүрлі әсер қалдырады. Анықтап зер салсаң бет пішінінен ғана емес, дене пошымынан да өзгерістер байқайсың: сонау бір жылдарда сидалау жігіт еді, бүгінде қозы қарынды, кәдімгі ересектіктің еңсесін көтерген, ағалықтың ауылына қазық қаққан орта жас қалыбындағы жан егесі. Тек өзгермегені қысқасында да, ұзынында да қайырымға жоқ қайратты қалың әрі бұйра шашы ғана. Онысы тараққа көнбес қатаңдығын таныта айналасына айбар салғандай.

Сұқтанған жанарды байқады ма, әлде байқамады ма, елеңге аумаған жігіт ағасы шілденің қапырығында иығынан тастамаған көнетоздау кәстөмінің жан қалтасынан темекі қорабын шығара, одан бір тал суырып ерініне қыстырды. Сонсын асықпай тұтатып, басын сәл кекжите қою түтінді сырбаздана сора бастады.

Мынаны көргенде Қанымжанның жүрегі зырқ ете түсті. «Ұқсамасаң тумағыр» деді ішінен не сүйсінгені, не табалағаны белгісіз. Әріде жым-жырттыққа бой алдырды. Тереңге жасырдым деген өткен жылдар сұлбасында қалған оқиға санасында жаңғырығып қоя берген…

…Әшірбек те темекіні дәл осылай тартатын.

Ол кездегі ең қадірлі темекі «Қазақстан» ғой. Соның қорабын қалтасынан бипаздай шығарып, салалы саусақтарымен бір талын шымшып ауызына қыстырғаннан кейін басын жанына қисайта, жанарын көкжиектегі өзі ғана білетін нүктеге қадап ойланғандай тына қалушы еді. Осы қалпында маңайындағылардың тағатын тауысқысы келгендей біршама қимылсыз отыратын. Тек, әндем шамада есіне әлдене түскендей шақпағын шағып, көкпеңбек түтінді дөңгелете ауаға ұзатуға әуес-ті.

Мұны көрген басқалар: «Адам деген тартарын әспеттемей-ақ тартар болар», – деп наз білдірсе жауабы және дайын: «Әр нәрсенің өз ләззәты барын ұмытпағайсыңдар, – дейді байсалды, – Жаным жадырар шақта мазамды алмаңдар».

Онымен де тоқталмайды, тасқа басылмас, өзіндік реңге ғана ие ойға жол ашады: «Жігіт пен қыз сағынысып табысқанда неге бір-біріне сүлікше жабысып, ерін мен ерінді айырылмастай етіп айқастыруға бейім? Рахаттың нағыз шәрбатын сезінуге ұмтылысынан сөйтеді. Мына жарықтық та ынтықтықтың тұтамын жариялап тұрған жоқ па! Басқаша жағдайда өкпемізді түтінге ыстамас едік қой…» «Ту-у, саған айтып сөз, ұрып таяқ өтпес», – дейді басқалар мұны естігенде мырс-мырс етісіп.

Ол да бір өтіп кеткен, енді жалынсаң да бет бұрмас уақыт екен-ау! Жымысқысын жеті қатқа жасырғанымен жыртығын жамап-жасқамай-ақ бұдан былайда санада ғана жаңғырығар, онда да мына отырған кемпір жадында бұлыңғырлығын бұлдар шақ қана. «Ойхой, жалған!» дейсің осындайда көкірегің қарс айырыла. Басқаға шамаң жетпегенінен, әлсіздігіңді мойындағаныңнан сөйтесің.

Қанымжан да өткеніне өкінген емес. Әшірбекпен кездестірген тағдырына да, оны сүйе білген жүрегіне де бек разы. Тек екеуінің бір шеңберге сыйыса алмағаны кей-кейде өзегін қарып өтетіні бар. Арада қырық жылдың қысы мен жазы жатқанымен кезінде тұтанған өрттің қоламтасы әлі сөне қоймағанының нышаны. Бәлкім, өлсе өзімен бірге көрге көміліп жанын жылытар…

Бас-аяғы жиырмашақты күн бірге болып еді. Оқуға түсуге барғанда ұшырастырған. Алматыдағы қыздар институты жатақханасының алдындағы аулада кешкілік бой жаза жүріп әскери киімдегі бозбаланы аңдағанымен әуелгіде мән бермеген. Тек, бөлмелес қызы артынан жетіп, сонадайдан көрінген жігітке дауыстай қол бұлғағанда: «Танысың ба?» деп сұраған.

– Танығанда қандай! – деді ана қыз жүзі алаулай, – Темірханмен бірге пәтер жалдап тұрады. Есімі – Әшірбек. Семей жақтан.

Әшірбек болса Әшірбек, Семей жақтан болса Семейден шығар. Онда не шаруасы бар. Темірханды ғана біледі. Бөлмелесі екеуін бірлі-екілі киноға алып барған жігіт-ті.

Жазмыш дегенді қойсаңшы, дәл сол күні екеуі танысты. Көп өтпей Темірхан да жеткен өкпесін қолына ала ентігіп. Ақыры төртеу болып кеш бойы бақ аралады. Соңында әлдеқайда жым-жылас жоғалған екеуді іздеместен Әшірбекпен бірге жатақханаға оралды. Жолай жігіт әңгімесінен ұғынғаны: әскер қатарынан жақында келіпті. Енді, сәтін салса, малдәрігерлік оқуға түспек ойы бар екен.

Ұзын сөздің қысқасы, уақыт ұзатпай тіл табысып үлгерген-ді. Әлде ауылдан шықпай бұйығы жетілген қыздың бұла өмірін бұрын сезінбеген тылсым жеңді, әлде махаббат атты ұлы сезім осылай баурады, әйтеуір опық дегенді мүлдем ұмыта, шым тереңге батып-ақ кеткені.

Қайта қалқып шыққанында не көрді? Қымбаттысының шашылғанына, қадірлісінің қолды болғанына көзі жетті. Әйткенмен, өкініштің ауылына қазық қақпады. Бәрін табиғи дүниедей қабылдап, бәріне төзімділікпен қарауға өзін бекітіп тынды.

Алматыда өткізген сол аз уақыт Қанымжан өмірінің нағыз шырайлы шағына айналғаны күмәнсіз. Бақыттың дәмі тым тәтті екенін түйсінді. Ал, тәттінің тіл ұшында ұзаққа сақталмайтыны және белгілі қағида еді. Оны да сонда жүргенде басынан кешті.

Сынақтың орта тұсында Әшірбек еліне сапарлауға мәжбүр болған. Әкесі ойда жоқта ауырған ба, апыл-ғұпыл жиналған жігіт алды-артына қарамай тартып кеткен. Екі арада Қанымжан кезекті емтиханнан сүрініп, енді бұл да шарасыздықтан ауылына оралған. Сөйтіп, бір махаббат жанбай жатып сөніп, бір сезім бүр жармай жатып солған-ды.

Әшірбекке кінә артудан аулақ, жастар жөн-жобаның парқын айырған ба, мекен-жайды нақтылы білмеген соң Қарағанды облысының қай түкпірінен мұны іздемек, қыз да көз көрмеген Семейдің ұңғыл-шұңғылынан жігіт тұрағын бал ашып білмек пе, ақыры ізім-ғайым жоғалғандары анық.

Дегенмен, тәтті шақтың татымы болатыны екі-үш айда айқындалды. Бойына бала біткенін түсінгенде Қанымжан шарасыздықтың шырмауына байланған. Түйінді шешкен шешесі. Ол қызының бойындағы өзгерісті әйелдік түйсікпен тап басып, оны әкесінің құлағына сыбырлаған шығар, суық түсе, механизаторлар қойшыларға көмекшілікке аттанар тұста қайран әке шалғайдағы Түсіп деген шопанның қонысына үйін көшірді. Сөйтіп, қызын сүйрең тілден, қатындар пыш-пышынан арашалап алды.

Әкесінің мұнда келу себебін Қанымжан кейін түсінді: Түсіп пен оның келіншегі Гүлбаршын отау құрғандарына он жылдың жүзі өтсе де бір «шикі өкпе» көрмей жүр екен. Үлкендер өзара келісімге келген сияқты ма, әйтеуір келген күннен бастап Гүлбаршын қызды айналшықтап, Түсіп те бұған деген қамқорлығын күшейтті. Күнде пеш үстінде қара қазан қайнап, сорпа-судан кенде қылмады.

Ал, көктем шығып, қой төлдер шамада, басқалар жаңа орынға ауысқанда Қанымжан мен Гүлбаршын қыстақтан қозғалмады. Қанымжан осында туды, Гүлбаршын ұл тудым деп қалжа жеді.

Пай-пай, жалған-ай!

Қанымжан да көнудей көнген жан иесі. Тар құрсағын кеңіткен тұңғышын «балам» деуге батпай, оның маңдайынан бір иіскемей бүгінге жетсе, ертең де исінер, иіп түсер шақтан ада екеніне иланған әйелзаты. Бәріне туған әкесіне берген уәде беріктігі сеп.

– Шырағым, – деген жайшылықта көп сөйлемейтін, томаға-тұйықтыққа байланудан аспаған әкесі шопан Түсіптің шаңырағы қуаныштан ақар-шақар болып жатқанда, – мен разылықтан айырылмасын десең көзімнің барында құлағыма маза бер, өлгенімде көрімде тыныш жатқыз. Көнсең осы, көнбесең…

Арғы жағын айтпады. Айтудың қажеті жоқ еді. Басынан өткеннің бәрін қабақ шытпай қабылдап, болғанға болаттай қайсарлық танытқан әке алдындағы қарыз жауапкершілігі қыздың жүрегін де, жанын да қатып қалған тасқа айналдырып тастағандай-тын.

Түсіп пен Гүлбаршын баланы иеленумен шектелмеді, Қанымжан алысқа ұзамай, көз алдымызда жүрсін деді ме, әйелі баладан қайтқан немере туыстарына қосып, ақырында қайынаға мен абысындық дәрежеге жетті.

Құрсағы құтты екен, отауын шадыманға бөлей бірінен кейін бірі алты бала туып, солардың қызығына кенелген кезде тұңғыштың бары мен жоғы ұмытыла бастаған. Оның үстіне баланың ас та төк тұрмыс пен таусылмас мейірім шапағатына бөленген жағдайы аналық алаңды аулаққа ығыстырып, оның санадағы суретін көмескілендіре бастағандай-тын. Амал нешік, кететіндер кетіп қалатындар қалған шақта туындаған өзгерістер ескі түйсікті қайтадан тітіркендіріп қоя бергені. Әсіресе бақиға аттанар алдында Гүлбаршын абысынның мұның қолын кеудесіне баса жатып «қу жалғыздың» тағдырын аманат етуі жасырындыны шым-шымдап жарыққа жайып тастағандай еді. Амал нешік, Қанымжан сол жайманы жалаулата алмады. Жалаулатпақ тұрмақ атын ауызға алуға балаларынан жасқанды. Жеткен жері осы…

Міне, сол «қу жалғыз» мына отырған Шарапат. Әке мен шеше барда дүниенің тасырлығына мән бермей алатынын алып, шашатынын шашып дағдыланған сабазың өткен ғасырдың соңына қарай заман құбылғанда әрі-сәріліктің бұйдасына байланып, сең соққан балықтай сенделіп қалған-ды. Ақырында ауызын арақтан босатпай ел алдында қадірін жоғалтып алған. Ендігі сиқы мынау, не шаңырағына жақпай, не ауылдастарына сөзі өтпей пүшәйман күймен еңсесін жыққан. Бұған не дауа, не ем…

– Айналайын-ау, бір мезгіл есіңді жисаңшы…

Шарасыздықтан осылай деп Шарапат жаққа жүз бұрғанында ананың қабырғаға сүйенген қалпы басын омырауына қарай салбырата ұйықтап кеткенін көрді. Құс төсеке жайласып жатқандай езуінен сілекейі аға пыс-пыс етеді. Бет-жүзін тер басқан.

Кемпірдің жаны түршікті.

– Үйбай-ай, обал-ай! – деді орнынан сүріне-қабына тұра беріп. Содан әріде аяғының ұйығанына қарамастан ақсаңдай баса жанына жетіп, әліне шамалас сүйемелдей жігіт ағасын орындық үстіне жатқызды да, байлам ұшымен оның терін сүрте бастады.

– Иісіне қанып, қызығын көре алмаған құлыным-ай! – деді көзіне жас тығыла. Сол-ақ екен жүрегі сыздап қоя берді.

– И-и-и, – деп және дауысын соза кемсеңдеді, – Бәріне кінәлі менмін, жарығым! Қайтейін енді, абыройымды сақтауға, үлкендерге қарсы тұруға шамам жетпеді ғой…

Бірақ мұны Шарапаттың естімегені айдан-анық. Ол өлі ұйқы құшағында еді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір