ІЗГІЛІККЕ ІҢКӘР ЖҮРЕК
04.05.2018
1443
0

…Сағынбай барсаң таулар да сенің алдыңнан шықпас асқақтап…
Т.Айбергенов

Иә, сағыныш… Жазушы, тарихшы, эт­ног­раф, фольклоршы Зейнолла Сәнік жайын­да осынау шағын мақаламызды сағыныштан бастағымыз келді. Адамның ұлылығын оның кеудесіндегі сағынышымен өлшеуге болады дейді тағы да Төлеген ақын. Мөп-мөлдір сағыныш. Туған жерге, атажұртқа деген сағыныш.Жауыннан соң озон аңқыған даладай сағыныш бұрқырап, оқырманның жан сарайын жадыратар тоғызыншы томға көзіміз түсті. Кітап ав­тор­дың ханзу тілінде 1995 жылы мемле­кет­тік «Үздік шығарма» сыйлығына, 2002 жылы мемлекеттік 2-дәрежелі сыйлыққа ие болған «Отан деп соққан жүрек» атты эссемен басталыпты. Мына бір абзацын өз­гертпей беруді жөн санаймыз: «…Түр­кияда тұратын бір қазақ қария өздерінің туыстарына жазған хатында: «Маған бас­қадай нәрсенің қажеті жоқ, тек Баркөлдің бір тал жусанын хатқа қосып салып жібе­ріңдер» депті. Туысы қарияның бұл ар­ма­нын орындайды. Ол Баркөлдің бір тал жу­санын тапсырып алған соң төбесі көкке жет­кендей қуанып, жусанды құшырлана иіс­кеп, бауырына басып, атамекенін көр­гендей боп, көзіне жас алады. Балаша айқайлап, оны өзімен замандас қарияларға көрсетіп, көңілдеріндегі сағыныш сарығын басқандай боп, 4-5 қария елжіреп отырып, сол бір тал жусанды бөлісіп жеп алады». Оқ­ып отырып көкірек тұсың шым ете қалады.
Мұнан әрі жазушы «Отан қойыны – өмірдің құты, отансыздық –өмірдің жұты» дейді. Отансыздық… Қандай ауыр сөз. Адам баласының отансыз болуы қандай азап, қасірет. Есіме Жетісудың жүйрігі Есенқұл Жақыпбек ағамыздың отансыз бір жанды көргенде шығарған мына бір өлең шумақтары сап ете қалды.
… Не тағдыр жоқ біздің мынау ғаламда,
Оның жүр ау ел мен жұрты тентіреп,
Сенің мынау ел мен жұртың аманда.
… Бақ пен дәулет бермесең қой, я Құдай,
Ел жұртымды Отан жайлы түс көруден сақтағай!
«Туған жерге оралу» эссесінде жазу­шы­ның қаламы бізді еріксіз тағы да сағыныш әлеміне жетектейді. «…Мен Үрімжіден автобусқа отырып өзімнің атамекенім –Тарбағатайды бетке алып, тартып келемін. Ұзақ жылға созылған солшылдықтың зардабы мойныма ажырғы, аяғыма шідер болып салынғандығы үшін туған жерге орала алмағандығыма 20 жылдан асқан болатын. Сондықтан тұла бойымды сарыл­ған сағыныш билеп, көңіл құсым көк жүзін қалықтап, атамекен аспанына қарай самғай жөнелді. Мәтіндегі көзге көрінбей, бірақ асқақ мағынаға ие болып тұрған дүние – жол. Автор жол жүріп келеді. Қазақтың маңдайалды шығармалары да жол кешумен басталмаушы ма еді? Шәкірт Абайдың үш күн­дікте барын салатыны сол жол ғой. Өмір жолы… Сол өмір жолындағы ең бір сәу­лелі мекен, туған жер-жерұйығына сапарлап келеді жазушы…
Бала Зейнолланың балдәурен шағы бір қарындаштың өзін бір қойға сатып алар қат заман еді. Күйініш пен сүйінішке толы сол кездің суреттері жол бойындағы әр жота боп тіл қатып тұрды. «…Түскі тамақ үшін бір жапырақ нан, яки бір уыс талқанды қойыныма тығып алып, таңертең кетіп, кешке оралатын сол бір сарпалдаң жүріс менің шақайымды шыдатпады. Ол күнде шақайды сиырдың шылғи бас терісінен бүріп, өзіміз жасап алатынбыз. Наурыз айына жақындаған мезетте солай жасалған шақай тесіліп, байпақтан қарлы ызғар өтіп бірнеше күн мектепке бара алмай, жер басып қалдым. Сонан қысылған мен сонау Барлық күңгейіндегі әкеме:
Шақай тозып, оқуға бар алмадым.
Там үйде қиын болды қамалғаным.
Өгіздің терісінен шақай жасап,
Барма, әке, жеткізуге амалдарың? –
деп хат жазған едім. Біздің Зайсан өңірінде де аяқ киімді әлі күнге шақай дейді. Шығар­маның сыртын беруді ғана ойламай, шы­найы­лығын бұзбастан жергілікті «шақай» сөзін­қолданғаны көзге жылы ұшы­райды. Боямасыз сурет, жазуға адал­дық. Әйтпесе, шәркей, шарық, аяқ қиім т.б деп жазуға болар еді.
Зейнолла Сәнік қаламгерлік мұратқа барар жолдағы қаншама інжу-маржанды ақтара салады алдыңызға. Талғам. Шетінен кертіп алып оқи бер. Дені әңгімелерден құралған осынау тоғызыншы томдықалам­гер шалқыма әңгіме-новеллалар атапты. Жалпы алғанда жазушының қаламынан туған әрбір шығарманың лейтмотиві адам­дық, адамгершілік. Шалқыма-әңгімелерін­де өмірден түйгені мен жинаған тәжірибесі, адамтанудың қыр-сырлары айқын көрінеді. Кейіпкерлері де жеке бас мәселесін күйтте­мей, үлкен ерлікке бара алатын, кең де мәрт, қиындықтан жасымайтын жандар. Әдебиетте мұны кішкентай адамдардың күрделі психологиясы дейді. Мұндайөмір материалдарын қағазға түсіру үшін қанша­ма жылғы ізденіс, көңіл түкпіріндегіні қалт жібермейтін қырағы көз және ең бірінші сезім ділі қажет екені түсінікті.

Аяулым Шаймарданова,
Семей қаласының Шәкәрім атындағы
мемлекеттік университетінің магистранты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір